30 Қазан, 2010

Ислам – тұрақтылық тірегі

576 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Біздер, Қазақстан халқы Ас­сам­­блеясының мүшелері жуықта ғана Астанада болған ХҮІ сессияға қа­ты­сып қайттық. Елбасының тату­лық пен бірлікке қатысты айтқан сөздерін тыңдап, тағы да бір рет тәнті болдық. Сондықтан, бүгін мен өзімнің осы форумнан алған әсерімді, ойда жүрген кейбір пікір­лерімді білдірсем деймін. Біріншіден, Алланың қолдауы­мен, Президенттің бастамасымен құрылған Ассамблея – халықпен ақылдасып отыратын қоғамдық институт екені рас. Жылына бір рет сессия шақырылып, Елбасы жиналған түрлі этнос өкілдерімен ақыл қосып, елімізде тыныш­тықты сақтау жөнінде бағыт-бағдар береді. Осы Ассамблеяның құра­мында бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі және үш облыс­тың бас имам­дары ғана бар. Міне, осы қатарда бол­ғаным маған жүктелген үлкен міндет қой деп ойлаймын. Жалпы, құрылғанына 15 жыл болған Ассамблеяның беделі мен құқықтық негіздері жылдан жылға артып келеді. Бұл форум – жай ғана этностар пікір алысатын орын ғана емес, оның қатарынан Пар­ла­мент депутаттары таңдалып алынуы, әрбір этносқа сондай мүм­кіндік беру оның мәртебесін көтере түсті деп санаймын. Биыл­ғы сес­сия­да Ассамблея мүшелері­нің бір­нешеуі­не бірінші рет ел бірлігіне қосқан үлесі үшін Алтын медальді Елбасы өз қолымен тапсырды. Мұ­ның өзі де қоғамдық институт­тың беделінің артып келе жатқанын көрсетеді. Екіншіден, осындай ұлан бай­тақ елдегі жүзден астам этностың татулығына, бірлігіне нақты жағдай жасалды. Ол қағаз жүзінде ғана емес, өмірде іске асырылып отыр. Этностардың өз ана тілін, мәде­ниетін, әдет-ғұрпын дамытуға тең жағдай жасалды. Ассамблея­ның ХҮІ сессиясында Елбасымыз тіл мәселесін тағы да баса айтты. Арманым сол – мен қазақ­ша сөз сөйлегенде басқа этностар да түсініп отырса, деді. Яғни, басқа ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді меңгерсе деген ой айтылып келеді. Әрине, этностар өз ана тілдерімен қоса, қазақ тілін мең­герсе нұр үстіне нұр. Алла нәсіп етсе, ондай күнге де жетерміз. Кеңпейіл біздің ағайындар қиын-қыстау кезде келген өзге ұлт­тар өкілдерін бауырына басты. Бұл бабалардан келе жатқан жақ­сы дәстүр еді. Енді жаңа пішінде қо­ғам­дық институт – Қазақстан хал­қы Ассамблеясын құрып, сол ар­қылы олардың басын біріктіріп отыр­мыз. Оның бәрі дұрыс. Бірақ солай екен деп өзіміздің тілімізді, дінімізді, ділі­мізді ұмытпауымыз керек. Қара­ған­ды сияқты көп этнос орналас­қан жерде жүрген­діктен, мен күнделікті өмірде көп жағ­дай­ларды бай­қай­мын. Кезінде билік ба­сын­да болған, оқып-то­қығаны бар азамат­тар­дың өзі балалары­мен, не­ме­ре­лерімен орыс­ша сөйлесе­ді. Бұ­рын қазақша бі­ле­­тіндер сол бетін­ше ұр­­пақ­тарын қазақ­ша тәрбие­леп жа­тыр. Ал орысша сөй­лейтіндері сол баяғы қалпы. Са­на­­да еш өзгеріс жоқ. Осы­лай­ша қазақ екі­ұдай бо­лып, екі­ге бө­лініп ба­ра жат­қан тә­різді. Мен осыған алаң­даймын. Тіпті қа­зақ­ша әрең сөйлей­тін қазақ мектебінің ди­рек­торын да білемін. Мұндай мы­сал­дарды жүздеп келтіруге болады. Әрине, қазақ тіліне, салт-дәстүрге бетбұрыс бар. Тәуелсіздік кезінде туған 20 жасар жігіттеріміз бен қыздарымыз қазақша біл­мегені қиын-ақ. Кейбір