Ел дәулетін еселеп, болашақ ұрпақ үшін талмай еңбек еткен алдыңғы толқынды әруақытта қастерлеп отыру – кейінгі толқын үшін парыз. Күш-қуатының бар кезінде, өндіріс пен шаруашылықты басқарып, халықты еңбекке ұйымдастырған азаматтарымыз баршылық. Солардың бірі – қай салада еңбек етсе де тындырымды іс-әрекетімен, адами қасиетімен үлгі болған, облыс деңгейіндегі басшылық қызметтерде білікті ұйымдастырушылығымен танылып, ілтипатқа бөленген, Жетісу өңірінің экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан еңбек ардагері – Әзтай Меңлібайұлы Ерсалиев.
Ол тағдыр тауқыметін бір кісідей-ақ тартқан. Тоғыз жасқа толғанда асқар таудай әкесінен, он үшке жеткенде аяулы анасынан айрылған. Оның үстіне, балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыстағы ауыр жылдармен тұспа-тұс келіп, өз замандастарындай тылда шыныққан буын өкілі. Қабырғасы қара жұмыста қатайып, бұғанасы Алматы зоотехникалық және мал дәрігерлік институтында бекіген.
Әзтай аға институтты тәмамдаған соң мамандығы бойынша Алакөл, Ақсу, Панфилов аудандарында алғашқы қызметін бастады. Уақыт өте оны қандай қызметке жіберсе де адал атқарғанын Панфилов аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары және ауылшаруашылық инспекциясының бастығы болған уақытынан айқын аңғаруға болады. Бұл өңір сол кезде облыс көлемінде ғана емес, Қазақстан бойынша көп мөлшерде жүгері өндіретін іргелі аймаққа айналғаны белгілі. Әзағаңның ұйымдастырушылық қасиетін, басшылық жігер-құлшынысын ескерген аудан, облыс басшылығы оны “Көктал” кеңшарына директор етіп жібереді. Экономикасы төмендеп қалған кеңшарды басқарған жылдары ол ауылдың ажары ашылып, қазынасын молайтады. Мал басының өсіп, халықтың әлеуметтік ахуалы жақсарды. Қазір ондай деректер айтылса, көбіміз сол табысқа оңай қол жеткізілгендей қабылдаймыз. Қазіргі құндылықтар мүлде басқаша болып барады ғой. Дегенмен, еселі еңбегі еленбей қалмапты. Соның дәлелі 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайлануы, ал 1964 жылы оған “Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі” атағының берілуі дер едік.
Табысы еселенген кеңшардың жұмысымен танысуға Д.А.Қонаевпен бірге М.Бейсебаев, А.Асқаров, А.Морозов, Г.Мельник барып, Ә.Ерсалиевтің жаңашыл бастамаларына, атқарған ісіне оң баға беріпті. Осыдан кейін оның абыройына абырой қосылады. Орда бұзар отыз жасында сол кездегі Алматы облысының басшысы Асанбай Асқаровтың ұсынуымен кеңшар директорынан облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне жоғарылатылды.
“Өткен жылы сен басқарып отырған шаруашылықта екі рет болдым. Кеңшардың экономикасын көтеруде істеп жатқан жұмысыңа ауданда және облыста дұрыс баға беріп отыр. Сондықтан сені осы қызметке ауыстырайық деп шештік”, деген Асанбай Асқаров ілтипатын Әзағаң еске алып, “Содан кейін Асекең менің көзімше, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы В.Н.Титовпен сөйлесті. Сонда В.Н.Титов: “Мұндай қызметке аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығынан алу керек еді”, деді-ау шамасы. Асекең сонда: “Бірінші хатшылардың ішінде жоғары ауылшаруашылық білімі барлары жоқ. Сондықтан осы ұсынысымызды қолдауыңызды сұраймыз” деді өтініп.
Сөйтіп, ертесінде Әзекең В.Титовтың қабылдауында болып, онымен қырық минөттей әңгімелеседі. Кеңшардың барлық көрсеткіштерін айтып, ең соңында қазір қолда 130 мың қой бар екенін еске салады. Бұл сөз Орталық Комитеттің екінші хатшысының “шамына” тиіп кетсе керек, ол аяқ астынан ашу шақырып: “Қалайша шаруашылықта 130 мың қой бар?” деп қайта сауал қояды. Сонда барып, мәселенің мәнісін сезе қойған Әзағаң мұның мән-жайын тәптіштеп баяндайды. Ол: “Жылдың аяғында кеңшарда 90 мыңға жуық қой қалады, оның 50 мыңы саулық, ал 35 мың қой етке өткізіліп, қалғаны шығындарды жабуға және шаруашылықтың мұқтажына жұмсалады” деген уәжді алдына тартады. Сонда барып В.Титовтың көңілі орнына түскендей болып: “Некоторые области Российской Федерации не имеют 100 тысяч овец”, дейді.
Ә. Ерсалиев екі жылдай Алматы облысында елі үшін туып, елі үшін қажыр-қайратын жұмсап, артына өшпестей із қалдырған тұлға Асанбай Асқаровтың жетекшілігімен жемісті еңбек етеді. Асекеңмен қызметтес болып, асыл азаматтан алған үлгісі оның одан кейінгі қызметінде үлкен пайдасын тигізді. 1968 жылдың басында Талдықорған облысы қайта құрылатын болғанда Д.Қонаевтың тікелей ұсынысымен 6 адамды ұйымдастыру бюросына сайлайды. “Жер жәннаты – Жетісу үшін, ел, халық үшін жақсы қызмет істеңдер” деп үлкен міндет жүктейді. Республика басшысының батасын алған Әзтай Меңлібайұлы сол кезден бастап, 22 жылдан астам уақыт облыс деңгейінде жоғары лауазымдарда қызметтер атқарды. Ең бастысы, қазақтың арда туған азаматы Димаш ағасының аманатын ақтауға барын салды. Әзтай Ерсалиев Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, кезінде өзге азаматтармен бірге көп жұмыс атқарылғанына мысалдар аз емес. Бұл жылдар елге де, жерге де өз жемісін берді. Қапал, Бөрлітөбе, Кербұлақ аудандары және бірнеше жаңа шаруашылықтар құрылды. Бұл шаруашылықтар қант қызылшасын өсірумен айналысты. Тынымсыз жұмыс, маңдай тердің нәтижесінде қант қызылшасын өндіру 500 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін жетті. Бұрыннан бар екі қант зауытына тағы да Ақсу мен Алакөл аудандарындағы екі қант зауыты іске қосылды. Сол жылдары Талдықорған облысы республикада өндірілген қанттың 40 пайызын берді. Бұрын облыстың солтүстік аудандары етке малды Семейге айдап ұтылатын болса, мұның орнын толтыру үшін Алакөлден ет комбинаты бой көтерді. Қой саны 3 миллионға жетті. Бұл көрсеткіш жағынан республика бойынша алдыңғы орынның бірінде болды. Ал дерекке көшсек, ірі қара саны 250 мыңға, жылқы 73 мыңға, түйе 4 мың 300-ге жеткен. Міне, қандай еңбек, неткен көрсеткіш! Бұл әрине, ұжымдық жұмыстың нәтижесі екенін Әзекең әрдайым айтып отырады. Жоғарыдағыдай еңбегі үшін екі мәрте “Еңбек Қызыл Ту” орденімен, “Халықтар достығы” және “Құрмет белгісі” ордендерімен, бірнеше рет медальмен марапатталды.
“Құс қанатымен қонады, адам мінезімен жағады” дегендей, әріптестері, замандастары Ә.Ерсалиевтің көптеген шаруашылық басшыларын тәрбиелеп өсіргенін, қандай қызметте жүрсе де адал, іскер, тура сөйлетін адами мінез-құлқын сүйсіне еске алады. Олар Әзекеңнің дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар бергенін айтады. Аға тәрбиесін көрген, бүгінде жоғары қызметтерде жүрген Қ.Сұлтанов, С.Ақымбеков, Т.Нұрқиянов, С.Тажиев, С.Мұқанов, А.Тұрғанбеков, Е.Келемсейітов, Н.Жантілеуов, Ж.Кульчиков, Б.Қасымжанов, А.Әбдікәрімов, М.Жолжанов, Б.Капсаламов, тағы басқаларды ұрпақ жалғастығы осы деп Әзағаң мақтан етеді.
Бүгінде Әзтай Ерсалиев ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған бақытты азаматтың бірі. Отбасының ұйытқысы бола білген зайыбы Зарият екеуі екі баладан немере-шөбере сүйіп отыр. “Мен бақытымды – адал еңбек пен сүттей ұйыған отбасымнан тапқан адаммын! Ең бастысы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев мемлекеттігіміздің тұғырын нықтап одан кейінгі Тәуелсіз еліміздің күн сайынғы табысын көруді жазған тағдырыма дән ризамын. Адамда мұнан өзге қандай арман, қандай бақыт болсын!” деді асыл аға ағынан жарылып.
Нұрлан ҚАЛҚА, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреты.