Соңғы кезде мемлекеттік қызметті жаңаша оңтайландыру жөніндегі шаралар мен жаңа міндеттерге байланысты онда қызмет істейтін кадрларға қойылатын талап та күшейе түсті. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша басқармасының бастығы, Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит ІЗБАНОВҚА бірнеше сауал қойған едік.
– Мұхит Кәрімұлы, қай кезде де кадрды ең басты тұлға ретінде танытатын мемлекеттік қызметтің маңызы айрықша. Әсіресе, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуді көздеген Қазақстанның мемлекеттілігін бекітуде мемлекеттік қызметкерге жүктелетін жауапкершілік жүгі әсте оңай емес. Осы жайында не айтар едіңіз?
– Қоғам жаңарған сайын көптеген оң өзгерістер болады. Ал бұл мемлекеттік қызмет аясын түп тамырымен өзгертіп жіберді деуге болады. Қазір мемлекеттік қызметтің мәртебесі де, оның қызметінің түрі де, өкілеттілігі мен міндеттері, құқы мен жауапкершілігі де мүлде жаңа талаптарға жауап беруі тиіс. Осы тұрғыдан айтқанда, алға қойылған міндеттерді толық орындау үшін оған жеткілікті дайындығы бар, кәсіби білікті, аса қабілетті адамдар қажет. Демек, мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеуде жаңа талаптарға толық сай келетін мамандар шоғырын қалыптастыруымыз қажет.
Президенттің үстіміздегі жылғы 1 ақпанда бекіткен елімізді 2020 жылға дейінгі дамыту жөніндегі стратегиялық жоспарына сәйкес Қазақстанда кәсіби мемлекеттік қызметті қалыптастырып құрудың негізі ретінде енді жаңа лауазымдық қызметтер мен кадрларды іріктеудің тиімді жүйесі және оларды сапалы оқыту бағдарламасы жұмыс істей бастайды. Бұл бағыт бойынша қазірдің өзінде бірқатар нақты шаралар қолға алынып, жүргізіліп те жатыр. Яғни, қазіргі кезде бос тұрған әкімшілік мемлекеттік лауазымдық қызметтерге тұру үшін кәсіби және жеке біліктілік қабілеттерін тестілеу арқылы тексеруден өткізетін екі кезеңнен тұратын конкурстық жоба жүзеге асырыла бастады. Оның бірінші кезеңінде агенттіктің аймақтық бөлімшелері арқылы әкімшілік мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне тестілеудің жаңа жүйесіне негізделген, кәсіптік және жеке біліктілік қабілеттері бойынша ең лайық деп табылған үміткерлер іріктеліп алынады. Мұндай тәсіл мемлекеттік қызметшілердің мүмкіндік әлеуеттерін одан әрі кеңінен дамытуына елеулі жағдай туғызады деп есептейміз.
– Тестілеу мен кадрларды іріктеуде, жалпы білікті мемлекеттік қызметкерге қандай талап қойылады?
– Үстіміздегі жылдан бастап бұл бағытта арнайы компьютерлік бағдарлама жасақталып, жүзеге асырыла бастағанын айтуға болады. Бұл әдіс тестілеу кезінде on-lіne жүйесі арқылы агенттіктің барлық аймақтық басқармаларын толық қамти алады. Тестілеу жұмысына бар болғаны екі-ақ сағат уақыт кетеді. Сол тестілеудің нәтижесі бойынша үміткерлерге олардың кәсіби біліктілігі мен жеке қабілеттері жөнінде жазба толтырылған қорытынды беріледі.
Мұндай тәжірибелік жұмыс биыл алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің орталық аппараттарының басшы қызметкерлеріне жүргізілген болатын. Оның нәтижесі алынған бағыттың дұрыс екендігіне үлкен сенім ұялатты. Ал, екінші кезең ішінде мемлекеттік органдар үміткерлерді конкурстық жүйемен кадрлық резервке енгізілгендердің ішінен таңдап, іріктеп алатын болады. Мұндай конкурс бос жұмыс орындарына ең лайықты деген адамдарды дұрыс таңдап алуға мүмкіндік береді. Бұл жоба үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, осы жобаны жүзеге асыру кезінде мемлекеттік қызмет көрсету мен адамдарды басқару деңгейіне баға берілетіндігін айтқан ләзім. Қазіргі кезде бұлайша мемлекеттік қызмет көрсету мен адамдарды басқару деңгейіне баға беру ісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде және Ақмола облысында жүргізілу үстінде.
Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметті жүзеге асыруы кезінде олардың түрлі заңдылықтарды талапқа сай сақтауы жөніндегі есептері мен сұрыпталған арнайы статистикалық мәліметтері, сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлерге анкеталық сұрау салулар арқылы бағалау төмендегідей бес санат бойынша жүргізілмекші. Яғни, мемлекеттік органдардың адамдарды дұрыс іріктей білуі, оларды оқытып, біліктіліктерін дамытуы, этикалық нормаларды сақтау деңгейі, дәлелдемелері және сыбайластыққа жол беру жағдайы жөніндегі ақпараттар бойынша. Осы мақсатта агенттікте осы аталған бес санат бойынша арнайы есеп беру үлгілері жасақталуда. Сол негізге байланысты дайындалған көрсеткіштер бойынша мемлекеттік органдардың рейтингтері жасақталады. Өйткені, адамдарды басқара білу де ғылым, ол мемлекеттік қызмет жұмысының ең басты элементі десек те болады. Демек, бұл істі дұрыс бағалай білу қызметкерлердің кәсіби маман ретінде өсуі мен дамуына ойдағыдай қызмет ететін болуы тиіс.
– Басталған істің алғашқы нәтижелеріне нақты деректер келтіре аласыз ба?
– Бүгінге дейін сөз етіп отырған осы бағдарлама бойынша біздің облысымызда аттестаттауға жатады деген 43 мемлекеттік қызметкер арнайы тестілеуден өткен еді. Олардың қорытындысы біздің күткен сенімімізді толықтай ақтады. Дегенмен, алда да әлі көптеген жұмыстарды іске асыруымыз қажет. Нақты нәтижені қолға алынған қанатқақты бағдарламаман ең соңғы қорытындыларына ғана қарап бағалайтын боламыз. Ең басты мақсат, жоғарыда айтып өткеніміздей, бос тұрған жұмыс орындарын жеке біліктілік қасиеттері мен кәсіби шеберліктерін таныта білген ең лайықты үміткерлермен толықтыруға қол жеткізу болып табылады. Осы мақсатта қазірдің өзінде облыстың барлық мемлекеттік органдары бойынша аттестаттауға жатады деп есептелетін барлық мемлекеттік қызметкерлер 1 қыркүйектен бастап психометриялық тестілеуден өткізіле бастады.
Ал, мемлекеттік қызметті бағалауға келетін болсақ, бұл жерде ең алдымен оның тұрғындар үшін мейлінше қолжетімділігі мен сапалы қызмет көрсетуі өте маңызды болмақ. Бұл істе, сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің өз мезгілінде қанағаттандырылуы мен әдептілігі, электронды түрдегі қызметі, сондай-ақ көпшіліктің шағым-арыздары деңгейінің елеулі рөл атқаратындығын айта кетуіміз орынды. Мемлекеттік қызметті бағалау кезінде тұрғындарға жүргізілетін әлеуметтік сауалдамалар да, статистикалық мәліметтер де жете пайдаланылатын болады. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметті бағалау үшін тәуелсіз сарапшылар да, үкіметтік емес ұйымдар да неғұрлым белсенді түрде қатыстырылатын болса, бұл қанатқақты бағдарламаның солғұрлым ашық та, мейлінше демократиялы болатындығын көрсетеді.
– Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру үшін әзірленіп жатқан жаңа тұжырымдама туралы не айтар едіңіз?
– Бекітілген стратегиялық жоспарға байланысты жаңа реестрге негізделген мемлекеттік қызмет лауазымдарының негізгі үш түрлі корпусын енгізу көзделіп отыр. Олар – саяси мемлекеттік қызметкерлер корпусы, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің “А” басқару корпусы және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің “Б” атқарушы корпусы. Саяси мемлекеттік қызметшілер корпусына кіргізуге ұсынылып отырған лауазымдарға Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің бүкіл жауапты қызметкерлері және барлық министрлер жатады. Сондай-ақ, министрлердің орынбасарлары, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары осы топқа қосылады.
Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің “А” басқару корпусына жоғары әкімшілік лауазымдарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілер (министрліктің жауапты хатшылары, облыстық әкімдіктердің аппарат басшылары, облыстық мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімі және оның орынбасарлары) ұсынылады. Бұл корпусқа, атап айтқанда, түрлі комитеттердің төрағалары мен олардың орынбасарлары лауазымындағы адамдар, орталық атқарушы органдардың департамент директорлары мен олардың орынбасарлары, қалалардың және аудандар әкімдерінің орынбасарлары мен олардың аппарат басшылары кіреді. Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің “Б” атқарушы корпусына “А” басқару корпусына кірмейтін мемлекеттік басқармалардың орта және төменгі буындардағы әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерін жатқызу көзделген.
– Атырау облысының мемлекеттік қызметкерлер корпусын қанша қызметші құрайды? Сонымен қатар, облыстық тәртіптік кеңестің жұмысына қысқаша тоқталсаңыз?
– Үстіміздегі жылғы шілде айының басында біздің облыс бойынша штаттық кестеге сәйкес мемлекеттік қызметкерлер саны 3973 болған еді. Олардың ішінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатыны 1675 болса, республикалық бюджеттен қаржыландырылатыны –2298. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылған қызметкерлердің 91 бірлігі саяси мемлекеттік қызметкерлер болса, республикалық бюджеттен қаржыландырылған адамдардың біреуі ғана саяси мемлекеттік қызметкерге жатады.
Ал, тәртіптік кеңестің жұмысына қысқаша тоқталар болсақ, үстіміздегі жылы жеті рет отырыс өткіздік. Оларда 30 мәселе қаралды және 47 тәртіптік іс көтерілді. 48 адамға тәртіптік жазалар қолданылса, оның 23-і ескерту, 18-і сөгіс, 2-уі қатаң сөгіс, 4-уі қызметіне толық сай еместігі жөніндегі ескертпе, ал біреуі қызметінен босату туралы ұсыныс болды. Өткен сегіз айдың ішінде облыс бойынша 94 рет түрлі тексеру ұйымдастырылды. Олардың жетеуі жоспарлы шаралар болса, қалған 83-і жеке және заңды тұлғалардан түскен шағымдарға сәйкес жүргізілді. 4 тексеру Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшылығының тапсырмалары бойынша ұйымдастырылды. Олардың қорытындылары бойынша 182 мемлекеттік қызмет жөніндегі түрлі заңдылықтарды бұзған деректер анықталып, бірқатар мемлекеттік органдар басшыларының заңсыз берген бұйрықтары тоқтатылды.
– Енді мемлекеттік қызметкерлер штатында болатын қысқартуға байланысты алдымен, қандай штаттар қысқартылады?
– Президенттің 2010 жылғы 27 қыркүйектегі №1072 “Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті және Ұлттық Банкінің сметасы (бюджеті) есебінен қамтылған органдардың штат санын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлығының негізінде мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілердің лимит санын 15 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Аталған Жарлыққа сәйкес барлық мемлекеттік қызметшілерге бүгінгі күні олардың лауазымдарының қысқартылуы немесе еңбек жағдайларының өзгеруі мүмкін екендігі жөнінде хабарламалар берілді. Бұл алдымыздағы 1 қарашаға дейін жүзеге асырылуға тиіс. Облысымызда негізінен бос тұрған орындар, немесе зейнеткерлік жасына жетіп келісім-шарт негізінде жұмыс жасап жүрген тұлғалар есебінен қысқарту жоспарлануда. Басқарма қысқарту барысында “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңның және Еңбек кодексінің талаптарын, яғни қызметкердің уақытша еңбекке қабілетсіздік кезеңінде және жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында жүрген тұлғалар, сондай-ақ, жүкті әйелдер мен үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, 14 жасқа дейінгі баланы (18 жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен бұзуға жол берілмеуін мейлінше қатаң бақылауда ұстайтын болады.
– Елбасының осы Жарлығын жүзеге асыру үшін алдын-ала түсінік жұмыстары жүргізілді ме?
– Елбасының бұл мәселе жөніндегі арнайы Жарлығын жүзеге асыру мақсатында барлық мемлекеттік органдарда тиісті адамдарға арнайы ескертпе қағаздары беріліп қойылды. Жоғарыда айтылғандай, заң талаптары бойынша қысқартылуға жол берілмейтін қызметкерлердің де есептері нақтыланып, тізімдері анықталуда. Бір айта кететін жай, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік қызметкерлерді 15 пайыз қысқарту республика бойынша ғана есепте болады. Яғни, оларды қысқарту шаралары республика бойынша жүреді. Ал, қазіргі кездегі облыстық бюджеттен қаржыландырылатын нақты 1675 мемлекеттік қызметкердің 15 пайызы 250-дей адамды құрайды.
Әрине, бір мекемеде көптен бері жұмыс істеп келе жатқан, өз ісіне әбден маманданып, қалыптасып қалған адамдарды бірден жылы орындарынан суытып, қысқартып тастау оп-оңай шаруа емес. Сондықтан, бұл істе мейлінше асықпай, жеті рет өлшеп, бір кесіп, алқалы түрде ақылдасып шешу қажет деп ойлаймыз. Мемлекеттік органдардың басшыларына бұл турасында әбден ескертіліп, нақтылы тапсырмалар берілді. Қысқасы, мемлекеттік қызметкерлер штаттарын оңтайландыру кезінде облыста ешқандай да заңсыздықтар мен бұра тартушылықтардың орын алуына ешбір жол бермейтін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.