02 Қараша, 2010

Ел болашағының көкжиегін айқындаған

535 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде дүниені екіге жарып, социализм мен капи­та­лизм жүйесі құрылды.Соның негізінде жанта­ласа қарулану басталды. Бұл адамзат үшін өте қауіпті еді. 1975 жылы Еуро­па­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы құрылып, бірі-біріне қарама-қарсы НАТО мен Варшава шарты әскери блок­тарына кірген мемлекеттер түрлі мәселе төңірегінде өз ұстанымдарын анықтады, өзара түсіністікті дамытуға бәтуа­ласты, бейбіт қатар өмір сүруге келісті. Кеңес Одағының құрамында болған кезде бұл Ұйымға Қазақстан кірген жоқ, барлық мәсе­лені Мәскеу шешіп келгені белгілі. Ал тәуел­сіздігімізді алғаннан кейін алғашқылардың бірі болып осы Ұйымға мүшелікке өттік. Осынша байтақ жері, оның асты-үсті байлығы болғанымен, да­мы­ған елдермен салыстырғанда, экономикасы әлі әлсіз жас елге қорғаныш, көмек керек бол­ған соң, осылай қауіпсіз­ді­гі­міз­ді қам­та­масыз еттік. ЕҚЫҰ да Қазақстанды өзі­нің қатарына ашық қабақпен, жақсы тілекпен қабылдады. Онда Қа­зақстанның, оны басқарып отыр­ған Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың еңбегі, маңдай тері де аз емес еді. Ата-бабаның қанымен, жаны­мен қор­ғалып қалған кең байтақ жерді сақтау, оның қорғанысын кү­шейту ісіне Елба­сы­мыз тәуелсіздік алған күннен бастап кіріс­ті, ол бүгінге дейін жалғасын табуда. Әлем­ді тітіренткен аса қауіпті ядро­лық қарудан өз еркімен бас тартты. Мұндай қадам әлі та­рихта болып көрген жоқ. Ал халықара­лық аре­на­ға жаңа шыққан, әлемге әлі танымал емес жас Қазақстан мемлекетінің тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев өз халқының бола­ша­ғы үшін кемең­гер­лік­пен осындай шешімге барған еді. Қа­зақ­стан ядролық қаруы бар елдер қатарынан шығып, өзінің бейбітшілік сүйгіш, демо­кратиялық ел екенін әлемге паш етті. Аме­рика мен Еуропаның азуын айға білеген дамыған елдерін бұл шешім таңғалдырмай, әрі бүкіл әлемді сүйсінтпей қойған жоқ. ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық Ұйым­ның құрамына кіру және оның төрағалығына отыру жас мемлекетке оңай­ға түскен жоқ. Ол ал­дымен өзінің қандай ел екенін әлемге дәлел­деді. Біздің мем­лекет өзіне сын тезі болған қиын­дық­тар­дың барлық сатысынан өтті және Тұңғыш Президенттің арқасында сәтті өтті. 18-19 жылдың ішіндегі Қазақстанның өсу үдері­сін бесіктегі баланың кәмелетке толып ер жет­ке­ні­мен салыстыруға болар еді. Ірі держава кезін­дегі тұтасқан экономикалық бай­ланыстардың үзіліп, теңізге шыққан жалғыз қайықтай немесе алтын жұмырт­қаның үстінде отырып, жетімнің күйін кешкен нарықтың алғашқы жылдары қазақстандықтардың есінде болар. Жанар-жағар майдың тапшылығы, электр жарығының жоқтығы, үдере көшкен ауыл, жұмыссыздық, ала дорба асынған ауыл әйелдері, тіпті азық-түліктің аздығы Қазақстанның басынан өткен зор қиындықтардың көрінісі болатын. Бұл тәуелсіздіктен кейінгі экономикалық дамуы­мыздың бірінші сатысы еді. Дамудың екінші сатысында халықтың қар­ны тойып, дағдарған күндер артта қал­ды. Жұрт ептеп нарықтық экономиканың не екенін түсінді, өз бетінше тірлік құрып, масылдық пси­хо­логиядан арыла бастады. Шағын және орта бизнесті дамытуға күш салынды. Ал Қа­зақ­стан дамуының үшінші сатысында ірі-ірі инновациялық-инвести­циялық жобалар жүзеге асып жатыр, Қа­зақстан бұрынғы Кеңес Одағы­ның құрамын­да болған елдер арасында эко­но­ми­калық және саяси-әлеуметтік жетістік­тері жағынан көш бастады. Мұндай қиын­дық­тарды Кеңес Одағы құрамында болған республика­лар­дың барлығы да бастан кешті. Бірақ ол елдер сол ауыртпалықтың бірінен өтсе, бірінен өте алмады, қақ­ты­ғыстар, қантөгістердің болып жатқаны да жасырын емес. Еуропа елдері мен ЕҚЫҰ он тоғыз жыл бойы Қазақстанның даму үдерісін, елі­міз­дегі саяси, экономикалық, әлеуметтік ре­фор­малар­дың қалай жүзеге асып отырған­ды­ғын зерттеп, бақылап отырды. Әсіресе, Тәуелсіз Мемлекет­тер Достастығы елдері­нің өз ішіндегі ұлттық қауіпсіздікті қалай сақтап отырғанын қатты қа­дағалады. Бас-аяғы жиырма жылға толмайтын уақыт осы елдердің нарықтық экономика мен саяси тұғырнамасын қалыптастыра білуіне де сын болды. Бұл мәселеде де ЕҚЫҰ Қа­зақ­станның қадамдарын жоғары бағалады. Эко­­но­мика дамып, ха­лық­тың әлеуметтік тұр­мыс деңгейі жоғары­лады. Мысалы, бір Астана қа­ласының Еуразия тө­рінде тотықұстай құл­пы­рып өскені неге тұрады! Екіншіден, он тоғыз жыл ішінде жас мемлекетте бірнеше сайлаулар өтті. Соның барлығы да халық­ара­лық демократия өл­шем­деріне сай келді. Енді ЕҚЫҰ сияқты бе­делді халық­аралық ұй­ым­дар, дамыған держа­ва­лар Қазақстанды сырттай бақылағанын қой­ып, онымен санасып, әріптес ел деп тани бастады. Қазір Қазақстанды көп ел, халықара­лық ұйым­дар Жер шарындағы болашақ өмірдің, ты­ғырыққа тірелген мемлекеттерді қиыншылық­тан шығарудың бір тірегі болады деп үміт артып отыр. Оның негізі – еліміздегі энер­гиялық қор, қысқасын айт­қанда, жеріміздің ас­тындағы мұнай мен газдың молдығы. Біздің же­ріміздің бұл байлығы әлемдегі көптеген ел­дердің энергетикалық проблемаларын да шешетін болады. Бұл – бір. Екіншіден, еліміздің Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясаты арқасында Қазақстан сыртқы көп векторлы саясат жүргізе білді. Мұхиттың арғы жағындағы, бергі жағындағы елдер­мен, кешегі қазанымыз ортақ болған рес­пуб­ликалармен, көршілерімізбен қарым-қаты­нас орнаттық. Олардың әрқайсымен жеке саясат ұстанып келеміз, көмек те береміз, керегімізді де аламыз. Солай ете отырып, сыртқы және ішкі саясатымыздың басты діңгегі – ұлттық қауіпсіздігімізді сақтап қаламыз. Экономикалық және саяси дамуымыз­ды да шебер ұштастыра білдік. Оның та­ма­ша үлгісін Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың саясаты әлем жұртына паш етіп отыр. Мысалы, он тоғыз жылда Қазақ­станда бір ұлтаралық қақтығыс немесе діни алауыздық көрінісі орын алған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаты осы кең байтақ елді мекендеп отырған түрлі этностарды да, түрлі діни сенімдегі адамдарды да бір бағытқа салды. Қазақстан хал­қы Ассамблеясы біздің Елбасымыз сая­са­тының кемелдігін білдіреді. Соның ар­қа­сында еліміз бейбітшілік, тыныштық ме­кеніне айналды. Қазақстанның Конститу­циясы мен заңдары арқылы еліміздің әр азаматының ұлтына, діни сеніміне қара­май, олардың өмір сүруіне, елді мекен­деуі­не, білім алуына, жұмыс істеуіне, ана тілін дамытуына, сайлануына, таңдау жасауына, бір сөзбен айтқанда, Қазақ­станның барлық құқығын бірдей пайдалануға жағдай туғы­зылды. Бұл да қазақстандық демократия­ның үздік үлгілерінің бірі. Еліміздегі әлеуметтік жағдай да Қазақ­стан­ның барлық азаматына бірдей жасала­ды. Мы­салы, зейнетақы, көп балалы ана­лар­ға беріліп отырған жеңілдіктер, мүге­дек­терге жасалатын қамқорлық пен көмек, мемлекеттік марапат бе­ріл­генде де ешкім­нің ұлты мен діни көзқара­сын алалап отыр­ған жоқ. Ал мұндай жағдай айнала­мыз­дағы елдердің барлығынан бірдей табыла бер­мейді. Толеранттылық – біздің елдің сырт­қы және ішкі саясатындағы негізгі әрі ең үздік бағытының бірі. Өзге елдермен қарым-қатынас жасаймыз, бірақ оның ішкі саяса­тына, тіліне, дініне қатыс­ты мәселелерге кіріспейміз. Толерант­ты­лық, яғни төзімділік – азаматтық ұс­таным. Қазақстандағы этнос­тар бір мем­ле­кет­тің адамдары екенін, бір заңға бағы­на­тынын, алға қойған мақсаттарға жету үшін бір жол­мен жүріп келе жатқанын түсінеді. Біздің елде тұрып жатқан сан этнос өз тілін, мә­де­ние­тін, салт-дәстүрін дамытуға зор мүм­кіндік ала отырып, Қазақстанның тілегін, ондағы татулықтың, достықтың арасына жік түспеуін тілейді. Балаларының болаша­ғы осы елде екенін біледі. Қазақстан­дағы ұлттық мәселе­лер еліміздің заңы арқылы қорғалады. Сонымен қатар, қоғамның әлеуметтік саласындағы өзекті мәселелердің шешімін та­буына қазақстандықтардың өзінің атса­лысуын қамтамасыз ету мақсатында елде үкіметтік емес ұйымдар құрылды. Олар елдегі проблемаларды Үкімет назарына алып шығады, олардың ше­шімін табуына қанатымен су сепкен қарлы­ғаштай себеп­кер болады. Міне, ҮЕҰ бұл күнде билік пен халықтың арасындағы алтын көпір міндетін атқарып отыр. Қазақстандағы бұл жақсы үрдіс те ЕҚЫҰ назарынан тыс қалмады. 90-шы жылдардың басындағы қиын кезеңде халық тәуелсіздікке қол жеткеніне қуанды, бір­ақ ыңыршағын айналдырған нарық қиын­дық­тарына атқарушы билік кінәлі деп түсінді. Ал жылдар өте экономи­камыз дамып, әлеуметтік тұрмыс жақсар­ған кезде нарық салған жүктің уа­қытша екенін түсініп, атқарушы билікке сенімі артты. Оған 2005 жылғы Президент сай­лауы куә. Сол сайлауда сайлаушылардың 93 пайы­зы Президент Нұрсұлтан Назар­баевты жақтап дауыс берді. Бұл тек Прези­дент­ке ғана емес, оның қол астындағы Үкіметке, жергілікті атқарушы билікке де артылған сенім болатын. Сол сенімнің ақтал­ғанына бүгін әлем куә деп айтсақ та артық емес. Тұрмыс күннен күнге жақ­сарды, экономика дамыды, елдегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш, бейбіт заманда балаларымыздың ертеңіне алаңдамай жүріп жатырмыз. Осының барлығын бақылап, көріп отырған Еуропа елдері мен Америка сияқ­ты алпауыттар Қазақстанды өзіне әріптес еткісі келді. Қазақ­стан олардың қолдауы­мен дүние жүзіндегі ең беделді Ұйымға төраға болды. ЕҚЫҰ-ның Қазақстанды осы Ұйымға төр­аға етуге келісім бергеніне тағы бір үлкен себеп бар. Кеңес Одағы және социалистік лагерь, оның ең үлкен әскери ұйымы Варшава шарты тарағаннан кейін Жер шарының кар­та­сында қауіпті аймақтар пайда болды. Бұл Орталық Азия мен Таяу Шығыс болатын. Ор­талық Азияда, яғни Қазақ­станда ядролық қару болды, ал Таяу Шығыс елдерінің барлығы да эко­но­микалық дамудан және саяси-демокра­тиялық үдерістерден артта қалды. Ауғанстандағы біт­пей­тін со­ғыс пен есірткі қаупі Еуро­па­ны алаң­датты. Бұл елдердің заңнамалық деңгейі, соған орай, адам құқығы мен бос­тандығы туралы мәсе­лелердің барлығы төмен дәрежеде болды. Адами өлшемнің ең төменгі көрсеткіші де Таяу Шығыс пен Орталық Азияда еді. Еуропа елдері мен ЕҚЫҰ осыншама қауіп­ті аймақта ор­на­ласқан Қазақстанның ай­наласындағы елдерден суы­ры­лып алға шығып, дұрыс, демократиялық даму жолы­на түскеніне куә болды. Олар Қа­зақ­станның соңғы уақытта экономи­ка­ны, саяси-демократиялық үдерістерді дамытуда қан­шалықты жетістікке жеткенін сырттай бақылап қана емес, өздері бізде өтіп жат­қан сай­лау сайын