30 Қазан, 2010

Қазақстандық кәсіпорын құқын кім қорғайды?

526 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкімет назарына

Республика  аумағында мұнай және газ кеніштерін игеріп жат­қан шетелдік компанияларда қа­зақстан­дық үлесті арттыру – бү­гін­гі күн­нің басты міндет­терінің бірі. Бұл ба­ғытта Ұлт көш­бас­шы­сы Прези­дент Нұрсұлтан Назар­баевтың әділ де жанашырлық ұс­танымы және өнімді өзара бөлісу жөніндегі ке­лі­сім-шарттар тиісті нәтижелер беріп келеді. Мұның өзі қазақстандық кәсіпорын­дар­дың құнды жобаларға қаты­суы­нан әрі аталған кеніштерде жаңа ауқымды жұмыстарды ат­қа­руынан көрініс тауып отыр. Ең бастысы, елімізде қазақ­стан­дық үлесті көбейту жөніндегі іс-шаралар тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі ке­зең­нің ерек­шелігіне сай қабылданып жатқан жаңа заңдылықтар мен ережелер де осы мақсатқа бағыт­талған. Бұл, сөз жоқ, жергілікті өндірісті өркен­де­ту­ге, оған жаңа технологияларды ен­гізуге жол ашады. Мұндай өміршең көзқа­рас­тың отандық кадрларды оқы­туға, оларды қайта әзірліктен өткізуге де тигізетін пайдасы мол. Міне, осындай жалпы көте­рі­лу мен көзге айқын байқалатын ар­шын­ды прогрестің нобайында қай қисынға сайсаң да түсіну қиынға соғатын жағдайлар да орын алуда. Айталық “Интер­Газ­Құрылыс-Си­чим бірлескен кәсіп­орны” жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі “ИГҚ- Сичим БК” ЖШС) қазақстандық құрылыс ком­паниясы он жылдан астам уа­қыт бойы шетелдік ком­па­ния­лар­дың сұранысына сай са­палы қыз­мет атқарып келеді. Құрамында мың­нан астам маман- жұмыс­шы­лар еңбек ететін отан­дық кәсіп­орын соңғы жылдары Атырау об­лысындағы Қарабатан кентінде Батыс Ескене жобасына қатысып оны ойдағыдай жүргізді. Олар бұл мәселе жөнінде из­раильдік компания “Бейтманмен” құрылыс жұмыстары жөніндегі ке­лі­сімге қол қойған. Осынау ауқым­­ды құрылыс жұмыстары­ның басты клиенті мен негізгі сұ­раныс беру­шісі шетелдік “Аджип КСО” ком­па­ниясы болып та­былады. Несі бар, алғашқыда бәрі де ойдағыдай еді. Құнды әрі ұзақ мерзімге есеп­телген келісім-шарт жергілікті мер­дігер ұйымға қазақ­стандық кадр­лар­дың елеулі бөлі­гін тартуға мүм­кіндік туғызды. Осылайша келі­сім­-шартта көрсе­тіл­ген жұмыстарды атқару үшін несиелік қаражаттар тартылды. Бұған жаңа қондырғылар мен құрал-жабдықтар сатып алын­ды. “Бейтман” компаниясының тап­сырысына орай тиісті кепіл­де­ме­лік тұтқалар да қамтамасыз етілді. Жоғарыда айтылғандай, жоба­ны іске асырудың алғашқы жылы қа­зақы ұғымға сайғанда “құда да тыныш, құдағи да тыныш” бола­тын. Қазақстандық кәсіпорын “ИГҚ-Сичим БК” ЖШС-ға шет­елдік “Аджип КСО” мен “Бейт­ман” компаниясы тарапынан еш­қан­дай шағым мен ескерту бол­ған жоқ. Отандық құрылыс ком­па­ния­сы қызметінің сапасы мен техника қауіпсіздігі жөніндегі жұмыстар олар­дың көңілдерінен шығып отырды. Алайда түлен түртейін десе қиын емес екен. Одан бертіндегі күндердің бірінде “Аджип КСО” мен “Бейтман” компаниялары ара­­сындағы ішкі қайшылық пен өзара үйлеспеушіліктің салдары­нан жо­баны қаржыландыру түп-тұқия­нымен тұтастай тоқтады десе де бо­лады. Бұл қазақстандық кәсіпорын­ның қаржылық жағ­дай­ын күрт қиындатып жіберді. Сөй­тіп “Аджип КСО” мен “Бейтман” қазақстан­дық кәсіпорын “ИГҚ- Сичим БК” ЖШС-мен жасалған ке­лісімді белден басып, өздеріне тиісті міндеттерден тайқып шықты. Тығырық мен қаржылық тұй­ық­та қалған қазақстандық кәсіп­орын жетекшілері бірнеше рет олар­ға мәселенің мән-жайын шұ­ғыл шешу жөнінде жазбаша өті­ніш­термен шығады. Осындай өтініш­тер сол тұстағы өкілетті орган “ҚазМұнайГаз” ҰҚ-ға да жа­са­ла­ды. Алайда олардың бұл жанай­қайы ешқандай оң нәтиже бермеді. Бұдан соң басқа амалдары қал­маған “ИГҚ – Сичим БК” ЖШС өздерінің заңды құқықтарын пай­далана отырып сотқа шағымдануға мәжбүр болды. Мұнда олар уақыты өтіп кеткен өздеріне тиесілі төлем­ақыны өндіріп алу жөнінде мәселе қойды. Сот олардың талап-тілек­терін қанағаттандырды. Атырау облысының мамандан­ды­рылған ауданаралық экономика­лық соты 2010 жылғы 16 ақпанда “Бейтман” компаниясынан “ИГҚ – Сичим БК” ЖШС пайдасына 940 610 719 теңге өндіріп алу жө­нінде шешім шығарды. Әрі соттың бұл шешімі Атырау облысы кас­са­циялық сот алқасының 2010 жылғы 24 маусымдағы қаулысына сәйкес өзінің заңды күшіне енді. Алайда сот шешімін орындау мақсатында сот орындаушылардың қолданған іс-әрекеттері ешқандай нәтиже берген жоқ. Дәл бүгінгі күні де сот шешімі орындалмай келеді. Оның үстіне қазіргі кезде “Бейтман” компания­сының басты жауапкер басшылық құрамы республика аумағынан сы­тылып кетіп қалған. Бұл көрініс олар­дың қазақстандық сот шешімін орындаудан бойларын мүлдем аулақ салғанынан белгі береді. Сөй­тіп, бүгінде тұйыққа тірей­тіндей жағдай қалыптасып үлгерді. Өйт­кені шетелдік компаниядан тиісті алашақты өндіріп алу жөніндегі бар­лық заңды ресурстар қолда­нылды. Осындайда бұған кім жауап бе­руі керек деген сауал еріксіз туын­дайды. Қазақстандық компанияның заңды құқын кім қорғай алады? Сонымен бірге, бұл арада өкілетті орган республиканың Мұнай және газ министрлігі қазақстандық та­рап­тың өкілі ретінде жергілікті мер­дігерлердің мүдделерін ескер­ген­дерін қалар едік. Сөз соңында шетелдік “Бейтман” мен “Аджип КСО” компаниялары еңбектерін жеп қойған отандық мердігер тек бір ғана “ИГҚ – Сичим БК” ЖШС емес екенін де өкілетті ор­ган­ның назарына сала кеткенді жөн санаймыз. Қысқасы олар он­дап саналады. Онда екі мыңнан астам адам еңбек ететіні де белгілі бо­лып отыр. Осының негізінде әлеуметтік шиеленіс туып кетпесіне кім кепіл? Мұнда зардап шегетін­дер ең алдымен қарапайым адамдар екендігі өкінішті-ақ. Ұзын сөздің қысқасы, қазақ­стан­дық мердігерлерге көрсеткен қызметі үшін қаржы құюдың кепілі ретіндегі “Бейтман” және “Аджип КСО” секілді шетелдік компания­лар­дың осынау теріс іс-әрекеттері қазақстандық үлесті көтеруге үлкен қолбайлау, кедергі келтіретінін естен шығармасақ екен. Бұл біз үшін ащы сабақ болса игі. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы.