“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында Бангкокта өткен Азия чемпионатына Ақмола облысынан қатысқан балуандарды құрметтеу рәсімі болды. Оған “Жас Отан” жастар қанатының белсенділері, облыстық туризм және спорт басқармасының басшылары, бұқаралық спорт жанашырлары мен мектеп оқушылары қатысты.
– Қазақстанның жасөспірім балуандары байрақты бәсекеде топ жарып, ел мерейін асқақтатты, – деді осыған байланысты өткізілген баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар. Қыздар командасы он салмақ дәрежесінде 8 медальды жеңіп алды. Оның ішінде 1 алтын, 4 күміс және 3 қола жүлде бар. Көкшетау қаласындағы Қажымұқан атындағы спортта дарынды балалар мектебінің оқушысы Диана Уәлиева қола медальды еншіледі. Диана Азия чемпионатына екінші рет қатысып отыр. Былтырғы бәсекеде жерлесіміз жүлделі екінші орынға көтерілген еді.
Республикамыздың ерлер командасы он салмақ дәрежесінің бәрінде де жүлделі болды. Степногор қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы спортта дарынды балалар мектебінің өкілдері Батухан Шырақбаев еркін күресте алтын медаль тақса, Владимир Кудрин күміс жүлдені еншіледі.
Баспасөз мәслихатында облыс мақтанышына айналған спортшылар, олардың жаттықтырушылары Евгений Судейкин мен Балташ Уәлиев, облыстық туризм және спорт басқармасының бастығы Шынарбек Батырханов журналистер қойған сұрақтарға жауап қайтарып, болашақ мақсаттары туралы әңгімеледі.
“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының бөлім бастығы Бауыржан Ыбыраев Азия чемпионатының жүлдегерлерін құттықтап, оларға партия атынан сый-сауға жасады.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.