Батыс Қазақстан облысындағы су қорының 80 пайызы Ресейге тәуелді. Өйткені, осындай мөлшердегі су Ресей Федерациясы аумағында қалыптасады. Айталық, өңірдегі ең басты су көзі – Жайық өзені өз бастауын Башқұртстан тауларынан алады. Облыстағы екінші бір үлкен өзендер Шаған мен Деркөлдің бастауы Орынбор облысы аумағында. Ал облыстың оңтүстігіндегі Қараөзен мен Сарыөзенге су Саратов облысы арқылы жетеді. Кәдімгі жағрафиялық тұрғыдан қарастырғанда Батыс Қазақстан жоғарыда аталған өзендердің төменгі ағыстарында орналасқан. Олардың ағысы тез, әрі судың негізгі көлемі су тасқыны кезінде өтеді. Соңғы бес жылдың бедерінде бұл өзендердің бір де бірінде су тасқыны болған жоқ. Бұл жайт өңірде су тапшылығын туындатты.
Сөйтіп, бүгінгі күні облыс аумақтарын сумен қамту мәселесі өзекті мәселеге айналды. Трансшекаралық өзендердің бұдан басқа да шешілмеген түйіндері жеткілікті. Оның үстіне жығылғанға жұдырық дегендей биылғы жазда Орал өңірінде үш айға созылған аптап ыстық мұндағы су шаруашылығының жай-күйін одан әрі төмендетіп жіберді. “БатысСуШар” РМК директоры Қ.О.КЕНЖЕҒАЛИЕВПЕН тілшіміздің әңгімесі осындай көкейкесті мәселелер төңірегінде өрбіді.
– Қазбек Оразайұлы, егемендіктің елең-алаңында, дәлірек айтқанда, 1992 жылдың 27 сәуірінде Ресей мен Қазақстан мемлекеттері арасында трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімге қол қойылғаны белгілі. Одан бері де 18 жыл өтіпті. Бұл аз уақыт емес. Ашығын айтыңызшы, осы келісім бізге не берді? Ресейге не берді? Оның пайдасын көре алдық па?
– Иә, аталған құжат осы күнге дейін трансшекаралық сипаты бар су көздерін қорғау мен пайдалану әрі екі мемлекет арасында су проблемаларына қатысты қарым-қатынастарды реттеу ісінде басты нормативтік-құқықтық база рөлін атқарып келді. Алайда аталған келісімнің талаптары екі жаққа бірдей әділетті орындалды деп айта алмаймын. Ұзақ жылдардан бері су шаруашылығының басы-қасында жүрген маман әрі басшы ретінде мен осындай айқын тұжырым жасай аламын. Бұл келісім негізінен Ресейге қызмет жасады. Көрші елде жаңа су қоймалары құрылыстары салынды. Қолданыстағы осындай нысандарға күрделі жөндеулер жүргізілді. Мұның бәрі қазақстандық тараптың келісімінсіз атқарылды.
Келісімнің осындай біржақты сипат алуы Орал өңіріндегі су мөлшерін азайтып жіберді. Әрі оның сапасы да төмендеп кетті. Бұл фактор күрделі экологиялық ахуалдың қалыптасуына да әкеліп соқтырды. Сөйтіп, Сарыөзеннің төменгі ағысындағы көлдердің көбі құрғап қалды. Қараөзеннің қойнауындағы Қамыс-Самар көлдері де осының кебін құшты.
Ресейдің Волгоград облысы арқылы Еділ суын Қазақстандағы Жәнібек суландыру жүйесіне беруде де кедергілер кездесті. Ресейліктер суды тауарға айналдырып жіберді. Оған салынатын салық мөлшерін көтерді. Осы түйткілдер соңғы жылдары екіжақты ведомствоаралық кездесулер барысында бірнеше дүркін талқыланғанымен өзінің оң шешімін таба алмады.
1992 жылдан бері екі мемлекеттегі су проблемаларын реттеу мәселелері де түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Ол жаңа заңнамалық базаны өмірге әкелуді қажетсінді. Осы мақсатта соңғы бес жылда трансшекаралық су шаруашылығы нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі комиссия келісімнің жаңа жобасын әзірлеу мәселелерімен айналыса бастады. Бұл жобаның соңғы нұсқаларын өткен жылдың наурызында және биылғы мамыр айында екі тараптың сарапшылары Мәскеу қаласында талқылады. Осы екіжақты пікір алмасулар кезінде оған тағы да тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Биылғы қыркүйек айында Ресей мен Қазақстан мемлекеттері басшылары Өскемен қаласында кездескені белгілі. Осы кездесуде екі ел аумағындағы су ресурстарын реттеу жөніндегі жаңа келісімге қол қойылды. Оның Қазақстан тарапы үшін басты пайдасы сол, Ресей Федерациясынан механикалық әдіспен су алу бойынша шығындарды өтеуге құқықтық негіз қалайды.
– Бүгінгі күні Орал өңірінің тұрғындарын сумен қамтуда қалыптасқан күрделі жағдайлар қалай шешімін табуда? Бұл тұрғыда қолға алынған шаралар мен істер туралы айта кетсеңіз.
