Есімі елдің есінде
Қазақ ауылдарында қарапайым болса да халықтың қалаулысына айналған құрметті адамдар болады. Ресми атақ-дәрежелері болмаса да, дөй бастық болып дүниенің тұтқасын ұстамаса да ауыл-аймағы, ел-жұрты оларды хан көтеріп сыйлайды. Ел ішіндегі береке-бірліктің ұйтқысы да солар. Елдің құты мен қыдыры да солар. Нақ сондай ізгілік қасиетке ие болған ақжолтай адамдардың тілегі қабыл болады. Осы сөздердің кәміл шындығына біз бұл күндерде тірі болса сексеннің сеңгірінен асып, шөберелерін сүйіп отыратын, артына үлкен өнеге-ғибрат қалдырған қазына қарттарымыздың бірі, Алатау баурайындағы жыр атасы Жамбыл ауданына қарасты Қастек ауылының тумасы Мұса Ыдырәліұлы ақсақалдың өмір тарихының мысалдарынан қанығып, көз жеткізер едік.
Сайдың тасындай төрт ағайынды жігіттің ең кішісі Ыдырәлі ерке әрі батыр мінезді, ештеңеден тайсалмайтын ер көңілді болады. Қастек маңының лаң салғыш казак орыстары аумалы-төкпелі заманның аласапыран бір тұсында сәйгүлік атын тартып алып кетеді. Бұл қорлыққа төзбеген Ыдырәлі тоқтатушыларды тыңдамай, жалғыз өзі соңдарынан қуады. Тең емес шайқаста жарадар болып, елсізде қалып, сүйегінен сыз өтіп, суық тиіп, дерт жабысады. Байларды кәмпескелеп, елден берекені кетіріп бу-ду болып жатқан бір ызы-қиқы уақыт. Сондай кезде бір жастағы Мұса әкеден айырылады.
Бір кездегі дәурені жүріп тұрған Бектас болыстың толықсыған бекзат қызы, ай дидарлы жас сұлу, анасы Ләтәй үш баламен жесір қалады. Өр кеуде басылып, еңсе түседі, көңілінің көгін қайғы бұлты торлайды. Ол заманның әйеліне жалғыз өмір кешу жол да емес, қол да емес. Сондықтан Ләтәй Әбікен Жауғашов деген Ыдырәлінің бір аталас ағайынымен тұрмыс құрады. Сөйтіп, Ыдырәлінің ұлы енді Мұса Әбікенов болып шыға келеді, өмір бойы осы фамилиямен өтеді. Отыз екінің ашаршылығына ұласқан ауыртпашылық жылдар. Өкіметтің өкімі қатаң, заңы қатал. Колхоз басқармасы болып жүрген жерінен аяқ астынан бір болмашы кінәрат табылған Әбікен сотталып, Қарағандыға жер аударылып кете барады. Ләтәй тағы да бір күйеуден өлі, екіншісінен тірідей айырылып, үш баламен артында еңіреп-жылап қала береді. Бір жылдай уақыт өткенде Қарағандыдағы Әбікеннен хабар келеді: “Үш баланы алып, таудан асып, Қырғызстанға жет. Алла жазып, таяуда мына шеңгелден аман-есен құтылсам, сол жаққа барып өзім тауып аламын. Қазақстанда өмір-тыныштық болмайды”.
