26 Қазан, 2010

Төл күрес түрі төрге шықты

781 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өткен жетіде Астана төрінде осымен үшінші рет Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйымдас­тыруы­мен қазақ күресінен әлем чемпионаты мен күрестен V дүниежүзілік ойындар өтті. Халықаралық күрес қауым­дастығы (FІLA) мен Туризм және спорт министрлігінің, жеке­леген компаниялардың қолдауымен өткен әлемдік бәсекеге жер жүзі­нің 39 елінен 200-ден астам балуан­дар қатысып, екі күн бойы “Дәулет” спорт кешенінде төсел­ген бозкілемде бақ сынасты. Аталмыш әлем чемпионаты бұған дейін 2006 жылы Алматыда, одан кейін 2008 жылы Ресейдің Ор қаласында өткені белгілі. Сол кездегі бәсекелерге де осыншама елдің өкілдері қатысқан болатын. Бірақ, биылғы чемпионаттың бір ерек­шелігі, ол алғаш рет ХКҚ-ның аясында өткізілді. Естеріңізге сала кетсек, осы жолғы жарысты Халықаралық күрес қауым­дасты­ғы­ның өз қамқорлығына алуы қа­зақ күресінің Мәскеуде FІLA мен оның Олимпиада бағдарлама­сына енгізілмеген күрес түрлері бо­йын­ша комитетінің құрамына мүше болуына байланысты жасалды. Биылғы бәсеке осы кезге дейін өткен екі әлем, алты Азия және Еуропа чемпионаты сияқты қы­зық­ты да тартысты өтті. Онда жеті салмақтың екеуінен басқалары­ның бәрінде қазақ балуандары әлем чемпионы атанды. Атап айтсақ, 54 килода Дархан Өрік­баев, Бауыр­жан Тәліп (60 кг.), Бақтыбай Қи­сықов (74 кг), Саят Шәм­шиев (82 кг), Шалқар Жола­манов (90 кг) құр­мет тұғырының биік сатысынан көрінсе, Олжас Ісләмбеков (60кг) пен Бақыт Көлбай (90 кг) күміс медальді, Бауыржан Райысов (54 кг), Нұр­болат Ыстыбаев (60 кг), Қуаныш Мұратов (66 кг), Асылбек Әлкей (74 кг), Мұхит Тұрсынов (82 кг), Нұрзат Бегасылов (90 кг) қола жүлдені қанағат тұтты. Ал чем­пионаттың түйе балуаны ата­ғына Айбек Нұғыманов ие бол­ды. Ол ше­шу­ші белдесуде ресейлік Ис­маил Русовты тізе бүктірді. Осы жарыста шетелдік балуандар ішін­де бас жүлденің біреуіне та­лант­ты моңғол спорт­шысы Су­ния­­­сурен Муракша (66 кг) ие бол­са, екін­шісін латвиялық Виктор Резко (90 кг-ден жоғары) жеңіп алды. Жал­пы, биылғы бәсекеде еуропалық­тардың қазақ балуан­дары­на ла­йықты қарсылық көр­сетуге тырыс­қанын айту керек. Мы­салы, екі голландиялық, екі гер­маниялық балуанның бір чем­пионатта екі күміс жүлдені жеңіп алуы бұған дейінгі өткен жарыс­тарда болған емес. Әдетте өзіміз­дің немесе ре­сей­лік балуандар мен моңғол спорт­­шылары екінші орыннан тыс қалмауға тырысатын еді. Ал бұл жолы неміс Холгер Доринг (82 кг) пен Берн Бахман (90 кг), голлан­диялық Демел Шул (66 кг) мен Денс Мейер (74 кг) өз салмақ­тарында бет қаратпады. Сонымен бірге Бул Лорбис (74 кг, Австра­лия), Саша Денаньо (90 кг, Того), Денисас Соколас (90 кг-ден жоға­ры, Литва), өзбек балуандары Әлім Равшанов (66 кг) пен Ботиро Ход­жаев (90 кг), Қырғызстан өкілдері Шыңғыс Шалабаев (82 кг), Сан­жар Османәлиев (60 кг), Мадияр Нұрқалықұлы (54 кг) қола медальді жеңіп алды. Осы чем­пионатта Ресей құрамасы бір кү­міс жүлдені қанағат тұтты. 2008 жы­лы Ор қала­сында өткен әлем чемпионатында төрт жүлдеге ие болған Ресей үшін бұл жалғыз күміс медаль өте төменгі көрсет­кіш болғаны сөзсіз. Оны Ресейге 54 кг салмақтағы Асыл­жан Иман­тәжінов әперді. Сөйтіп, ол екі рет әлем чемпиона­тының күміс жүлдегері атанды. Бұдан басқа әлем чемпионаты аясында V дүниежүзілік ойындар өтіп, онда “Алыш” белбеу күресі, граплинг пен панкратионнан ал­ғаш рет жарыстар ұсынылды. Ұлт­тық күрес түрлері бойынша Ук­раи­на, Тәжікстан, Ресейдің Яку­тия мен Ханты-Манси аумақтары­нан келген өкілдер өз өнерлерін ортаға салды. Ал биылғы бәсе­ке­нің ең басты оқиғасы – Халық­аралық күрес түр­лері қауымдас­тығының президенті Рафаэль Мартинеттидің құрметті қонақ ретінде сөз сөйлеп, Дүие­жүзілік қазақ күресі федерациясы­ның президенті Серік Төкеевке төл спорт түрінің аталмыш қауым­дастықтың құрамының мүшесі болғанын растайтын сертификат­ты табыс етуі болды. Жарыс кезінде табыс ету рәсімі өткен соң, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының осы қуа­нышына әлем чемпионатына құр­метті қонақ ретінде арнайы келген еркін күрестен үш дүркін әлем чемпионы Александр Мед­ведь, атақ­ты балуандар Әбілсейіт Ай­ханов, Олимпиада чемпионы Жақ­сылық Үшкемпіров, Дәулет Тұр­лы­ханов, Аманжол Бұғыбаев, Пре­зидент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мың­бай, Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қана­ғатов ортақ екендік­терін ай­тып, өз ойларымен бөліс­ті. Сөй­тіп, қазақ күресі тұңғыш рет әлемдік деңгейде мойын­далып, ресми түр­де халық­аралық құжатты қал­тасы­на басты. Осы орайда FІLA прези­денті Мар­ти­нет­ти мырзаның жарыс басталар алдында Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың қабыл­дауында болып, “Достық” ордені­мен марапаттал­ғанын да атап өткен жөн. Сонымен бірге биылғы бәсе­кеде Халықаралық күрес қауым­дастығы өз кезегінде Моңғолия­дағы атақты балуан Бақыт Оды­найұлы мен қазақ күресінің дамуы­на еңбек етіп жүрген Дүние­жүзілік қазақ күресі федерация­сының президенті Серік Төкеев, белгілі мамандар, ұстаздар Диқан­бай Биткөзов пен Марат Жақыт­ты, Азия федерация­сының прези­денті Ырзақұл Нұртаев пен оның вице-президенті Айдар­хан Қаб­доллаұлын, Еуропа феде­ра­циясы­ның президенті Омархан Алтын мен Қызылорда облыстық Дене тәрбиесі және спорт басқар­масы­ның бастығы Садық Мұста­паев­ты FІLA-ның құрметті ордені және белгілерімен марапат­тасса, әріп­тесі­міз, СТВ телеарнасының жүр­гізушісі, белгілі спорт журналисі Ақын Ордабайұлының БАҚ өкіл­дерінің арасында тұңғыш рет Дүние­жүзілік қазақ күресі федера­циясының төл күресімізді дамыту­ға зор үлес қосқаны үшін арнайы орденіне ие болғанын да атап өту орынды деп білеміз. Дастан КЕНЖАЛИН. __________________ Суретте: Айбек Нұғыманов түйе балуан атағын жеңіп алды. Суретті түсірген Сұлтан СЕЙІТОВ.