27 Қазан, 2010

Елдің дамуына Елбасының көзімен қарағанда...

618 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Осыдан үш жарым жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рес­пуб­ликалық телеарналардың автор­лық бағдарлама жүргізуші­леріне берген сұхбатында былай деді: “Ашығын айтсам, менің айна­ламда да: “Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, Сіз соншама көп шаруа атқардыңыз, ел еңсесі көтерілді, біз бүгінде өңір көшбасшысымыз, бізде бәрі де тыныш. Сол тыныш өмірді бұзып, тағы бірдеңелерді ойлап тауып жа­ту­дың қажеті қанша?” дейтін адам­дар табылады. Егер мен тек өз жай­ым­ды ойласам, расында да, осын­ша шаруа атқар­ғаннан кейін қол қу­сырып отыра берсем де бола­тын­дай. Ал онда ертеңгі күніміз не бо­лады? Мен кезекті сайлауды ойлай алмаймын, мен елдің, халықтың болашақ тағдырын ойлауға тиіспін. Менің мақсат-мұратым осы, халық мені осы үшін сайлады”, деді. Президенттің кейде жыл, кейде ай аралатып, республика жұртшы­лығымен осылайша “сырласып, мұң­дасып” алатын дәстүрі бар. Ха­лық өзі сенім артқан ел басшы­сының ойында не жүргенінен, оны толғандыратын және мазасыздан­ды­ратын жәйттерден хабардар болуы керек. Осы сұхбат кезінде Президент: “Егер біздің 15 жылдағы өмі­рімізді ой елегінен өткізер болса­ңыз, онда мен алғаш рет бірдеңе ұсынған кезде, ешкім ештеңе түсін­бе­генін және ештеңе ұсын­бағанын көрер едіңіз. Екінші рет айтқан кез­де аздап қозғалыс басталады. Ал үшінші рет мен Үкімет міндетті атқара алмады дегенді айтамын, сонда ғана нәтижелер пайда бола бастайды”, деген ішкі қынжы­лы­сын да білдірді. Биыл Қазақстанда президенттік институттың қалыптасқанына 20 жыл толды. 1990 жылы 24 сәуірде Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі ҚР Президенті лауазымын бекіткен еді. Сол кезден бері 20 жыл ішінде ха­лық Нұрсұлтан Назарбаевқа деген сенімін бүкілхалықтық референдум кезінде де, баламалы сайлаулар кезінде де анық байқатты. Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет құру тарихының бастауында тұрған Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қа­зақ­стан жолы” кітабында тәуелсіз мемлекеттің Президенті ретіндегі алғашқы қадамдары жайлы былай деп баяндайды: “Міне, осындай ізденістер үстінде біздер сансыз сапарларда болып, шын мәнінде, әлемдік дең­гейдегі үлкен тұлғалармен кездес­тік. Біздің мемлекеттің қалыптасуы Маргарет Тэтчер, Франсуа Мит­те­ран, Гельмут Коль, үлкен Джордж Буш, Ли Куан Ю, Иоанн Павел ІІ және басқа да көптеген көрнекті дүние жүзі қайраткерлерінің қы­зығушылық білдіруі кезінде жүзеге асты. Мұндай адамдармен араласу ар­қылы біздің әлемдік кең ауқым­дағы көзқарастарымыз қалыптасты. Олармен болған пікірталастар мен қарым-қатынастар маған дүние жүзі қандай даму кезеңінде жүріп жатқанын және Қазақстан әлемдік картада қандай орын алу керектігін ұғынуға көмектесті. Біз әрдайым ашық әңгімеге дайын болдық, то­сын және бұрын таныс емес идея­ларға құлақ асып, біздің атымызға айтылған сындарды дұрыс қа­был­дадық. Егер де басқа елдердің тәжі­ри­бесі біз үшін қызықты болса, оны батыл қабыл­дадық және өзіміз­ге енгіздік”. Ал биыл маусым айында “Қа­зақ­стан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Пре­зи­дентінің – Елбасының қызметін қам­тамасыз ету саласында заңнама­ны жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы” ҚР Консти­туциялық заңы қабылданды. Бұл құжатқа сәйкес, Қазақстан Прези­дентіне “Елбасы” мәртебесі берілді. Бір айдан соң “Стратегия” әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы Қазақстан Президентіне “Елбасы” атағының берілуіне орай халық пікірін зерттеген екен. Зерт­теу қорытындысы бойынша, Қа­зақ­стан халқының 89 пайызының ел Президентінің жұмысына көңілі толатыны анықталған. Биылғы жылдың ақпан айымен салыстыр­ғанда, көрсеткіш 4 пайызға артқан екен. “Назарбаевтың Президент ре­тінде сіңірген қоғамдық еңбегі ресми түрде лайықты бағаланады”, дейді “Стратегия” орталығының президенті Гүлмира Илеуова. Ал Нұрсұлтан Назарбаевқа “Елба­сы” мәртебесін беру жөнінде сұрауға қатысқандардың 94 пайызы білетін болып шыққан. Оның ішін­де 73 пайызы бұл бастаманы толы­ғымен қолдайтыны анық­талған. Ал 20 пайызы бейтарап по­зи­цияны ұстанса, респонденттердің 7 пайы­зы ғана бұл заңнамалық өзгеріс­термен келіспейтіндіктерін айтқан. Бұл өзгеріске қатысты Нұр­сұл­тан Назарбаев 3 маусымда Қазақ­стан Республикасының азаматта­рына, Қазақстан Республи­касының Парламентіне, “Нұр Отан” халық­тық-демократиялық партиясының Саяси бюросына арнаған үндеу сөзінде өз ойын ашық айтты: “Мен қоғамдық пікірде берік қалыптасқан “Елбасы” мәртебесін заңдастыру туралы Парламенттің шешімін түсіністікпен қабыл­дай­мын. Әлеуметтік зерттеулер бүгінде Қазақстан халқының басым көп­шілігі осы идеяны қолдай­тынын көрсетіп берді. Сондықтан, мен ең­бегімді бағалап, қолдау білдір­ген­дері үшін қазақстан­дықтарға шы­найы алғысымды білдіремін. Со­ны­мен қатар, мен Елбасы мәртебесін тек заңдармен немесе өзге де құ­қықтық актілер­мен белгілеуге болмайды деп есептеймін”. Одан әрі Президент өзіне деген асыра мақтауды жақтырмайтынын да айтып өтті: “Баршаңыз білесіздер, маған қарата айтылған барлық мадаққа, менің жеке тұлғамды айрықша ұлықтайтын ұсыныстарға мен үзіл­ді-кесілді тыйым салып келемін. Мен Президент ретінде осы мәселе төңірегіндегі теңгеге бейне таң­балау, түрлі атақтар сияқты бекер­шілікке әрдайым қарсы бол­дым. Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тыры­са­мын және осы ұстаны­мымда қала беремін”. Қазақстан Президенті қызме­тінде Нұрсұлтан Назарбаевтың 20 жылда атқарған еңбегі халықаралық әріптестер тарапынан да оң баға­ланып жатыр. Биыл Түркия астана­сының, Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы бульвар бойын­да Нұр­сұл­тан Назарбаевқа арналған ескерт­кіш ашылды. Ал Иордания аста­на­сында Назарбаев атындағы көше бар. Сондай-ақ жақында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев заңгерлердің халықаралық одағы­ның “Фемида” сыйлығымен мара­пат­талды. Одақ төрағасы Андрей Требковтың айтуынша, бұл сыйлық Нұрсұлтан Назарбаевқа “құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам инс­титуттарының дамуына қосқан зор үлесі” үшін берілген. Осыдан бес жыл бұрын Нұр­сұлтан Назарбаевқа “Опти­мист” журналының тілшісі “Қазақ­стан Республикасын ендігі 20-30 жылда қалай елестетесіз?” деген сұрақ қой­ған екен. Оған Елбасы: “Күшті әрі қарыштап дамушы, бәсекеге қабілетті, өмір сүру сапасы жоғары мемлекет ретінде елес­те­те­мін. Біз өз мақсатымызға жететі­ні­мізге сенемін. Ол үшін бізде қажет­ті нәрсенің бәрі: азамат­тары­мыз­дың жоғары интел­лектуалды қабі­леті, нарықтық экономика, қоғам­дағы тұрақтылық пен келісім де бар. Қазақстанда 2030 жылға дейін мемлекет пен қоғамды дамытудың өз стратегиясы бар. Осы страте­гиямыз аясында денсаулық сақтау, отандық кәсіпкерлікті қолдау, мә­де­ниет, ауылдық жерлерді және басқа салаларды қолдауға бағыт­тал­ған нақты мемлекеттік бағдар­ламалар қабылдадық. Мем­лекеттік органдардың іс-әрекеті нақты міндеттерді орындауға бағыт­талған. Әрине, біз бұл жолда алды­мыз­дан қандай кедергілер шыға­тынын білмейміз. Есесіне, біз қандай мемлекет құрып жатқаны­мызды және дамуымыздың жолы, бағыты қандай болуы керек екендігін анық білеміз”, деп жауап берген. Жалпы, Қазақстанның тәуел­сіздік алғалы бергі дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен баға берер болсақ: “Тәуелсіздік алғалы Қазақстан аймақтық және ғаламдық қауіпсіздіктің нығаюына әжептәуір ықпал еткен мемлекет ретінде мысал бола алады”. Гүлбиғаш ОМАРОВА.