Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы президентінің “Егемен Қазақстан” газетіне сұхбаты
ЕҚЫҰ құрылымдарының арасында Ұйымға мүше 56 елдің 320 парламентарийі енетін Парламенттік Ассамблеяның орны ерекше. Ассамблея Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықтағы кеңістікте парламентаралық үнқатысуды жүзеге асырып қана қоймайды, мүше елдердің өздеріне қабылдаған міндеттемелерін қалай орындап жатқанын бақылайды, әртүрлі қақтығысты жағдайлардың алдын алу мен реттеудің тетіктерін қарастырады. Ұйымға төрағалық етуші елдің ЕҚЫҰ-дағы қызметіне осы құрылымның көп ықпалы бар.
Қазан айында Италияның Палермо қаласында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының күзгі мәжілісі өткен. Сол мәжілістің алғашқы отырысындағы кіріспе сөзінде Парламенттік Ассамблея президенті Петрос Эфтимиу Қазақстанның Ұйым тарихындағы алар орнын айрықша атап айтып, ел төрағалығына жоғары баға берген. Петрос Эфтимиу бұл пікірін сол күні ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездесуде де, ертеңіне Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов бастаған қазақстандық парламентарийлер делегациясымен кездесуде де қуаттады. Осы кездесуде Петрос Эфтимиу Парламенттік Ассамблеяның атынан мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына Астанадағы Саммитке қатысу жөнінде ұсыныс айту ойы бар екенін де білдірді. Бізбен сұхбатында да бұл лауазымды қызметке биылғы шілдеде, алпыс жастың асуына шығып, кемеліне келіп тұрған шағында баламалы сайлауда жеңіске жетіп барып кіріскен Грекия өкілі Петрос Эфтимиу осы тұрғыда пікір өрбітті.
– Құрметті Эфтимиу мырза, сұрақтарыма жауап қайтаруға келіскеніңіз үшін алғыс айтамын. Сіздің ойыңызша, 1975 жылдан кейін ЕҚЫҰ халықаралық қатынастардың тарихында қандай рөл атқарды?
– Менің ойымша десем, ЕҚЫҰ-ның беделі оның әскери-саяси қауіпсіздік, экономикалық даму, экологиялық проблемаларды шешу және адам құқын қорғау мәселелерімен бір мезгілде айналысатынымен тікелей байланысты. Ұйымның жұмысы әуел бастан ынтымақтастық пен үнқатысу қағидаттарына негізделген, мұның өзі қырғи-қабақ соғыс жылдарында Шығыс пен Батыстың арасындағы сенімді нығайтуда айрықша маңызды рөл атқарды. ЕҚЫҰ қақтығыстарды ерте бастан ескерту мен олардың алдын алуда, дағдарыстарды реттеу мен Ұйымға қарасты өңірде қақтығыстардан кейінгі ахуалды сауықтыруда басты құрал-тетікке айналды. Бұл Ұйым сондай-ақ адам құқын қорғау, заң үстемдігін орнату мен экологиялық қауіпсіздік ісінде де үлкен орын алады.
– Парламенттік Ассамблеяның ЕҚЫҰ құрылымындағы атқарар қызметі неге саяды деп ойлайсыз?
– Ассамблеяның негізгі рөлі парламентаралық үнқатысуға септесуден және, тиісінше, ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағында демократия мен қауіпсіздік саласындағы мәселелерді шешуге хал-қадерінше үлес қосудан танылады. Ассамблея депутаттары қақтығыстардың алдын алу мен оларды реттеу тетіктерін талдап-жасап, ұсынып отырады, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердегі демократиялық институттардың нығаюы мен топтасуына жәрдемдеседі, ЕҚЫҰ-ның құрылымдық бөлімшелерін дамытып, Ұйым институттары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіреді. Оның үстіне, құрамында халық сайлаған өкілдер бар жалғыз орган ретінде Парламенттік Ассамблея ЕҚЫҰ өңіріндегі тұрғын халық пен Ұйымның арасындағы маңызды байланысты қамтамасыз етеді.
– Қазақстан делегациясының ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жұмысына қатысуы жайында не айта алар едіңіз?
– Қазақстан өкілдері Парламенттік Ассамблеяның түйінді қатысушылары, олардың белсенділігі кейінгі жылдары әсіресе арта түсті. Қазақ делегациясы 2008 жылдың маусымында және 2010 жылдың мамырында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының ХVІІ жыл сайынғы сессиясы мен Трансазиялық парламенттік форум сияқты маңызды іс-шараларын ұйымдастыру арқылы бізге баға жеткісіз көмек көрсетті. Оған қоса, Ассамблеяның қазақ депутаттары барлық мәжілістерге белсене қатысады, бар бағалы байқауларын баян етіп, ЕҚЫҰ өңірлеріндегі уақыт алға тартқан жалпы мәселелерге өздерінің соны көзқарасын білдіріп отырады. Сіз білесіз ғой, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің Ассамблеямыздың вице-президенті болып сайланған, оның бай дипломатиялық және саяси тәжірибесі Ассамблея жұмысына қомақты үлес қосып келеді.
