Жаңақала ауданының сексен жылдығынан кейінгі ой
Аққуды атпайды. Өйткені, оның киесі бар. Киесі ұрса жақсы болмайды. Атуды айтасыз, аққуды барынша аялау парыз. Сонда ғана ол адамдарды үйірсектеп, елді мекендердегі су айдындарының өзінде емін-еркін қалықтайды. Алаңсыз жылжиды. Облыстың оңтүстігінде, әйгілі Бекетай құмының етегінде орналасқан Жаңақала ауданы тұрғындары аққуларды аялай білетіндігімен барша табиғат жанашырларын тәнті ете алады. Соның басты бір көрінісі аудан орталығының іргесіндегі су айдындарының өзінде құс төресі аққулар ақ білектей мойындарын көкке созып, әдемілік пен сұлулықтың, тек өздеріне ғана жарасар кербездік пен пандықтың белгісін жер-жаһанға паш етіп жатар еді. Жаңақала жеріндегі аққулар адамдарға әбден бауыр басып алған. Олардан еш үрікпейді.
Аққулы аудан ежелден ән мен жырдың да отаны іспеттес. Әріден айтқанда, Құрманғазы мен Динаны, Мәмен мен Қалиды, Оқап пен Шамғонды дүниеге келтірген топырақты қалайша қасиетті демеске. Ақжайық өңірінде “Жаңақалаға барып күйшімін деме” деген қанатты сөз тіркесі міне осыдан тараған. Сол күйшілік пен әншілік дәстүрі бүгінгі күні де өзінің заңды жалғастығы мен жарастығын тауып келеді.
Жаңақала өңірі мен оның “бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған” әсем де бай табиғаты, жыртылып айырылатын аңы мен құсы кімдерді өзіне ынтықтырмаған? Кімдерді өзіне еліктірмеген? Жетісуда туып өскен ән еркесі Әсет Бейсеуовтің Жаңақала өңіріне жыл сайын ат ізін құрғатпай келіп әндер арнауы тегіннен-тегін бе? Осынау өнер туындыларының бәрі осы елдің ақпейіл адамдарына деген шексіз махаббаттан туындағаны талассыз. Әсекеңнің осы топырақтағы асқар таудай ағаларына арнаған әнінің қайырмасына тағы бір үңіліп көрейікші: “Қажымас, қара нарым! Кең байтақ даналарым, Елжіреп еркелетер, Аман бол, ағаларым”. Бұл әнді бүгінде қазақ елінің барлық түкпіріндегі ағайындар шалқыта шырқап жүр.
Иә, ең алдымен, Жаңақала өңірін түлеткен, бүгінгі күні оны қайтадан жасартып, жайнатып отырған осы елдің еңбекқор адамдары. Бұл ақиқатқа ешкім дау айта алмайды. Ежелден халқымызға тән биік адами қасиеттер – мәрттік пен тектілікті, дархандықты, аузын ашса әр жағынан көкірегі көрініп тұратын қалтарысы жоқ шынайы көңілді әрі шектен тыс қонақжайлылықты жаңақалалықтар бүгінгі күні де сол бәз-баяғы қалпында сақтап қалып отыр. “Қожайынға бейтаныс боп шық мейлің, Қонақ келді, ал бәйбіше күт дейді. Ә, дегенше дайын болған дастарқан, О, туған жер, ол да өзіңдей бітпейді” деп жырламайтын ба еді, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлі. Нақ соның дәл өзі.
Қанша айтқанмен де, бүгінгі нарықтық қарым-қатынастар, түптей келгенде капиталистік қоғамға қарай бет бұрып бара жатқан замана көші адамдардың психологиясы мен ішкі жан дүниелеріне де өз өзгерісін салып үлгергені жасырын емес. Қоғамда жекеменшіктік көзқарас ауанына басымдық беру үрдісі бірінші кезекке шыға бастады. Осындай жағдайда тұтас еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуды мұрат тұтып отырған жаңақалалықтардың бүгінгі іс-қимылдары ерекше. Олар мұның басты жолы өздері туып-өскен өңірді одан әрі дамыту деп біледі. Осы мақсатта олар ауызбірлік танытып “бір жағадан бас, бір жеңнен қол” шығара білгені қандай ғанибет. Соның нәтижесінде, Жаңақала өзінің атына сай жаңа қалаға айналды.
Жаңақала ауданының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты түрде дамуына осы өңірді басқарған азаматтар да өз үлестерін қоса білді. Бұл орайда, жаңақалалықтар марқұм Сатқали Сапаровтың есімін ұдайы сүйіспеншілікпен еске алып отырады. Сондай-ақ соңғы отыз бес жылдың ішінде ауданды екі адам ғана басқарғаны да дамудың тұрақты сипатын қалыптастыруға әсер еткені анық. Олар мемлекеттік сыйлықтың иегері Әділғазы Нұрғалиев пен егемендік алған кезден биылғы 2010 жылға дейін Жаңақала ауданын абыроймен басқарып келген, әкімдік басқару институтының бастауында тұрған тұлға, тәжірибелі басшы Төлеген Мерғалиев.
Биыл Жаңақала ауданының әкімі болып бұған дейін Астанада, орталықта, жоғары басқару аппаратында қызмет жасап келген жас кадр Тимур Имашев тағайындалды. Оның Жаңақала өңіріндегі жақсы істерді одан әрі жалғастыра алатынына сенім мол.
Республика аудандары құрылуының белгілі бір кезеңін атап өту, олардың 70, 75, 80 жылдық тойларын тойлау ән айтып, ат жарыстыру, ас та төк дастарқан жаю емес. Ең алдымен, онда аудандардың өткеніне баға беріліп, алда атқарылар істердің көкжиектері көмкеріліп жатса тіптен құба-құп. Жаңақала ежелден тарихқа бай өңір. Осыған жан-жақты әрі терең таңдаулар жасалып, осы бай тарих бүгінгі күнге қызмет жасайтын көпір рөлін атқаруға тиіс. Осындай ойдың ұшығын сексен жылдыққа арналған баяндамада аудан әкімінің орынбасары Закария Сейсенғали мен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасарсы Ербол Салықовтар жеткізді.
Республикаға айрықша еңбегі сіңген зейнеткер, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Әділғазы Нұрғалиев осы ойды одан әрі дамытып, аудан экономикасын алға бастыру ісіндегі басты факторларға тоқталды. Республикада мал шаруашылығын өркендетуге өте ыңғайлы, соған сұранып тұрған өңірлер бар. Соның бірі – Жаңақала. Бұл жерде мен малды арнайы салынған мал бордақылау кешенінде семіртуді меңзеп тұрған жоқпын. Кең жазира далада, ондағы табиғи жайылымдарда емін-еркін жайылып тыныстаған мал еті ғана толық сапалық стандарттарға жауап бере алады, деді ол.
Жаңақала ежелден асыл тұқымды төрт түлік малдың отаны. Ол бүгінгі күні республикада асыл тұқымды еділбай қойын сақтап қалып отырған бірегей өңір. Асыл тұқымды көшім жылқысы жөнінде де осылай деуге болады. Сондықтан да, осы текті түліктерді табиғаттың төрт мезгілінде далада бағып өсірудің тиімділігі мен пайдасы өте мол. Экономикалық тиімділік тұрғысынан қарастырғанда да жайылымдық мал шаруашылығы мол пайда бере алады. Өйткені, көшім жылқысы секілді тұрқы биік, салмағы ауыр еділбай қойы да қыс кезінде тебіндеп өз азығын өзі тауып жей алады. Бұл сөз жоқ, таптырмайтын мүмкіндік. Әрине, қазір баяғыдай мыңғырған мал жоқ. Дегенмен, қолымыздағы барымызды бағалай білейік. Мал өз төлі есебінен өсетінін ұмытпайық.
Міне, республиканың шалғай аудандарының бірі Жаңақаланың сексен жылдық мерекесі болашаққа осындай бағдарлар жасауымен ерекшеленді.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы.