26 Қазан, 2010

Шырағың сөнбесін

661 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Оңтүстікте офтольмология мәселелеріне байланысты республикалық конференция өтті Екі көзің қос шырағың екендігі даусыз. Шымкент қаласындағы “Сәт” триосын бүгінде барша қа­зақ­стандықтар біледі. Көздеріне қа­ра көзілдірік таққан, жіптіктей бо­лып киінген үш бозбала боз­тор­ғайдай шырылдап ән айтқанда жұрт­тың көбі үнсіз егіледі. Бұл ба­лалар туасы зағип емес, кейбірінің шырағы бертінде сөнгенін естігенде атты кісі түсіп қарайтындай сым­батты жігіттердің бүгінгі жағдайына жүрегің жылайды. Глаукома – сияқты дерттің бел­гісі байқалғанда маман дәрі­герлерге көрінбесеңіз, екі-үш күн ішінде жанарыңыздан айыры­луы­ңыз әбден мүмкін. Мұндайда дә­рі­герге көзді қалпына келтіру емес, қал­ған жарықты сақтап қалу мүмкіндігі ғана тиеді екен. Сон­дықтан, кешігуге болмайды. Жақында облыстық офтольмо­логиялық ауруханасына 45 жыл толуына орай көз ауруларының бү­гіні мен ертеңіне арналған респуб­ли­калық ғылыми-практикалық конференция өтті. Офтольмология қызметінің құ­рылу негізі 1925 жыл болып са­­на­ла­ды. Сол кездегі облыстық ауруха­на­ның бірінші көз дәрігері Степан Се­ме­нович Романычев деген азамат екен. Сол кездегі облыстық ауруха­нада бір көз кабинеті және хирур­гия­лық бөлімде үш офтольмо­ло­гиялық кереует болған. Ал, 1965 жылы Сергей Конс­тан­тинович Кривцов деген білікті дәрігер облыстық трахоматоздық диспансер мен облыстық ауруха­на­ға қарасты көз аурулары бөлім­ше­сін біріктіріп, облыстық көз аур­у­­лары ауруханасы етіп қайта құрады. Бүгіндері сол аурухананың құрыл­ғанына 45 жыл толған. Ғылыми-практикалық конференцияның алдында уақытында Одақтағы көз ауруханаларының бірегейі болған орталықтың негізін қалаушы С.К.Крив­цовқа арналып мемориал­дық тақта ашылды. Тақтаның лен­та­сын қию құрметі облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының та­лай жылғы бастығы, медицина ар­дагері Әбуәлі Жақсыбаев пен Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профес­сор Тұрсынкүл Ботабековаға көр­сетілді. – Семен Константинович рес­публикамызда офтольмология сала­сының дамуына бір кісідей атса­лысқан азамат, көрнекті дәрігер еді, – дейді профессор Тұрсынкүл Көп­­жасарқызы. – Осындай аза­мат­т­ардың еңбегі ұмыт қалмауы ке­рек. Бұл шара тек ол кісіге ғана көр­сетілген құрмет емес ме­дицина саласының ардагерлерінің еңбегін ұлықтау. Жиында ардагер дәрігерлер, олар­дың ізбасарлары сөз сөйледі. Оң­түстіктегі көз аурулары ауруха­на­­­сының мыңдаған дертті жандарға арашашы болып отырғандығы айтылды. – Қазіргі таңда облыстық оф­толь­мологиялық аурухана бүгінгі күн талаптарына сай емдеу-про­­фи­лактикалық орталығына айналып келеді, – дейді облыстық денсау­лық сақтау басқармасының басты­ғы Жұмағали Исмайлов. – Биыл ауруханаға облыстық бюджеттен 267 млн. теңге бөлініп, күрделі жөн­­деуден өтті. Үшінші микрохир­ургиялық бөлімшенің ота жасау құ­рылысы пайдалануға берілді. Ба­ла­лар асханасы ашылып, дезинфек­ция­лық-залалсыздандыру мен қой­ма қызметі арнаулы орынға көші­рілді. Салтанатты мереке қарса­ң­ын­­да аурухана қызметкерлері ауыл, аудандарды аралап, оқушы­ларды тексеруден өткізді. Қажет болған жағдайда ота жасады. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу инс­ти­туты мамандары осында келіп ше­берлік дәрістер беруді жұмыс тәр­тібіне қойды. Бұл – біздің дә­рігерлердің біліктілігін көтереді. Ал, аурухананың бас дәрігері Ду­лат Үдербаев ОҚО денсаулық бас­қармасының басшылығына материалдық-техникалық базаны жақсартуға жағдай жасағаны үшін рахмет айтып, аурухананың бүгінгі жағдайына тоқталды. 1965 жылы облыстық көз ау­ру­лары ауруханасы ашылғанда облыс бойынша 800 пациентке ота жаса­лынып, 55 мыңға жуық зағип жан емханада ем алса, 1975 жылы үш мың­нан астам адамға ота жаса­лы­нып, жүз елу мың адам емделіпті. Бүгінгі таңда облыс тұрғын­да­рына 94 дәрігер-офтальмолог және 138 орта медициналық қызметкер көмек көрсетуде. Бірнеше жылдар бойы облыс­тық офтольмологиялық аурухана Оңтүстік Қазақстан облысы бойын­ша ұйымдастыру-әдістемелік орта­лық болып саналады. Облыстық офтольмологиялық ау­рухана Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының 2 000 000-нан астам тұр­ғы­­ны­на жоғары білікті офтольмо­лог­тар көмек көрсетуде. Сонымен қатар ауруханада 120 ке­реует, құрамында 4 микрохирур­гиялық бөлім бар. Келген науқас­тар­ға аурухана негізіндегі 2 ем­ха­нада амбулаториялық көмек көр­сетіледі. Ауруханада 38 дәрігер-офтоль­­молог және 90 медбике жұмыс іс­тейді. Облыстық офтольмологиялық ауруханада қажетті аппараттар және құрал-жабдықтар жеткілікті. Соның ішінде бүгінгі медицина талабына сай медициналық аппараттар, опе­рациялық микроскоптар: “Милле­ниум”, “Инфинити”, “КарлЦейс”, “Та­каги”, “Лейко”, “Оптон 5” уль­традыбыстық диагностикалық құ­­ралдар, офтольмологиялық лазер сәу­лелі жүйелер, компьютерлік пе­риметрлер зәру жандарға қызмет көрсетеді. Жыл сайын ауруханада 3 мың­нан астам ота жасалады. Соңғы жыл­дары аурухана дәрігерлерімен ау­руханада хирургиялық емдеу тех­но­логиясы, жасанды көзішілік бұр­шақ енгізу әдісі, суқараңғы және диабеттік ретинопатияны емдеу игерілген. Лазер сәулесімен емдеу жақсы да­мып келеді. Аурухана қызмет­керлері халықаралық, рес­публикалық және аймақтық ғылы­ми-прак­тикалық конференцияларға белсенді қаты­са­ды. Аурухана қыз­меткерлері рес­публикалық ғылыми орталық­тарда, алыс және жақын шетел­дер­де біліктілігін жоғар­ылатады. Мыңдаған адамның шырағын жан­дырған орталық қызмет сапа­сын көтеруді ең басты мақсат­та­рына балайды. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.