Осы хабарды алғасын Ләтәй қанша қиын болса да, белін бекем буынып, үлкенірек екеуін жетектеп, емшектегі қызын қолына алып, қырғызға қарай жол жүреді. Әлшай 12-ден асқан естияр, Мұса жетілер шамасында болса керек. Ашаршылықтың әлі де басыла қоймаған кезі. Жол бойы, қуыс-қуыста ісіп-кепкен, өлген адамдар. Жүректі ұшыратын небір қорқынышты жағдайлар. Бір асуға жеткенде әбден титықтап әрі шөлдеп, сол арада тыныстауға аялдайды. Содан қолдарына шәугім ұстатып, Әлшай мен Мұсаны сонау төмендегі шатқал сайдың табанындағы бұлақтан су әкелуге жібереді. Балаларды суға жібергені де сол, қараса, шуылдап бір топ сыған келе жатыр екен. Киімдері жалба-жұлба, түрлері қорқынышты, жақ сүйектері адырайып арсиған, көздері құтырына ашқарақтанып қарайды. Әлгілер келе әй-шәй жоқ, емшектегі балаға жармасады. Ләтәй да жан даусы шығып қарсыласып бағады. Әйтеуір араларындағы адамдық ұсқынын сақтаған бір еңгезердей орыс нәрестені жегізбей, “бұл бір жапырақ ет қайсыңа жетеді, алда бірдеңе кезігер” деп үгіттеп, аштықтан көздері қарауытқан қорқаулардан қорғап алып қалады. Тобыр енді тоқтамай әрі қарай асып жүріп кетеді. Ләтәй болса, су алып келуге кеткен қос құлыншағы аналар көзден таса болғанша келіп қалмаса екен деп мазасызданып қатты үрейленеді. Жүйкесін тоздырған осы соққыдан кейін жүрегіне кесел байланады. 1949 жылы қайтыс болған Ләтәй апа жүрегімнің дерті қатты шошынғаннан сонда жабысып еді деп абысын-ажындарына айтып отырады екен.
Не керек, арып-ашып, ақыры Қырғызстанға жетеді. Бірақ уағдалы жерлерге, барда-бардың астына алып хабар айтқан күйеуі Әбікен келе қоймайды. Үш бала мен Ләтәй бейшараның жағдайы қиындай түседі. Ақырында, мүлдем тығырыққа тірелгенде он үш жасар қызы Әлшайды Таубай Кигізбаев деген бір ауқатты қырғызға беріп, жан сақтайды.
Ел басына түскен осы ауыртпашылық заманды сол уақыттардағы жеті-сегіз жастағы жас бала Мұса көріп өсті, ащы сабағына қанықты, өзі де қыршын кезінен-ақ қарағайдың қарсы бұтағындай шымырланып жетілді. Жас бала жаңағыдай тіршілік тайталасында анасына қолғанат, серік бола білген. Ер баланың бір қасиеті сол ғой. Қасында қаршадай болса да Мұсаның жүргені Ләтәй анасына да қайрат-жігер берерліктей әрі медет, әрі жұбаныш еді. Бұл екі ортада Әбікен сот-мотынан құтылып, Қазақстанға, ауылға келіп, әйелі мен бала-шағасын келген-кеткен кісіден хабар салып, енді мұнда келсін деп тағы шақыртады.
Ал “сендер үшін жаным садақа” деп қырғызда қалған Әлшай әпкесі өзінің ниеті мен маңдайына қарай құдайдың рахымы түсіп бір жақсы адамға тап болған екен. Жоғарыда айтқан Таубай оны әуелі біраз уақыт тәрбиелеп, қызындай мәпелеп бағып-қағады. Сосын бәлиғатқа толғасын некесін қидырып әйел қылып алады, өмір бойы еркелетіп, бетіне жел боп тимей жақсы көріп, желкілдетіп ұстайды. Әлшай әрбір көктем шыққан сайын екі атқа ұн, тамақ, сүр ет, қазы-қарта, жал-жаясын бөктеріп, басқа да сый-сияпат, базарлықтарын алып, жыл құстарымен бірге туған елге жетеді екен. Әрбір көктемде туыс-туғандар, бүкіл ауыл боп енді келіп қалар деп қырғыз жаққа қарайлап Әлшайды күтіп жүреді. Жамбыл ауданының тұңғыш әкімі, қазақтың ардақты азаматтарының бірі марқұм Жүсіпәлі Нүкетаев та: “Әлшай әрбір төркіндеп келген сайын біздің ауылда той болушы еді” деп өзінің де балалық шағын бір қимастықпен еске алып отыратын. Сонда базарлықтан ешкім ескерусіз қалмайды екен. Туысқа деген қыз бауырмалдығының қылаусыз үлгісі осындай-ақ болар.
