“Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” ұранымен өтіп жатқан Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығының жетістігіне еліміз ғана емес, бүкіл әлем куә болуда. Ел тұрғындарының мәртебесін көтеретін, патриоттық сезімді жоғарылататын шараларға азаматтардың бей-жай қарамауы халық назарын аудартатыны ақиқат.
TRUST – бұл кез келген күдіктің орын алмай, толық салиқалылықты сезіну болып табылады. TRADІTІON – ұрпақтан ұрпаққа жеткен барлық қоғамдық қатынастарды реттейтін жоралғы, дағдылар мен икемділік турасындағы көзқарастар жиынтығы. TransparencU – ақпаратқа қолжетімділік бағытындағы құпиялылықтың жоқтығы, деректің нақтылығы мен мөлдірлігі. Tolerance – өзгенің өмір-салтына, мінез-құлқына, салт-дәстүріне, сана-сезіміне, пікіріне, идеяларына, нанымына төзімділік. Міне, осы қоғам жаңғыруына қажетті құбылыстар біздің тәуелсіз мемлекетімізге тән. Мұның барлығы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған байсалды саясатының жемісі.
Қазақстан әлемдегі беделді ұйымға төрағалығы жылында аталмыш Ұйым беделінің жоғарылауына өзіндік үлесін қоса түсті. Әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелермен қатар, еліміз үшін маңызды кездесулердің іргетасы қаланды. Мәселен, төрағалықтың алғашқы кезеңіндегі Брюссельде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың Еуропалық Комиссия президенті Ж.М.Баррозу және Еуропалық инвестициялық банк президенті Ф.Майштад, НАТО-ның Бас хатшысы А. Фог Расмуссен, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Х.Клинтон және АҚШ Энергетика министрі Чу, АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Дж. Джонс, Мемлекеттік хатшының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары У.Бернс, АҚШ Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Р.Холбрук, сондай-ақ басқа да құрылымдар басшыларымен кездесулері Қазақстан мерейін жоғарылата түсті. Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ төрағалығы қызметіне кірісуіне орай Президент Н.Ә.Назарбаевтың Вена қаласындағы үндеуі мен Қ.Саудабаевтың ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің 789-шы отырысында сөйлеген сөздері еліміздің төрағалық жылындағы жемісті қимылдар жүргізудің көрсеткіші іспеттес.
Төрағалықтың тоғыз айында Қазақстан көптеген әлемдік маңызы бар мәселелерге назар аударды. Созылмалы қақтығыстар аймағына айналған құбылыстарды реттеуге зор дипломатиялық күш-жігер жұмсалуда. Әзірбайжан мен Армения арасындағы консенсусқа жету жолдарын қарастыру, Таулы Қарабақ жанжалын реттеуге ықпал ету ЕҚЫҰ төрағалығындағы Қазақстан басымдықтарының бірі болып табылды. Ұйымның аталмыш қақтығысты реттеуге жаңа серпін беруге және ұзаққа созылған жанжалдарды шешуде мардымды жетістіктерге қол жеткізу үшін елдердің тарихи жақындығын тиімді пайдалану турасындағы ұсыныстар жасалып отыр. Сонымен қатар, еліміз Армения мен Түркия арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру үдерістеріне жоғары баға бере отырып, бұл мәселеден де тыс қалмады.
Ыстамбұлда өткен АӨСШК саммиті шеңберінде Түркияның Сыртқы істер министрі Ахмет Дауытогулының бастамасы бойынша “XXІ ғасырдағы Еуразия қауіпсіздігі және экономикалық ынтымақтастық” атты арнайы іс-шара өткізілді. Бұл шара АӨСШК мен ЕҚЫҰ арасындағы ортақ байланыстарды нығайта түсті. Сонымен бірге, екі құрылымның тұрақты үнқатысу алаңын құруға мүмкіндік берді.
Еліміз Ауғанстандағы жағдайларға баса назар аударып, қажетті нәтижелерге жетуге бағытталған қимылдардың ортақ компромисті шешімдерін қабылдауға үлес қосуда. Қазақстан Ауғанстан жастарының білім беру ынтымақтастығы бағдарламасын дайындап, еліміз тарапынан 50 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсау көзделуде. Бұл біздің елде 1000 ауғандық студенттің білім алуына мүмкіндік туғызып отыр.
Ең бастысы – халықаралық өмірдегі саяси жаңалықтардың бірі болып табылатын 11 жыл ішінде бірінші рет өткізілейін деп жатқан ЕҚЫҰ Саммитінің Астана қаласында өтуі әлемдік қауымдастықтың ел саясатына берген жоғары бағасы, сенімі деп түсінеміз. Бұл осы уақытқа дейін төрағалық шеңберінде атқарылған жұмыстардың жемісі. Мұндай жоғары деңгейдегі кездесуді ұйымдастыру мазмұны жағынан үлкен жігер мен шебер ұйымдастырушылықты қажет етеді. Саммит аймақтағы мәселелерді шешуге бағытталған ашық үнқатысу ретінде өтіп, тұрақты дамудың өркениеттік жолдарына ұсыныстар жасалатынына толықтай сенімдіміз.
Әлемдік қауымдастықтағы әріптестіктің негізгі қайнар көзі мәдениетаралық үнқатысудың орын алуында жатыр. Сондықтан алдағы уақытта өтетін Саммит Қазақстан төрағалығы жылында көрсетілген оң тенденциялардың бекуіне ықпал етіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты идеялары мен нұсқалары қабылданады. Болашақ даму бағыттарына сенім, дәстүрлерді құрметтеу, ашықтық пен өзара түсіністік құндылықтарын Қазақстанның әлем елдеріне тарататын күні туды.
Мұрат НАСИМОВ, саяси ғылымдар кандидаты, Қызылорда “Болашақ” университетінің кафедра меңгерушісі.