ДОСТЫҚ ЖАҚСЫ, АЛ ПАРАСАТТЫЛЫҚ ОДАН ЖОҒАРЫ
Соңғы кезде Абхазия республикасы мен Оңтүстік Осетия республикасының тәуелсіздігін Ресейдің дос, одақтас елдері неге танымайды деген әңгіме көбірек айтылып жүр. Және әртүрлі тұжырым жасалады. Біріне қосыласың, біріне қосылу қиын.
Расында да бір ел өзінің тәуелсіздігін жарияласа, оны танығаны мақұл-ақ көрінеді. Абхазия мен Оңтүстік Осетия жақсы жолмен өзінің тәуелсіздігін жариялап жатса, оны құттықтаған, таныған елдер талайға жетер еді-ау дейсің. Ал шындығы басқаша. Ресей оларды Грузия дейтін тәуелсіз елдің қоң етінен кесіп алғандай етіп, соғыспен бөліп алған соң, ешкімнің ондай тәуелсіздікке жүрегі елжірей қойған жоқ.
Жалпы, Грузияны бөлшектеу, оны өзіне кіріптар ету Ресей саясаты болғаны даусыз. Сол Абхазия мен Оңтүстік Осетияға өз төлқұжаттарын таратқаны, сөйтіп, олардың тұрғындарының түгелге жуығы Ресей азаматтары саналғаны да шындық, кейін оны өз азаматтарын қорғадық деп басқыншылық әрекеттерін ақтағаны да белгілі. Сөйтіп, бұлардың Грузияның аумағынан бөлшектенуін тәуелсіздік деп тануға көп елдің бармағанына да әбден түсіністікпен қарауға болады.
Рас, Ресейдің осынау екі құрылымның тәуелсіздігін тану жөнінде өзінің жақын елдеріне айтарлықтай қолқа салғаны да, әртүрлі жолдармен ықпал еткісі келгені де анық. Бұған байланысты Ресей мен Белоруссия арасындағы келіспеушілік туралы бұрын толығырақ тоқталғанбыз. ТМД-ға мүше басқа да елдермен бұл мәселеге байланысты ұсыныстар ашып айтылмағанымен, қисын ондай әңгіме, ұсыныстардың болғанын аңғартады. Айталық, Қырғызстанға берілген қыруар қаржының арғы жағында АҚШ-тың қырғыз әуежайын пайдалануын шектеумен қатар, Ресейдің Кавказ саясатын қолдау да тұрғаны күмәнсіздей көрінеді. Өзінің ең жақын әскери одақтасы Армениямен бұл жайында әңгіме болмауы мүмкін еместей.
Бірақ посткеңестік аймақтағы ешбір ел Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қатысты саясатын құптамады. Бұған байланысты батыс сарапшылары біраз болжам айтады. Украина Ресейді қолдап, Батыспен жүз шайысқысы келмеді, сондай-ақ Қырым мәселесі де оған жол бермес еді, дейді. Армения болса, көршісі және сыртқа шығатын көпір іспеттес Грузиямен араздаса алмайды. Ал Әзірбайжан Абхазия мен Оңтүстік Осетияны таныса, Таулы Қарабақтан біржола күдер үзер еді дегенді алға тосады. Молдова болса, оның танылмаған бөлшегі Приднестровьесі бар. Сол сарапшылар ортаазиялық елдердің де аталған екі “тәуелсіз мемлекетті” танымауының біраз себептерін келтіреді. Ал Қазақстан Ресейді қолдап, Грузияны, Еуроодақты, АҚШ-ты, тағы басқа елдерді өзіне қарсы қойғысы келмеген көрінеді.
Белгілі дәрежеде жоғарыда айтылған себептердің қисыны да бар шығар, бірақ басты себеп басқада – парасатқа жүгінгендер 2008 жылғы тамыздағы “бес күндік соғысты” да, ондағы Ресейдің жеңісін де, сол жеңіс арқасында келген Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін де қолдауы қиын. Ресейдің дос елдері түрлі себептерге байланысты қолдамаған күнде, Ресейге ешқандай кіріптарлығы жоқ басқа мемлекеттер қолдауы мүмкін еді ғой. Қолдамады. Бұл қолдайтындай саясат емес еді.
Жоқ, біз кейбір қолдағандардың болғанын ұмытып отырғанымыз жоқ. Олар бар, саны да белгілі – үшеу: Венесуэла, Никарагуа және Науру. Бірақ Ресей дипломаттары осыған орай біздерді қолдайтындар бар деп айтуға ұялар еді. Бұл қолдағандық емес, қолдамағандықтың жарқын мысалы. Бәлкім, Мәскеудің бұл елдерді тауып алғанының өзін ерлікке санауға болар, сонау Океаниядағы үлкен бір ауылдай ғана Наурудың (халқы – 13,4 мың, жері – 21 шаршы шақырым) үлкен саясатқа құлақ түріп, Ресейдің саясатын қолдағанына таңданасың. Күлкің келеді.
Антикалық ұлы философтың “Платон менің досым, бірақ шындық қымбатырақ” деген қарапайым да ұлы қағидасы, сірә, осындайда айтылған-ау дейсің. Дос елді сыйлауың керек, бірақ парасаттан аттау қиын.
АЛЫП ЕЛДІ ӘЙЕЛ ҚАЙРАТКЕР БАСҚАРАДЫ
Бразилияда өткен президент сайлауында елдегі билеуші Еңбекшілер партиясының өкілі 62 жастағы Дилма Руссефф жеңіске жетті. Оңтүстік Америкадағы ең алып елді алғаш рет әйел қайраткер басқаратын болып отыр.
Жұрт оны алғашқы турда-ақ жеңеді деген. Сонда ол 47 пайыз ғана дауыс алып, 33 пайыз дауыс жинаған социал-демократиялық партияның көсемі Жозе Серрамен екінші турға шыққан. Атап айтатын жәйт: екінші турда Серра өзіне көбірек дауыс қосты. Бірақ бәрібір қорытындысында Руссефф одан 12 пайыздай артық дауыс жинады.
Руссеффтің жеңісіне күмән тумағандығы – ол қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силваның қолдауына арқа сүйеді. Ал Силваның халық арасындағы беделі айрықша күшті. Ол екі мерзім билік тізгінін ұстаған кезеңде Бразилия барлық салада, тіпті саясатта да, айтарлықтай алға басты. Соған орай халық арасында оның үшінші мерзімге сайлануы жайында сөз де болған. Бірақ президент оған бармады.
Дилма Руссеффті толық мағынасында да Силваның адамы деген жөн. Бүгінге дейін бес жыл мерзімде ол президент аппаратының жетекшісі болды. Жалпы, Силваны жақтаған адам Руссеффті де қолдауға тиіс еді.
Осы жерде президент те Силваның халық арасынан шыққанын, сол халықтың мұң-мұқтажын жақсы түсінетінін айтқан жөн. Ол аяқ киім тазалайтын баладан, фабриканың қатардағы жұмысшысынан Оңтүстік Америка дейтін құрлықтағы ең үлкен елдің басшысына дейін көтерілгенде, өз тегін ұмытқан жоқ. Ең алдымен сол қарапайым халықтың жағдайын жақсартуды көздеді. 20 миллион адамды қайыршылық жағдайдан алып шықты, 30 миллион адамды төменгі тап деңгейінен орташа тап деңгейіне көтерді.
Дилма Руссеффтің өз өмірбаяны да, ұстанған бағыты да жұртқа жаққандай еді. Ол – Бразилияға эмиграцияланған болгар коммунисі Петр Русевтің қызы. Әкесі осындағы бір байдың қызына үйленіп, таршылықсыз өмір кешті. Сөйтсе де Дилма саясатқа ертерек араласып, елдегі сол кездегі диктаторлық билікке қарсы күресті. Түрмеге де қамалды, азап та шекті. Түрмеден шыққан соң, экономикалық білім алып, біршама қаржылық, энергетикалық салада басшылық жұмысқа араласты.
Солшыл көзқарас оны да Силваның Еңбекшілер партиясына алып келді. Оның көсемі президент болып сайланғанда, Дилмаға бірден энергетика министрлігін ұсынып, онан соң өз аппаратын басқаруды тапсырды. Өзінің сайлау науқаны кезіндегі сөздерінде қазіргі президенттің жолын жалғастырамын дегенде, Руссефф сол бағдарламаны жасауға да өзі тікелей қатысқан.
Күрес бар жерде өз қарсыласын мұқату да жүреді. Оған қарсылар оның моральдық бейнесін сөз етті: Дилма екі рет ажырасқан екен, тіпті сайлау қарсаңында бетіне пластикалық операция жасатып, жұртқа жақсы көрінгісі келді деп те айыптаған. Бәрібір жұрт Дилманы таңдады.
Бәлкім, біраз сайлаушының көңілінде әйел азаматтың қарыштап өркендеп келе жатқан Бразилиядай алып елді басқаруына күмән де болған шығар. Әйел азаматтардың ел басқарған мысалы тарихта аз емес. Кешегі Индира Гандиді, Маргарет Тэтчерді айтпағанда, қазіргі күнде ел басқарып отырған әйел азаматтар ондап саналады. Олардың ішінде ГФР канцлері Ангела Меркельді, Бразилияға көрші Аргентинаның президенті Кристина де Киршнерді, Бангладештей мұсылман мемлекетінің басшысы шейх Хасина Вазетті, Австралиядай құрлық-мемлекеттің премьер-министрі Джулия Гиллардты атасақ та біраз ой тұжырымдауға болар. Сол мықтылардың қатарынан енді Дилма Руссеффті де көреміз.
Мамадияр ЖАҚЫП