Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс бабындағы сапармен келген Иордания Хашимиттік Корольдігі Парламенті Сенатының төрағасы Тахер әл-Масримен кездесті, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Қазақстан-Иордания ынтымақтастығының қарқынды дамуын атап өте келіп, Қ.Тоқаев парламентаралық өзара іс-қимылды қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. “Қазақстан Иорданияны Таяу Шығыстағы маңызды әріптестерінің бірі ретінде қарастырады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол екі ел арасындағы достық және әріптестік байланыстар Амманда Қазақстан Президентінің құрметіне көше берілуімен, ал Астана көшелерінің бірі Иордания елордасы – Амманның атымен аталуымен дәлелденіп отыр.
Қ.Тоқаев Парламент қызметі, мемлекеттік институттар жүйесіндегі Сенаттың рөлі мен ерекшелігі туралы әңгімеледі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі Қазақстанның халықаралық бастамалары туралы хабардар етті. Төраға сонымен қатар биылғы 1-2 желтоқсанда Астанада болатын ЕҚЫҰ Саммитіне әзірлік туралы да айтты. Оған қоса алдағы жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететін болады.
Қ.Тоқаев әріптесін 2012 жылы болатын дін лидерлерінің төртінші съезінің жұмысына құрметті мейман ретінде қатысуға шақырды.
Кездесу барысында төрағалар Шығыс пен Батыс арасындағы үнқатысуды одан әрі дамытуға, исламның өркениетті идеяларын ілгерілетуге мүдделіліктерін білдірді.
Әл-Масри Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастардың деңгейін жоғары бағалады және парламентаралық ынтымақтастықты жетілдіруді жақтайтынын айтты. “Екі елдің парламенттері демократиялық институттар және Иордания мен Қазақстан халқының өкілдері болып табылады. Бұл тек ресми деңгейдегі ғана емес, біздің халықтарымыз арасындағы да қатынастарды дамытудың зор мүмкіндіктерін көрсетеді”, – деді мейман.