16 Қазан, 2010

Соңғы он жылда елге миллионға жуық қазақ оралды

1331 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Биыл елімізде Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайы өтуі тиіс еді. Түрлі себептерге байланысты қандастардың бас қосуы келесі жылға қалдырылғанынан ел құлағдар болып отыр. Оның үстіне әлемнің 40 шақты мемлекетін мекен еткен бауырларымыз да атажұрттағы кезекті қауышуға құштар көңілі алаң екені аян. Осы мәселенің жай-жапсарын білу мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат МАМАШЕВ мырзаға жолыққанбыз. – Талғат Асылұлы, Дүниежүзі қазақтары құрылтайының келесі жылға ысырылуына байланысты бүгінде алып-қашпа әңгімелер баршылық. Мәселенің мән-жайын өз аузыңыздан естісек деп едік. – Шынында да сырттағы ағай­­ындардың біразы елеңдеп, үлкен басқосу болады деп, дайын­­далып жатқаны рас. Құрылтай түрлі себептерге байланысты бір­неше рет уақыты кейінге ысырыл­ды. Оның да нақты себептері бар. Қарап отырсақ, биыл жылдың ая­ғына дейін Астанада аса ауқымды шаралар өтеді екен. Соның ішінде желтоқсанда болатын 55 мемле­кеттің басшыларын елордаға жи­найтын ЕҚЫҰ Саммиті бар. Қазіргі күннің өзінде оған 6 мың­нан астам қонақ келетіні белгілі болып отыр. Осындай жағдайды ескеріп, сырттағы ағайындармен ақылдасып, өзіміз Үкіметке ұсы­ныс бергенбіз. Оған қоса келер жылы тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығы аталып өтіледі. Бұл бір күнде өтіп кететін шара емес, жыл бойы егемендігіміздің жиырма жылды­ғына орай келелі шаралар өтеді. Соның бірі – Дүниежүзі қазақта­рының төртінші құрылтайы болса, құба-құп болар еді деген мәмілеге тоқтадық. Ал енді қалған алып-қашпа әңгіменің бәрі бос сөз. Ал тәуелсіздіктің тойына сырт­тағы бауырларымыз да қатысқысы келетіні анық. Мұндай мерейлі шараға 400-500 ағайынды бірден шақыра алмайсың. Бөліп-жарып шақырған 10-15 қандастың қалға­ны тағы да наз артады. Сондықтан келесі жылы Құрылтайға келген қандастарымыз тәуелсіздік тойы­нан да қалыс қалмайтын болады. Жуырда осы құрылтайды келесі жылға қалдыруға, қаржыландыруға байланысты Үкіметтің арнаулы қаулысы шығуы тиіс. Ал елдегі ағайындар қандастарымызды күтіп алуға, сырттағы бауырлар атажұрт­та қауышуға қамдана берсін. – Осы құрылтайға шетелдерде тұратын жастарымызды көптеп ша­қырсақ деген ой айтып қалдыңыз... – Шақырдық, шақырамыз да. Кейбір сырттағы ақсақалдар та­рапынан “Мен екінші құрылтайда болғанмын, үшінші құрылтайға келгенмін, төртіншісіне неге ша­қырмайсыңдар?” деген әңгімелер де айтыла бастады. Біз ол кісілер­ге: “Сіздер ендігі жолды жастарға беріңіздер” дедік. Келесі құрыл­тай­ға келетін қонақтардың 60 пайызға жуығы жастар болса деп отырмыз. Соның ішінде жастарға арналған бағдарламалар да болады. Және халықаралық футбол тур­нирін өткізсек деген жоспар бар. Әлемнің 10-нан астам елінен кел­ген жас қандастарымыз теңбіл доп додасына қатысады. Мүмкін со­лардың арасынан келешекте ұлт­тық құрама команда жасақталуы да ғажап емес. Бизнеспен айна­лы­сатын және осында оқимын, білім аламын деген жастарға да жеке-жеке бағдарламалар болады. Түрлі министрліктер сырттағы келеше­гімізбен диалог алаңдарын құрсақ деген жоспар жасаған. – Құрылтай – шетелде тұра­тын ағайындар айта жүрерлік­тей айшықты оқиға болады деген сенім­деміз. Алайда, сырттағы ағай­ын­дардың көңілін алаңдатып жүр­ген көші-қон мәселесі сая­быр­ла­ды де­ген пікір қаншалықты шын­дыққа жанасады? – Көші-қон саябырсыды, сырт­­тағы қандастарымыздың ора­луы бәсеңдей бастады деген әңгі­мелердің бар екені рас. Бұл, бір жа­ғынан, дұрыс та. Екінші жағы­нан, бұл мәселеге тереңірек үңіліп қара­ған жөн. Сырттағы кейбір, мә­селен Қытайдағы біздің консулдық мекемелердің, жалпыламай нақты айтсақ, Үрімшідегі консулдық мекеменің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан біздің қандастары­мыз­дың біраз қиыншылық көріп жүр­гені де рас. Көші-қон комите­тіне және біздің Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығына да баспасөз бетте­рінде кейбір ағайындар сын айтып жатқаны да ақиқат. Біз әділ сынды дұрыс бағалаймыз. Жөні жоқ қара­лай бергенге де қарсы­мыз. Сон­дық­тан ағайындардың әр нәрсенің ақ-қарасын айыра білгені абзал. Дегенмен, Президенттің квота­сы бойынша жылына 20 мың от­басы келе береді, келіп те жатыр. Былтырдан бастап Үкіметтің “Нұр­­лы көш” бағдарламасы қа­был­данған. Соның аясында өткен жылы екі қанатқақты жоба жаса­лын­ды. Көкшетау маңындағы Қы­зылжар ауылы мен Шығыс Қазақ­стан облысындағы Курчатов қала­сында осы екі жоба іске қосылды. Биыл сол жобалар бойынша кет­кен кемшіліктерді ескере отырып, биыл тағы да бірнеше өңірге жаңа ауылдар қоныс тебеді деген ойда­мыз. “Нұрлы көш” бағдарламасы – арнап қоныстандыруды қарас­ты­рады. Көші-қон дегеніміз – жалпы саясат. Солтүстік өңірлерге, қазағы аз аймақтарға қандас­та­ры­мызды қоныстандыруды ойласты­рып, мемлекет осындай қадам­дарға баруда. Биыл Ақтауда 7 қабатты бей­імдеу орталығы ашылды. Мұндай орталықтар Батыста, Шығыс пен Оңтүстік өңірлерде де салынуы тиіс. Түбінде әр облыста осындай бей­імдеу орталықтары жұмыс істе­­се жаман болмас еді. Мұнан да бө­лек, оқу, білім алуға байланысты мә­селелер үнемі туындап жатады. Тиісті мекемелер ойланатын, ой­ласатын мәселелер баршылық. Құ­рылтай деген той емес, ол бір жағынан бес жылдық жұмысы­мыз­­­ды қорытындылап, алдағы мақ­­саттарымызды айқындап бе­ретін алқалы жиын. – Ақтауда ашылған Оралман­дарды бейімдеу орталығын көрген едік. Тамаша! Барлық жағдай бір ғимараттың ішінде жасалынған. – Мен мұндай орталықты алғаш рет Германияда көріп едім. Мәселен, біздің бір қазақстандық неміс Германияға көшіп келді де­лік, әуежайдан атажұртына табаны тиісімен ол сол орталыққа барып, жарты жылдай атажұртының жағ­дайына бейімделеді. Қонақүй іс­пет­тес кешенді орталықта өмір сү­р­еді. Емделеді, тіл үйренеді, бір кәсіпке машықтанады, басқа да қызметтерді пайдаланады. Жарты жылдан соң құжаты қолына тиген­де өз бетінше тіршілік кеше бас­тайды. Қазақстан да енді осы­лай болады. – Бұқаралық ақпарат құралда­рында сырттағы ағайындарымыз­дың саны 3,5 миллиондай, кейде 5 миллионға тарта деген әртүрлі пікір айтылып жүр. Осының анығы қайсы? – Біздің қолымыздағы бар ақпараттарға сәйкес, алыс және жақын шетелдерде 5 миллионға жу­ық қазақ тұрып жатыр. Рес­ми нақты статистика жоқ, өйткені сырт елге барып, бар қазақты са­нап келген ешкім жоқ. Бұл жерде көбінесе біздер әртүрлі мемле­кет­тердің статистикалық мәліметтерін басшылыққа аламыз. Қазақ диас­порасының негізгі бөлігі Ресей, Өзбекстан және Қытай елдерінде шоғырланған. Осы арада мына жәйтті де еске­руге тиіспіз, диаспора деген түсінік әр түрлі себептердің, яғни саяси қуғынға ұшырап елінен ке­туге мәжбүр болған адамдарға қа­тысты қолданылады. Ал иррен­ден­та дейтін термин әлімсақтан өз ата-бабаларының жерінде туып-өсіп, объективті факторлардың салдары­нан атажұртынан тысқары жерде қалып қойғандарға қаратып айты­ла­ды. Кеңес Одағының тұ­сын­да бә­ріміз бір мемлекетте тұ­рып жат­тық та, КСРО құлағанда қан­даста­рымыздың бір бөлігі өзге елдердің азаматтарына айналып шы­ға келді. Осыны шатастырмау қажет. – Қауымдастық дәл қазіргі таңда қанша елдегі қандастары­мызбен байланыс орнатты? – Тәуелсіздік жылдарының бе­дерінде Канададан бастап Авс­тра­лияның арасын жалғап жатқан 40 шақты мемлекеттегі қазақ этно­сымен байланыс құрып үлгердік. 32 елде қазақ ұлттық мәдени ор­талықтары құрылып, бізбен тікелей байланыста жұмыс жасап жатыр. Келер жылы құрылтайдың ойдағыдай өтуіне осы орталық­тар­дың бәрі атсалысады. Интер­нет желісінде өзіміздің веб-сай­тымыз бар. – Қазақстан егемендік алған күннен бастап сырттағы ағайынды отанға оралту саясатын жүргізіп келе жатыр десек, осы күнге дейін елімізге оралған қандастарымыздың нақты саны қанша? – Әлемде өз диаспорасымен жос­парлы түрде айналысып жат­қан ел саусақпен санарлық. Бұл бастамада Израиль мен Германия­ны мысал етіп, олардың қатарына Қазақстанды да қоюға болады. Көші-қон мәселесіне келсек, бас­тапқыда бұл мәселемен қауымдас­тық айналысқан. Жинақталған тәжірибе негізінде кейін мемле­кеттік орган құрылды. Көші-қон агенттігі жасақталды, одан кейін Еңбек және әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің қарамағындағы Көші-қон комитеті осы іспен айналыса бастады. Жасыратын несі бар, бұл мәселеде кемшін тұстар да аз емес. Алайда, орасан жұмыс та атқа­рыл­ды. Тек соңғы он жылдың ая­сын­да Қазақстанға миллионға жуық қазақ көшіп келді. Бұл – аса сал­мақты көрсеткіш. Мұндай ісімен бүкіл ТМД елдерінің бірі де, тіпті Ресей де мақтана алмайды. – Дегенмен, сырттан көшіп келген қазақтардың бір бөлігі өз атажұртында бірден тастай батып, судай сіңіп кете алмай, кейбірінің кері көшіп кеткенін де жоққа шығаруға болмас. – Өкінішке орай, отанға ора­лу­ды да бизнес көзіне айналдырып алған ағайындар табылады. Мәсе­лен, Қытайда төлқұжат берілгенде тек адамның аты ғана жазылады. Сондай бір қандасымыз Қазақ­стан­ға квота бойынша келіп, тие­сілі ақшасын алғаннан кейін, жар­ты жылдан соң кетіп қалады. Со­дан құжатында бір әрпін өзгертіп, Қазақстанға қайта ат басын бұра­ды. Немесе Өзбекстаннан келесі қандасымыз көшіп келмек болады. Осында үй-жайды қамдағанша, бала-шағамды сонда тастап кеттім дейді. Оған сенесің. Ол тиесілі қаражаты мен жеңілдіктерін алып, қысқа қарай тайып тұрады. Тіпті кейін көшу туралы ниеті де бол­ма­ғаны анықталады. Осындай ке­лең­сіздіктер көпке кесірін тигізеді. Одан кейін қазақта “жерсінбеді” деген сөз бар. Мұның жөні басқа. Ал енді атажұртқа оралып, аз­ған­тай уақыттың арасында аяғы­нан тік тұрып, бизнесін дөңге­ле­тіп, елге тастай батып, судай сіңіп жатқан жандар жеткілікті. – Қандастарымыздың атажұрт­та қайта қоныстануы – ақыл-ой мен таланттардың да оралуы екенін айтудың сәті түсіп тұрған секілді. – Менің білетінім, Қазақ­стан­ға көшіп келген ағайындарымыз­дың арасында жоғары білімді жан­дар өте көп, 60-тан астам ғылым докторы, 300-ге тарта ғылым кандидаты бар. Қаншама дарынды жандар туған елге оралды! Майра Мұхамедқызы, Шұғыла Сапарға­лиқызы, Ермұрат Зейіпханұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Серік Қып­шақбайұлы, Тұрсынәлі Рыс­кел­диев сынды өнер тарландары, ақ­ындар мен жазушылар елдің ел­дігіне, экономиканың дамуына үлестерін қосып жатыр. Халық санағында қазақтардың саны 67 пайызға көтерілуінде де көшіп келген ағайындардың салмақ-үлесі бар. Шұбарланған тілімізді де шұрайлы қазақ тілімен байытуда. Ұмыт бола бастаған дәсүрлеріміз, қолөнер кәсібі қайта жанданып жатса, мұнда да қандастары­мыз­дың септігі бар екенін жоққа шы­ғармау қажет. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.