Ел дәулеті – ел сәулетінен танылады. Бүгінде жамбылдық билік пен бизнес өкілдері тізе қосып, халық үшін ең игі деген жақсылықтарды жасауға белсене кірісіп жатыр. Оған көше жиегіндегі әсем гүлдерді, сәнді шарбақтар мен тас төсеніштерді, жарқыраған шамдарды көптеп куә етуге болады.
Бірақ, өкінішке қарай, ел іші ессіздерден де кенде емес. Олар қара басының қамы үшін әлгі ел игілігі үшін отырғызылған гүлдерді, қойылған темір шарбақтарды ұрлап, бір сәтте шала байып шыға келгісі келеді. Тұрғындар да марғау. “Пәледен машайық қашыпты” дегендей, ұрыны көріп тұрса да көрмеген, біліп тұрса да білмеген болады. Сондықтан болар, ұрылар да заңнан қорқу, жұрттан үрку дегенді тарс ұмытқан. Қала тұрғындарын басынғандары сонша, ұрлығын, тіпті, тапа-тал түсте де жасай беретін болған ба, қалай?!.
Тараз қаласының әкімі Ертарғын Астаев жақында осындай бір оспадарды қолға түсірді. Оқиға былай болған еді. Қала басшысы күндегі әдетінше облыс орталығын аралап келе жатқан. Кенет Былғары комбинаты маңындағы “Мамыр” саябағының сәнді шарбақтарын автокөлігіне тиеп жатқан біреуді көзі шалды. Көп ұзамай, әкімнің шақыртуы бойынша оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. Қала басшысының айтуынша, ұры екеу болған, бірақ біреуі қашып үлгерген.
Шойын, болат темірлерден жасалған шарбақтар, әдетте, ауыр, салмақты болып келеді. Көлемі де үлкен. Егер ұрылар оның бірнешеуін темір қалдықтарын қабылдайтын орынға өткізсе, қомақты ақшаға кәдімгідей қарық болады. Егер қала әкімі осы жолы қырағылық танытпағанда, қыруар қаржыға жасалынған темір шарбақтар қолды болып, “Мамыр” саябағының бір жағы үңірейіп қалған болар еді...
Ел игілігін ел болып қорғау – үлкен парыздардың бірі. “Жергілікті билік орнатты екен, ендеше сол биліктің өзі күзетсін” деген түсінік – жаны ашымастықтың ең жаман түрі. Сондықтан, ел игілігі жолында “сенікі”, “менікі” деген қырсықтықтан арылып, ақыл біріктіріп, тізе қосатын уақыт жеткені анық.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.