Алқалы жиыннан кейінгі ойлар
Қазақ елі мен терістікте жатқан тең көршіміз орыс елінің сан ғасырлық қарым-қатынасы, мызғымас достығы жаңа ғасырда жаңаша сипат, жаңаша өріс алып отыр. Жақында ғана Өскемен қаласында өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі VІІ өңіраралық форумның қос елдің ынтымағы мен береке-бірлігін тағы да бір жаңа қырынан танытып, жаңа белеске шығарғаны анық.
Екі мемлекеттің Президенті, Ресейдің 16-ы губернаторы, еліміздің 10 облыс әкімі, екі елдің мемлекет құрылымының мүшелері мен 120 өнеркәсіп басшылары қатысқан VІІ форум жайында аз-кем сөз еткенді жөн санадық.
АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ АҚТАЛДЫ
Мұндай форум Шығыс Қазақстан облысының тарихында алғаш рет өтті. Және бұл форумды өткізуге талпынған қалалар көп болды. Біріншіден, бұл шара екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың одан әрі дамуына ықпал етіп отыр. Екіншіден, Шығыс Қазақстан облысында қос елдің бірлескен кәсіпорындары аз емес. Бар, бірақ нәтиже аздау. Форумның Өскеменде өткізілуінің мақсаты – осы жиынды пайдаланып, екі елдің кәсіпкерлерінің қатысуымен бірлескен кәсіпорындар ашып, ол кәсіпорындардың келешекте ел экономикасына серпін беретіндей жоба болуына қол жеткізу болатын. Форум өз нәтижесін берді. Бір сөзбен айтқанда, бұл форум еліміздің, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының экономикасына үлкен септігін тигізіп отыр.
Рас, форумды өткізуге талпынған облыстар аз болған жоқ. Алайда Елбасы бұл абыройлы міндетті Бердібек Сапарбаевтай тәжірибелі менеджерге, білікті әкімге тапсырды. Бұл – үлкен жауапкершілік, бұл – абырой, бұл – үлкен сенім. Елбасы артқан сенім толығымен ақталды деп айтуға болады. Бұл сөзімізді белгілі адамдардың пікірлері де растайды.
Елімізге ғана емес, Ресейге де танымал қаламгер Борис Щербаков форум туралы былай дейді:
– Біздің облысымызда тұңғыш рет өтіп отырған Қазақстан-Ресей аймақаралық форумы бірлігі жарасқан қос елдің достығының мәңгілік екенін тағы бір мәрте паш етті. Сөз жоқ, бұл форумның елімізге, Шығыс Қазақстан облысына, сүйікті қаламыз Өскеменге әкелер пайдасы ұшан-теңіз. Форум кезінде Ресей Президенті Дмитрий Медведев Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғысын білдірді.
Атақты физик-теоретик, көрнекті ғалым, Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Курчатов институтының директоры Евгений Велихов те форумнан алған әсерін жасыра алмады:
– Әрбір ауқымды жиынның көңілде көркем із қалдырар өз ерекшелігі, өз қолтаңбасы болады. Бұл форумның ең үлкен жетістігі ретінде бүгіндері Курчатов қаласында қос елдің білікті ғалымдарының қажырлы еңбегінің арқасында құрылып, алғашқы плазмасы алынып үлгерген ТОКАМАК жобасын айтуға әбден болады. Бұрын-соңды ешқандай елде қолға алынбаған ірі жобаның іркіліссіз жүзеге асуына шаһардағы заманауи техникамен жабдықталған Курчатов орталығы толық мүмкіндік берді. Бұл жерде ең әуелі қазақстандық және ресейлік инженерлер мен ядрошы-ғалымдардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген ынтымағы мен береке-бірлігін ерекше атап өтуге тиіспіз, – деді ғалым.
Елбасы Шығыс өңіріне келген осы жолғы сапары барысында облыс орталығы Өскеменде бой көтерген әлеуметтік нысандарды (“Қазцинк” компаниясы салған жаңа балабақша, теннис корты және ҚР Тұңғыш Президентінің интеллектуалдық мектебі), еліміздің өзге ешбір өңірінде жоқ этноауылды және шаһардағы кәсіпорындарда қолға алынып жатқан ірі инновациялық-индустриялық жобаларды, форумның негізгі басқосуы өткен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың “Алтай” технопаркіндегі қазіргі күні өндіріске енгізіліп жатқан жаңа инновациялық жобаларды, бір сөзбен айтқанда, аймақтағы бүгінгі күні атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды көріп, көңілі толып, аса жоғары баға берді.
Мемлекет басшысы ғана емес, жетінші форумның басты қонағы – Ресей Президенті Дмитрий Медведев те Өскеменнің сұлулығына тамсанып, төр Алтай бауырындағы өндірісі өрге басқан шаһардың бүгінгі келбетін көріп, көңілі марқайып қайтты.
ФОРУМ НЕГЕ ӨСКЕМЕНДЕ ӨТКІЗІЛДІ?
Шығыс Қазақстанның қай кезде де орны бөлек өңір екенін ерекше айтуға тиіспіз. Біріншіден, облыс орталығы Өскемен – ежелден кенді өңір, еліміздің ірі металлургиялық орталықтарының бірі. Шаһарда тек экономикалық-стратегиялық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды “Қазмырыш”, Үлбі металлургиялық зауыты, Титан-магний комбинаты, “Азия-Авто” секілді бірнеше алпауыт кәсіпорындар орын тепкен. Екіншіден, Шығыс Қазақстан – тоғыз жолдың торабында тұр, Ресей, Қытай, Моңғолия секілді үш мемлекетпен шекарасы шендесіп, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан стратегиялық тұрғыдан өте маңызды аймақ. Осындай факторлар форумның өтуіне түрткі болды.
Елбасы Өскеменді бекерге таңдаған жоқ. Мемлекет басшысы ең әуелі шаһардың өндірістік қуатына, экономикалық бақуаттылығына және ұлы Абай дүниеге келген қасиетті өңірдің, шырайлы Шығыстың жұртына сенді. Елбасының қамқорлығының арқасында түсті металлургияның отаны саналатын Өскеменнің экономикалық қуатының соңғы жылдары арта түскені анық байқалады. Алла сәтін салса, қаладағы “Қазцинк” кәсіпорнында құрамында электролиз цехы бар мыс балқыту зауыты мен Өскемен титан-магний комбинатында титан құймалары мен қорытпасын өндіру зауыты іске қосылуға жақын. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқалы жатқан Жоғары технологиялар аймағы құру жобасы да Өскеменде қолға алынып жатыр. Осы жобаның алғашқы қадамы ретінде екі күндік форум аясында металлургия орталығының алғашқы іргетасы қаланды. Алла сәтін салса, енді тау-кен өндірісі саласындағы ауқымды инновациялық жобалардың барлығы осы жерде сынақтан өтіп, жүзеге асырылатын болады. Жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 40 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлініп отыр.
Қазір Елбасы да, Үкімет те, облыс басшылығы да Өскеменді жоғары технологиялар аймағына айналдыру жолында аянып жатқан жоқ. Ал VІІ форумның өткізілуі Өскемен экономикасының одан әрі өркендеп, өнеркәсіптің одан әрі өрге басуына серпін беріп отыр.
ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ЖОЛ САЛҒАН ФОРУМ
Бұл форумның басты ерекшелігі – жаңа тарихи кезеңнің бастау алар тұсында өтіп отырғандығында болса керек. Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан, Ресей, Белоруссия мемлекеттері арасындағы Кеден одағы өз жұмысын бастағаны белгілі. Алла сәтін салса, осы уақыттан бастап Кеден одағының шекарасы ашылып, үш мемлекет арасында Кеден кодексі мен бірегей тариф қызмет ететін болады. Бұл – үш елдің азаматтарына еркін қарым-қатынас жасап, еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.
VІІ форум – Кеден одағының жаңа кезеңінде өткізіліп отырған алғашқы үлкен жиын. Қос Президент форум кезінде Кеден одағының әлі де пісіп-жетілмеген тұстарын талқыға салды.