көзімен көріп отырды. Қазақ­станның осы аймақтағы қиыншы­лықтарды жеңіп шығу тетіктерін де жақсы білетіндігіне ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көзі жетті. Сондықтан олар осы Ұйымға Қазақстан­ның төрағалық етуіне келісім берді. Кешегі жас мемлекет – Қазақстан бүгін­­де Еуропаның төрінде жұртқа төрелік айтып отыр. Тоғыз айдың ішінде еліміз төраға мемлекет ре­тін­де жан-жақты жұ­мыстар жүргізді. Қазақстан ЕҚЫҰ қойып отыр­ған әскери-саяси, экономи­калық-экологиялық және адами өлшемдердің үшеуін де талқылауға, ол бойынша былай­ғы жұртқа төрелік айтуға да құқықтық жағынан дайын болып келді. Қазір осы үш өлшемге тоғысатын жұмыстарды жақсы жалғастырып отыр. Еліміз төрағалық еткен кезеңде Еуропа елдерінде біршама мә­селелерді көтерді. Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назарбаев барлық ядро­лық қаруы бар елдерге осы қаруды таратпауға идея айтып отыр. Көп уақыттан бері со­зыл­ма­лы ауру­дай қалмай келе жатқан алакөздіктер, қақ­тығыстар әлі де орын алып отыр. Мол­да­вия­дағы, Таулы Қарабақтағы, Ауған­стан­да­ғы, тағы басқа жерлердегі мәселелерді қайта көтеріп, көптің талқысына тағы салды. Ал Қазақстан көрші ағайын ел Қыр­ғызстандағы жағдайды жеңілдетуге өзі тікелей атсалысты. Ондағы ушыққан жағ­дайды азамат соғысына жеткізбеді. Қыр­ғыз­станның шекарасын ұстап қалды, оған халықаралық лаңкестік ұйымдарды жібер­меді, елге гуманитарлық көмек көрсетуде де үлгі көрсетті. Сонымен қатар, жақында болған парламент сайлауының мүмкінді­гін­ше конституциялық тұрғыдан заңды өтуіне де Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы және ағайын ел ретінде де консультациялық көмегін аяған жоқ. Бұрын ЕҚЫҰ негізінен бейбітшілік, қарулануды азайту, соғысты болдырмау мәселелеріне көңіл бөлсе, бүгінде уақыт бұл Ұйымның алдына өзекті деген басқа да мәселелерді көлденең тартып отыр. Тоғыз ай ішінде Қазақстанның ұйымдастыруымен өткен алқалы жиындарда ЕҚЫҰ-ның өлшемдеріне байланысты қарусыздану, лаңкестікпен, есірткі трафигімен күрес, экономикалық даму, ресурстарды басқару, еңбек көші-қонын реттеу, экологиялық проблемалар, діни толеранттылық сияқты өткір мәселелер қамтылды. Үстіміздегі жылғы желтоқсан айының басында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Он бір жылдан соң Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен өткелі отырған бұл жиыннан әлем халқының күтері көп. Енді “төрағалық, ЕҚЫҰ Саммиті Қа­зақ­станға не береді?” деген сауал замандас­тарымыздың көңілінде тұруы мүмкін. Қазақстанның және оның кемел саясатын жүргізіп отырған Президент Нұрсұлтан На­зарбаевтың халықаралық беделі бұрынғы­дан да арта түспек деп білемін. Желтоқсан­да өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының Астана Саммиті де Қазақстанды әлемге бұрынғыдан бетер танытады. Беделді елдің сөзін әріптес мем­лекеттердің барлығы да тыңдайды, сый­лай­ды. Соның арқасында еліміздің қорғанысы арта­ды, ұлттық қауіпсіздігімізге, тәуелсізді­гі­мізге қорқыныш тумайды. Алпауыт елдер Қазақстанға болашақта да инвестиция құю­ға сенім білдіреді. Сыртқы экономикалық бай­ланыстар желісі көбейе түседі. Ал инвести­ция­ның келуі – экономикамыздың бұрынғы­дан да дамуы, адамдардың әлеуметтік тұрмы­сының, өмірдің жақсаруы деген сөз. Бала­ла­рымыздың болашағы сенімді болады. Ендеше, болашағының көкжиегі айқын елде ғұмыр кешкен әр қазақстандық бақытты деп білемін. Михаил ДӘУЕНОВ, генерал-майор, профессор. Қостанай.