Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Қанат Саудабаев отырыста сөйлеген сөзінде: “Таратпау саласында және ядролық қауіпсіздік мәселесінде Н.Назарбаевтың көшбасшылығы бүкіл әлемде мойындалды және жоғары бағаланды. Елбасы бастамасымен 29 тамыздың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланатыны туралы бірауыздан қабылданған қарар, сонымен қатар, Мемлекет басшысының АҚШ Президенті Б.Обаманың шақыруымен Вашингтон қаласында өткен Бүкіләлемдік саммитте ядролық қауіпсіздік тақырыбында сөйлеген сөзі осы жағдайдың нақты көрінісі. Шындығын айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевқа тең келер жаһандық таратпау тәртібін нығайту ісіне өз үлесін қосқан, әлі де қоса беретін дүние жүзінен басқа мемлекеттік қайраткерді табу оңай емес екендігі белгілі”, – деп атап өтті.
Отырыс барысында оған қатысқандар таратпау мәселесі және осы саладағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі күн тәртібінің мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың тиісті тапсырмаларды орындауы бойынша пікір алмасты.
“Бірінші отырыста қойылған мақсаттар жаппай қырып-жою қаруын таратпауды нығайту саласындағы басты міндеттердің нақты айғағы болып табылады және еліміздің осы салаға қосып жатқан үлесін көрсетеді. Өткен 9 айдағы қызметінің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының таратпау және ядролық қаруды жою саясатындағы шешімі Елбасының комиссия құру бастамасының өзектілігі мен қажеттілігін айқындады”, деп атап өтті Қанат Саудабаев.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша хаттамалық шешім қабылданды және мемлекеттік органдарға халықаралық талаптарға сай экспорттық бақылау саласындағы еліміздің заңнамасын біріздендіру жөніндегі тиісті шараларды одан әрі қабылдау, жаппай қырып-жою қаруын таратпау тәртібін нығайтуға бағытталған қажетті шаралар қолдану туралы нақты тапсырмалар берілді.