Жиында Кеден одағы мәселесінен өзге екі ел арасында техногендік апаттардан қорғайтын біртұтас жүйе құру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында инновациялық технологияларды қолдану, нанотехнологияны енгізу жөнінде бірлескен орталық құру, Ресей ғылыми орталығы аясында термоядролық синтез саласына зерттеу жүргізу, агроөнеркәсіп кешенін, туристік индустрияны дамыту секілді өмірлік маңызы зор мәселелер кеңінен сөз етіліп, 30-ға жуық меморандум мен келісім-шарттарға қол қойылды.
Медведевті тамсандырған технопарк
“Таңқалып тұрмын. Форум техникалық университеттің “Алтай” технопаркінде бекерге өткізіліп жатқан жоқ екен. Көрмені көріп, көңіліміз көтерілді. Біз Нұрсұлтан Әбішұлы екеуміз, көрме жәдігерлерімен танысу кезінде атап өткеніміздей, өзара кооперацияларды дамытудың жарқын үлгілерін аңғардық. Біздің міндет – осындай өнімдер көлемінің ұлғая түсуіне мүдделі болу”. Кез-келген дүниеге таңдана бермейтін Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің форумдағы сөзі осылай басталды.
Бір нәрсені айқын аңғардық. Өскеменде де әлемдік ауқымдағы шараларды ұялмай өткізуге болатын жерлер мен шетелдің қонақтарына қысылмай көрсетуге тұрарлық дүниелер бар екен. Cөзімізге VІІ форумның Медведевтің таңдайын қақтырған көрмелері мен ауқымды басқосудың барлық негізгі жиындары өткен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың “Алтай” технопаркі дәлел.
Көрмеге Қазақстан мен Ресейдің 120-дан астам кәсіпорындарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заманауи үлгідегі ең озық, ең жаңа қондырғылары мен жабдықтары қойылды. Арасында не жоқ дейсіз. Жоғарғы жылуды тарататын пеш, пайдалануға жарамсыз шыныларды өңдеудің жолдары, зауыт-фабрикалардағы жарықты үнемдеуге арналған түрлі құралдар, су-жылу құбырларының шірімеуіне, тозбауына кепілдік беретін жамылғы заттар, жалпы тұрғын үй шаруашылығы саласына қажетті небір жаңа дүниелер.
Көрменің ұнағаны сонша, дәл осы жерде Дмитрий Медведев Елбасымызға қарап: “Екі елде де тұрғын үй-коммуналдық саласы реформаны қажет етеді, біз ертеңгі күні жаңалықтарды бірігіп батыл енгізуіміз қажет”, – деді.
БІР ОБЛЫСТЫҢ ҮШ ГУБЕРНИЯМЕН КЕЛІСІМ-ШАРТТАРЫ БАР
Төр Алтайдың түркі жұртының кіндігі делінуі бекер емес. Ақбас шыңдары аспанмен тілдескен, аспаны ғарышпен үндескен Алтай тауының бауырындағы жұрты да бауырмал. Мұнар тау мен мұзарт шыңға қарап бой түзеген Шығыс Қазақстан мен Ресейдің Алтай аймағы ежелден тату, көршілік қарым-қатынастарына қылау түспеген өңірлер. Қос өңір арасында көп жылдан бері сауда-саттық байланысының берік орнағанын айта кетуге тиіспіз. Шығыс Қазақстан облысы Алтай аймағымен 1998 жылы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру жөніндегі келісімге қол қойған.
Ресейдің ТМД елдерімен шектесетін 27 аймағы бар болса, соның 12-сі Қазақстанның жеті облысымен шектеседі. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасының 70 пайызға жуығы осы шекаралас аймақтардың үлесіне келеді. Қазір Қазақстан-Ресей шекаралас аймақтарында 300-ге жуық бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Сондай өңірлердің бірі – Алтай аймағы. Шығыс Қазақстан облысы ғана емес, еліміздің бірнеше кәсіпорындары Алтай аймағының бірнеше ірі кәсіпорындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл ретте “Сибэнергомаш” ААҚ, “Бийский қазандық зауыты” ААҚ, “Алтай-кокс”, “Алтайвагон” ААҚ, “Алтай мотор зауыты” ААҚ, “Алтай дөңгелек комбинаты”, “Михайлов химреактив зауыты” ААҚ, “Алтай агрегаттар зауыты” ААҚ, “Каучуксульфат” ААҚ секілді іргелі өндіріс орындарын атап өтуге болады. Әсіресе Алтай аймағы мен еліміздің арасындағы ішкі-сыртқы сауда байланысы ерекше қарқын алған. Мәселен, елімізге келетін мәшине жасауға қажетті өнімдердің 50 пайызы осы аймақтан жеткізілсе, Шығыс Қазақстанның 40 пайызға жуық тауар өнімі Алтай аймағына шығарылады екен. Биыл бірінші жартыжылдықта Алтай аймағының экспорт көлемі 54 пайызға ұлғайып, 210 миллион, 605,7 мың АҚШ долларын құраса, елімізден шығарылған тауарлар көлемі 44 пайызға артып, 55 миллион, 524,6 мың АҚШ долларына жетіпті.
