27 Қазан, 2010

Еуропа ордасындағы еңселі ойлар

454 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігіне сапарының барысында бұл елдің орталығын тап осылай, Еуропаның астанасы ретінде атап, Премьер-министрдің міндетін атқарушы Ив Летерммен кездесуінен кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шығып сөйлеген сөзінде айтты. Біз орда орайында алып отырған Елбасының сол анықтамасы тура таңылған толымды тұжырым еді. Оның жайын кешегі нөмірде жариялаған “Еуропаның есігі Бельгиядан ашылады” атты есепті мақаламызда да біршама тарқатып көргенбіз. Кешегі күннің бағдарламасы Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс сапары қандайлық қауырт болып тұратынын тағы бір мәрте көрсетіп берді. Кеше Еуропа инвестициялық банкінің директоры Филипп Майштадтпен кез­десудің соңы үш жақты меморандумның дүниеге келуімен тәмамдалғанын айтып өтейік. Бұл маңызды құжатқа “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” акцио­нер­лік қоғамы, Қазақстанның Даму банкі және Еуропа инвестициялық банкі бас­шылары қол қойды. Кездесуге біздің жақ­тан Елбасынан басқа Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­да­баев, Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” акционерлік қо­ғамы­ның басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов, Президенттің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Нұрлан Ермек­баев, Қазақстанның Бельгия Корольді­гін­дегі елшісі Ерік Өтембаев, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Бақыт Сұлтанов қатысты. Кеше жазғанымыздай, Президенттің Бельгия Премьер-министрінің міндетін атқарушы Ив Летерммен жүздесуінің басы “Эгмонд Палас” атты Король сарайының ауласында ядролық сынақ құрбандарына ескерткіш ашудан арна тартты. Осы Сарай алаңында Елбасын күтіп алған Премьер-министр оны тұғырға көтерілуге шақырды. Құрметті қарауылдың сәлем ра­портын беруі, әскери оркестрдің екі елдің әнұрандарын орындауы, екі бас­шы­ның шеру құрып тұрған сап алдынан жүріп өтуі секілді осындай кездегі сал­та­нат рәсімдерінен кейін аталған ескерткіш-тақтаны ашудың да кезегі жетті. Бұл тастұғырды Кәрі құрлықтың төріне орнату идеясы Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет департаментінен шығыпты. Ол Семейдегі “Өлімнен де күшті” атты мемориалдың көшірмесі іспетті жасалған. Ескерткішті архитекторлар Талғат Ба­жақы­пов пен Мұрат Сыдықов жасаған. Ал оның басты идеясы – адамзат өз қолымен жасаған зұлымдықты өз қолымен жеңе де алады дегенге саяды. Монумент өмір, тра­гедия және жарқын болашақ деп аталатын үш негізгі идеядан құралған. Оның жо­ғарғы бөлігіндегі қоладан жасалып, ал­тынмен апталған күн мен бүркіт ашық аспанның аясында еркін самғап ұшып келе жатқан күшті де өр мемлекеттің нышанын білдіреді. Күннің ортасында саусақтары ашылып тұрған алақан атом бомбаларына қарсылық білдіретін әлем халықтарының керемет келешекке ұмты­лыстарын айғақтайды. Ортада қурап тұр­ған ағаш жарылыстар әкелген трагедияны көрсетеді. Монументтің діңгек тасында жарылыстардан зардап шеккен мемле­кет­тер мен қалалар аттары түсірілген. Осы­ның ортасындағы тақтаға Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу жөніндегі Жарлығының қазақ тілін­дегі алтын жалатылған мәтіні орналасқан. Тастың үстіңгі жағының оң қапталына Мемлекет басшысының әлем халық­тарына арнаған Жолдауы қазақ, ағылшын және француз тілдерінде ойылып жа­зылған. Осы салтанат аяқталған соң Премьер-министрдің міндетін атқарушы Ив Летерм мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Са­райдың ішіне еніп, екінші қабаттағы келіссөздер залына көтерілді. Бұл жолы Президенттің жанында Қанат Саудабаев, Қайрат Келімбетов, Нұрлан Ермекбаев, Ерік Өтембаев, Бақыт Сұлтанов, Рес­публикалық бюджеттің орындалуын ба­қылау жөніндегі есеп комитетінің төр­ағасы Омархан Өксікбаев, Президенттің Іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев болды. Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас соң­ғы жылдары жақсы қарқынмен дамып ке­леді. Біздің ел Бельгияға негізінен түсті металл, жүн, тоқыма бұйымдары, металл және олардан жасалған заттар, химия және онымен араласқан өнеркәсіп саласы өнімдерін жіберіп тұрады. Өз кезегінде әріптес мемлекет бізге мәшинелер мен жабдықтар, тетіктер, электр-техникалық құралдар, минерал өнімдерін, оптика­лық, фото және басқа да аппараттар, тоқыма бұйымдарын, азық-түлік та­ғамдарын, темекі, химия және онымен араласқан өнеркәсіп саласы өнімдерін жөнелтеді. Қазақстан Ұлттық банкінің мәлімет­тері бойынша, 1993-2009 жылдар аралы­ғында Бельгияның біздің елге салған инвестициясының жалпы көлемі 504,3 млн. АҚШ долларының айналасында болған. Осы уақыт аралығында Қазақстан жағы Бельгия капиталына 511,8 млн. доллар көлемінде құйылым жасаған. Ал биылғы 2010 жылдың алғашқы тоқсанын­да Бельгияның Қазақстан экономикасына тікелей инвестициясы 33,5 млн. долларды құраған. Қазіргі күндері біздің елімізде Бельгия капиталы негізінде 29 компания жұмыс жасап жатыр. Олардың 20-сының жұ­мысы белсенді. Қазақстан рыногында қанат жайған бельгиялық ірі кәсіптік құрылымдардың арасында фармацев­тика­мен айналысатын “Solvay Pharma Kazakhstan”, мұнай-газ саласындағы ин­фрақұрылымға қатысты “Sarens Group”, көлік логистикасымен шұғылданатын “Maxx Іntermodal Systems”, теңізде та­сы­мал жасап, логистика және кеден қыз­метін көрсететін “Ahlers Brіdge”, мұнай-газ және тау-кен салаларының жабдық­тарын жеткізуші “Atlas Copco”, мұнай-газ құбырларына қызмет жасаушы “TD Wіllіamson SA” және сыра қайнататын “Meura SA” сынды компаниялар бар. Ақтөбе облысындағы құны 400 млн. доллар тұратын Жаңажол газ өңдеу зауы­ты құрылысының үшінші кезегі бель­гиялық “Lavelen” фирмасы филиалының, Өскемендегі құны 50 млн. долларлық аккумулятор батареяларын өндіру және Аты­раудағы құны 20 млн. долларлық полипропилен шығару зауыттары құры­лыстары бельгиялық “Pecom” компания­сының қатысуымен салынып жатқанын да айта кетудің реті келіп тұр. Мұның сыр­тында Бельгияның “Mechem” ком­паниясының араласуымен Риддердегі полиметалл комбинатында құны 100 млн. долларға тең көмір қалдықтарын өңдеу өндірісі іске қосылады. Әріптес елдің аса ірі “Unіon Mіnіere” атты металлургиялық компаниясы мен Шымкенттің қорғасын зауыты арасында тығыз байланыс орна­тылған. Сол сияқты Бельгияның “Specіa­lіty Metals” компаниясы Өскеменнің титан-магний комбинатын басқару тізгінін қолына алған. Екі ел басшыларының еңселі ойлар­дың желкенін көтерген жылы жүзді кез­десуінен соның айғағындай болып екі жақты үш түрлі құжатқа қол қойылды. Бұқа­ралық ақпарат құралдарының қаты­суымен өткен бұл салтанатты сәттерде “ҚР Республикалық бюджетінің орын­далуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен Бельгия Корольдігі аудиторлық со­тының арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім”, “Қазақстан Республи­касы Қаржы министрлігі мен Бельгия Корольдігі кеден және акциздердің феде­ралды қаржы қызметі әкімшілігі арасын­дағы өзара сауда жөніндегі статистикалық мәліметтер алмасу туралы меморандум” және “ҚР Ұлттық ядролық орталығы, “Қазатомпром” ұлттық атом компаниясы және Бельгия ядролық зерттеу орталығы арасындағы өзара түсіністік туралы ме­мо­рандум” деп аталатын құжаттар пайда болды. Бұдан кейін Ив Летерм мен Нұрсұлтан Назарбаев журналистер алдында мәлім­деме­лер жасады. Оны бастап берген Пре­мьер-Министрдің міндетін атқарушы өзінің шақыруын қабыл алған Қазақстан басшысына алғыс сезімін жеткізе келіп, екі ел арасындағы байланыстың бұдан бы­лай да қалыпты дами беретініне сенім білдірді. Сол өзара сенімнің айғағы ретін­де Қазақстан Президентінің Астана