ДДҰ-ның мәліметі бойынша, остеопороз әлемде жүрек-тамыр, онкология және қант диабетінен кейінгі төртінші орында болса, бүгінгі таңда Қазақстанда сүйектің сыну қаупі (остеопороз) кеселі сүт безі қатерлі ісігінің өсуінен 8 есе жоғары. Бұл жөнінде Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында остеопороз жөніндегі дәрігерлердің қазақстандық қауымдастығының президенті Гүлжан Ғабдуллина мәлім етті. Шараның басты мақсаты – халықтың назарын остеопороздың таралуы мәселесіне аудару.
– Остеопороз – бұл тірек-қозғалыс аппаратының асқынған ауру түрі, ауру кезінде сүйек ұлпасы әлсіреп, оның сыну қаупі күшейеді, – деді Гүлжан Ғабдуллина. – 2010 жылы “Шығыс Еуропа және Орталық Азияда аймақтық аудит. Эпидемиология және әлеуметтік-экономикалық салдар. 2010 жыл” атты халықаралық бағдарлама аясында еліміздегі остеопороз мәселесінің жағдайына аудит жүргізілді.
Әрине, статистика көңіл қуантарлық емес. Аудиттің алдын ала мәліметтері бойынша, Қазақстанда остеопороз сынығы бар науқастарға медициналық көмек көрсету жағдайының нашар екендігі анықталған. 45-50 жас аралығындағы науқастардың сүйектегі минералдық тығыздығының жағдайын тексерген кезде 33,33 пайыз жағдайында (ер кісілерде 27,27, әйелдерде 37,5 пайыз) остеопения анықталса, әйелдердің 12,50%-ында, ал ер кісілердің 9,09%-ында остеопороз бар екендігі белгілі болған.
Жалпы, республикада кальцийді пайдаланудың орташа көрсеткіші ДДҰ белгілеген мөлшерден төмендеген. Бұған қоса, тұрғындардың көп бөлігі “D” дәруменінің тапшылығын тартып отыр. Мұның бәрі сүйек ұлпасын бұзып қана қоймай, рахит кеселін де туғызады екен. Соңғы жылдары Ресейдің бірқатар аймақтарында рахит кеселі балалар арасында 54 пайыздан 66-ға дейін өскен.
Қазақ ұлттық медициналық университетінің амбулаториялық-емханалық терапия кафедрасының меңгерушісі Бақытшолпан Исаева остеопороз проблемасы Алматы және Алматы облысы тұрғындары арасында кең таралғанын, өйткені, бұл аймақта йодты пайдалану деңгейінің төмендігінен ұйқы безінің кеселдері жиі кездесетінін, бұл остеопороздың дамуына әкеп соқтыратынын алға тартады.
Бір айта кетерлігі, осы уақытқа дейін бұл ауру егде тартқан адамдардың кеселі ретінде қарастырылып, сүйек салмағының азаюынан туындайды деп есептелініп келсе, алайда, қазіргі таңда бала жаста остеопороз сүйек салмағы жоғары қарқынмен өсе бастағанда пайда болатындығы дәлелденіп отыр.
– Соған байланысты тұрғындарға кәсіби тұрғыда көмек көрсету жағын қазірден қолға алу керек, – дейді Гүлжан Ғабдуллина. – Оны тек мемлекеттің орталықтандырылған қолдауы арқылы ғана шешуге болады. Бір айта кететін жәйт, біздің елімізде остеопорозбен және сүйек сыну қаупі жоғары науқастарды емдеуге арналған препараттардың құнын мемлекет қаржыландырмайды, сол себепті көптеген тұрғындардың дәрі-дәрмекке қолы жетімсіз.
Ал Алматы қаласы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Оразбай Әбдіразақовтың айтуынша, бел сүйегі сынған науқастарға медициналық көмек көрсету жағдайын жақсарту қажет. “Батыс Еуропада бел сүйегі сынған науқастардың көбі оперативті әдіспен емделеді, ол емдеудің оптималды стандарты болып саналады. Қазақстанда кеселді хирургиялық емдеудің көрсеткіші өте төмен. Соған байланысты сүйек сынғаннан кейін өліп кету қаупі өте жоғары, - дейді ол.
Мамандар кальцийді адам ағзасына көп мөлшерде жеткізуші өнім ретінде сүтті атағанмен, бұл тағамды Қазақстанда жалпы тұтыну деңгейі өте төмен көрінеді. Ендеше, остеопорозбен ауырғымыз келмесе күніне кем дегенде 200-250 грамм сүт ішуіміз керек екен.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.