Қазақстан Республикасы Президентінің Францияның “Интернешнл Геральд Трибьюн” басылымының сұрақтарына жауаптары
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының алдын ала қорытындылары қандай? Бұл жылы не атқара алдыңыздар? Қазақстанның Ұйым төрағасы лауазымын өзінен қабылдап алатын елге айтар тілегі бар ма?
– Үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен Қазақстан Ұйым қызметінің барлық бағыттары бойынша белсенді жұмыс жүргізді.
Әскери-саяси өлшем аясында Қазақстан “Корфу үдерісін” одан әрі дамытуға белсене қатысты. Біз қарапайым қару-жарақты бақылаудың жалпыеуропалық режімі мәселесін талқылауға айрықша екпін түсірдік, Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы шарт жөніндегі пікірталас қайта басталды.
Қауіпсіздікке қатердің бір көзі Ауғанстанда жатыр. Ең алдымен, бұл ауған есірткі трафигі. Әскери күштермен бұл проблема шешілмейтіні анық. Ауған мемлекетіне бейбіт өмірді қалпына келтіруде, экономикасын құруда көмек керек. Өткен жылы Қазақстан Ауғанстанға мектептерді, ауруханалар мен жолдарды жөндеуге шамамен 4 миллион доллар бөлді. 3,3 мың тонна тағам өнімдері гуманитарлық көмек ретінде жіберілді. Біз 1000 ауған студентін агроном, дәрігер, мұғалім, құрылысшы-инженер және басқа мамандықтарға оқытуға 50 миллион доллар бөлдік. Осы көмек олардың елдеріне бейбіт өмірге оралуға көмектеседі. Бұл – Ауғанстанды қалпына келтіруге біздің нақты көмегіміз.
Бұл жолғы сынақтардың бірі Қырғызстандағы саяси дағдарыс болды. Қырғызстан біздің жақын көршіміз болып табылады. Біздің еліміз ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде де, екі жақты негізде де туысқан халыққа көмек пен қолдауын көрсетуде. Біз Қырғызстанға тұқым себу және егін жинау науқандарын жүргізуге жәрдемдестік. 10 миллион доллардан астам құрылыс материалдары мен отын жібердік.
Экономикалық-экологиялық себет аясындағы жұмыстың негізгі бағыты трансконтиненталдық транзит пен көлік дәліздерін дамыту болды. Осыған байланысты мынаны атап өткім келеді, қазір Қазақстанда “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” жолының құрылысы толық қарқынмен жүргізілуде. Бұл жобаны іске асыру үшін 3,5 миллиард доллардан астам қаражат инвестицияланатын болады.
Гуманитарлық себетке келетін болсақ, мұнда негізгі екпін этносаралық және конфессияаралық төзімділікті нығайтуға түсірілді. Бүгінде нақ осы тұрғыда көптеген жанжалдар шығып жатыр. Маусымда Астанада ЕҚЫҰ-ның төзімділік және кемсітпеушілік жөніндегі конференциясы болды. Қазақстан этносаралық және конфессияаралық тыныштық пен келісімді қамтамасыз етудің орасан зор оң тәжірибесін жинақтаған. Біздің практикалық әзірліктеріміз Ұйымның барлық мүшелеріне пайдалы болар еді.
Орталық Азия өңірінде елеулі экологиялық проблемалар да бар.
Олардың алғашқысы – Семей ядролық полигонынан қалған мұра, мұнда бұрын жарты мыңдай дерлік атомдық сынақтар жүргізілген. Бұдан жиырма жылдай бұрын мен өзімнің алғашқы жарлығыммен полигонды жапқанмын, бірақ та онда залалданған аумақтарды қалпына келтіруге халықаралық көмек қажет.
Әңгіме сондай-ақ Арал теңізінің экологиялық апаты туралы болып отыр. Бұрынғы теңіз табанындағы кепкен тұз шаңды боран болып біздің өңірден әлдеқайда алыс жерлерге тарап жатыр. Біз проблеманы ішінара шешіп, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірудеміз. Бұл мәселені толығырақ шешу үшін ЕҚЫҰ ресурстары қажет.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының табыстылығын ЕҚЫҰ мемлекеттері басшыларының саммитін Астанада осы жылғы 1-2 желтоқсанда өткізу туралы шешім қуаттай түседі.
Алғаш рет, жоғары деңгейдегі Ыстамбұл кездесуінен кейін 11 жыл өткен соң Қазақстан елордасында Еуропаның, Азия мен Американың 56 мемлекетінің көшбасшылары, сондай-ақ 50-ден астам беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өзекті проблемаларын талқылау үшін жиналады.
Қазақстанның бастамасын қолдау ЕҚЫҰ-ның барлық елдерінің қазіргі бар келіспеушіліктерді еңсеруге, Еуратлантика және Еуразия кеңістігінде қауіпсіздіктің ортақ та ажырағысыз қоғамдастығын құру мақсатында Ұйымды нығайтуға деген саяси ерік-жігерін көрсетіп берді.
Қазақстан өз төрағалығының бір қағидаты ретінде ЕҚЫҰ-ның қалыптасқан дәстүрлерін жалғастыруды жария етті, өйткені, ол дәстүрлер осы Ұйым рухын іске асырады.
Бұл тұрғыда ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымын бізден қабылдап алатын мемлекетке ЕҚЫҰ-ның барлық “себеттері” бойынша жұмысты жалғастыруды тілер едім.
– Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров әлемдегі тұтастай жаңартылған геосаяси жағдайларды ескере отырып, Хельсинки актісін қайта жазып шығуға шақырды. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Егер бұдан 35 жыл бұрын, 1975 жылы қабылданған Хельсинки актісі туралы айтар болсақ, ол “қырғи-қабақ соғыс” уақыты еді. Әлемдегі жағдай қазіргіге қарама-қайшы басқаша болатын, ол екі әлемдік жүйенің бір-біріне қарсы тұрған дәуірі еді.
Содан бергі жылдарда әлем танымастай өзгерді. Ғасырлар мен мыңжылдықтар шебінде адамзаттың дамуы айрықша жедел, геометриялық прогрессиямен жүре бастады. Қазір біз азиялық және еуропалық трендтердің өскелең өзара ықпалын, Еуразияның түрлі бөліктерінде жатқан мемлекеттер мен өңірлік бірлестіктердің геосаяси жақындасуын байқап отырмыз. Әлемнің өзі Ұйымның өзексалды құжаттары жасалған кездегідей емес.
Түбегейлі жаңа проблемалар пайда болды. Және олар көп ретте ХХІ ғасырдағы халықаралық саясатты айқындап отыр.
Өткен ғасырда аксиома болған нәрселер бүгінде қайта қарастырылып, жаңа шешімдер талап етуде. ХХІ ғасыр – өз таңдауыңа деген жауапкершілік ғасыры. Қауіпсіздіктің бүгінгі тұрғысы бұдан 30-40 жыл бұрынғыдан түбірінен басқаша.
Бүгінде айқын нәрсе біреу – адамзаттың болашағы халықаралық қоғамдастықтың тіл табысу шешімдеріне байланысты болады. Бұл тұрғыда ЕҚЫҰ зор әлеуетке ие, бұл әлеуетті әлі толығынан ашуға тура келеді.
Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылғаннан кейін, 35 жыл бұрын белгіленген жүйе жетілдіруді талап етеді. Еуропалық қауіпсіздік мәселесі әлдеқашаннан бері географиялық Еуропаның аясынан шығып кеткен. Қазір әңгіме Еуратлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік туралы болып отыр. АӨСШК-нің Ыстамбұлдағы саммитінде мен Еуразиялық қауіпсіздік тұғырнамасының негізі бола алатын ЕҚЫҰ-мен АӨСШК-нің күш-қуатын біріктіруді ұсынғанмын.
Алдағы болатын саммит ЕҚЫҰ-ның барлық мүшелерін жақындастыра түсетініне сенімдімін. Біз бәріміз Еуропа мен Азия – бір алып континент, сондықтан да еуропалық қауіпсіздік азиялық құрамдасынсыз бола алмайтыны туралы идеяны қабылдауға тиіспіз.
– Ресейдің, Белоруссия мен Қазақстанның жаңа Кеден одағы ЕО-мен бұрынғы Кеңес Одағының көп бөлігі арасындағы сауда тосқауылдарын алып тастауы тиіс. Бұл жобаның қатысушылар үшін, әсіресе, ЕО секілді қатысушылар үшін артықшылықтары қандай? Тұтастай алғанда Қазақстанның Еуроодақ елдерімен қарым-қатынасы қандай?
– Өңірлік интеграция осы заманғы әлемді дамытудың негізгі трендтерінің біріне айналуда. Әр мемлекет дамығысы, көбірек өнім шығарғысы, көбірек экспорттағысы келеді, ал бұл үшін рынок қажет, ал рынок неғұрлым көп болса, ешбір тосқауылсыз болса – солғұрлым жақсы.
Нақ Қазақстанда ТМД-ны да, ЕурАзЭҚ-ты да, Кеден одағын да құру туралы шешімдердің қабылданғаны атап айтарлық. Нақ біздің жерімізде аса маңызды кездесулер өтіп, көптеген интеграциялық құжаттарға қол қойылды.
Біз ынтымақтастықтың сапалық жаңа деңгейіне шығып отырмыз. Қазақстан да, Ресей де бүгінде серпінді даму үстінде, ал даму үшін әрдайым кеңістік қажет. Кеден одағының арқасында ондай кеңістік құрылды.
Қазір Одақта үш қана мемлекет – Ресей, Қазақстан және Беларусь бар. Бұл – алдымыздан интеграцияға кең перспективалар ашатын үлкен, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын рынок.
Қазақстанда әркез ТМД елдерінің ішінде ең оңтайлы бизнес-климат қалыптасқан. Кеден одағы жұмысын бастауымен байланысты біздің инвестициялық тартымдылығымыз айтарлықтай жоғарылады.
Бізге келген инвестор 170 миллион халқы бар және жалпы ІЖӨ-сі 2 триллион доллар шамасын құрайтын аса ауқымды рынокқа қол жеткізу мүмкіндігін иеленеді. Кеден одағы үш елінің бірлескен әлеуеті, міне, осындай.
Уақыт өте келе оның негізінде біртұтас экономикалық кеңістік құрылатын болады. Мен еуропалық бизнесті Қазақстанда кәсіпорындар құруға шақырамын, бұл болашақта олар үшін үлкен және перспективалы өткізу рыногына жол ашады.
Еуропа Одағы әркез Қазақстанның негізгі саяси және экономикалық әріптестерінің бірі болып келді және болып қала береді.
ЕО-мен өзара тиімді және болжамды қарым-қатынас орнату – бұл біздің дипломатиямыздың шешуші векторларының бірі. Соңғы бес жыл бойы Еуроодақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі болып келеді.
ЕО-ның үлесіне Қазақстанның жалпы сыртқы тауар айналымының 40%-дан астамы және Қазақстан экономикасында жинақталған шет ел капиталының үштен бірі тиесілі. Біздің еліміз бен ЕО арасындағы сауда айналымы ЕО-ның Орталық Азияның басқа барлық мемлекеттерін және Оңтүстік Кавказ республикаларын қоса алғандағы жалпы сауда көлемінен асып түседі. Ол 2009 жылы 28,8 миллиард АҚШ долларын құрады. 2010 жылдың алғашқы жарты жылдығында 18,6 миллиард АҚШ доллары болды. Бұл 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда байқарлықтай көп (10,7 миллиард АҚШ доллары). Еуроодақ елдері Қазақстан экономикасына айтарлықтай көлемде инвестиция салып келеді және Қазақстанда ұзақ мерзімді мүддеге ие.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің деректеріне қарағанда, ЕО елдерінің Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 2010 жылдың бірінші тоқсанында 3,2 миллиард АҚШ долларын құраса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай көп (1,8 миллиард АҚШ доллары).
Инвестиция саласында Қазақстан мен ЕО арасындағы экономикалық әріптестікті тереңдету үшін жаңа перспективалар 2010 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы мен Еуропа инвестициялық банкі арасында шеңберлі келісімге қол қойылуымен ашылды. Еуропалық инвестбанктің Қазақстан рыногына шығуы өзіндік бір “сапа белгісі” болып табылады әрі еуропалық инвесторлар үшін маңызды белгі қызметін атқарады.
ЕО-ның Қазақстанмен энергетикалық әріптестікті одан әрі кеңейтуі Еуропа елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін болады.
Қазір шикізаттық емес секторлардағы ынтымақтастықты тереңдету үшін жағдайлар жасалуда. Қазақстан білімге және озық технологияларға негізделген инновациялық экономика құру ниетінде және еуропалық тәжірибелерге мүдделі. Сәйкесінше, біздің еуропалық әріптестеріміз үшін де жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Қазақстан әрі қарайғы жан-жақты ынтымақтастыққа қашанда ашық.
– Қазақстан рынокты реттеу саласын жетілдіруде жаңалық енгізіп, қаржы ағынын реттеу мен бақылауды модернизациялады және өсе түсіп отырған жаһандану жағдайында рыноктарды тұрақтандыру мақсатында түбегейлі ақша-кредит реформасын ұсынды. Елдер осы реформаларды жүзеге асыру үшін қандай қадамдарға баруы тиіс?
– Жаһандық экономикалық дағдарыстың басты себептерінің бірі әлемдік валюта-қаржы жүйесінің жеткілікті жетілдірілмегені болды. Мен бұл проблеманы өзімнің “Бесінші жол” және “Дағдарыстан шығу кілті” мақалаларымда егжей-тегжейлі қарастырдым. Және де мен қазіргі қиындықтарды еңсеру үшін бүкіл дүниежүзілік қоғамдастыққа шешімді реформаларға бару қажет деп тағы да қайталап айта аламын.
Резервтік валютаның рөлін, тіпті өте қуатты болса да, бір елдің ақша бірлігіне жүктеп қоюға болмайтыны анық.
Әлемдік валютаны шығару мен айналымға енгізу жөніндегі барлық мәселелер әлемдік сауда-ақша қатынасына қатысушылардың барлығы арқылы бірлесіп шешілуі тиіс. Бұл үдеріс бүкіл адамзаттың мүддесін есепке алуы қажет. Осылайша біз әлемдік экономиканың бір мемлекетте қалыптасқан жағдайға тәуелділігінен құтыламыз. Жаһандық деңгейдегі хал-ахуал менің көз алдыма осылайша елестейді.
Дағдарыс сабақтары біз үшін Қазақстанда тұрақты жаңару мен даму жолында қосымша ынталандырушы болды. Өзіміз жасаған және соңғы он жыл бойы табысты жүзеге асырылып келе жатқан “Қазақстан – 2030” стратегиясы аясында біз 2020 жылға дейінгі кезекті кезеңге арналған нақты мақсаттарымыз бен міндеттерімізді анық айқындап алдық. Біз келесі он жыл алға өзіміздің барлық мүмкіндіктерімізді мұқият сараптадық және есептедік.
– Сіздің пікіріңізше, “жаһандық білім беру” тұжырымдамасына өзгерістер қалайша жүріп жатыр? Қазақстан әлі де болса ұлттық және халықаралық деңгейде сақталып отырған интеллектуалды және білім беру кедергілерін қалайша еңсеруде?
– Гордон Драйден мен Джанет Востың 2003 жылы жарық көрген “Білім беру революциясы” кітабында білім беру саласында қазіргі әлемдегі мемлекеттердің көпшілігіне тән проблемалар тамаша жазылған. Онда “әлемнің жылдам өзгеретіні соншалық, білім беру жүйесі уақыт қақпанына түскендей, баяғыда аяқталған өткен дәуірге қызмет етуін жалғастырып келе жатыр және өте баяу әрі инертті” делінеді.
Бұл жерде мәселе ұлттардың тауарлар мен қызмет көрсетулерде ғана бәсекелес емес, олардың қоғамдық құндылықтар жүйелері мен білім беру жүйесінде де бәсекелес екендіктерінде.
Қазіргі заманғы экономикада екпін бүгінде материалдық тауарлар мен қызмет көрсетулерден гөрі, интеллектуалдық әлеуетке түсіріліп келеді.
Ұлттың білім берудің қазіргі заманғы және тиімді жүйесіне қолдау көрсету қабілеті, оқыту арқылы жұмыс күшінің интеллектуалдық компонентін жоғарылату – бәсекеге қабілеттілік үшін сындарлы тұрғыдан маңызды болып отыр.
Білім, инновациялар және оларды іс жүзінде қолданудың тәсілдері барған сайын Табыстың көзі ретінде жиі-жиі бірінші кезекке шыға бастады. Экономикалық дамудың жаңа үлгісі жұмысшылардан өздерінің біліктіліктерін тұрақты түрде арттыруды, ал кей кездері тіршіліктері барысында мамандықтарын бірнеше мәрте ауыстыруды қажет етеді.
Білім беру түсінігінің өзі трансформациялануда және кеңеюде. Білім беру мектептегі және тіпті жоғары оқу орнындағы формальді оқытумен байланысты көп жағдайда қатаңданудан қалып барады. Функционалды дайындық тұжырымдамасынан жеке тұлғаны дамыту тұжырымдамасына өту жүріп жатыр.
Ақыр аяғында, білім берудің халықаралық интеграциясы жүріп жатыр. Білім беруді дамытудың маңызды бөлігі оның жаһандылығы болып табылады.
Қазақстан жаһандық білім беру жүйесіне интеграциялану үшін айтарлықтай күш-жігер жұмсау үстінде. Соңғы бес жылда білім беруді дамыту үшін мемлекеттік бюджеттен 2,5 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Осы жылдар ішінде “Болашақ” бағдарламасы арқылы 6 мыңнан астам талапкер білім алды. Менің бастамам бойынша құрылған интеллектуалды мектептер қазірдің өзінде жұмыс істей бастады.
2010 жылы Астанадағы жаңа халықаралық университет алғашқы студенттерін қабылдады. Сапалық тұрғыдан жаңа осы оқу орнында сабақ беру үшін тәжірибелі шетелдік мамандар мен ғалымдар шақырылып отыр. Онда танылған шетелдік университеттермен бірлесіп, инженер, табиғи-ғылыми, медицина және бизнес-мамандықтар бойынша әлемдік деңгейдегі жоғары білікті мамандар дайындалатын болады.
2010 жылғы 27 қазан.