– Кісідегінің кілті аспанда дегендей, мүмкіндікке қарай су ресурстарымен қамту ісінде де тәуелсіз болғанға не жетсін. Бүгінгі басты қам-қарекетіміз осы арнаға бағытталған. Өңірдегі су тапшылығын баламалы нұсқалар мен жолдар арқылы шешу жолдары қарастырылуда. Бассейнаралық су жіберу арқылы Қараөзен мен Сарыөзеннің Ресейдегі Еділ суына тәуелділігін төмендету шаралары белгіленді. Осы мақсатта Орал-Көшім жобасы жүзеге асты. Бұл нысан Сарышығанақ көліне 30 миллион текше метр Жайық суын қосымша жіберуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 1994 жылы су тасқыны кезінде жойылып кеткен Айдархан су қоймасының да екінші тынысы ашылды.
Алдағы жылы атқарылатын істер бұдан да қомақты. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Қараөзен суын Жаңажол ауылы арқылы Сарыөзенге жіберетін бөгет салынбақ. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебі арқылы әзірленген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес Киров-Шежін суландыру каналы қайта жөнделмек. Бұл гидронысан Тасқала, Ақжайық және Қазталов аудандарын сумен қамтуға мүмкіндік береді.
– Бүгінгі күні қай жерде де су тапшылығы жөнінде көп айтылады. Біздің бүгінгі әңгімеміз де осы тақырып төңірегінде болып отыр. ТМД мемлекеттері арасында Қазақстан суы ең аз ел екені де белгілі. Ендеше, бірінші кезекте су тапшылығын жою үшін оны үнемді де тиімді пайдалану қажет шығар. Судың да сұрауы бар демей ме? Бұған не дейсіз?
– Өте орынды сауал. Бүгінгі күні суды үнемді түрде пайдалану, қайтарым бермейтін шығындарды азайту бұрынғы қай кездегіден де қажеттірек. Суға қажеттілікті өтеу мақсатындағы каналдар да ретсіз қазыла бермеуі керек. Сондықтан да ең алдымен оның пайдалы әсер коэффициентін ұлғайтуға ден қойып отырмыз. Бүгінгі заманауи аспаптар судың нақты есебін жүргізуге үлкен көмегін тигізе алады. Бүгінгі жұмыс тәжірибемізде олардың қолданыс аясы кеңейіп келеді.
“БатысСуШар” РМК теңгеріміндегі Орал-Көшім, Жәнібек, Қараөзен мен Сарыөзен жүйелерінде 848,6 шақырым магистралды суландыру каналдары бар. Өкінішке қарай, олардың бәрі топырақ арнасында жасалған. Сүзілуге қарсы қаптаулары жоқ. Соның салдарынан да пайдалы әсер коэффициенттері төмен болып келеді. Оның үстіне көп жыл бойы пайдаланылмағандықтан қамыс өсіп кеткен.
Осы бағыттағы каналдардың жоғарыда айтылғандай жобалық пайдалы әсер коэффициенттерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдары Жәнібек суландыру жүйесінде магистралды және таратушы каналдарды қайта жөндеу және механикалық тазарту жұмыстары аяқталды. Одан бергі уақытта Орал-Көшім және Тайпақ магистралды каналында да механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы бассейнаралық су жіберу жолдары қалпына келтірілмек. Алдағы жылы Фурманов магистралды каналын жөндеу жұмыстары басталмақ.
Бүгінде әлемнің бірқатар елдері полимерлік материалдарды су шаруашылығы өндірісіне кеңінен қолдануда. Осындай жаңа технологияларды біз де алдағы жылдары тәжірибеге енгізбекпіз. Өңірде судың есебін жүргізуге көп көңіл бөлінуде. Жәнібек сорғы стансасының бас су жинау ғимаратында ультрадыбысты шағын өлшеуіш-есептеуіш “Днепр-7” қондырғылары орнатылды. Осы аспаптар Ресейдің Волгоград облысының Палласов жүйесіндегі сорғы стансалары каскадтарының техникалық параметрлерімен және жұмыс режимдерімен байланыстырылған.
– Су тапшылығы проблемасын шешу үшін маман әрі басшы ретінде тағы не істеу керек деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, оны реттеу үшін алдағы уақытта барлық суландыру каналдарын жабық желіге көшіру керек. Қазақстан суды Ресей мен Қытайдан және Қырғызстан мен Өзбекстаннан алады. Осындағы әр трансшекаралық өзен бойынша белгілі бір қиындықтар мен иірімдер қалыптасқан. Тек бір өңірге ғана емес, тұтас республика бойынша алғанда да жылдан жылға судың тапшылығы айқын байқалып келеді. Ұзақ мерзімді және ағымдағы міндеттерді шешу, тиісті халықаралық шарттарды дайындап, қол қою және оларды іске асыру үшін елімізде дербес су ведомствосын құратын уақыт келді деген ойдамыз. Ел ішінде және халықаралық деңгейде су мәселелерін шешуге кең мүмкіндігі бар дербес өкілетті орган – Су ресурстары агенттігін құру туралы ұсыныстар мен пікірлер бұған дейін де айтылып жүр. Осы ұсыныстарды біз де қолдаймыз.
Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
-----------------------------
Суретте: “БатысСуШар” РМК директоры Қазбек Кенжеғалиев.