Лондонда Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан-Британ Сауда-өнеркәсіптік палатасы және “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ ұйымдастырған екі күндік Қазақстан бизнес форумы болып өтті. Форумның күн тәртібіне Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму нәтижелері және келешегі, Қазақстанның энергетикалық секторы: даму бағыттары, атомдық энергия және уран индустриясы инфрақұрылым және телекоммуникация туралы мәселелер қойылды. Форумды телебайланыс арнасы бойынша форум қатысушыларына бейнехабарламамен сөз сөйлеген Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ашты:
–Қазақстан-Британ сауда палатасы мен “Самұрық-Қазына” қорына осындай форумды ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Осы форумның Лондонда өтуінің маңызы зор, өйткені Лондон – бұл Қазақстан үшін көптеген маңызды шетелдік инвесторлардың орталығы және Лондон Сити қазақстандық компаниялар өзінің халықаралық капиталдандыруын арттыруға ұмтылатын орын. Сондықтан да, бұл көптеген мәселелер бойынша, оның ішінде әлемдік экономиканы экономикалық сауықтыру туралы пікір алмасатын саясаткерлер, бизнесмендер, сарапшылардың кездесуіне арналған алаң.
Көпшілікке белгілі, Қазақстан көптеген күрделіліктерге кездескенімен, бүгінде дағдарыстан кейінгі даму жолымен жүріп келеді. Дағдарыс кезінде коммерциялық банктерге қаржылық көмек көрсетілді. Сондай-ақ халықты қолдау, әлеуметтік маңызды міндеттерді шешуді қамтамасыз ету, елдегі тұрақтылықты сақтау үшін шаралар алдын ала қабылданды, шағын және орта бизнеске, агросекторға, инфрақұрылымға да көмек көрсетілді. Осы шаралар экономиканың тұрақты дамуына ықпал етті, қазір дағдарыстан кейінгі даму өте орнықты түрде өтіп жатқанын айтуға болады, мемлекет ұзақ мерзімді тұрақты даму мақсатын алға қойды, – деді Үкімет басшысы.
“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, “Самұрық-Қазына” қоры барлық ұлттық компаниялардың біртұтас “қол шатыры” рөлін атқаруда. Қордың капиталдандыруы елдің ІЖӨ-нің шамамен 30 пайызын құрайды”.
– Үкімет инвестициялық ахуалды, салық ахуалын жақсарту бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Кедендік одақ аясында инвесторларды тарту мүмкіндігі, сонымен қатар Қытай мен Қазақстан арасында сауда орталықтарын құру жөніндегі іргелі жобалар бар. Бүгінгі конференцияда инвесторлармен арадағы байланысымызды жандандыруға ұмтылудамыз, өйткені форумға әлемнің ірі компанияларының өкілдері қатысуда. Отандық банктер инвесторлармен борышты қаржыландыру, жобалық қаржыландыру мәселелері бойынша ынтымақтастыққа дайын. Біз Әбу-Даби билігімен ынтымақтастық байланыстарды жетілдірудеміз, Гонконг бойынша да жұмыс жүргізіліп, бірлескен қорлар құрылмақ. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, британдық компаниялардың бұл бағытта өте бай тәжірибесі бар, сондықтан олар Қазақстанды капитал салуға арналған тартымды орын деп бағалауына және біздің сенімді әріптес болатындығымызға үміттене алады, – деді қор басшысы өз ойын ортаға салып.
Форумның екінші күнінде оған қатысушылар Қазақстанның банк және қаржы секторларының тәжірибесі мен келешегі, Қазақстанда инвестициялау тәуекелдері мен мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты. “Банк және қаржы секторы – тәжірибе және келешектегі жобалар” төңірегіндегі әңгімеге “Самұрық-Қазына” қорының басшысы Қайрат Келімбетов, ҚҚА төрайымы Елена Бахмутова, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко, Еуропа Қайта құру және Даму банкінің Орталық Азия, Түркия, Шығыс Еуропа және Кавказ бойынша басқарушы директоры Оливье Декамп, Лондон биржасының басшысы Хавиер Ролет, Қазақстан-Әл Хилал банкінің төрағасы Прасад Абрахам, Халық банкінің басшысы Үміт Шаяхметова, UBS банкінің вице-президенті Ричард Ладдингтон, бұрынғы бірінші мемлекеттік хатшы және сауда жөніндегі Еуропалық комиссар лорд Питер Мандельсон қатысты.
Өз кезегінде Елена Бахмутова ҚҚА банктерді капиталдандыру, транзакция лимиті бойынша және тағы да басқа жаңа талаптардың енгізгендігін хабарлады. Сонымен қатар ол банк саласындағы тәуекелдердің алдын алу үшін ҚҚА жалғыз орган болмауға тиіс екендігімен келісті және жақсы дайындалған тәуекел-менеджмент және банктердегі корпоративтік басқару төңірегінде де өз пікірін білдірді. Халық банкінің басшысы Үміт Шаяхметова өз жетекшілігіндегі банктің дағдарыс кезіндегі стратегиясын тілге тиек етті: құрылыс секторы мен жылжымайтын мүлік нарығындағы агрессивтік саясаттан уақтылы бас тарту, әртүрлі секторға кредит беруді әртараптандыру бағытындағы ахуал көпшілік назарына ұсынылды.
“Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері” атты секцияға “Самұрық-Қазына” директорлар кеңесінің мүшесі Сэр Ричард Эванс, “Қазына Капитал Менеджмент” басқармасының төрағасы Абай Алпамысов, “Ситик Қазына” бірлескен қорының өкілі Фанглу Уанг, “Визор Капитал” инвестициялық банкінің басқарушы директоры Стефан Школьц, Король консулы Лорд Бреннан қатысып, инвесторлармен жұмыс істеудің келешегі төңірегінде ой қозғады. “Самұрық-Қазына” инвесторлармен жұмыс істеу үшін қандай мүмкіндіктер жасай алады, бірлескен қорлардың әрекеті және Қазақстанда инвесторлар үшін тартымды қандай жобаларды іске асыруға болатындығына форумда басты назар аударылды.
Қазақстан бизнес форумын қорытындылаған “Самұрық-Қазына” қорының басшысы Қайрат Келімбетов “Дағдарысқа қарсы бағдарламаның нәтижесінде Қазақстанның дағдарыстан шығып экономикалық дамудың жолына түскендігін және қазір елде облигациялар нарығы мен ІРО қатысты көтеріңкі жоспарлар бар екендігін” атап айтты. Шын мәнісінде де, тиімді және ашық жұмыс істеу үшін “Самұрық-Қазынаның” саясаты озық халықаралық практиканы тартуға негізделуде, талқылаулардың бірінде мұнай мен газдың, тау-кен өнеркәсібі мен уранның Қазақстан экономикасын дамытудағы рөлі туралы да атап көрсетілді. Австралия, Канада және Норвегия сияқты елдер де бұл бағытта озық тәжірибенің үлгісін көрсетуде. “Таяудағы онжылдықта Қазақстан да жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндігіне үміт мол. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, инвесторлармен байланыста ынтымақтастық одан әрі дами түсуде. Лорд Питер Мандельсон бүгін бізге Қазақстан мен Еуропаның арасындағы стратегиялық әріптестікке үміттенетінін айтты. Және осы үдерісте Ұлыбритания ерекше орын алады. Біз британдық әріптестерімізбен одан әрі жемісті ынтымақтастыққа сенеміз”, деп түйіндеді өз сөзін қор басшысы.
Сонымен, форумда Қазақстанда дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асырудың қорытындылары және отандық экономиканың даму келешектерінің кеңінен талқылануы көп нәрседен хабар берсе керек. Қазақстандық тараптың өкілдері дағдарыстан кейінгі Қазақстанда инвесторлар үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерді, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелерін бірінші әрі басты орынға шығаруының маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. “Дағдарыстан кейінгі әлем институты” қорының деректері бойынша мемлекет ең тиімді әрекет еткен өтпелі кезеңдегі елдердің тізіміне енгізілген. Өткен жылдың қорытындылары бойынша ішкі жалпы өнім нақты көрсетілімде 2008 жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға өсіп, ал өткен жылы өнеркәсіптік өндірістің көлемі 1,7 пайызға ұлғайды. Қазақстанның ІЖӨ өсімі 2010 жылғы бірінші жартыжылдықта 8 пайызды, өнеркәсіптік өндірістің көлемі 8,8 пайызды құрады.
Дағдарыс кезеңіне қарамастан, Қазақстан ұлттық экономикадағы инвестициялардың өсуін ұлғайтты: 2010 жылғы алты ай ішіндегі тікелей шетелдік инвестициялардың таза түсімдері 5 миллиардтан астам долларды құрады. 2009 жылдың ұқсас кезеңінде осы көрсеткіш 4,9 миллиард долларды құраған, бірыңғай кедендік кеңістік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашуда. Қазақстан өз нарығын 16 миллион тұтынушыдан 170 миллион адамға дейін кеңейтуде. Осылайша, Қазақстан Республикасы елдердің тікелей шетелдік инвестициялары үшін ең тартымды елдің бірі. Қазақстанда серпінді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру шеңберінде индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету ұйғарылуда.
Сала басшыларының пікірінше, негізгі бағыттардың бірі – өте қолайлы бизнес ортаны құру, қаржылық секторды нығайту және құқықтық жүйені жетілдіру. Қазақстан бизнес форумы қазақстандық және халықаралық іскерлік және үкіметтік топтар арасында ашық диалогта топталды. Басты міндеттерінің бірі Қазақстан туралы ең өзекті экономикалық және іскерлік ақпарат алу. Салалық секцияларда жобаларды бірлесіп іске асыру үшін шетелдік инвесторларды тарту мақсатында мұнай және газ, энергетика, инфрақұрылым, уран өнеркәсібі және қаржылық сектор саласындағы инвестициялық жобалар көрсетіледі. Қазақстан аумағында жобаларды іске асыратын шетелдік инвесторлар өздерінің Қазақстанда бизнесті жүргізу тәжірибесімен және Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық бойынша жоспарларымен бөлісті. Ал, мұның өзі кемел келешекке сенімді арттыратындығы сөзсіз.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.