– Биылғы мамыр айында Алматыда өткен ЕҚЫҰ-ның Трансазиялық парламенттік форумының нәтижелерін Сіз қалай бағалайсыз?
– Трансазиялық парламенттік форум үлкен табыспен өтті. Форум үнқатысуға соны серпін беріп, жанды пікір алмасуға септесті, атап айтқанда, мұның өзіне Ауғанстаннан, Катардан, Пәкстаннан келген парламентарийлердің форумға қатысуының арқасында қол жетті. Мәжіліс Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің нақты мәселелеріне назар аудартып, пісіп-жетіліп тұрған проблемалардың шешімін іздеу жөнінде ашық үнқатысуға мүмкіндік берді. Талқылаудың негізгі тақырыбы Ауғанстан мен Қырғызстан проблемалары болды, олар ЕҚЫҰ өңіріндегі және оның аумағынан тыс жерлердегі жалпы қауіпсіздік үшін тең дәрежеде үлкен маңызға ие.
– ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Ыстамбұлдағы кездесуі мен алдағы Астана Саммитінің арасындағы осыншалық ұзақ үзілістің себебін Сіз қалай түсіндірер едіңіз?
– Мен мұны Ұйымдағы бюрократиялық созбұйдалықтың өсіп кетуінің өкінішті салдары деп білемін, оған үкіметтер тарапынан саяси ерік-жігердің жетіспеуі қосылған. Парламенттік Ассамблея саяси үнқатысудың кеңейтілуін белсенді түрде қолдап келеді, сондықтан да жоғары деңгейдегі кездесу шақыруды соңғы бірнеше жыл бойы жақтаумен болды. ЕҚЫҰ – саяси міндеттемелерге негізделген институт. Жоғары деңгейдегі саяси үнқатысу ЕҚЫҰ үшін бөлекше маңызды. Сондықтан біз Қазақстан төрағалығының бұл көптен күткен Саммитті шақыру жөніндегі белсенділігі мен табандылығын қолдаймыз, ал Парламенттік Ассамблеяның оны өткізуді салған беттен жақтағанын жаңа айттым.
– Мұндай жағдайда, Сіздің ойыңызша, ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде қандай мәселелер талқылануы керек?
– Саммиттің өткізілетін болғанының өзі маңызды қадам, өйткені, мемлекеттер басшыларының кездесуі ЕҚЫҰ аясындағы саяси үнқатысудың деңгейін көтереді. Ұйымның табыстылығының ең жақсы өлшемі қауіпсіздік пен азаматтық белсенділіктің көзге көрінетіндей нығаюы, жоғары деңгейдегі кездесудің басты мақсаты да осы болуы керек. Ұйымға мүше елдер Саммитте ЕҚЫҰ-ның арқа сүйейтін құжаттарына адал екендіктерін тағы бір мәрте қуаттап қана қоймай, осы мүмкіндікті пайдаланып, сол міндеттемелердің шын мәнінде орындалып жатқан-жатпағанын тексеруге, сондай-ақ болашақтағы саяси үнқатысуға белсенді септесуге тиіс. Егер ЕҚЫҰ өзінің саяси іс-әрекетке жарамдылығын сақтап қалғысы келсе, онда Ұйым шеңберіндегі ашықтық пен есеп берушілікті арттыруға бағытталған реформаларды одан әрі жалғастыра түсуге тиіс. Мен осы мәселелердің Астанадағы жоғары деңгейдегі кездесудің күн тәртібіне қосылғанын қалар едім. Оған қоса, мен ЕҚЫҰ-ның “Корфу үдерісі” аясындағы ашық үнқатысуды жалғастырғанын да қалар едім. ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы өз тарапынан Саммит қарсаңында “Корфу үдерісінің” жүзеге асуы жөнінде есепті ұсынды. Ол есепте ЕҚЫҰ парламентарийлері қабылдаған саяси мақсаттар қысқаша мазмұндалған, мұның өзі қатысушы мемлекеттер Астанада Саммиттің Қорытынды декларациясында мазмұнды көрінісін табатын шешімдер қабылдау ісіне маңызды үлес қосады деп үміт етеміз.
– Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Палермо.