Форум барысында екі елдің үкімет мүшелері жеті бірдей келісімге қол қойды. Олардың қатарында аймақаралық ынтымақтастықты нығайту, Имашев газ кеніне бірлесіп геологиялық зерттеу жүргізу, өзен су қоймаларын бірлесіп пайдалану және ғылым-техникалық әріптестіктің әлеуетін арттыру секілді маңызды құжаттар бар. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің бизнес өкілдері барлығы 27 келісім-шартты бекітті.
Сөз жоқ, бұл құжаттардың барлығы да маңызды, барлығы да өзекті. Алайда осы құжаттардың ішінде қос мемлекеттің шекара аумағында орналасқан Имашев кен орнын бірлесе барлау туралы келісімді ерекше атауға болады. Себебі Қазақстан мен Ресей тұңғыш рет шекарада орналасқан кен орнында бірлесіп барлау жүргізуді көздеп отыр.
Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары көптен бері ұмытыла бастаған ара мен бал шаруашылығына шындап көңіл бөліне бастағаны белгілі. Тіпті бұл мәселелердің Үкімет деңгейінде көтеріліп жүргені де есімізде. Бұл форумда жоғарыда атап өткен Шығыстың қос қарашығындай – қос саланы одан әрі дамытуға байланысты қос елдің ара және бал шаруашылығының қауымдастықтары арасында бірнеше меморандумдарға қол қойылды.
БҮКІЛ ОБЛЫС ФОРУММЕН БІРГЕ ТЫНЫСТАДЫ
Биылғы жылды Өскеменнің “резонанс” кезеңі десек болатын шығар. Өскеменде мұндай ауқымды жиын, айтулы өзгерістер болады деп ешкім ойламаған, күтпеген болар, сірә. “Тойдың болғанынан боладысы қызық” демекші, Шығыс Қазақстан бұл форумға айрықша әзірленді. Облыс орталығы Өскемен қаласы форум қарсаңында қайнаған қызу тіршілік алаңына айналды.
Әрине, тас түскен жеріне ауыр. Өскеменнің форумға даярлығы өз алдына, облыстың өзге өңірлері де тақымын қысып, тарихи жиынның лайықты деңгейде өтуіне жан аямай атсалысты. Бұған жарқын мысал ретінде бес ай бұрын табиғаттың дүлей мінезінен ауыр зардап шеккен Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылының қас-қағым сәтте бой көтеріп, жабыққан тұрғындардың жаңа баспанаға ие болғанын айтсақ та, жеткілікті (Бұл қатарға осы аудандағы Жәнтекей ауылын, Зайсан ауданындағы Тасбастау, Күршім ауданындағы Қаратоғай және Абай ауданының Қарауыл ауылдарын да қосуды ұмытпаған жөн). Құрылысты қолға алған мердігерлер жұмыс қарқынын ширатып, форумға дейін аяқтап, үлгеруге тырысты. Үлгерді де. Елбасы тасқыннан зардап шеккен, қияндағы ауылдың тұрғындарымен кездесіп, жаңа ауылдың құрылыстарымен танысып, жоғары баға берді.
Бейнелеп айтсақ, бүкіл облыс форуммен бірге тыныстады. Бір ғана Өскеменнің өзінде форум қарсаңында бірнеше жаңа ғимарат есігін айқара ашты.
Азамат ҚАСЫМ.