Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Парламентінің депутаттары мен Демократия және ынтымақ жолындағы еуропалық форум өкілдерін қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ортақ қадамдарды әзірлеу, Қазақстан мен Еуроодақтың тұрақты және тең құқықтылық негізіндегі ынтымақтастығын одан әрі қалыптастыру жөнінде пікір алмасылды.
Сонымен бірге, алдағы өзара іс-қимылда сауда-экономикалық бағытпен ғана шектелмей, әлеуметтік қауіпсіздік, адам құқықтарын қорғау, демократиялық реформаларды ілгерілету салаларындағы белсенді ынтымақтастықты қосу туралы да айтылды.
Төрағаның айтуынша, Президент Н.Назарбаевтың таяудағы Брюссельге сапары барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасында қол жеткен ілгерілеу әріптестігі туралы жаңа келісімді бекіту жөніндегі уағдаластықтармен Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастығын дамытудың жаңа парағы ашылатын болады.
Мемлекеттік “Еуропаға жол” бағдарламасы сонымен бірге, экономикалық әріптестікті одан әрі кеңейтуге, саяси реформаларды ілгерілетудің еуропалық тәжірибесімен үйлестіруге, азаматтық қоғамды дамытуға бағдарланған.
Парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға қатысты Қ.Тоқаев Парламенттік ынтымақтастық комитеті деңгейіндегі “Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ” үнқатысуының табысты болатынын атап өтіп, ЕҚЫҰ аясындағы қазақстандық және еуропалық парламентшілердің өзара іс-қимылын жоғары бағалады.
Осыған байланысты Төраға ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында биылғы 30 қарашада Астанада болатын ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы бюросының алдағы отырысының маңыздылығын атап өтті.
Еуропа Парламентінің вице-президенті Адриан Северин кездесу қорытындысы бойынша болған сұхбатта Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі Қазақстанның негізгі рөлін атап өтті және біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысын жоғары бағалады.
“Қазақстанның даму тарихында ЕҚЫҰ Саммиті ескі тараудың соңы, екінші жағынан халықаралық істерге қатысудағы, жаңа қауіпсіз әлем құрудағы жаңа тараудың басы болып табылады”, – деді парламентші.