20 Қазан, 2010

Қазақстан үлесі жоғары

511 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Бүкіләлемдік рухани форумға келген АҚШ Президентінің ислам әлемімен үнқатысуды орнықтыру жөніндегі арнайы өкілі, “Cordoba Іnіtіatіve” үкіметтік емес діни ұйымының имамы Фейсал Абдул Рауфты қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Ұлтаралық және конфес­сияаралық келісімді қамтамасыз ету саясатына Қазақстанның айнымастығын атап өте келіп Қ.Тоқаев Өркениеттер үнқаты­суын нығайту жөніндегі біздің еліміздің күш-жігері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ол Қазақстанның бастамасы бой­ын­ша өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының съезі және оның Хатшылығының қызметі туралы әңгімеледі. ЕҚЫҰ-ның алдағы Астанада өтетін саммитінің басты тақы­рыптарының бірі  еуроатлатика­лық және еуразиялық кеңістік­тегі толеранттылықты нығайту және мәдениетаралық үнқатысу болып табылады. Шығыс пен Батыс арасындағы өркениет­ара­лық үнқатысуды ілгерілету Қа­зақстанның 2011 жылғы Ислам Конференциясы Ұйымының төрағасы ретіндегі қызметінің басты бағыты болып белгіленді. Бұл тұрғыда мұсылман әлемі­мен қатынастарын қалпына келтіру жөніндегі Президент Б.Обаманың саясаты біздің мемлекетіміздің дінаралық үнқатысуды нығайту жөніндегі күш-жігерімен сәйкес келеді. Қ.Тоқаев АҚШ Президенті Б.Обаманың мұсылман әлемі­мен үнқатысуды орнықтыру жө­ніндегі арнайы өкілі Ф.А.Рауф­тың қызметіне қолдау білдірді. Ол Манхэттенге (Нью-Йорк) “Cordoba Іnіtіatіve” ислам мә­дениет орталығының құрылы­сына бастамашы ретінде белгілі. Ф.Рауф Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың басшылығы­мен Қазақстан қол жеткізген та­быстарды және Мұсылман әле­мі мен Батыс арасындағы үн­қа­тысуды нығайтудағы Қазақстан үлесін жоғары бағалады.