Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы Құсайынов пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің Оңтүстік Қазақстан облысында “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізінің құрылысы және осы өңірде магистраль салу үшін жер телімдерін сатып алу туралы ағымдағы жылдың 29 қазанында “Астана – Шымкент” телекөпірі барысында айтылған тапсырмалардың орындалуы жөнінде баяндамаларын тыңдады, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Министр А.Құсайынов пен әкім А.Мырзахметов жол құрылысы үшін қажетті жер учаскелерін сатып алу кестесінің әзірленгені туралы баяндады. Негізгі проблема – 232 км. автожолының 202 км.-і бос, яғни жұмысты бастауға болады, ол жүзеге асырылады. Қалғаны 30 км. – олардың 2/3 бөлігін сатып алу кесте бойынша 15 желтоқсанда аяқталады. Ал сот процедураларына байланысты мәселелер 10 наурызға дейін аяқталады”, деді А.Құсайынов.
Бұған қоса, ол 22 км. жолды құрайтын жер телімі бойынша қиыншылықтар үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанына дейін жойылатынын айтты. Қалған 8 км. жер бойынша мәселе 2011 жылғы наурызға дейін шешіледі. Осылайша, ХКД құрылысы мен қайта жаңарту бойынша жұмыстар ағымдағы жылдың желтоқсанында басталатын болады.
А.Құсайынов сондай-ақ, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жобасын іске асыру жөніндегі жұмыстардың Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында кестеге сәйкес жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов дайындық жұмыстары, мердігер ұйымдарды тексеру мен жұмылдыру туралы, сондай-ақ қажетті құрылыс материалдарының бар екендігі туралы хабарлады. Бүгінгі таңда біздің облыста жобаны іске асыру үшін ешқандай проблема жоқ, деді А.Мырзахметов.