Қоржын жүлдеге толық
АҚШ-тың Камп-Лэйн қаласында бокстан әскерилер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Осы жарыста бақ сынаған еліміздің былғары қолғап шеберлері екі алтын, үш күміс, төрт қола медальмен жалпыкомандалық есепте жеңіс сатысының ең биік тұғырына көтерілді.
Осымен 53-ші рет жалауын көтеріп отырған бокс бәсекесінде сайыпқырандарымыз жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады. Чемпионат барысында финалға дейін алқынбай жеткен бес боксшымыздың екеуі чемпионаттың жеңімпазы атанды. Атап айтқанда, 60 килода биылғы ел біріншілігінің қола жүлдегері Берік Әбдірахманов финалда Италия үміті Лессио Савиноны тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты. Ал 64 килода өнер көрсеткен Бейжің Олимпиадасына қатысушы Мерей Ақшалов америкалық Джэймел Херрингке басымдық танытып, әлем чемпионы атанды. Шаршы алаң иесі өз елінің жанкүйерлері алдында намысқа тырысқанымен, жеңісті өз пайдасына шеше алмады.
Өкінішке қарай, 49 килода шаршы алаңға шыққан астаналық Ілияс Сүлейменов америкалық бақталасы Майкл Бенедоссоға есе жіберіп қойды. Әйтсе де Ілиястың ересектер дуына енді қосылғанын ескерсек, бұл табысына қуана қол соғуға болады. 56 килода ел намысын қорғаған Аслан Мұқанов үнді боксшысы Сантос Сингхке шамасы жетпеді. 81 килода күміс жүлдеге ие болған мақтаулы боксшымыз, 2005 жылғы әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов америкалық қарсыласы Джеффри Спэнсерден айласын асыра алмады. Дегенмен, Ердос өзінің даңқын асырған үйреншікті салмағы 81 килоға жуықта ғана қайта ауысқанын айта кетейік. Спорт жанкүйерлерінің есінде болса керек, 2005 жылы Ердос Жаңабергенов осы 81 кило салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған еді.
Бұдан бөлек төрт шойын жұдырықты жігітіміз 69 килода Шыңғыс Бердібеков, 75 кг-де Нұрбота Сейітбек, 91 кг-де Қамшыбек Құңқабаев және 91 килодан жоғары салмақта Руслан Мырсатаев әскерилер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Қазақ боксшылары жалпыкомандалық есепте өз тарихында тұңғыш рет Әскерилер арасындағы әлем чемпионатында бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға Бразилия боксшылары, үшінші сатыға ринг иелері АҚШ құрамасы жайғасты.
Сәбит ТАСТАНБЕКҰЛЫ.
Азия ойындарына бір ай бар
Бір айдан кейін Қытайдың Гуанчжоу қаласында жазғы Азия ойындары басталады. Қазір бәсірелі бәсекеге қатысатын елдердің қатарында Қазақстан құрамасы да оған жан-жақты дайындалуда.
Азиадада спорттың бірнеше түрінен жарыстың өтетіні белгілі. Соның ішінде бокс бәсекесінің қызықты да тартысты болатыны сөзсіз. Осыған байланысты ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Қытайға баратын спортшылардың тізімін жария етті. Сөйтіп, Гуанчжоуға баратын 10 боксшы мыналар: Біржан Жақып (49 кг), Мирас Жақыпов (52 кг), Данияр Төлегенов (56 кг), Самат Бәшенов (60 кг), Данияр Елеусінов (64 кг), Серік Сәпиев (69 кг), Данабек Сужанов (75 кг), Алмат Селімов (81 кг), Василий Левит (91 кг) және 91 кг-ден жоғары салмақтағы Иван Дычко.
Жартылай финалда – оңтүстік құрамасы
Таразда Қазақстан Бокс федерациясының кубогы жолындағы ширек- финалдық кездесулердің соңғысы өтті. “Оңтүстік” дивизионына кіретін Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысының арасында өткен жекпе-жекте алғашқылары жеңіске жетті.
Бұл бәсеке 5:5 есебімен аяқталғанымен, ел кубогының ережесіне сәйкес ауыр салмақтағы шымкенттік Досжан Оспанов қарсыласын жеңгеннен кейін жартылай финалға жолдама ОҚО командасына берілді.
Кездесуде оңтүстік командасының қатарында Рүстем Сыбаев, Нұрдәулет Жарманов, Еркебұлан Шыналиев, Досжан Оспанов сияқты елімізге танымал боксшылар күш сынасса, Жамбыл облысының атынан Олжас Сәттібаев, Ғани Жайлауов пен Украинадан келген Вячеслав Шабранский қолғап түйістірді.
Енді жартылай финалда ОҚО командасы Маңғыстау облысының өрендерімен бақ сынасады.