Германиямен соғыс басталғанда Мұса дәл 13 жаста. Жаз уақытысында әйелдер Қастектің жоғарғы жағында егістік басында, пішен шабуда болатын көрінеді. Мұса бала соларға күнбе-күн сусын, тамақ апарады. Сондай түскілік мезгілдерде қазақтың сол мұңлық әйелдері бір уақыт тыныс алып отырғанда әрқайсысы өз мұңдарын шағып, майданда жүрген ер-азаматтарын еске алып, сыңси жылап, көз жастарын сығып, шерлерін басады. Ылғи осылай. Осы әңгімелерді елеусіздеу ғана, байқатпай Мұса тыңдап отырады екен де, сосын бір жақтан сап етіп шыға келіп, тура сахнадағыдай, әрбір әйелдің кейпіне кіріп, бейнесін салып, нағыз әртісше әзілдей әжуалап ойнап беретін көрінеді. Жаңа ғана жылап-сықтап, қайғыға батып, қапаланып отырған әйелдер қыран-топан күлкіге қарық боп, мәз-мейрам көңілденіп қалады екен. Сөйтіп, бала да болса, апа-жеңгелерінің қамкөңіл күйлерін тамыршыдай тап басқан сергек сезімді, зерделі Мұса соғыс кезінде ел басына түскен қайғыны жеңілдетуге аз да болса септігін тигізіпті-ау.
Соғыс аяқталғасын табиғатынан зерек, тумысынан сергек Мұса ҚазПИ-ге оқуға түседі. Бірақ отбасы жағдайына байланысты оқуды бітіруге мұрша-мүмкіндігі келмейді. Өзінен кейінгі іні-қарындастарына қарайласып, қамқорлығына алуы қажет болады. Сондықтан ол аяқталмаған жоғары білімімен ауылдық кеңес хатшысы қызметіне тұрады. Ізденімпаз жігіт бұл жұмысты шыр үйіріп алып кетеді. Ауыл адамдарының анықтама, құжат, керек қағаздарын реттестіріп, құрақ ұшып, елгезектік танытып, аз-ақ уақытта алғысқа бөленіп, ақсақалдардың “өркенің өссін!” деген ақ батасын алады. Көңілі жарасып, ауылдың Жұмагүл деген бір адал сүт емген, тәрбие көрген сүйкімді қызына үйленеді.
Мұсекең 1957 жылы Амангелді ауылында бау-шарбағымен үй салып, түпкілікті орнығу үшін сонда көшіп келеді. Өзі жақсы кісіге қай жерден де бір орын табылады емес пе, мұндағы басшылар оны қуана-қуана, дереу ферма меңгерушісі етіп қояды. Мұса жаңа жұмысқа дағдысы бойынша жанын сала кірісіп, ферманы өрге бастыра бастайды. Ешқандай ғылымсыз-ақ, қазағымның қашанғы тәжірибесімен, қолдан күнделікті сұрыптау арқылы мал тұқымын асылдандыруды қолға алады. Сүтті сиырларды бөлек бағымға қойып іріктейді. Не керек, Мұса басқарған ферма да көп ұзамай ауданда алдыңғы қатарға шығады. Сол жылдары әрбір ауылдың өзінің диірмені, май зауыты болатұғын. Осы май зауытына берілетін сүттің майлылығына дейін Мұсекең өзі қадағалап тұрды. Әбіке Үмбетов досы Прудки-Аққайнарда, Мұсекең Амангелдіде ферма меңгерушілері болып, ынтымақты бәсекемен еңбек көрігін қыздырып, күллі аудан бойынша дүрілдеп тұрған күндер-ай десеңші!
