“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті
Азиадаға 88 күн қалды
ҚОЛДАУ ӘРҚАШАН КЕРЕК
Қазір “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ алдағы жарысқа жан-жақты дайындалып жатыр. Бұл жұмыстардың бәрі 1 қарашадан бастап мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқартуға байланысты жасалып жатқан шараларға қарамастан күнтізбеге сәйкес тиісті деңгейде жүргізілуде. Жақында аталмыш дирекцияның Маркетинг және ақпараттық имидждік қолдау басқармасының бастығы Данияр ТЕБАЕВПЕН кездесіп, әңгімеге тартқанымызда ол соңғы кездері мынадай жұмыстардың атқарылғанын айтты.
– Азиада жақындаған сайын оған дайындықтың көбейетіні белгілі. Соңғы кездері басқарма қандай жұмыстарды атқарды, біз білмейтін қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Біздің басқарма Азиаданы сауатты жарнамалап, демеушілермен тығыз байланыста жұмыс істеу үшін құрылғанын білесіздер. Басқарманың бірінші бағыты, яғни Азиаданы маусым және желтоқсан айларында ақпараттық қолдау, жарысқа дайындықты насихаттауда медиа-жоспар әзірлеу бойынша жұмыстар істелініп жатыр. Сонымен бірге бізде жол медиа-картасы деген бағытымыз да бар. Онда Азия ойындарын жарнамалаумен бірге, халық арасында саламатты өмір салтын насихаттау қарастырылған. Ал басқарманың екінші бағыты, яғни маркетингтік жұмыста демеушілер мен әріптестер табуға баса назар аударылып отыр. Насихат жұмысы тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр дей аламын. Мәселен, 7 қыркүйек пен 30 қазан аралығында отандық және шетелдік мерзімді басылымдарда Ойындарға арналған көптеген материалдар шықты. Республикалық екі ірі басылым – “Егемен Қазақстан” мен “Казахстанская правдада” апта сайын Азиадаға арнаулы бет жарияланып тұрады. Ал телевизияға келсек, он ұлттық телеарна мен төрт операторлық кабельді телевидениеде 40 бейнероликтер, 9 имидждік шаралар мен 209 бейнесюжеттер жасау жоспарланған болатын. Қазір солардың бәрі істелініп жатыр.
– Азиадаға демеушілер тарту мәселесі қалай шешіліп отыр?
– Біздің жұмыстың тағы бір бағыты – демеушілер мен мүдделі әріптестер табу, олармен тиімді келісім-шарт жасау болғандықтан, осы жұмысқа басқарма құрылғаннан бері баса назар аударылуда. Әрине, Үкімет тарапынан Азиадаға қомақты қаржы бөлінді. “Самұрық-Қазына” қоры Ойындардың басты демеушісі болды. Дегенмен, Азиада кезінде іс-шараны ұйымдастыру және өткізу демеушілер мен серіктестер іздестіру, отандық кәсіпкерлерді осындай ірі шараға қатыстыру, оларды ынталандыру маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Сондықтан біз 15 мыңнан астам отандық шағын және орта бизнес өкілдеріне ұсыныстар жібердік. Шетелдік компанияларға да ұсыныстар таратылды. Қазір шетелдіктердің ішінде тағы екі компания демеуші болуға ынта білдіруде. Олар – “Phіlіps Electronіcs” және жапондық “Mіtsubіshі” компаниясы. Голландиялықтар “Медеу” мұз айдыны, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Алматы облысындағы шаңғы-биатлон стадионына жаңа құрал жабдықтар орнатып жатыр. Ал олардың дефибрилляторлары “Эйр Астана” әуе компаниясының борттарында тұр.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.
* * *
ИНТЕРНЕТ-БЕЙНЕАРНА БАР ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?
“Compass GmbH” маркетинг агенттігі Қазақстанға және 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өтетін Қысқы Азия ойындарына арналған интернет-бейнеарна ашқанын хабарлайды.
Осы жылдың 31 тамыз күні ресми түрде тіркелген бейнеарна 52 күннің ішінде Еуропа елдеріне кеңінен танылып үлгерді. Соңғы мәліметтерге қарағанда, оның “Көкжиекте – Қазақстан!” тақырыбындағы бейнесюжеттерімен қазірдің өзінде 97 334 адам танысқан. Соның ішінде бейнеарнаға кірушілердің көбі 12 қазан күні “Астана-Арена” стадионында Қазақстан мен Германия құрамаларының арасында өткен футбол матчына қызығушылық танытса, Германияның орталық телеарналары осы ойының алдында Қазақстанда Азиаданы өткізу үшін салып жатқан спорт нысандарының дайындығына жылы пікірлерін білдірді.
Қазір Германияның ақпарат құралдары Алматыда шаңғымен тұғырдан секіруге салынған халықаралық кешенінің, Солдат шатқалындағы шаңғы-биатлон кешені, қайта күрделі жөндеуден өтіп жатқан “Шымбұлақ” базасы мен “Медеу” мұз айдынының, Астанадағы велосипедшінің шлеміне ұқсас салынған республикалық велотрек пен коньки тебу стадионының құрылысын жоғары бағалауда.
“Алдағы кезде бейнеарнаны ағылшын тілінде де жасау жоспарымызда бар. Бейнеарнаны http: //www.youtube.com/user/Kasachtan Tourіsmus мекен-жайынан көрулеріңізге болады”, – дейді оның мамандары.
“Compass GmbH” маркетинг агенттігі.
Кельн, Германия.
* * *
ОНДЫҚҚА ТИГЕН ОН ӘН
Биылғы жылғы 24 тамызда Қысқы Азия ойындарына арналған әнұранның сөзі мен музыкасын жазуға байқау басталғаны белгілі. Әнұран алдағы Ойындардың бітімгершілік және топтастырушылық әлеуетін көрсетуге арналған. Байқау іріктеу кезеңі (байқауға жұмыстарды қабылдау) мен шешуші кезеңнен (жұмыстарды қарау және үміткерлерді анықтау) тұрды.
Байқауды өткізу туралы ережеге сәйкес әнұран Азиада іс-шараларында жеке және ұжымдық орындауға арналған ұзақтығы 5 минөттік музыкалық шығарма болуы керек. Байқауға қатысуға әнұран сөзінің тек түпнұсқалары қабылданды. Әнұран мәтіні қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылуы тиіс. Ән Азия олимпиялық кеңесінің конституциясына, философиясына, құндылықтарына, құқықтық, адамгершілік және өнегелілік нормаларына сәйкес келуі керек.
Бірінші кезеңде Ұйымдастыру комитетіне 105 байқау жұмысы келіп түсті. Олардың ішінде 49 ән қазақ, 45-і орыс және басқа тілдерді қамтыған 11 музыкалық композиция болды. Байқауға қатысқандардың ішіндегі жас мөлшері үлкені – Алматы қаласынан 72 жастағы зейнеткер, ал ең жасы Шымкент қаласынан 17 жасар оқушы.
Екінші кезеңде Байқаудың ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті. Білікті қазылар алқасы 10 үздік байқау жұмысын іріктеп алды. Олардың ішінде Ескендір Хасанғалиевтің “Азиада алауы”, Кеңес Дүйсекеевтің “Азиада-Қазақстан”, Нұржан Теңізбаевтың “Қазақстан”, Бақтияр Құсайыновтың “Ел намысы”, “Мистерионс” тобының “Азиада”, Мақсат Жәутіковтің “Спорт”, Естай Әлекеевтің “Алға, Қазақстан”, Дүйсенхан Сыздықовтың “Азиада алауы”, Иван Бреусовтің “Азиада” және Еркеш Шәкеевтің “Азиада” әні бар.
“Әрбір байқау жұмысын біз жеке-жеке қарадық. Жалпы алғанда, музыкалық композициялар бір-біріне ұқсамайтын, қызықты болды. Біз орындаушылар мен композиторлардың шығармаларға жаңа қырынан келгенін байқадық. Бірақ көптеген әндерде әнұранға тән салтанаттылық байқалмады, кейбір музыкалық жұмыстарда, өкінішке орай, көтеріңкілік болмады. Ұзақ пікірталас пен талқылаудан кейін біз қазақстандықтардың өздері Азиаданың әнұраны ретінде таңдап алатын 10 үздік композицияны іріктедік, - дейді Азия ойындарының ресми әнұранын жазуға арналған байқаудың ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, эстрада әншісі, композитор Жеңіс Сейдолла.