балабақ­шалар тәп-тәуір қазақша тәрбие береді. Бірақ ол мектепте жалға­сын таба ма, ол жағы белгісіз. Биылдан бастап мектептерде дінтану сабағы жүре бастады. Ол жалпы діндердің тарихымен таныс­тырады. Ислам­ның құн­дылық­тары толық айтыл­майды. Үзіп-жұлып шолу жасала­ды. Одан пайда бар ма, онысын білмедім. Менің ойымша, кейінгі ұрпақты діннен алшақ ұстаудың пайдасы шамалы. Әйтеуір баяғы мектеп діннен бөлінген деген сыл­тау ба­р. Ал барлық қылмыс, бұза­қы­лық, маскүнемдік, жезөкшелік сол дінсіздіктен болып жатқанын ойласақ етті. Еуропа елдері өздері­нің дәстүрлі діндерін дамыту үшін қор құрып, ірі компания­лардан қаржы жинап отырады екен. Олар мемлекеттің тұрақты дамуына дәстүрлі діннің пайдасы бар екенін біледі. Қазақстанда биыл “Ислам мәдениеті мен білімін қол­дау қоры” құрылды. Соған үлкен үміт артамыз. Жалпы, балаларымыз діндар болып кетеді деп қорық­қанша, оларды жаман жолға жібермеуді ойлайық. Сөзден сөз шығады. Діннің – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау­да, елді бірлікке шақыруда орны ерекше. Бір дінде болған елдің бір­лігі де мықты. Еліміздегі ха­лық­­­тың 70 пайызы мұсылман­дар дей­міз. Ендеше, сол мұсыл­мандар ара­сынд­ағы ынты­мақ зор болуға тиіс. Қазір ислам дінін­дегілердің өзі түрлі бағыттарға бөлініп жүр­гені өтірік емес. Сол себепті шілде айы­ның 23-інен бері Қараған­дыдағы №1 орталық ме­шіт­тің бас­тауымен, облыстық ішкі саясат бас­қарма­сының қолдауы­мен “Бір­лігіміз жарасқан бір ел, бір мазһаб­пыз!” атты облыстық акция өткізіліп келеді. Осы акция бары­сында “Ислам­дағы бірлік” тақы­ры­бында үгіт-насихат жүр­гізіліп, арнайы топ облыстың бүкіл қалалары мен аудандарын аралап шықты. Әңгіме өзегі – ислам дініндегі өзара бірлік Қазақстан халқының татулығы, басшыға бағыну, діни бас­қар­маның пәтуа­ларын басшы­лыққа алу тұр­ғы­­сында болды. Бұл топқа об­лыс­тық ішкі саясат басқар­масы­ның қыз­меткерлері де қа­тысты. Орта­лық мешіт өз тара­пынан “Пай­ғам­барымыздың намазы” атты әдіс­темелік кітапша шыға­рып, жами­ғат­қа таратты. Онда хана­филік маз­һаб­тың ерек­шелік­тері түсін­діріледі. Облыстық дең­гейде “Бір­лігіміз жарасқан!” атты шығарма бәйгесі жария­ланып, оның қоры­тындысы Қадір түні шығарылды. Жеңім­паз­дарға баға­лы сыйлықтар берілді. “Қа­зақ­стан – Қарағанды” теле­арна­сы арқылы бір ай бойы “Бірлі­гіміз жарасқан бір ел, бір мазһа­пыз!” деген әлеу­меттік бейнеролик­тер көр­сетілді. Мұның барлығы об­лыс мұсыл­ман­дарын бірлікте бо­лып, бір маз­һабта болуға шақырған шаралар еді. Әрине, бірлігі мықты елдің болашаға зор. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХҮІ сессия­сын­да осы мәселе баса айтылды. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір мүбәрак хадисінде: “Адамзат атаулы бір кеменің жолаушылары тәрізді. Сол кемедегі тепе-теңдік бар­лық жолаушыларға байланыс­ты”, деген екен. Ендеше, Қазақ­стандағы тепе-теңдікті, бірлікті, татулықты сақтау баршамызға қатысты. Соның ішінде мұсылман жамиғатқа да байланысты. Дініміз қанатын кең жайып, мүмин­деріміз бейбіт күнде өмір сүруге Алла нәсіп етсін! Наурызбай қажы ӨТПЕНОВ, ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкіл имамы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.