Біздер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері жуықта ғана Астанада болған ХҮІ сессияға қатысып қайттық. Елбасының татулық пен бірлікке қатысты айтқан сөздерін тыңдап, тағы да бір рет тәнті болдық. Сондықтан, бүгін мен өзімнің осы форумнан алған әсерімді, ойда жүрген кейбір пікірлерімді білдірсем деймін.
Біріншіден, Алланың қолдауымен, Президенттің бастамасымен құрылған Ассамблея – халықпен ақылдасып отыратын қоғамдық институт екені рас. Жылына бір рет сессия шақырылып, Елбасы жиналған түрлі этнос өкілдерімен ақыл қосып, елімізде тыныштықты сақтау жөнінде бағыт-бағдар береді. Осы Ассамблеяның құрамында бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі және үш облыстың бас имамдары ғана бар. Міне, осы қатарда болғаным маған жүктелген үлкен міндет қой деп ойлаймын.
Жалпы, құрылғанына 15 жыл болған Ассамблеяның беделі мен құқықтық негіздері жылдан жылға артып келеді. Бұл форум – жай ғана этностар пікір алысатын орын ғана емес, оның қатарынан Парламент депутаттары таңдалып алынуы, әрбір этносқа сондай мүмкіндік беру оның мәртебесін көтере түсті деп санаймын. Биылғы сессияда Ассамблея мүшелерінің бірнешеуіне бірінші рет ел бірлігіне қосқан үлесі үшін Алтын медальді Елбасы өз қолымен тапсырды. Мұның өзі де қоғамдық институттың беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Екіншіден, осындай ұлан байтақ елдегі жүзден астам этностың татулығына, бірлігіне нақты жағдай жасалды. Ол қағаз жүзінде ғана емес, өмірде іске асырылып отыр. Этностардың өз ана тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын дамытуға тең жағдай жасалды. Ассамблеяның ХҮІ сессиясында Елбасымыз тіл мәселесін тағы да баса айтты. Арманым сол – мен қазақша сөз сөйлегенде басқа этностар да түсініп отырса, деді. Яғни, басқа ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді меңгерсе деген ой айтылып келеді. Әрине, этностар өз ана тілдерімен қоса, қазақ тілін меңгерсе нұр үстіне нұр. Алла нәсіп етсе, ондай күнге де жетерміз.
Кеңпейіл біздің ағайындар қиын-қыстау кезде келген өзге ұлттар өкілдерін бауырына басты. Бұл бабалардан келе жатқан жақсы дәстүр еді. Енді жаңа пішінде қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, сол арқылы олардың басын біріктіріп отырмыз. Оның бәрі дұрыс. Бірақ солай екен деп өзіміздің тілімізді, дінімізді, ділімізді ұмытпауымыз керек. Қарағанды сияқты көп этнос орналасқан жерде жүргендіктен, мен күнделікті өмірде көп жағдайларды байқаймын. Кезінде билік басында болған, оқып-тоқығаны бар азаматтардың өзі балаларымен, немерелерімен орысша сөйлеседі. Бұрын қазақша білетіндер сол бетінше ұрпақтарын қазақша тәрбиелеп жатыр. Ал орысша сөйлейтіндері сол баяғы қалпы. Санада еш өзгеріс жоқ. Осылайша қазақ екіұдай болып, екіге бөлініп бара жатқан тәрізді. Мен осыған алаңдаймын. Тіпті қазақша әрең сөйлейтін қазақ мектебінің директорын да білемін. Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады.
Әрине, қазақ тіліне, салт-дәстүрге бетбұрыс бар. Тәуелсіздік кезінде туған 20 жасар жігіттеріміз бен қыздарымыз қазақша білмегені қиын-ақ. Кейбір балабақшалар тәп-тәуір қазақша тәрбие береді. Бірақ ол мектепте жалғасын таба ма, ол жағы белгісіз. Биылдан бастап мектептерде дінтану сабағы жүре бастады. Ол жалпы діндердің тарихымен таныстырады. Исламның құндылықтары толық айтылмайды. Үзіп-жұлып шолу жасалады. Одан пайда бар ма, онысын білмедім. Менің ойымша, кейінгі ұрпақты діннен алшақ ұстаудың пайдасы шамалы. Әйтеуір баяғы мектеп діннен бөлінген деген сылтау бар. Ал барлық қылмыс, бұзақылық, маскүнемдік, жезөкшелік сол дінсіздіктен болып жатқанын ойласақ етті. Еуропа елдері өздерінің дәстүрлі діндерін дамыту үшін қор құрып, ірі компаниялардан қаржы жинап отырады екен. Олар мемлекеттің тұрақты дамуына дәстүрлі діннің пайдасы бар екенін біледі. Қазақстанда биыл “Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры” құрылды. Соған үлкен үміт артамыз. Жалпы, балаларымыз діндар болып кетеді деп қорыққанша, оларды жаман жолға жібермеуді ойлайық.
Сөзден сөз шығады. Діннің – қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда, елді бірлікке шақыруда орны ерекше. Бір дінде болған елдің бірлігі де мықты. Еліміздегі халықтың 70 пайызы мұсылмандар дейміз. Ендеше, сол мұсылмандар арасындағы ынтымақ зор болуға тиіс. Қазір ислам дініндегілердің өзі түрлі бағыттарға бөлініп жүргені өтірік емес. Сол себепті шілде айының 23-інен бері Қарағандыдағы №1 орталық мешіттің бастауымен, облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен “Бірлігіміз жарасқан бір ел, бір мазһабпыз!” атты облыстық акция өткізіліп келеді. Осы акция барысында “Исламдағы бірлік” тақырыбында үгіт-насихат жүргізіліп, арнайы топ облыстың бүкіл қалалары мен аудандарын аралап шықты. Әңгіме өзегі – ислам дініндегі өзара бірлік Қазақстан халқының татулығы, басшыға бағыну, діни басқарманың пәтуаларын басшылыққа алу тұрғысында болды. Бұл топқа облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері де қатысты. Орталық мешіт өз тарапынан “Пайғамбарымыздың намазы” атты әдістемелік кітапша шығарып, жамиғатқа таратты. Онда ханафилік мазһабтың ерекшеліктері түсіндіріледі. Облыстық деңгейде “Бірлігіміз жарасқан!” атты шығарма бәйгесі жарияланып, оның қорытындысы Қадір түні шығарылды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді. “Қазақстан – Қарағанды” телеарнасы арқылы бір ай бойы “Бірлігіміз жарасқан бір ел, бір мазһапыз!” деген әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді. Мұның барлығы облыс мұсылмандарын бірлікте болып, бір мазһабта болуға шақырған шаралар еді.
Әрине, бірлігі мықты елдің болашаға зор. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХҮІ сессиясында осы мәселе баса айтылды. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір мүбәрак хадисінде: “Адамзат атаулы бір кеменің жолаушылары тәрізді. Сол кемедегі тепе-теңдік барлық жолаушыларға байланысты”, деген екен. Ендеше, Қазақстандағы тепе-теңдікті, бірлікті, татулықты сақтау баршамызға қатысты. Соның ішінде мұсылман жамиғатқа да байланысты. Дініміз қанатын кең жайып, мүминдеріміз бейбіт күнде өмір сүруге Алла нәсіп етсін!
Наурызбай қажы ӨТПЕНОВ, ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкіл имамы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.