Азиаданың әнұраны осы 10 жұмыстың ішінен смс-дауыс беру арқылы іріктелетін болады. 1 қарашадан бастап “Қазақ радиосы”, “Радио NS”, “Сәлем радиосы” эфирлерінде дауыс беру басталды. Онда әрбір қазақстандық өзінің пікірі бойынша Азиаданың әнұранына лайық деп ұнатқан музыкалық композициясына Азиаданың ресми ұялы байланыс операторы Kcell компаниясы ұсынған 1212 нөміріне смс жіберу арқылы дауыс бере алады.
Дауыс беру 20 қарашаға дейін жалғасады. 1 желтоқсанда Азиаданың ұйымдастыру комитеті отандастарымыздың таңдауы бойынша Азиаданың ресми әнұраны болып табылатын музыкалық композицияны жария етеді.
Байқаудың серіктестері Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері, GSM Қазақстан/Kcell ұялы байланыс операторы, “Қазақстан” РТРК”, “Мирас спорт” ҚҚ болды.
* * *
МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ
Қысқы Азия ойындарында қандай қызметтер көрсете алады?!
Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті Азиаданың Медициналық қамтамасыз ету бағдарламасы мен допингке қарсы бағдарламасын әзірлеп, бекітті.
Атап айтқанда, допингті бақылау қызметінің ұйымдастыру құрылымы құрылды. Қазіргі уақытта оны қадағалаудың 30 инспекторы мен 81 көмекшісі іріктеліп, дайындықтан өтті.
Ойындарды ұйымдастыруға жұмылдырылған әрбір спорт нысанында халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес тиісті жабдықтармен допингті бақылау стансалары орнатылатын болады. Әлемдік рекорд пен Азия рекордын жаңартқан барлық спортшылар, медаль иеленгендер, сондай-ақ алдын ала және шешуші жарыстар кезінде кездейсоқ іріктелген спортшылар міндетті түрде допингтен тексерілу тестінен өтетін болады. Қадағалау мен бақылау алдын ала ескертусіз кез келген жерде және кез келген уақытта өткізіледі.
Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес спортшыларға, Ойындардың отбасы мүшелеріне және басқа да тіркелген адамдарға тегін медициналық қызмет көрсетуді көздейтін Астана қаласындағы алты және Алматы қаласындағы он медициналық ұйымымен шарт жасалды.
Санитарлық шаралар мен тұмау, аллергияға көмекке арналған медициналық пункттер жарыстарды өткізу орындарында, спортшылар мен аккредитацияланған адамдар тұратын қонақ үйлерде, баспасөз орталықтарында және Ойындардың іс-шаралары ұйымдастырылған басқа да жерлерде 2011 жылғы 15 қаңтардан 15 ақпанға дейін қызмет көрсетеді.
* * *
Тимоти Фок, Азия олимпиялық кеңесінің вице-президенті:
ДАЙЫНДЫҚТАРЫҢЫЗ ЖАҚСЫ ЕКЕН!
Жақында елімізге Азия олимпиялық кеңесінің делегациясы келіп, Астана мен Алматыда Азия ойындарына арналған спорт кешендерінің құрылысымен танысты.
Астанада құрлықтық ұйымның құрметті қонақтарын Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев, “2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-пен қалалық әкімдіктің өкілдері спорт нысандарына алып барды. Содан кейін АОК вице-президенті Тимоти Фок, осы ұйымның спорт комитетінің төрағасы Джан Джилонг, Азия ойындары департаментінің жетекшісі Хайдар Фарман, Халықаралық және ұлттық олимпиялық кеңесінің жетекшісі Лиу Вей Азиаданы ұйымдастыру комитетінің дирекциясына келіп, құрылыс нысандарының дайындығына ризашылығын білдірді.
Осы жерде Т.Ермегияев пен дирекция басшылары және үстел басында әңгіме қозғаған қонақтар ойындарды ұйымдастыру, көлік құралдары қызметінің жүйесі, медициналық тексеру, антидопинг, жарысқа тіркеу, спорт ордаларының құрылысы біткен соң ол жерлерде халықаралық сертификат алу үшін сынақ жарыстарын өткізу сияқты мәселелерді талқылады. Кездесуден соң АОК өкілі Тимоти Фок Азия ойындарына дайындық туралы мынадай пікірін білдірді.
– Спорт нысандарын аралап көрдіңіздер, пікірлеріңізді білуге бола ма?
– Әрине. Біз алдымен “Қазақстан” спорт сарайына бардық. Бұл жерде ерлер арасындағы шайбалы хоккейден жарыстың өтетіні белгілі. Бізді әуелі командалық жарысты Қазақстанның қай деңгейде өткізетіні қызықтырды. Осы жерге барғанымызда спорт сарайының негізгі алаңы мен оның жанында жаңадан салынып жатқан қосалқы мұз айдынының дайындығына көз жеткіздік. Содан кейін коньки тебу стадионы мен мәнерлеп сырғанау және шорт-трек жарыстары өтетін республикалық велотрек құрылысы да көңілімізден шықты. Велотректің тағы бір ұнаған жері, ол спортшының бас киімі, яғни шлемі сияқты салынып жатыр екен. Мұндай архитектуралық құрылысты мен әлі еш жерден көрген жоқпын.
– Азиаданың ашылу салтанаты өтетін “Астана-Арена” стадионында көп тұрдыңыздар ғой, оның қай жағын байқадыңыздар? Жақсы жағын ба, әлде кемшіліктері болды ма?
– Бұл нысан әлемдік талаптарға сай салынған екен. Сондықтан біз оны асықпай аралап көрдік. Менің айтайын дегенім, 30 мың көрермен үшін бұл ең жақсы спорт нысаны. Ал жалпы, бізді Қазақстанның Азиадаға жақсы дайындалып жатқаны қуантты. Ертеңгі күні осы спорт ареналардың бәрі өздеріңізде қалады. Бұл жерде әлі талай дүбірлі жарыстардың өтетініне сенемін. Ең бастысы, өскелең ұрпақ үшін салып жатқандарыңызға қатты ризамыз. Ал АОК Қазақстанда өтетін жарыстарды үнемі бақылап тұратын болады. Енді 2017 жылы Қысқы Универсиада да Қазақстанда өтетіні шешіліп отыр. Осы бәсекеде тағы кездесеміз деп ойлаймын.
* * *
АЗИАДА АЙШЫҚТАРЫ
7-25 қазан аралығында Алматы марафоншылар клубының мүшесі, былтыр Финляндияның Лахти қаласында өткен әлем чемпионатына қатысушы, дүние жүзіндегі 20 үздік марафоншының қатарына кіретін отандасымыз Дулат Иманқажы жалғыз өзі “Алматы – Балқаш– Қарағанды – Астана” бағытымен жеңіл атлетикалық марафон жүгірісіне қатысты. Ол бұл сапарын Азиада құрметіне арнағанын айтты.
Сөйтіп, ол 19 күнде 1500 шақырымды жүгіріп өтті. Оның жүгіру жолы 7 қазанда Алматы-2 вокзалының алаңындағы Абылай хан ескерткішінен басталып, Алматы, Қарағанды және Ақмола облыстарының 17 елді-мекенін қамтыды. Марафоншының айтуынша, Алматы мен Астана аралығындағы жол аялдаған жерлерді есептемегенде уақыт 136 сағатты алды. Марафон кезінде оның жанында арнайы көлік жол серігі еріп жүрді. Сапар барысында оның демеушілері мен әкімдік өкілдері азық-түлікпен, жатын орынмен қамтамасыз етті.
Д.Иманқажы 43 жаста, марафонмен 4 жылдан бері айналысып келеді. 16 жыл бұрын бокс және кигбоксингпен шұғылданған. Ол Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер.
* * *
ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?