Сам­митіне шақыруын қуана қабыл алғанын мәлімдеді. “Бұл – Нұрсұлтан Назар­баевтың биылдың өзінде Брюссельге екінші келуі. Осының өзі біздің мем­лекеттеріміз арасындағы қарым-қаты­настың жоғары деңгейде екеніне дәлел бола алады”, – деді ол бұдан кейін. Ке­лесі кезекте сөз алған Мемлекет басшысы өзінің Еуропа астанасына сапары Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға және Бельгияның Еуропа Одағы Кеңесіне басшылық етіп отырған кезеңдерге сәйкес келіп отыр­ғанына назар аударды. “Біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ниет етіп, бастама көтеруіне, соның ішінде биылғы 1-2 желтоқсанда ЕҚЫҰ Саммитін Аста­нада өткізу ұсынысына қолдау көрсеткені үшін Бельгия басшылығына разымыз, – деді Елбасы. – Қазақстан қазір сол Саммитке қызу дайындалып жатыр. Бұл оқиға Ыстамбұлдағы жоғары деңгейдегі жиыннан кейін үнсіз қалған жылдардың орнын толтыруға талпынысымен тарихи мәнге ие болмақ”. Елбасы өзінің сөзінде сондай-ақ Қазақстанның Бельгияны Еуропа Одағындағы маңызды саяси және экономикалық әріптес ретінде қарасты­ра­тынын айтты. Біздің саяси үнқатысу­лары­мыздың жиі және көп деңгейлі сипаты бар. Сондықтан осы бағытты қалпында ұстап тұру үшін Парламент және ведом­ствоаралық деңгейдегі тұрақты байла­ныстарға қолдау көрсетіледі. “Орасан зор қаржылық-экономикалық дағдарыстың зардаптарына қарамастан, бізге биылғы жылғы сегіз айдың көлемінде екі жақты сауда көлемін 56 пайызға ұлғайтудың орайы келді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы келесі бір сәтте. – Біз бұдан әрі дамуы­мыз бен екі жақты сауда-экономикалық байланыстарымызды нығайту үшін Қазақстан-Бельгия Іскерлік кеңесін құру туралы келісімге келдік. Сондай-ақ бель­гиялық бизнесті Қазақстан экономика­сының үдемелі индустриялық-иннова­циялық жобаларына белсене қатыстыру мүмкіндіктерін де талқыладық. Бұл тұрғыда Бельгияның мұрагер ханзадасы Филипптің Қазақстанға жасаған сапары мен бизнес-форум өткізу қорытынды­сы­ның сәтті болғанын атап өткім келеді”. Елбасы өзінің сөзінде бұдан әрі екі жақты келісімнің энергетика, көлік, мәшине жасау, денсаулық сақтау және білім, жоға­ры технология сияқты маңызды сала­лардағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенетінін жеткізді. Тұтастай алғанда, бұл кездесулердің бәрі де табысты өтті деп бағалауға әбден болады. Бұдан кейін Мемлекет басшысын Бельгияның Королі Альберт Екіншімен кездесу күтіп тұрды. Осы үшін Қазақстан делегациясы жайласқан кортеж “Лакен” атты Король сарайына беттеді. Онда екі мемлекеттің бірінші тұлғалы басшылары арасында өзара түсіністікке негізделген үйлесімді әңгіме өрбіді. Екеуара әңгімеден кейін “Өнер залына” өтіп, делегация мүше­лерімен жүздесті. Соңынан мәрте­белі мейманның құрметіне кешкі қонақасы берілді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бельгия Корольдігіне ресми сапарының екінші күні, яғни кеше Брюссельдегі медици­на­лық орталықты аралап көруден бас­талды. Аты былайынша “Университет ауруханасы” деп аталатын бұл емдеу орны Бель­гиядағы денсаулық сақтау, биоме­дициналық зерттеулер мен медициналық білім берудің қазіргі заманғы ең жетілген орталықтарының бірі болып табылады. Жоға­ры деңгейлі мекеме болып санала­тындықтан, университет ауруханасы бүгінде елдің іші ғана емес, сыртқы мем­лекеттер арасында да құрметпен аталады. Ол бұдан отыз жылдан астам бұрын, 1977 жылы негізін қалаған екен. Құрылған күнінен бұл емдеу орны жаңалықтарды зерттеуге ерекше ден қойыпты. Соның арқасында оның дәрігерлері адам ағзасы мен денсаулығына керекті қаншама жетістіктерге қол жеткізген. Сол дәстүр, сол бағыт әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Кешегі күннің тағы бір айтарлықтай оқиғасы Елбасының Еуропа Одағының басты атқарушы органы – Еуропа Ко­мис­сиясының президенті Жозе Мануэл Баррозумен кездесуі болды. Тап осы кездесудің алдында Еуропа Комиссиясы ғимаратында ҚР Статистика агенттігі мен Еуропа Комиссиясы арасында Статисти­ка­лық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сол аралықта өзара келіссөз жүргізіп үлгерген Комиссия президенті мен Қазақстан басшысы бұқаралық ақ­парат құралдары өкілдерінің алдына шы­ғып, оңашада қозғалған әңгіменің маз­мұнын жеткізіп берді. Жозе Мануэл Баррозу Қазақстан Президентінің Астана Саммитіне шақыруын қабылдағанын айта келіп, елдер арасындағы жақындықты осын­дай қарым-қатынастардың қалыптас­тыратынын баяндады. Елбасының сөзі әдеттегідей өте сенімді әрі нақты шықты. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы оңаша кездесуде Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы ынтымақ­тас­тықтың қазіргі ахуалы мен келешегі, сон­дай-ақ ауқымды және аймақтық саясат­тың көкейкесті мәселелері талқыланғанын жеткізді. “Қазақстан Еуропа Одағымен қарым-қатынастың дамуына стратегиялық мән береді, – деді Н.Назарбаев. – Біздің үнқатысуымыз жиі және көп деңгейлі сипатқа ие. Еуропа Одағы Қазақстанның басты сыртқы экономикалық әріптесі болып табылады. Біздің тауар айналы­мымыз өткен жылы 30 миллиард дерлік АҚШ долларын құрады. Тек үстіміздегі жылдың 8 айында тауар айналымы 54 пайызға артып, ол 25 миллиард долларға жетті. Қазақстан экономикасындағы Еуропа инвестициялары 50 миллиард долларға толады. Бұл – шетелдік капи­тал­дың жалпы көлемінің 40 пайызына тең”. Бұдан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің Орталық Азиядағы “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасын қабыл­даған бірден-бір мемлекет екенін тілге тиек етті. Осының сыралғысында индустрия­лық кешенді модернизациялау бағдарла­масын жүзеге асырып жатқан Қазақстан инновациялық саладағы ынтымақтастық­ты кеңейтуге, елімізде өңдеуші инфра­құрылымдардың жасалуына мүдделі. Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы Еуропа Одағымен бірге ғылым және білім саласында жаңа мүмкіндіктерге қол жет­кіздіреді. Осы ретте Қазақстан ғылымы мен білімінің флагманы болу үшін ірге көтерген жаңа халықаралық универ­ситеттің пайда болуын да Президент еліміздің келешегіне қызмет ететін ордалы оқу орны ретінде атап өтті. Осыдан бірқатар уақыт бұрын бір басылымның бетінен “Егер сіз Еуропаға саяхатқа шығар болсаңыз, Брюссельді айналып өтпеңіз. Ағылшындардың сал­қын­дығынан, француздардың жылылы­ғынан, голландықтардың ашықтығынан кейін, сіз өзіңізді бельгиялықтардың ортасында оншалықты шетелдік сезіне бермейсіз” деген жолдарды оқып қалға­нымыз бар еді. Сол ашық жарылудың ақи­қаттың ауылынан қашықтығы жоқ екен. Отельде де, көшеде де, дүкендерде де өзіңізге деген жылы ықыласты байқап, кәдімгідей сүйсініп қалатыныңыз да рас болып шықты. Ал Брюссельдің тар әрі тап-таза көшелеріне шыға қалғанда, кейде басқа бір әлемге еніп кеткендей болаты­ныңыз да бар. Мұндағы әрбір үш үйдің екеуі көненің көзіндей болып көрініп, әлдеқандай бір тарихи ескерткіштер мұ­ражайын жағалап жүргендей ойға қала­сыз. Шын мәнінде бұлардың бәрі бель­гиялықтардың айрықша ұқыптылығы мен тазалығы арқасында өзінің бұрынғы қалпын сақтап қалған ескі ғимараттар ғана. Тазалық демекші, Брюссельдің осындай қалпы бізге бір жағынан соңғы уақыттардағы Астананы да көзге елестетті. Осындай жылы сезіммен біз “Конрад” мейманханасында өтетін форумға келіп қалғанымызды да білмей қалыппыз. Кеше кешке осымен Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың Бельгия Король­дігіне жасаған екі күндік ресми сапары аяқталды. Ендігі бағыт – Париж. Кеш­тетіп Эйфель мұнарасы бар қаланы бетке аламыз. Бүгін Елбасының Француз Рес­пуб­ликасына екі күндік сапары бас­талады. Серік ПІРНАЗАР, “Егемен Қазақстан” – Брюссельден. ---------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.