Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: “Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлеп, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет” – деп, тіл дамыту мәселесінің маңызын аша отырып, Үкіметке арнайы бағдарлама жасау жөнінде тапсырма берген еді. Енді, міне, Мәдениет министрлігі дайындаған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы халықтың назарына ұсынылды.
Бағдарламада оны іске асырудың төрт мақсаты анық көрсетілген: Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы; Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату; Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың басты күш-қуаты; Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту. Бағдарламада осы мақсаттарға қандай міндеттерді шешу арқылы қол жеткізілетіні, мақсатты индикаторлар және оны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері берілген. Әр міндетке қол жеткізу жолдары және қолданылатын шаралар жүйесі жазылған. Бағдарлама үш кезеңде жүзеге асырылатын болады. Әр кезеңде атқарылуы тиісті іс-шаралар да болжанған. Бағдарлама жобасы осындай ұстанымдарға негізделіп, тиянақты дайындалған.
Жоба авторлары тіл дамытуға қатысты түйінді проблемаларды дәл тапқан және оларды шешу жолдарын ұсынған. Бірінші проблема, тілге деген қоғамдық сұранысты қалыптастыру, екінші – тілдік қоғамдық орта құру, үшінші – тіл оқытудың сапалы жолдарын жасап, оларды іске асыру. Енді осы проблемаларға қатысты өз ойымызды ортаға салып көрейік.
Басты мақсат қоғамдық сұранысты қалыптастыру. Сонда “қандай ізгі іс-әрекеттер жасалған жағдайда қоғамда тілге деген сұраныс қалыптасады?” – деген орынды сұрақ туындайды. Біздің ойымызша, еліміздің барлық лауазымды мекемелерінде еңбек ететін барлық қызметкерлер қазақ тілінде еркін сөйлеген жағдайда, қоғамда тілге деген шынайы сұраныс қалыптасады. Бір ғана мысал келтірейік. Келешекке ұмтылған бала үлкен лауазымды қызметте отырған аға-апайларға қарап, солардың тыныс-тіршілігінен сабақ алады, сондай болсам деп талаптанады. Аға буын өкілдері қандай болмасын үлкен жиындарда, салиқалы отырыстарда қазақ тілінде сөйлеп отыратын болса, онда жас ұрпақ, ең алдымен, қазақ тілін жетік меңгеруді өзіне мақсат тұтып, сол мақсатқа жетуге талпыныс жасар еді. Бұл талас тудырмайтын шынайы шындық. Осы орайда айтар ұсынысымыз, осындай мекемелерге жеке-жеке сұраныс жасалып, оларда еңбек ететін қызметкерлердің неше жылдан кейін толық қазақша сөйлей алатындары анықталса.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев тіл мәселесіне келгенде қашанда асығыстық жасамай, бұл мәселені үлкен түсіністікпен шешу қажеттігін үнемі еске салады. Біз бұны ескеруге тиістіміз. Сондықтан, әр мекеме қызметкерлері өз ойын еркін айту құқығында болғандары абзал. Мүмкін үш жыл, мүмкін бес жыл, мүмкін тіпті жеті жыл қажет болар. Әйтеуір бір мерзім белгіленіп, меже анықталса. Сол межеге қарай көш те жүре түзелер еді.
Екінші проблема – қоғамдық орта қалыптастыру. Бұл өте терең мәселе. Оған бала тәрбиесі, бала психологиясы тұрғысынан келген дұрыс болар деп ойлаймыз. Бүгінгі күндері бала тәрбиесінде, бала психологиясының қалыптасуында басты рөлді теледидар атқарады. Ата-аналардың балаларымен бірге болуына қолдары тие бермейтін және бір үйде бірлі-екілі ғана бала бар заманда, бала ертелі-кеш телебағдарламаларды қараумен күн өткізеді. Содан, ертелі-кеш көретін бағдарламалар балаларымызға не үйретіп, қалай тәрбиелеп жатыр? – деген орынды сұрақ туындайды. Сұрақтың үлкені де осы. Қазір барлық үйде кабелдік теледидар бар. Сол теледидардың балалар қызыға қарайтын үш каналы “Nіckelodeon” (“Никелодеон”), “Jetіx” (“Джетикс”), “Cartoon Network” (“Катун Нетворк”) күндіз-түні мультфильмдер көрсетеді. Барлық фильмдер тек орыс тілінде ғана көрсетіледі. Осы фильмдерді көріп өскен балалардың тілдері негізінен орыс тілінде шығады. Тек орыс тілінде ғана мол мағлұмат алған балаға қазақ тілінде неге сөйлемейсің деудің өзі ағаттық болады. Себебі, оған өзіміз кінәліміз. Оған бала өсіп келе жатқан орыс тілді орта кінәлі. Орта қандай тілде сөйлесе, бала да сол тілде сөйлейтін болады. Ал 6-7 жасқа дейін тек орыс тіліне икемделген балаға қазақ тілін үйрету қиын болады және ол оңайлықпен шешілмейді. Бұл арада тілмен бірге бала психологиясының да қалыптасатынын ескерген абзал.
Қазіргі уақытта кабелдік телеканалдармен қамтылған жерлердің барлығында жас балалар қазақ тіліне қарағанда орыс тіліне бейім болып өсіп келеді. Көпшілігі тіпті қазақ тілін білмейді де. Бұл проблеманы шешудің бір ғана жолы бар, ол телеканалдарды қазақша сөйлету.
Түрік елінде бұл проблема толық шешілген. Түркия теледидарының балаларға арналған барлық каналдары тек түрік тілінде ғана сөйлейді, барлық мультфильмдер де түрік тіліне аударылған. Түрік баласы түрік тілді ортада өсіп жетіледі.
Тағы да бір ерекше көңіл аударатын жағдай, қазір дүние жүзінде бейнезорлық ерекше етек алып тұр. Теледидардан балалардың көретін хабарларының дені зорлық-зомбылыққа негізделген дүниелер. Мұндай көріністердің балалардың психологиялық-физиологиялық денсаулықтарына кері әсер ететіні, жас жеткіншектердің қылмыс жасауларына негізгі себеп болып отырғандығы дүние жүзінің барлық елдерінде ондаған жылдар бойы жасалған зеттеулер нәтижесінде толық дәлелденіп отыр.
Қазақстанның теледидары бүгінгі күндері ең лас теледидарлардың қатарында. Ресейде “Детский мир” және “Теленяня” деген каналдар балаларға арналған тәрбиелік мәні зор мультфильмдер мен арнайы хабарлар беріп тұрады. Ал бізде “Балапан” телеарнасы жуырда ғана ашылды. Енді бұл арнаға артар үміт мол.
Балаға тіл үйрету мен бала тәрбиесі мәселесін бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Себебі, бұлар өте астарлас проблемалар. Бірінсіз бірін шешу де мүмкін емес. Олай болса, теледидар хабарлары мен теледидар тазалығы мәселелерінің негізіне балаларға мемлекеттік тілді үйрету мен рухани адамгершілік тәрбие беру мәселелерін қатар қою керек. Осы жәйттер де бағдарламада ашық айтылып, оның шешілу жолдары көрсетілсе, үлкен бір түйінді мәселе шешілген болар еді.
Бір-екі жасынан бастап мектеп жасына жеткенше қазақша теледидар көріп өскен баланың тілі міндетті түрде қазақ тілінде шығады. Ал қазақ тілінде балалар қызыға көретін “Балапан” телеканалы ізденіспен жұмыс жасайтын болса, онда баланың бойында қазақы психология, ұлттық қасиет пен рухани байлық қалыптасар еді. Тіл бағдарламасының басты мақсаты да осы емес пе?!
Үшінші мәселе, тіл үйрету жүйесін қалыптастыру. Осы уақытқа дейін бұл мәселенің шешілмеуі ұятты жағдай. Қазақ тілін үйрету әдістемесі дұрыс жасалған болса, орыс тілінде дәріс беретін мектептерде он жыл бойы қазақ тілін оқыған жүз баланың, ең болмағанда оны таза қазақша сөйлер еді. Қазір сол жүз баланың бірде- бірі қазақша еркін сөйлей алмайды. Бұл жағдайдың етек алуы қазақ тілін оқытудың жақсы әдістемесі мен оқу құралдарының жасалмай отырғаны екенін мойындауымыз керек. Бағдарламада, қазақ тілін сапалы оқыту мәселесіне байланысты нақты ұсыныстар айтылған, солардың ғылыми негізде орындалуын іске асыру қажет.
Жалпы тіл мәселесіне қатысты өмірде орын алған екі жағдайды айта кетсем деймін. Осыдан біраз жыл бұрын Германияның Кельн қаласында іссапарда болдым. Түс кезінде ас ішуге түрік асханасына беттеген едім. Алдымда арқаларына оқу сөмкелерін асынған үш кішкене бала кетіп бара жатты. Үшеуі әр нәрсені айтып таза неміс тілінде сөйлесіп келеді. Бір бала қалған екеуімен қоштасып, бұрылып кетті. Сол-ақ екен, қалған екі бала бір бірімен таза түрік тілінде сөйлесе бастады. Мен мұны бірден байқап, таң тамаша болдым. Мен ас ішейін деп келе жатқан асханаға олар да кірді. Байқаймын, сол балалар іштегі түрік азаматтарымен де, бір ауыз неміс тілін араластырмай, таза түрік тілінде сөйлесіп жүр. Содан орайын тауып, асхананың иесімен таныстым. Жасы қырықтан асқан, қарапайым түрік азаматы. Аты Хасан. Жаңағы екі жеткіншек осы кісінің балалары екен. Екеуі де осында дүниеге келген. Түркияда бір рет қана болған. Осы жайларды білгеннен кейін мен Еуропаның ортасында жүріп екеуінің бір-бірімен таза түрік тілінде сөйлескендеріне қатты риза болғанымды айттым. Менің сөзімді Хасан түсініңкіремей, “сонда екі түрік баласы бір бірімен қай тілде сөйлесулері керек. Егер олар осы жасынан бастап түрік тілінде сөйлеспесе, кейін қалай болады. Түрік тілін білмеген баланың бойында түрік азаматының қасиеті қалыптаса ма?” – деп, маған қайыра сұрақ қойды. Мен әңгіменің бұлай бұрылатынын күтпеген едім. Хасанға қатты риза болып, оның ойын толық мақұлдайтынымды білдірдім. Хасан балаларының жастайынан түрік телеарналарын үзбей көріп келе жатқанын және ол арналарды асқан құмарлықпен көретіндіктерін айтты. “Тек менің балаларым ғана емес, осындағы барлық түріктердің балалары бір-бірімен тек түрікше сөйлеседі. Олар Түрік елін, оның әдет-ғұрыптарын, түрік баласының бойында қандай қасиеттер болу қажеттігін жақсы біледі. Соның көбін олар телехабарлар арқылы түсініп, біледі” – деді Хасан.
Содан Хасан елін сағынатынын, түбінде еліне қайтатынын, бірақ қазір сыртта жүрсе де шама-шарқы келгенше еліне қолдау көрсетіп отырғанын, өзі сияқты сыртта жүрген барлық түрік азаматтары да өз елдерін қолдайтынын айтты. Мен қалай қолдайтындарын сұрадым. Хасан бар түрік азаматтары ақшаларын тек түрік банктеріне салатынын айта келіп, елде қаражат көп болса, елдің экономикасының дамуына оның пайдасы тиеді ғой деп, ойын бір тиянақтап қойды.
Мен шет елдерде жүрген қарапайым түрік азаматтарының бала тәрбиесін дұрыс жолға қоя білгендеріне, бойларында халқына деген зор құрмет, еліне деген шынайы патриоттық сезімдерінің болғанына қатты риза болдым.
Енді бір жағдайды таяуда ғана Түркияда дем алып келген таныстарым айтты. Бірде кешкі астарын ішіп болғаннан кейін, бірдеңені білмек болып, даяшы жігітті әңгімеге тартыпты. Орайы келгенде жаңағы жігіт өзінің де бір сұрағы бар екенін айтып, соны қоюға рұқсат сұрапты. Содан алдымен бұлардың қазақ екендерін сұрап, соны біліп алғаннан кейін: “Мен осында бірнеше жыл жұмыс жасаймын. Мұнда қазақтар көп келеді. Бірақ бәрі де тек орыс тілінде сөйлеседі. Айтыңыздаршы, қазақтардың өз тілі бар ма, жоқ па? Бар болса, сіздер неге өз тілдеріңізде сөйлеспейсіздер?” – деп сұрапты.
Бұл жағдай мені қатты ойландырды. Шет елдерде демалыста болатын қазақтар жағдайлары бар, белгілі бір деңгейде білім алған, қоғамда да өз орындары бар жандар ғой. Сонда солар ана тілдерінде неге сөйлемейді? Ата-бабамыз мирас етіп кеткен кең байтақ жерде тұруға, осы кең байтақ жердің ұлан-ғайыр кен байлығын еркін иемденуге, осында көсіле өмір сүруге арланбаймыз да, сол ата-баба тілінде сөйлесуге арланатын болғанымыз ба? Біздер, қазақтар басқа ел адамдарының алдында неге осындай күйге түстік? Еуропаның дәл ортасында жүрген қарапайым түрік азаматтарының, тіпті олардың кішкене балаларының бойында, еліне, жеріне, тіліне, діліне деген зор құрмет сезім қалай ұялаған? Егеменді ел болып, Тіл заңы қабылданғанына да жетерліктей уақыт болды ғой, сонда осы уақыт ішінде санамызда өзгеріс болмағаны ма? деген сұрақтар еріксіз мазалай бастады.
Жасыратын несі бар, қазіргі уақытта Астана, Алматы қалаларында тұратын қазақ жастары бір- бірімен тегіс дерлік тек орыс тілінде сөйлесетін болды. Тіпті егде тартып қалған қазақтардың өз немерелерімен, тіпті тілдері келмесе де орысша сөйлесіп жүргендерін де көретін болдық. Оның себебін сұрасаң, “мына немерем қазақша ұқпайды, енді не істейін?”, – деп өзіңе қайыра сұрақ қояды.
Қалыптасып келе жатқан осындай қауіпті жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек? Біз осы бағдарлама аясынан тыс, бір шешім қабылдауды ұсынған болар едік.
Қазір Астана және Алматы қалаларында Қысқы Азиялық олимпиада ойындарының басталуына қанша күн, сағат қалғанын көрсетіп тұратын арнайы жасалған электрондық белгілер орнатылған. Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін сол белгілер елімізде мемлекеттік тілді дамытуға пайдаланылса. Ол үшін, біз жоғарыда айтқан алғашқы ұсыныс аясында, еліміздің барлық құзіретті мекемелері қызметкерлерінің қанша жылдан кейін қазақ тілінде еркін сөйлей алатындары анықталса. Ең соңғы айтылған мерзім негізге алынып, сол күн электрондық белгілерде қазақ тілінің кеңінен қанат қағып, барлық лауазымды мекемелерде еркін қолданысқа кіретін күні ретінде белгіленіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мақаланы қорытындылай келе, талқыланып отырған бағдарламада төменде айтылған мәселелер де ескерілсе дейміз:
– еліміздің лауазымды мекемелерінде жұмыс жасайтын барлық қызметкерлердің қазақ тілінде еркін сөйлей алатын мерзімі анықталса;
– медиазорлықты насихаттауға тосқауыл қойылса;
мектепке дейінгі балаларға, төменгі, орта және жоғары сынып оқушыларына, студенттер мен ересектерге дүние жүзіндегі тіл оқыту тәжірибесінің озық әдістемелерін басшылыққа ала отырып, қазақ тілін сапалы оқытудың ғылыми негізі жасалынса және ол іс-тәжірибеге енгізілсе.
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.