Шорт-трек – коньки спортының бір түріне жатады. Ол ағылшын тілінен аударғанда “қысқа қашықтық” (short track) деген мағынаны білдіреді.
Мұнда конькишілер жылдамдыққа жарысады. Бірақ ұзақ қашықтыққа емес, қысқа қашықтыққа. Шорт-трек ресми түрде 70-жылдардың ортасында таныла бастағанымен 40-жылдардың өзінде Жапония мен Австралия онымен жақсы айналысқан деген дерек бар. Сондықтан болар, қазір Қысқы Олимпиада мен Азиадада күншығыс елінің өкілдері ешкімге дес бермейді.
Шорт-трек Олиимпиада бағдарламасына 1992 жылы кірді. 1981 жылдан бастап одан әлем чемпионаты өткізіле бастады. Қазақстанда бұл спорт түрі 1985 жылы Ақтөбе мұз спорт сарайының жанында пайда болды. Сол кезде осы спортпен айналысамын деген балалар үйірмелерге алынды. Содан бері КСРО және Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен С.Кирпичев, В.Потрасенко, А.Петровский, В.Сидоров, О.Кривеченко, Е.Синицина, Н.Шматичина, О.Кравченко, В.Петрасенко одақтық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарды алып жүрді.
1993 жылы Қазақстан алғаш рет әлем чемпионатына қатысты. Осы бәсекеде Е.Синицина елімізге 1994 жылы Лиллехаммерде өткен Олимпия ойындарына жолдама алып берді.
* * *
ҚОНАҚ ҮЙ
VІІ Қысқы Азия ойындарына келушілерге дайын
Астанада “Рамада Плаза Астана” халықаралық қонақ үйін Қысқы Азия ойындарының серіктесі ретінде таныстыруға арналған рәсім өтті.
Онда “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ вице-президенті Абзал Әлібеков ұйымдастыру комитетінің қонақ үйлерді мұқият сұрыптағанын, Алматыда 19 қонақ үй, Астанада 9 қонақ үй іріктелгенін, оларды таңдау кезінде ыңғайлылық деңгейіне, нөмірлердің сыйымдылығына, орналасқан жеріне, лайықты тағаммен қамтамасыз етуіне, қауіпсіздігіне және қызмет көрсету жағына баса назар аударылғанын атап өтті. Осылай дей келіп, ол “Рамада Плаза Астана” қонақ үйінің Азия олимпиялық кеңесінің барлық критерийлері мен халықаралық талаптарына сәйкес келетінін мәлім етті.
Оның айтуынша, жасасқан ынтымақтастық шартының шеңберінде “Рамада Плаза Астана” қонақ үйінде ҰОК-тің президенті, бас хатшылар, шетел делегацияларының басшылары мен олардың атқосшылары орналастырылмақ. Ол үшін қонақ үй ойындарды өткізу кезінде ұйымдастыру комитетінің қажеттілігі үшін 200 нөмір бөледі.
Ал рәсімде сөйлеген сөзінде “Рамада Плаза Астана” қонақ үйінің бас менеджері Джем Джириджи Азия ойындарының серіктесі болғаны үшін қуанышты екенін, бұл мүмкіндік олар үшін үлкен құрмет болып табылатынын айтты. “Біз алдымызда қандай жауапкершілік тұрғанын сезіне отырып, Азия ойындарының барлық қонақтарын лайықты, жоғары деңгейде күтіп алатынымызға кепілдік береміз. Сондай-ақ, мен Қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру комитетіне Қазақстан үшін тарихи маңызды спорттық оқиғаға қатысуға бірегей мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіргім келеді”, – деді ол.
Анықтама: “Ramada Plaza Astana” 1996 жылы “Okan ІnterContіnental Astana” деген атпен құрылды. Қонақ үй кәсіби менеджменті, тәжірибелі мамандары және Қазақстан Республикасында туризм индустриясына қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте марапатталды. Биыл қонақ үй дүние жүзінде 7000 қонақ үйді басқаратын Америкадағы қонақ үйлердің атақты тобы болып табылатын “Wyndham Hotels Group”-тың құрамына енді.
Бетті дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН.