“Мен сауапты істің жолында жүрген жанмын”
— дейді жекеменшік балабақша-мектеп-гимназия директоры Раушан Мадина
Қостанай қаласындағы “балабақша-мектеп–гимназия” деп аталатын балалар мекемесі жұртшылыққа кең танымал. Бұрын “Қазақстан темір жолы” республикалық мемлекеттік мекеме құзырына қараған ол соңғы жылдары жекенің меншігінде. Осы балабақшаның 30 жылдан бері меңгерушісі болып қызмет істеп келе жатқан Раушан Мадинаға ата-аналардың алғысы да ерекше. Ол бала тәрбиесі уақыт қозғалысы мен заман талабына сай болу үшін халықтық педагогика мен жаңашылдық үрдістің қатар өрілуін жұмысының басты нысанасы етіп келеді. Ұстаз және іскер басшы, “Қазақстан Республикасының білім беру үздігі”, “Құрметті теміржолшы” белгілерінің иегері Раушан Нүркенқызы өзінің тәжірибесі мен мектепке дейінгі бала тәрбиесі туралы ойларын біздің тілшімізбен бөліскен еді. – Раушан Нүркенқызы, сіз басқарып отырған мекеме 90 жылдары нарық қиындығынан жабылып қалмай аман шыққан бала бақша облыста екеу болса бірі, біреу болса өзі еді. Әрі оны жекешелендіріп алдыңыз. Сіздің ұйымдастырушылық іскерлігіңізге тәнті болған жұрт балабақшадан да үлкен істердің жалынан ұстағаныңызды қалайтынын айтып жүрді. Өзіңіз осы пікірге қалай қарайсыз? – Ел үшін игілігі бар істің үлкен-кішісі болмайды. Рас, егер өзге саладағы істерді де қолыма алсам, үйіріп кетуге білімім де, ішкі қуатым да жетер еді. Ал мен ең үлкен, ең игілікті іс – бала тәрбиесі деп білемін. Мұхтар Әуезов “ел боламын десең – бесігіңді түзе” деген жоқ па еді? Ұлы адам бұл жерде бала тәрбиесін басты мәселе етіп көтеріп отыр. Біздің тәуелсіз еліміздің тілі де, ділі де балабақшадан басталады. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі емес пе? 90-жылдары нарық келген кезде ең алдымен зардап шеккен бүлдіршіндер болды. Ауыл түгіл қалаларда балабақшалар шетінен жабылып жатты. Қостанай қаласы мен облыстың басқа да қалаларында, аудан орталықтарында Кеңес Одағы кезінде салынған типтік балабақша ғимараттары қаңырап бос қалды. Қостанай қаласында сондай балабақша үйлері жеке адамдардың коттеджіне айналып кетті. Олардың барлығы бірдей кейін қайтарылған жоқ. Соңғы жылдары облыста балабақшалар қатары көбейіп келеді, дегенмен ғимарат жағы тапшы екенін жұрт біледі. Мен өзім басқарған балабақшаны жекешелендіріп алдым. Бұрын “Қазақстан темір жолы” республикалық мемлекеттік мекемесі өзінің құзырына қараған білім ошақтары мен балабақшалардан қаржыны аямайтын. Соның арқасында біздің балабақшаның материалдық базасы өте мықты болды, шығармашылықпен жұмыс істеуіңе жағдай молынан жасалды. Бірақ нарық шойын жолды да айналып өтпеді. Экономикалық өзгерістерге байланысты “Қазақстан темір жолы” балабақшаны өз балансынан шығарды да, енді ол жергілікті бюджетке қарады. Облыс бюджеті 2000 жылдардың басында әлі де әлжуаз еді, сондықтан біздің балабақша қызметкерлерін қысқарту күтіп тұрды. Ал бізде бала күтуші, тәрбиеші, ұстаздар – барлығы 63 адам жұмыс істейді. Егер жергілікті бюджетке өтсек, мамандардың барлығы қысқарып, тек күтуші мен тәрбиеші ғана қалатын болды. Мен баланы жан-жақты дамытатын мамандарсыз, ұстаздарсыз балалар мекемесін елестете алмаймын. Біздің ұстаздардың барлығы дерлік жоғары білікті әрі осы мекемеде үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан мамандар. Оларға да обал емес пе? Намыс деген осындайда атойлап кетеді ғой, ештеңе де ойлап жатпастан, банктен 14 пайыздық үстемемен несие алып, балабақшаны жеке меншікке айналдырдым. Қазір несие, салық төлеймін, балабақша жұмысы бұрынғыша жүріп жатыр. Осылай жеңіл емес шоқпарды беліме байладым. – Жеке меншік балабақша облыста саусақпен санаулы ғана. Бүгінде облыс орталығының өзінде 3,5 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр екен. Сіз сияқты несие алып, жеке меншік балабақша ашуға не кедергі деп ойлайсыз? – Жеке меншік балабақша ашуға неге болмасын, болады. Оған мемлекет тарапынан жеңілдіктер керек. Бірақ оны пайда көзіне айналдырам дегендер қателеседі. Балабақша өндіріс цехы немесе мейрамхана емес. Бұл баламен жұмыс істейтін қасиетті орын. Басқасын айтпағанда, балабақшаға арналған арнайы ғимарат керек. Мысалы, біздің қалада да қаржысы бар бай кәсіпкерлер балабақша ашуды ойлап, менің тәжірибемді көру үшін келген. Бизнестегі адамдар қандай іс бастағысы келсе де алдымен одан түсетін пайдасын есептейді. Сол кісілердің ешқайсысы да балабақша ашқан жоқ... Мен әу бастан осы істі жүрекпен қаладым. Қырық жыл бойы балабақша, бүлдіршіндердің арасында келемін. Маған балабақшадан бұлақтай құйылып түсетін табыс емес, бала үшін жасалған істің нәтижесі алғашқы орында тұрады. Жалпы мен табыстың емес, сауапты істің жолында жүрген жанмын. – Енді балабақшаның өзіне келсек. Раушан Нүркенқызы, сіз отыз жылдан бері осы балабақшаны дамытып, кеңейтіп келесіз. – Менің жалпы педагогтық өтілім қырық жылдан астам. Осы жылдарда байқағаным, балабақша уақыт тынысынан қалып қоймауы, қайта лажынша алда болуы керек. Өйткені, баланы болашақ үшін өсіреміз ғой. “Қазақ темір жолына” қараған кезде, яғни 80-жылдары Қостанайдағы шойынжол желісі бойында қазақ мектептері болмайтын. Сол жылдары мен стансалар мен бекеттерді аралап жүріп, бүлдіршіндерді өз қолыммен жетектеп әкеліп, балабақшадан қазақ сыныбын аштым. Содан бұл мекеме “балабақша-мектеп” болды. Кейінірек оны гимназия еттім. Бүлдіршіндерге ағылшын тілін, орыс топтарына қазақ тілін үйретуді де тәуелсіздік алмастан бұрын, 80-жылдардың аяғында-ақ енгіздім. “Қазақ темір жолы” қаржысының арқасында мамандарды Мәскеуге, тағы басқа орталық қалаларға жіберіп, оқытып алдым. Кеңес Одағы кезінде мектепке дейінгі тәрбие жөніндегі мықты мамандар Мәскеуде деп есептедік. Мүмкін солай болған да шығар. Мен оларға көп еліктедім, үйренгенімді де жасырмаймын. Сондықтан мәскеулік бағдарламамен жұмыс істеген кездеріміз де болды. Менің балабақшамда бала тәрбиесіне, оның жан-жақты дамуына ықпал ететін мамандардың барлығы дерлік бар. Қазір біздегі би, бейнелеу өнері студиялары кез келген балабақшадан табыла бермейді. Логопед, психолог та балабақшалар үшін тапшы маман. Ал баланың шолжың тілін бүлдіршін кезінде жөндеу керек, мұндай проблеманың көбейіп отырғанын дәрігерлер жиі қайталайды. Біздің балабақшада бір емес, екі логопед кабинеті жұмыс істейді. Балабақшада әдетте, баланы дамыту, оның денсаулығын қадағалау және тәрбие негіздерін қалау ісі қатар жүреді. Біз бүлдіршіндеріміздің тамағына да көп көңіл бөлеміз. Мысалы, дастарқанға қойылған тамақтың бір түрі оншақты күн бойы қайталанбайды. Табиғатында бала тамақпен, ойынмен өседі ғой. Тәрбиешілеріміз мұны жақсы ескереді. Олар жүргізген жұмыстар баланы сергітеді, ойын арқылы қабілетін ұштауға дайындайды. Сонымен қатар отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттер де бала бойында бесіктен қаланатыны белгілі. Осыған орай тәуелсіздік алғанға дейінгі бір жағдай есімнен кетпейді. Орталық басылымдардан Прибалтикадағы мектепке дейінгі мекемелердің әдістемелері жақсы дегенді оқитынмын. Балабақшадағы негізгі мамандарды ертіп алдым да, Рига қаласына жүріп кеттім. Пайыз тоқтағанда вокзалдан бір музыка әуені естілді. Сұрастырсақ, ол Латвияның әнұраны екен, жолаушыларды осылай күтіп алады. Ал балабақшаларының барлығында республикалардың рәміздеріне арналған бұрыштама бар. Латыштардың патриоттық тәрбиесіне сүйсінгенім сондай, Қостанайға келісімен балабақшада сондай бұрыштама мен қабырғалық көрнекіліктерді біз де жасадық. Сол кездегі уақыт өлшемімен алғанда бұл жаңалық еді. Негізі Кеңес Одағы кезінде Мәскеудің, Прибалтиканың мектепке дейінгі мекемелерінен үйренгеніміз аз болған жоқ. Ал қазір қандай елдегі жақсыны үйренем, жалғастырам десең де мүмкіндік жетеді. – Биылдың өзінде Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында және Мәскеуде өткен мектепке дейінгі мекемелерге қатысты халықаралық форумдарға қатысып қайттыңыз. Одан алған жаңалығыңыз бар ма? – Бұл екі жиынға да қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы арқылы бардым. Мен осы федерациядағы эксперттер тобының мүшесімін. Оңтүстік Кореядағы форум балаларды көркемөнерге тәрбиелеу жөнінде болды. Экономикалық дамыған, салты да, үрдісі де бөлек елдегі мектепке дейінгі тәрбие біздегіден тым алшақ, әрине, материалдық, әлеуметтік жағынан көш алға кетіп қалған. Белгілі стандарт жоқ, балаға өте еркіндік беріледі. Олардың жұмыс мақсаты баланы тұлға ретінде қалыптастыру, бұлақ көзін ашу болғанмен, оның асылын жасығынан елеп-екшеу керек. Маған ұнағаны, Кореяда ағылшын тіліне әлемдік тіл деп басымдық беріп, бүлдіршіндерге оны 3 жастан бастап үйретеді екен. Осы сапардан келген соң, бастауыш сыныптардағы, балабақшадағы да оқу жоспарына өзгерістер енгіздім. Балаларға салмақ түсіп кетпейтін етіп, ағылшын тілі сағаттарын көбейттік. Сонымен қатар корейлер саламатты өмір салтына ерекше мән береді екен. Сапардан соң балабақшадағы бір спорт залды 250 балаға аз деп білдім. Қазір екінші спортзалдың құрылысын бастадық. Ал қыркүйек айының соңында Мәскеуде өткен бүлдіршіндерге тәрбие мен білім беру жөніндегі дүниежүзілік конференцияға ЮНЕСКО-ға мүше 150 елден мамандар келді. Қазақстаннан “Мектепке дейінгі балалық” республикалық орталығының директоры Дина Омарова, Алматы қаласы білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің бас маманы Людмила Сейілова үшеуміз бардық. Қандай ел, қандай ұлт болса да ұрпақсыз болашақ жоқ. Сондықтан бала тәрбиесі – әлемдік мәселе. ЮНЕСКО Мәскеу қаласы үкіметінің қолдауымен мұндай алқалы жиынды бірінші өткізіп отыр. Бұл жиында баланы жан-жақты дамыту, тәрбие мәселесіне қатысты проблемалар да, өздерінің жақсы тәжірибесі де айтылды. Осы конференцияда сөз сөйлегендердің айтуына қарағанда, ЮНЕСКО-ға мүше елдердің барлығында да кадр тапшылығы өткір мәселе екен. Бұл тапшылық біздің елге де тән. Сондықтан мектепке дейінгі мекеме үшін мамандар дайындау ісіне елімізде әлде де көңіл бөліне түссе деген тілек бар. Мәскеудің үлгілі деген балабақшаларын араладық. Материалдық жабдықталуы жағынан біздің балабақшалар олардан кем түспейді, мүмкін артық та шығар. Мен осыған қуандым. Қазір өзімізге жақындау деген ТМД елдері нарық қиыншылықтарын бастан кешіп отыр. Соған байланысты мектепке дейінгі тәрбие жұмысы тек біздің елде ғана емес, бұрынғы он бес республиканың барлығында да ақсаған. Қазір соны қайтадан қалпына келтіруге әр ел өзінше талаптанып жатыр. Мәскеуліктердің бір бағдарламасы көңілімнен шықты. Ол “менің балабақшам үйімде” деп аталады. Кішкентай бүлдіршінімен үйде отырған жас ана тағы да көршілерінің 4-5 баласын бағады. Ол үшін мемлекеттен керекті қаржысын алып, үйін жабдықтайды, талаптарды орындайды. Бүлдіршіндерді үлкен топқа жеткізгенше баламен отырған әйелдің айлық жалақысы жүреді, зейнетақы қорына пайызы аударылады және еңбек өтілі сақталады. Көрдіңіз бе, ана да, бала да ұтады. – Сіз өз балабақшаңызда алдымен қандай мәселеге көңіл бөлесіз? – Әрине, кадр мәселесіне. Бізде қызмет істейтін ұстаздардың да, тәрбиешілердің де еңбек өтілі ұзақ, тәжірибелері өте мол және осы істі өзім сияқты жүрегімен қалайтын жандар. Біздің көзқарасымыз бірдей болғандықтан отыз жыл бірге, бір ұжымда, бір істі атқарып келеміз. Балабақшадағы ұстаздардың барлығының да “Балапан” бағдарламасынан тыс өздерінің жасап, лицензия алған балама бағдарламалары бар. Сол бағдарламалары арқылы шығармашылықпен жұмыс істейді. Мысалы, қазақ сыныбына осыдан үш жыл бұрын келген 9 бүлдіршін бір ауыз қазақша білмейтін. Олар мұғалім Күлмаш Әліпбаеваның арқасында ғана қазақша сайрап кетті, әрі жақсы оқиды. Күлмаш Амангелдіқызы бала үшін ешқашан ерінбейді. Ол кісінің еңбегін мен ұстаздық жұмысқа адалдық деп ғана бағалаймын. Ал 2 орыс сыныбының мұғалімі Валентина Алексеева да нағыз педагог дер едім. Ол кісі өзінің еңбекқорлығымен, сөйлеу мәдениетімен, жүріс-тұрысымен, киім киісімен, тіпті сырт пішінінің әдемілігімен де баланың әлеміне еніп кететін адам. Валентина Владимировнаның сыныбында үлгерімі нашар оқушы болмайды, ол әріп үйреткен бүлдіршіндердің алды бұл күнде шет елдерде білім алып жүр. Онымен бала түгіл, ата-ана да қимай қоштасады. Суретші Алма Бекназарованың, информатикадан беретін Дарья Мякушеваның, ағылшын тілін үйрететін Наталья Вековщининаның, хореограф Светлана Бабичтің және тағы басқаларының баланы дамытуда еңбектері ұшан-теңіз. Біздің ата-аналарымыз балабақша-мектеп мұғалімдерінің білікті, мықты екенін жақсы біледі. Сондықтан жыл сайын бала жинау бізге оншалықты қиындыққа түспейді, жұрт бірінен-бірі естіп бүлдіршіндерін бізге жетелеп келеді. – Сіздің мекемедегі бағдарламалардың, әдістемелік жұмыстардың басқа балабақшалардан басты айырмашылығы қандай? – Біз әр баламен жеке жұмыс істейміз. Жасыратыны жоқ, мектепке дейінгі мекемелерге және бастауыш сыныптарға арналған оқулықтар әлі талап деңгейінен шыға бермейді. Сондықтан біздің ұстаздарымыздың лицензия алынған балама бағдарламалары бар. Егер бала сабақты игеріп бара жатса, біз оған сабақты бірте-бірте күрделендіреміз. Ал қабілеті төмендеу бала үшін белгіленген стандарт бойынша оқытамыз. Төменгі топтар үшін де осындай ұстаным бар.Осының барлығының нәтижесі бүлдіршін мектеп есігін ашқанда оның дайындық деңгейінен белгілі болып тұрады. Көп жылдан бері мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан маман болғандықтан, бұл саланың кем-кетігі, жетістігі маған аян. Оны айта кетсем, артық болмас деп білемін. Республикада мектепке дейінгі мекемелер үшін оқу тәрбие бағдарламасы бар. Бірақ оны іс жүзіне асыратын не әдістемелік нұсқаулары, не технологиялық картасы, не дидактикалық материалдары жоқ. Оларды әр балабақша өздері жасауы керек. Ал оны жасайтын білікті мамандар. Олар әр балабақшадан табыла бермейді. Ал менің балабақша-мектебімнің айырмашылығы, тәжірибелі, білікті мамандарымның арқасында мен осыларды жасап алғанмын. Бір айтарым, балабақшалардың жекеменшік немесе мемлекеттік мекеме екенінде тұрған не бар? Мақсат ортақ–баланы жан-жақты дамыту, тәрбиелеу емес пе? Сондықтан жақсы ұстаздарды, олардың үздік бағдарламаларын бізде насихаттау, тарату жеткіліксіз. Алтынсарин, Макаренко сияқты заманымыздың тұлғалары керек. Ал Білім күні және басқа да мемлекеттік мерекелерде жергілікті жерлердегі жеке меншік балабақшада істейтін ұстаздар қауымы ешқашан ескерілмейді. Біз назардан тыс қалып қоямыз. Бұл марапаттан кенде қалып қойдық деген сөз емес. Ортақ мақсат жолында бірге болайық деген ой ғой. Әйтпесе, бізге бойына білім мен текті тәрбие дәнін еккен бүлдіршіндеріміздің еліміздің тамаша азаматы болып қалыптасқанын көруден артық марапат жоқ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.