Атырауда қазақтың аяулы ақыны Фариза Оңғарсынованың шығармашылық кеші ақын қыздардың республикалық мүшәйрасымен жалғасты
АҚЫНЫН ІЗДЕГЕН ЕЛ БАҚЫТТЫ. Халқымызда “Әкімі ақынын іздеген ел бақытты” деген тәмсіл бар. Атырау облысының басшылары қазақтың аяулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованы туған жеріне арнайы шақырып, шығармашылық кешін өткізуге ұйытқы болды. Әр кез “О, Туған жер, кеңпейіл, құшағың кең, Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен. Сағынышымды қанат қып саған қарай, Балапандай талпынып ұшамын мен” деп алтын бесігіне ерекше аңсармен келуге асығатын ақынды алдымен облыс әкімі Бергей Рысқалиев қабылдап, “Қазақтың әр перзенті сіздің жырларыңызбен қанаттанады. Рухани нәр алып, ананы қадірлеудің, туған жерді қастерлей білудің ұлағатын ұғынады” деп шығармашылық табыс тіледі. Осыдан кейін облыстық әкімдікте өткен басқосуда драматург-жазушы Рахымжан Отарбаев Фариза ақын шығармашылығының қыр-сырын терең талдаған баяндама жасады.
– Фариза апа әп дегенде әдебиетке өз дауысымен, дара білім-болмысымен келген. Кең арнада көсілген асау толқындай аласапыран көңіл-күй, буырқанған сезім, ешкімнің ығына жығылмас мінез, барыңды баптайтын, жоғыңды таптайтын мынау, бейдауа тіршілікке деген соны көзқарас – бәрі-бәрі бас қосқан ұлы өнердің бастауына айналды. Оңғарсынованың поэзиясы көбіне бірінші жақтан “мен” деп басталады да, адамның алуан мұңы мен шері қозғалады. Өлеңдеріндегі “менінде” қара бастың қамы емес, барша әлеуметтің Алашқа айтары жатыр. Ақын арқалаған жүк қашан жеңіл болып еді? Сол парызды сезінгеннен ғана азаматтық әуез, арқалы жыр дүниеге келеді. Кешегі Кеңес дәуірі кезінде ақын поэзиясын оқып отырып, цензурадан қаймықпай қалың елдің мұңын мұңдағанына тәнті боласыз. Сол тұста жер тепкілеп ағатын асау бұлақ не дейді? “Асау ғасыр іріні үгіп демің, Бара жатсам сөнеді үміттерім. Мен тілеймін күңкіл мен ұсақтықтан, Сақтағай деп даламның жігіттерін”, –дей келе Рахымжан Отарбаев одан әргі ойын былайша әдіптеді:
– Сіздің жаратылысыңыз, дүниені қабылдауыңыз ерекше бөлек. Сол бөлектіктен де шығар, жалқыны жалпының түсінбей жататыны. Бәз біреулер “Апамыздың мінезі қиын, жақын келсең өртейді, алыс кетсең тоңасың” дейді. Мен айтар едім, сәл-пәл салқындық апамыздың сыртқы қорғаныш қабаты ғана. Ал жанына енсең, жүрегіне бойласаң, одан –жұмсақ, одан – мейірімді адамды таба аласың ба деп?..
Фариза ақынның жырлары жанам дейтін жүректерге от береді. Ердің намысын қамшылайды. Адасқанға бағыт-бағдар сілтейді. Ақын жүрегінің мейірімі ешкімді бөле-жармайды, ешкімді алаламайды. Жан-жағына шуағын молынан шашып, қазақтың елім дейтін ұл-қызының маңдайынан сипайды. Ақын жүрегінің мейірімі әсіресе, туған жеріне арналған сағынышқа толы жырларынан анық байқалады. Ақынның жырын бәрі оқиды. Оның кестелі орамалдай әдемі өрілген, көркемдік шебер тілмен жазылған поэзиясы жаныңды баурайды, жүрегіңді елітеді. Бір өлеңінен кейін бір өлеңін оқи бергің-ақ келеді. Себебі, Фариза апа жай ғана оқи салатын өлең жазбайды. Жүректе ғана жатталатын, шөліңді қандыратын кәусар жырлары ақынды поэзия падишасына айналдырды. Әр өлеңіндегі ақын үні магниттей тартатын тылсым бір күш секілді. Әйтпесе, қазақтың ақиық қыран-ақыны Мұқағали Мақатаев “Фариза, Фариза жан, Фариза қыз” деп мұң шағар ма еді?! Бұл –дәлелдеуді қажет етпес ақиқат. Ақ шағала ақын құрбысы Ақұштап Бақтыгереева “Фаризаның шығармашылығын терең түсінуге ерекше бір талғам керек” деді ақынның Махамбет Өтемісов атындағы драма театрында өткен “Поэзия падишасы” атты шығармашылық кешінде.
Осы кеште ақынның өзі шешіле сыр тарқатты. Туған жерге деген сағынышы әр сөзінен, орынды әзілінен байқалып тұрды. Поэзия ханшайымы туған топырақты, ал жұртшылық аяулы ақынын сағынып қалыпты. Сол сағыныштың куәсіндей, Фариза ақынның құшағы шоқ-шоқ алқызыл гүлдерге толды. Тіпті, ақын жырын сүйетін жұртшылық гүл ұсыну үшін кезекке тұрды. Кеш басталар алдында театр фойесінде ақынның шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды. Онда ақынның әр кезеңде жарық көрген кітаптары, тұтынған заттары қойылды. Өлеңдерінің қаламмен жазылған түпнұсқалары кездесті. Шығармашылық кеште Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов ақынның адами болмысына кеңірек тоқталды. Фариза ақынның “Қыз ғұмыр” шығармасының кейіпкері, Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмша Беркімбаева өткеннен сыр тарта әңгімеледі.
ӨЛЕҢ, МЕН СЕНІ АЯЛАП ӨТЕМ! Ақын қыздардың республикалық жыр мүшәйрасы дәл осылай аталған екен. Мүшәйраға әр өңірден 11 ақын қатысып, алдымен Фариза ақынға арналған өлеңдерімен сыр бөлісті. Рас, кейбірі мұң шаққандай да көрінген. Алайда, орынды мұңды түсіне білу де керек қой. Әрине, поэзия тек мұңнан құралмайды десек те, әр өңірдің проблемасы, толғауы тоқсан тіршіліктің кейбір түйткілдері ойлы өлең шумақтарында өріліп жатса, айып па? Жыр-десте алабында Фариза ақынның “Өлең, мен сені аялап өтем” дейтініндей, келешекте өзіндік үнімен жарқырап көрінетін жас ақын қыздардың жаңа бір шоғыры қалыптасып келе жатқанына көз жетті.
Мәселен, мүшәйраның бірінші бөлімінде поэзия ханшайымына жыр арнаумен басталды. “Замандағы зар мұңға, Қарманатын қару күй. Алатаудай алдымда, Аппақ шашты ару тұр” деп бастаған Сыр өңірінің жас таланты Назгүл Бердіқожа ақынға арналған жырында “Көпірмесіз көбік тіл, Жат болғасын бойыңа. Өлең-патша келіп тұр, Өз қызының тойына” деп түйін жасады. Өзгелері де текеметке ою ойғандай кестелі жыр шумақтарымен жиналғандарды бір серпілтті. Әсіресе, астаналық ақын Нұргүл Оқашеваның “Сырласуы” мен жергілікті жыр жүйрігі Бақытгүл Бабаштың “Аңсары” жұртшылықтың ыстық ілтипатына бөленді. Көкше жерінің аруы Әйгерім Нұрмағамбетованың да, ақтөбелік Гүлжайнар Қалдинаның да жырларынан айтар ой, бағдарлы бағыт байқалады.
“Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” дегендей, мүшәйраның екінші бөлімінде ақын қыздарға тақырыпқа байланысты жыр шумақтарын кестелеуге үш минөттік уақыт берілді. Ешқайсысының да қалыс қалғысы жоқ. Жұртшылықтың ықыласынан қызылордалық Назгүл Бердіқожаның “Ақын және Ей, Нарын” тақырыбындағы шумақтары өте сәтті бағаланғанын аңғардық. Оқып көрелік. “Шартарап төккен кезде шұғыласын, Тотыдай түрленесің, құбыласың. Ей, Нарын топырағыңа ою салып, Құдайым қолдан құйған құмырасың. Ал, сіз ше... іздеп жүріп ізгі арманын, Қызысыз құлатпаған құздан жанын. Қырдан жаңа жұлынып құрметпенен, Құмыраға салынған қызғалдағың” дейді Назгүл. Оның бұл шумақтарын ақын Оңайгүл Тұржанова бастаған қазылар алқасы орынды, әрі әділ бағалады.
Қай бәйгенің де мәресін бірінші боп қиятындар бар. Мұнайлы өңірде поэзия падишасының шығармашылығына арналған ақын қыздардың республикалық мүшәйрасында бас жүлде Сыр сүлейлерінің сарқытындай жаңа қанаттанып келе жатқан жас талант Назгүл Бердіқожаға берілді. Ал бірінші жүлдені елорданың еңселенуіне жауқазын жырларымен үлес қосуды мұрат тұтқан Нұргүл Оқашева иеленді. Бұдан кейінгі жүлдені Жайық жағасын сырға толы жырларымен көмкермекке ұмтылған Бақытгүл Бабаш еншіледі. Үшінші жүлдеге қос құрбы –ақтөбелік Гүлжайнар Қалдина мен жергілікті Сыйлыгүл Наурызбекова лайық деп табылды. Мүшәйраға қатысқан өзге ақын қыздардың талабы ынталандыру сыйлығымен аталып өтті.
Осылайша, поэзия ханшайымы мен өнерсүйер қауым бір-бірімен сағыныса қауышты. Жүрек тербеген сол қауышу ақын жырына шөліркеген жұртшылыққа мол рухани азық сыйлады. Өмір жолында өлеңді аялаудан бір танбаған поэзия падишасы өзін сағынған, асқақ рухты жырларымен мейір қандырған жұртшылықтың сол сәт ыстық ықыласына бөленіп тұрды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.
_______________
Суреттерде: ақын мен әкім; үш құрбы: поэзия ханшайымы мен жас талант.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.