Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі Үкімет отырысы болып өтті. Онда еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2011-2020 жылдарға арналған “Ақ бұлақ” бағдарламасының жобасы талқыланды.
– Үстіміздегі жылы Үкімет Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қабылдады. Сонымен бірге, үш бағдарлама: денсаулық, білім беру және тілдерді дамыту бағдарламалары Мемлекет басшысының бекітілуіне жіберілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бекітілді. Бұрынғы жылдарда қабылданған бағдарламадан бұл бағдарламалардың негізгі айырмашылығы олардың барлығы дерлік 2011-2013 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте қарастырылып, нақты қаржымен қамтамасыз етілген. Яғни, біз не мәселе туралы айтсақ, сол мәселені нақты орындаймыз, деп атап көрсетті Премьер-Министр.
Одан әрі Үкімет басшысы бұрынғы қабылданған кейбір бағдарламалардың тек сөз жүзінде қалғанын, себебі олардың қаржымен толық қамтамасыз етілмегендігін айтты. Үкімет отырысының күн тәртібіндегі 2011-2020 жылдарға арналған “Ақ бұлақ” бағдарламасының жобасы туралы Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишімбаев баяндама жасады. Ол өз сөзінде, елімізде 2002-2010 жылдарға арналған “Ауыз су” бағдарламасының мерзімі аяқталғандығын айтты. Сонымен бірге, вице-министрдің айтуынша, бұл бағдарламаны орындау барысында көптеген кемшіліктерге жол берілген. Біріншіден, бағдарламаны орындау барысында орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында жүйелі байланыс болмаған. Екіншіден, төмен дәрежеде жүргізілген зерттеу-жобалау жұмыстары бағдарламаның шектен тыс қымбаттауына әкеліп, кейбір құрылыс жұмыстарын жүргізуді тежеген. Сондықтан, еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайы бұрынғысынша қанағаттанғысыз дәрежеде қалған.
Осыған байланысты 2011-2020 жылдарға арналған “Ақ бұлақ” бағдарламасын жүзеге асыру барысында мынандай негізгі мәселелерге баса назар аудару қарастырылған: қолда бар сумен жабдықтау жүйелерін қайта жарықтандыруда және жаңа сумен жабдықтау нысандарының құрылысын салған кезде жүйелі жұмыс жүргізу, елді мекендердегі сумен жабдықтау жүйелерін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, сумен жабдықтау нысандарын қаржыландыруға жеке меншік капиталды кеңінен тарта отырып, су шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жерасты су көздерінің әлеуетін барынша кең пайдалану, сумен жабдықтау жүйелерін жобалаудың сапасын арттыру, су шаруашылығы саласына мониторинг жүргізу жүйесін қалыптастыру.
Қаржы министрінің мәлімдеуінше, “Ақ бұлақ” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатына 2010 жылға республикалық бюджеттен 60 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылған болатын. Алайда, Парламент Мәжілісінің депутаттары бюджет жобасын талқылау барысында келесі жылға осы мақсат үшін 70,5 миллиард теңге қаржы бөлуді ұсынды. Сонымен бірге, осы бағдарлама аясында елді мекендерді сумен жабдықтауды жақсарту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан алдағы 3 жылға 125 миллиард теңге қарастырылған. Ал су көздерін зерттеу жұмысына қосымша 15,1 миллиард теңге қаржы бөлінбек.
Республикамыздың елді мекендерін сапалы суыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында тұрғындардың көкейкесті мәселелері толықтай шешім таппақ. Атап айтқанда, бағдарлама толық іс жүзіне асырылған кезде еліміздің 80 пайыз ауылдық елді мекендері, 100 пайыз шағын қалалар мен аудан орталықтары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Отырыста Төтенше жағдайлар вице-министрі Ж.Смайылов еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қолға алынған Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сырдария өзеніндегі Көксарай су реттегіші құрылысының барысы туралы баяндама жасады. Ол өз сөзінде үстіміздегі жылдың 18 наурызында Елбасы Көксарай су реттегішінің бірінші кезегін ресми түрде ашқандығын атап көрсетті. Қазір Көксарай су реттегішіне су жинау жұмыстары жүзеге асырылуда. Қысқы-көктемгі жиналған тасқын судың көлемі 910,0 миллион текше метрден асты. Бұл су реттегіштің бірінші кезеңіндегі жоспарланған жобалық көлемнің 91 пайызын құрайды. 2010 жылдың соңына дейін Көксарай су реттегіші құрылысы нысандары бойынша негізгі жұмыстар толық аяқталмақ. 2011 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Көксарай су реттегішінде 3 миллиард текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік жасалған. Үкімет отырысында сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты Қ.Айтаханов Көксарай су реттегішінің Елбасы бастамасымен жүзеге асырылған нағыз халықтық нысан екенін атап көрсетті.
Селекторлық режімдегі Үкімет отырысы барысында Шымкент қаласындағы мәжілісті жүргізіп отырған бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Көлік және коммуникация министрінен “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” транзиттік автокөлік жолын салу барысында неліктен Оңтүстік Қазақстан облысында әлі күнге дейін бірде-бір шақырым жол салынбай отырғандығының себебін сұрады. Әбілғазы Құсайынов соған орай Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында бұл халықаралық жол құрылысын салу барысында жер телімдерін сатып алу мәселесі өте үлкен проблемаға айналып отырғандығын айтты. Ол осы екі облыста жол құрылысы өтетін 45 гектар жер телімдері бұрын кепілдікке қойылған немесе заңды иелері анықталмаған, соның салдарынан бұл жерлерді сатып алу мүмкін болмай отырған көрінеді.
Осы орайда Үкімет басшысы Көлік және коммуникация министріне дереу Шымкент қаласына ұшып, облыс әкімімен бірлесе отырып, шұғыл арада бұл жер телімдерінің тағдырын шешуді тапсырды. Ал келесі аптада Алматы облысы аумағындағы даулы жер телімдерінің мәселесі шешілуге тиіс. Бұл жол құрылысы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси-экономикалық маңызды мәселе. Сондықтан бұл орайда ешқандай кедергіге жол беруге болмайды, деді Премьер-Министр.
Отырыста “Бейнеу – Бозой – Шымкент” газ құбырының құрылысы туралы Мұнай және газ вице-министрі Ләззат Қиынов есеп берді. Үкімет басшысы вице-министрдің сөзін бөліп, оның жасаған баяндамасын қатты сынға алды. Вице-министрдің осыдан екі ай бұрын болған жағдайларды қайталап, мәселені толық меңгермей сөйлеп тұрғанын бетіне басты. Газ құбыры құрылысының барысы туралы Оңтүстік Қазақстан облысында іссапарда жүрген бірінші вице-премьерге жергілікті жерде нақты мәселені қарап, шешім қабылдауды тапсырды.
Үкімет отырысын қорытындылай келіп, Кәрім Мәсімов барлық министрлерге, агенттіктер мен ұлттық компаниялардың басшыларына белгіленген тапсырмаларды барынша тиімді орындап, жылды жемісті аяқтауға қол жеткізуді тапсырды. Экономикамыздың қазіргі жағдайы біздің биылғы жылды табыспен қорытындылауымызға толық мүмкіндік береді. Сондықтан, ендігі қалған уақытта қарқынды бәсеңдетпей, жыл қорытындысында жақсы жетістіктерге жетуіміз керек, деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.