Әсіресе, соғыстан кейінгі төрт-бес жылда ел ішіндегі дау-дамай, өкпе-наз, ағайын арасындағы кикілжің болыңқырап тұрды. Жастайынан билікке араласып, әділ төрелік айтуға үйреніп бейімделген Мұса сельсовет хатшысы кезінде соларды ешқашан ауданға, үкімет сотына асырмай, өзі шешіп отырған. Оның сөзіне ел тоқтап, айтқан сөзіне құлақ асқан, ақылын тыңдаған. Тіпті соғыс кезінде күйеуі өлді деп қате қара қағаз келген келіншектер күйеуге шығып кетіп, содан соң алғашқы жарлары оралған кезде туындаған түрлі жағдайларды да ушықтырмай, ортақ та әділ мәмілені таба білген. Сол себептен де Мұсаны ел бұрынғы заманның лақабымен “болыс” деп атап кеткен екен. Ол кезде кеңсесі Прудкиде орналасқан Қастек селолық советіне Шиен, Самсы, Үңгіртас, Қарақастек, Амангелді сияқты көптеген ауылдар қараған ғой. Мұсекең сол арадағы халықтың барлығының тілін тапқан, жанын ұққан, құрметіне бөленген. Үлкен бастық болмай-ақ үлкен істер атқаруға болатындығының, халықтың мұң-мүддесіне қызмет етудің үлгісін көрсеткен.
Өстіп жүргенде Мұсаға бір көлденең пәле килігеді. Оның себебі, ферма меңгерушісі болып жүргенінде колхозбастық тізеге салып, есеп бергенде, тумаған 104 бұзауды туды деп қосып артық жаздырып жіберткізеді. Ауылға ревизия, тексеріс келіп, мал санағын жүргізген кезде жаңағы жалған 104 сиыр жоқ болып шығады.
Бар пәле осыдан басталады. Мұсаның ісі аудандық партия комитетінің бюросында қаралады. Байқаса, басшылардың қабақтары қату. Содан өзінің басына бұлт үйірілгенін сезеді. Әрине, өлер жерін Мұса да біледі, ашықауыз аңқауың ол емес. Бұл әуелде колхоз басқармасы есепке 104 бұзауды қосып жазып жалған мәлімет бер дегенде көнбеген. Бірақ анау өңмеңдеп қоярда-қоймағасын: “Олай болса, солай істе деп қолхат бер” деп колхозбастыққа қолхат жаздырып алған. Өзі де “әй, осы жағдай түбінде не болар екен?” деп сезіктеніп, қолхатты жоғалтпай, жыртып тастамай, ұқыптап сақтап жүреді екен. Алайда, бұл қағазды тап қазір сілікпелеп жатқан бюро мүшелеріне көрсетейін десе, бұлардың сұрын көріп, әділетсіздіктің, мұны құрбандыққа шалған қиянаттың болмай қоймасын сезеді. Сөйтеді де өзінің алдамайтын ішкі бір ақыл-түйсігімен бюродан жақсылық күтуге болмайтынын біліп, қолхатты оларға көрсетпейді. Су түбіне кетіп бара жатқанда қарманған талдай – жалғыз үміті, бір жапырақ қолхатты құртып, жойып жіберер деп те қорқады. Сөйтіп, іштей қайсарланып, өзінің жазықсыздығын дәлелдейтін қағазы төсқалтасында болса да оны шығармай, қиын сәтте керемет сабыр сақтап, Мұса бюроның алдында қасқайып тұра берді.
Бюро аямайды. Жер-жебіріне жете сілкілеп ұрсып, партиялық тұрғыдан қатаң жаза қолданады. Сұңғыла Мұсекең де іс насырға шауып бара жатқанын байқап іші қылп ете қалады. Сол кездегі тәртіп бойынша аупартком бюросынан жаза тартып шыққан адамды есік алдында екі милиция күтіп тұрып, қолын қайырып алып кетеді екен. Мұса бұл құқайды да біледі. Бірінші хатшының кабинетінен шыға сала әлгілерге: мен дәретханаға барып келе қояйыншы дейді. Милициялардың “жә” дегенін естісімен, қос өкпесін қолына алып, көшелердің бұралаң-бұрылыс, қаға беріс қуыстарымен құлдилап қасқа жолға шығып, “Алматы қайдасың?” деп тартып кетеді.
Содан бір жанашырдың зыр жүгіріп септесуімен сол кездегі Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, алаштың ардақты азаматы Мәсімхан Бейсебаевтың қабылдауына кіреді. Мәсекеңе барлық әңгімені түк қалдырмай айтып береді. Өзінің де әбден есі шыққан, түрі қашқан, иманы ұшқан. Аз күнде ұнжырғасы түсіп, жадап-жүдеп қалған екен. Осының бәрін аңғарған алды кең, парасаты мол, зиялы азамат Мәсекең байыптай қарап, Мұсаның адалдық-ақтығына сенеді, баяғы қолхатты өзіне алып қалады. Сосын: “Ау, сені мына түріңмен Алматының милициясы да ұстап алып жауып қойып жүрер. Ақшаң бар ма өзі? Шаштаразға барып, жуынып-таранып, жөнге кел. Мен оған шейін тиісті орындармен сөйлесемін. Бәрі дұрыс болар. Бірақ мәселең біржақты болғанға дейін ауылыңа барма, қонақ үйден шықпа”, деп Мұсаның қолына өз қалтасынан алып ақша ұстатады.
2-3 күннен кейін обкомға қайтадан барса, 104 сиырдың дауы басылып, біржайлы болған екен. Құдай ғайыптан кездестірген ғайып-ерен, қырық шілтен іспеттес Мәсекеңдей мейірімді қамқоршысына алғысын жаудырып, Мұса тасқын көңілмен ауылға қайтады. Келсе бір ғаламат, “Мұса 104 сиыр қарыз болып қамалып жатыр” дегенді естіген бүкіл ауыл-аймақ, ағайын-туған жалма-жан тездетіп мал жинаған. Сөйтіп, үкіметке 104-тің орнына 105 сиыр қылып өткізіп те жіберіпті. Содан Амангелді ауылының жігіттері артық бір сиырды айдап келіп Мұсекеңнің босап қалған қорасына кіргізіпті. Қазақ ауылдарындағы сол кездердегі сондай ынтымақ пен бірлік үлгі етерлік бір ғанибет емес пе.
Қанша жыл қойма меңгерушісі болғанда да бір жаман аты шықпады, арына кіршік жұқтырмады, ішіп қойды, жеп қойдыдан таза болды. Зейнетке шыққасын да іссіз, босқа қарап отыра алмады. Себебі, белсенді қарекет сүйекке сіңген дағдысы еді. Содан компартия тарап, Кеңес өкіметі құлап, Тәуелсіздік орнап, нарық заманы келгенде Мұсекең “кетігін тауып қаланған кірпіштей”, өз орнын тағы тапты. Сол кездегі уақыт талабымен орайласа құрылған Еңбек ұжымдары кеңесінің төрағасы болып, замана ағымындағы үдерістерге араласты, көптеген көкейкесті шаруаларға кірісті. Бастық сайланса да, басқа шаруашылық мәселелер шешілсе де әйтеуір осынау қоғамдық ұйымның келісімінсіз ешкім ештеңе істей алмады. Жергілікті билік орындары Мұсакеңнің турашылдығын, халық арасындағы беделінің үлкендігін, міне, осы тұста да бір байқады. Соның бір парасын Жамбыл ауданының тұңғыш әкімі, өзі де аймаңдай азамат, марқұм Жүсіпәлі Нүкетаев айтып мәз боп отырушы еді. Бірде аудан әкімдігі Амангелді ауылында бір ірі мәселені шешпекші болған кезде жаңағы еңбек ұжымдарының кеңесі қарсы боп отырып апты. Амангелдінің жерінен Аққайнарға азырақ ауыстырмақшы болған ба, әйтеуір, сондай бірдеңе. Ауданнан ана бастық, мына өкіл келеді. Бұлар көнбейді, бергізбейді. Жоғарыдан қысып бара жатқасын аудан да тыныш ұйықтатпайды. Ақыры, Мұса бастаған Ешкібай, Нүске, үш ақсақал аудан әкімі Жүсіпәліге келеді. Өздері түнеріп, қабақтарын қарс жауып алған дейді. “Бұл шалдарды не істеймін енді?” деп іштей Жүсекеңнен де маза кетеді. Содан ізетпен қарсы алып, сыйлап төрге шығара, жарқын күліп, жайдарман сөйлесіп, өзінің барлық дипломатиясын салып, ақсақалдарға ол мәселенің мән-жайын түсіндіріп айтып, бұл менің де құзырымдағы мәселе болмай тұр, мен десеңіздер бір ашуларыңызды қиыңыздар, бірақ бұдан ешкімге қиянат жасалмайды деп ағынан жарылғанда шалдар да икемге келе бастайды. “Е, айналайын-ай, әлгі өкілдерің өкіреңдемей баяғыдан бері осылай демей ме, дікілдеп миды жемей” деп ендігі жерде, азаматтың алдына кесе-көлденең тұрмайтындарын білдіреді.
Мұса ағаның балажандылық мейірімі де жатқан бір ғажап болатын. Біреулер ұл таппадың деп әйелдерімен дүрдараз боп қырылысып жатса, ол “Менің жалғыз қызым 10 ұлға татиды” деп жайраңдап, қанаттанып отыратын. Рая Мұсақызы да әкенің сол сенімін ақтап келеді. Өнегелі тәрбие көргендігін, тектілік тұрпатын таныта білді. Мұғалімдіктен бастаған қызметі мектеп директорлығына, аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне ұласты. Жүсіпәлі ағалардың ықылас-қалауымен Жамбыл аудандық мәслихатын басқарды. Талғардың да ер қызы саналады. Мұнда көп жыл бойы аудан әкімінің орынбасары болып абыройлы еңбек етті, әлеуметтік-мәдени дамуға үлес қосты. Қазір Талғар аудандық мәслихатының хатшысы.
Мұсекең Түзел деген нағашы әпкесіне: “Ойпырмай, құдай Жұмагүлден үш күн бұрын алса екен деп тілеп отырмын” депті. “Жә, қайдағыны айтпашы” деп ренжиді Түзел әпкесі. Содан Мұса аға 28 мамыр күні ешбір ауырмай-сырқамай бақи сапарына аттанып жүре беріпті. 31 мамыр күні жерлейді. Өзі айтқандай, сол күнгі асына бүкіл ағайын-туыс, ауыл-аймақ, құда-жекжат, немере-шөбере бауырлар – бәрі-бәрі бірі қалмай түгел жиналады. Ел нөпір, асы ырғын болады. 31 мамырға өзі ел-жұртты түгел жинаймын деп жүрген, құдай тілегін қабыл еткен кісі ғой деп қауым-халқы осы күнге шейін таңғалады.
Мұсекеңнің артына өрнекті де көрнекті із етіп қалдырған үрім-бұтақ, ұрпағына жан қосағы Жұмагүл шешей бүгінге дейін басие болып, бақытқа бөленіп, құдайдан солардың тілегін тілеп отыр. Мұса аға бауырына салып баласы етіп алған Ақабайдың тұңғыш ұлы Өмірбек Амангелдідегі қара шаңырағына ие болып, ошақ отын өшірмей, түтін түтетуде. Құдайым әркімнің де тілегін дәл осы Мұса ағаның тілегіндей етіп қабыл еткей...
Қорғанбек АМАНЖОЛ.