Қазақстан топырағында тұңғыш рет гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын қорғау мәселелері бойынша Орталық Азия парламенттік кездесуі өтті. Тәуелсіздіктің бедерінде гендерлік теңдік мәселесі бұған дейін де талай қозғалып келген. Алайда, бұл жолғы алқалы жиын Шығыс Еуропа – Азия – Тынық мұхит аймағы – Орталық Азия мемлекеттерінің парламентшілерін бір жерде тоғыстырып отыр.
Екі күнге созылған Орталық Азиядағы халық қалаулыларының үлкен басқосуында тұрғындардың репродуктивтік денсаулығы мен гендерлік теңдік мәселелері кеңінен талқыланды. Осы арада дәл осындай көкейкесті кездесуді өткізуге парламентшілер Қазақстанды текке таңдап алмағанын атап өткен жөн. Форумда алғашқылардың бірі болып сөз алған Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов:
– Атқарылған жұмыстардың арқасында Қазақстан заңнамалық құжаттардың тұжырымдамалық базасы бар, мемлекеттің гендерлік теңдікті дамыту бойынша стратегиялық қадамы нақтыланған аз елдің біріне айналды. Үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Қазақстан ұйымның негізгі дәстүрлері мен қағидаттарын және құндылықтарын басты назарында ұстап отыр. Мұнан да бөлек, Қазақстан еуразиялық кеңістікте кемелденіп келеді. Ұйым қызметінің ең басты бағыттарының бірі гендерлік теңдікті жан-жақты дамыту мен бекемдеу болып табылады. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде “Гендерлік теңдікті және әйелдердің саясат пен қоғамдық қызметтерге араласуын алға жылжыту” атты қосымша отырыстар өткізгенін де атап өту қажет. Сондай-ақ, гендерлік сауалдар жөніндегі жеке өкілетті лауазымдық қызмет тағайындады, – деді.
Вице-спикер форумға қатысушылардың назарын Парламент депутаттары қабылдаған “Бала құқығы туралы”, “Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы”, “Еркек пен әйелдің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдігі туралы” заңдарға аударды. Қысқасы, ауқымды заңнамалық базасы бар бұл заңдардың бәрі де елімізде форум талқылап жатқан мәселелерді бір ізге түсіріп, реттеуге қол жеткізіп отыр.
Халықаралық басқосуда Халықтың қоныстануы мен дамуы жөніндегі Азия форумы төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Айткүл Самақова баяндама жасады. Оның баяндамасындағы Орталық Азия аймағындағы гендерлік теңдік, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудегі мәселелер Қазақстан үлгісінде құрылған.
Мәжіліс депутаты 13 мемлекеттің парламентшілері бас қосқан жиында Қазақстандағы биылғы маңызды оқиғалар легін қаперге сала келе, 1994 жылы Каирде болып өткен Халықты қоныстандыру мен дамыту жөніндегі халықаралық конференцияда (ХДХК) қабылданған іс-қимыл бағдарламасында көзделген мақсаттарды орындауда олқылықтар мен кемшіліктер әлі де орын алып отырғанын атады. Гендерлік теңдік және әйелдер құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық заңдар қабылдауда парламентшілердің рөлі зор екендігін алға тартты.
Дегенмен, Каир бағдарламасы қабылданған 16 жылдың бедерінде Орталық Азиядағы 5 мемлекетте еркек пен әйелдің теңдігіне қатысты талай жұмыстар атқарылды. Мысалы, Орталық Азиядағы елдердің ерекшелігі – көптеген елдермен салыстырғанда бұл мемлекеттердің әйелдері анағұрлым білімді әрі қоғамдық өмірде де, шешім қабылдау үдерісінде де көбірек еркіндікке ие. Алайда, гендерлік белгілер бойынша қысым көрсету әлі де, болса кең тараған. Әйелдердің өңірдің экономикалық және әлеуметтік өміріне неғұрлым кең әрі тең құқықты қатысуында елеулі кедергілер бар.
Сондай-ақ баяндама барысында Тәжікстанда депутат әйелдер саны өсіп келе жатқаны, Өзбекстан парламентінің 22 пайызын нәзік жандылар құрайтыны айтылды. Қазақстан Парламенті Мәжілісінде бұл көрсеткіш –14 пайыз.
Қаншама заңдар қабылданып, неше түрлі шаралар қолға алынып жатса да мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауда бір де бір мемлекет ең болмаса әйелдердің 30 пайыз қатысуын қамтамасыз ете алмай отырғаны сөз болды. Қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірде де гендерлік теңсіздік теңеле қоймаған.
Гендерлік ассиметрия еңбек рыногында да байқалады. Әдеттегідей, жұмыссыздардың көпшілігі әйелдер. Барлық елдерде әйелдердің номиналдық жалақысы ерлердің жалақысына қарағанда 30 пайызға аз.
Сондай-ақ парламенттік кездесуде жұмысқа қабілетті жастағы ер адамдардың өлімі жоғары екендігі де сөз болды. Форум көтеріп отырған мәселе де осы. Әлеуметтік жағдайдың жақсарғанына, экономикалық өрлеулерге қарамастан, халықтың репродуктивтік денсаулығы төмен. Экологиялық мәселелер мен ауыз судың нашарлығы, жанкүйзелісі адамдардың арасында белсіздік пен бедеулік дерттерін асқындырып отырғаны алаңдатады. Нақты шаралар қабылданып жатқанына қарамастан, зорлық-зомбылық жайы да кейбір елдерде көкейкесті күйінде қалып отыр. Ал Қазақстанда әйелдерге қатысты құқық бұзушылық көрсеткіші соңғы жылдарда бір деңгейде тұрғанымен, іс жүзінде жағдай басқаша екені айтылды. Отбасында зорлық көрген әйелдердің басым бөлігі көпшіліктің талқысынан қашып, құқық қорғау органдарына хабарласа қоймайды.
Айткүл Самақова осы мәселелерге қатысты елімізде кешенді әлеуметтік зерттеулер жүргізілгенін баяндады. Және жуырда ғана халықаралық Үкіметтік емес ұйымдардың “Бүкіләлемдік экономикалық форумы” “Жаһандық гендерлік айырмашылық – 2010” атты есебін жария еткен. Бұл баяндамада 134 елдің гендерлік мәселелерінің жағдайына баға берілген. Гендерлік жағдайлар төрт көрсеткіш бойынша бағаланып, Қазақстан осы бағанда 41-ші орында тұр екен. Және еліміз бұл көрсеткіште Еуропалық Одақтың 14 елін, оның ішінде Франция, Италия, Венгрия мемлекеттерін кейінге ысырған. Қырғызстан 51-ші орында болса, Тәжікстан 89-шы болып тұр. Бұл көрсеткіштің өзі де Орталық Азия елдеріндегі гендерлік жағдай түрлі сипатта екенін айғақтайды.
Қысқасы, парламентшілер талқылайтын тақырыптар жеткілікті. Осы шараның өзі ХДХК іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде гендерлік мәселелер бойынша Орталық Азия елдеріндегі ер және әйел парламентшілердің арасындағы түсіністікті жақсартуға бағытталып отыр. Сондықтан да форумға аталған мәселелерді шешуде ер парламентшілердің көбірек қатысуы қарастырылған.
Алматыдағы басқосуға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстанның және Қазақстанның парламенттік делегациялары, Азия-Тынық мұхит аймағы, Шығыс Еуропа мен Жапония парламентінің өкілдері қатысуда.
Көтерілген мәселелерді кешенді тұрғыда қарастыру үшін форумға репродуктивтік денсаулық пен гендерлік мәселелер саласында жұмыс істейтін басқа да ұйымдардың өкілдері шақырылған.
Екі күндік парламенттік кездесудің нәтижесінде мәлім етілген ақпараттар жинақталып, тәлімді тәжірибелер мен ұғынықты ұсыныстар баяндама тұрғысында қорытындыланып, мүдделі тараптарға таратылатын болады.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
-------------------------
Суреттерді түсірген Айтжан САЛЫҚҰЛЫ.