Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қажымұқан атындағы Орталық стадионның алдында, биік тұғырда күш атасы Қажымұқанның алып ескерткіші бар. Бұлшық еттері білеуленіп, қақпақтай жауырыны, аяққаптай кеудесі, бура сандары көзге ұрып тұратын қазақ батырының ескерткішін стадион алдына орнатуға сонау тоқсаныншы жылдардың соңында Манап Өтебаевтай ұлт жанашыры мұрындық болған еді.
Ескерткіш пен стадионның арасындағы қашықтық екі жүз метрге жетеғабыл. Алаңқай бос тұратын. Спорт саңлақтарына аллея ашуға нағыз лайықты жер еді. Ал, Оңтүстікте спорттың жарқын беттері бар. Мақтана, марқая алатын. “Апыр-ау, осы жерді неге пайдаланбайды” деген ой спортсүйер қауымды мазалап жүретін.
Облыста жақсы әкімдер қызмет етті. Әрқайсысының артында айтып жүрерліктей із қалды. Әйтсе де Қажымұқан ескерткіші мен стадионның арасындағы спорт аллеясына сұранып тұрған жерді пайдалану ұмыт қала берді. Мүмкін, басқа тартса аяққа жетпей жататын бюджеттің себеп-салдары да болған шығар. Әлде, уақыт тапшы болды ма, спортқа кезек кейін келер деген ой меңдеді ме екен.
Бірақ , бұл кезек күттірмейтін аса маңызды шаралардың бірі болатын. Өйткені, үлкен спорт мемлекетаралық үлкен мәселеге айналғаны қашан. Жас ұрпаққа баяғы өз атасын жау етіп ұстап беретін Павлик Морозовтар емес, Отаныңды шынайы сүйдіруге өнегесі жететін, мемлекетінің шынайы патриоттарының үлкен спорттағы жанқиярлық ерлігі үлгі. Мақсатсыз, көшеде бос селтеңдеп жүрген бозбала бір пәлеге ұрынбай қоймайды. Ал спортпен айналысқан жастар дені сау, қайратты болумен қатар өмірге икемді, шаруаға шарболаттай пісіп шығады.
Осының бәрін ой елегінен өткізген облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы Болат Қырықбаевқа спорт аллеясын салу туралы бастама көтереді.
Бюджеттің қаржысына емес. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында.
Стадионға апта аралатып соғып тұрамыз. Қайнаған тірлік. Гүрілдеп жатқан техника. Араға ай салып бос жататын алаңқай Шымкент қаласы тұрғындарының, қонақтарының арнайы барып көретін, тамашалайтын көрікті жерлерінің біріне айналды да кетті.
Ашылу салтанатында Болат Қырықбаев еркінен көсілді.
Қазақта “тегін білмегеннен түңіл” деген қасиетті сөз бар, – дейді ол. Осы қисынға салсаң Оңтүстік спортының да өзінің тегі, әдемі өрілген тарихи баяны бар. Ол барша алаш баласының ортақ мақтанышы, даңқты Қажымұқаннан басталады. Ауылда өскен шаруа баласы төрткүл дүниенің төрт бұрышында әлем мықтыларымен белдесіп, еркін және грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды. Ормандай орыстың бас балуаны Иван Поддубныйдың өзі қазақтың бұла ұлын жауырынын жерге тигіздім деп айтпаған екен. Тең көрген, дос санаған, серік тұтқан, мыңға қарсы тұрар мықтылығын мойындаған.
Сол даңқты Қажымұқанның әз сүйегі әулие әмбиесі көп Оңтүстікте жатуы жеріміздің, еліміздің киелілігін аңғартса керек. Спорт бәсекелерінің ішінде олимпиадалық ойындар спорт падишасына саналады. Еркін күрестен әлемнің бес дүркін чемпионы, дағыстандық Әли Әлиев “осы бар алтын медальдарымды Олимпиада ойындарының бір алтынына ойланбай айырбастар едім”, деп ағынан жарылуы оның қадір-қасиетін, биіктігін аңғартады.
Осы ретте де Оңтүстік жұрты батыр ұлдары үшін орынды мақтана алады.
Өйткені, қазақ халқынан ең алғаш рет Олимпиада ойындарына алтынға тұңғыш қол созған спортшы, өзіміздің жерлесіміз Әлжан Жармұхамедов. Өзбекстанға Кеңес Одағының озбыр саясаты салдарынан беріліп кеткен Бостандық ауданы Оңтүстік Қазақстанның бір бөлшегі еді. Кеңес Одағының баскетбол спортында “Түркістанның әбжыланы” атанған, ұлы Сабонистердің өзі ойнау шеберлігіне бас ұрған Әлжан өзін Шымкенттің түлегі санайды. Шымкентте туып- өскен, алғашқы спорттық гимнастика тәлімін Шымкент спорт мектебінде алған жерлесіміз Нелли Ким спорттық гимнастикадан Олимпиада ойындарының 5 мәрте жеңімпазы атанды.
Волейболда Октябрь Жарылқапов, бокста Әбдісалан Нұрмаханов, Марат Жақсыбаев, футболда Құралбек Ордабаевтай аты аңызға айналған саңлақтарымыз бар. Сидней олимпиадасында боксшылар Бекзат Саттарханов пен Мұхтархан Ділдабековтер Оңтүстікке алтын мен күміс медальдарды тарту етсе, көркем гимнастикадағы көркем қызымыз Әлия Жүсіпова халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп, Азияда алдына жан салмады.
Бейжің олимпиадасында Елена Шалыгина мен Еркебұлан Шыналиевтің қола медальдарға ие болғанын білесіздер.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Мемлекеттік Ту мен Әнұран екі жағдайда көтеріліп, ойналды. Бірінде Мемлекет басшысы өзге мемлекетке барғанда, екіншісінде халықаралық жарыстарда жеңімпаз болған спортшылардың құрметіне” деген болатын.
Осы қанатты сөз шындық екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Қазір бағзы замандағыдай қылыш үйіріп, найза ұмсындырып жауға шабатын заман емес, кешегі ел қорғаған батырлардың бүгінгі ізбасарлары осы саңлақ спортшылар. Олар ел үшін, мемлекет намысы үшін теңіздей тер төкті. Үлкен құрметке лайық болды.
Осындай кезде облыс басшысы Асқар Мырзахметов ойтамызық тастап, даңқты спортшылардың аллеясын жасау жөнінде тапсырма берді. Тарихының парқын білмейтін, саңлақ спортшыларын түгендемейтін, тағдырына бейжай қарайтын ұлттың болашағы көмескі.
Ер істеген ерлік ұмытылмауы керек. Асқар Исабекұлы осы олқылықтың орнын толтырды.
Спортшы биік мақсаттарға жету үшін оған жағдай жасалуы керек. Облыс әкімінің бастамасымен спортты дамыту бағытында арнайы бағдарламалар түзілді.
А.Асқаров атындағы ипподром күрделі жөндеуден өтті. Тау баурайындағы “Бәйшешек” спорт-сауықтыру орталығы жаңарды. Облыс орталығынан халықаралық талаптарға сай спорт кешені бой көтереді. Теннис корты, жеңіл атлетика манежі, елу метрлік бассейн салынатындығы жөнінде республика халқы хабардар болып, ризашылықтарын білдіріп жатыр.
Талантты жас спортшылардың ұстаханасына айналған Б.Саттарханов атындағы спорт интернаты мен облыстық гимнастикадан олимпиада резервтерін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ел спортының дамуы – ауыл спортымен тікелей байланысты. Бұл ретте, ұлтымыздың темірқазығы саналатын – ауылды жерлерде спортты дамыту мақсатында, елді мекендерде қарапайым спорт алаңдарын салу, ауыл жастарын дене тәрбиесіне көптеп тарту көзделіп отыр. Әрбір отбасында спортқа деген көзқарас пен сүйіспеншілікті арттыру керек. Әрбір азамат – спортқа жанашырлық танытуы тиіс.
Биыл алғаш рет аудандық спорт мектептері арасында спорттың 14 түрінен спартакиада өткізілді. Сайыстан іріктеліп алынғандар, яғни жеңімпаздар республикалық 1-ші жасөспірімдер арасында өткен жарысқа қатысып, облысымыздың намысын жоғары деңгейде қорғап қайтты.
Сонымен қатар, биылдан бастап қаржыны көп қажет етпейтін негізгі бағыт ретінде ауыл, елді мекендерде спорт алаңшалары салынуда. Күні бүгінге дейін 92 спорт алаңшасы салынып, ел игілігіне берілді.
Көптен бері қолға алынбай келген, ауылды жерлердегі спорт кешендеріне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жыл соңына дейін жалғасын табатын болады.
Биылғы жылы 2-4 маусым аралығында облысымызда спорттың 10 түрін қамтыған халық ойындары өтіп, оған 2 мың спортшы қатысты. Айта кетерлігі, бұл сыннан сүрінбей өтіп, жеңімпаз атанған жерлестеріміз төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын халық спорты ойындарына қатысты. ҚР Президентінің жүлдесі үшін халық спорты ойындары Ақжайық өңіріндегі Орал қаласында өткен болатын.
Оңтүстікқазақстандық жігерлі спортшылар бұл сайыста өздерінің шеберліктерін көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Оңтүстіктің жас спортшылары 1-ші республикалық жасөспірімдер арасындағы жарыста командалық есеп бойынша 1-ші орынды жеңіп алған болатын.
Спортшыларымыздың әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында облыс әкімінің арнайы стипендиясы тағайындалған. Облыста былтыр 43 саңлақ стипендия алса, биыл 84 спортшы стипендиант атанып отыр.
Биылғы жылдың басты жаңалығы болады деп күтілген 2010 жылдың Қытайдың Гуанчжоу қаласында жалауы көтерілетін жазғы Азия ойындарына облыстан 43 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2012 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өтетін XXX жазғы Олимпиада ойындарына 20 оңтүстікқазақстандық спортшы қатысады деп ниеттеніп отырмыз. Сайдың тасындай іріктеліп алынған бұл спортшыларымыздан үлкен үміт күтіп отырмыз.
2009-2010 жылғы ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпиондарына тоқталсақ, екі жылда 80 спортшы жеңімпаз және жүлдегерлер атанса, оның ішінде, 43 саңлақ Азия чемпионы, 16 тарлан күміс жүлдегер, 23 оңтүстікқазақстандық спортшы қола жүлдеге қол жеткізді. Жеңімпаздардың қатарында Шалыгина Елена, Хромова Татьяна, Истомин Сергей, Жақыпов Біржан, Прилепа Анастасия, Өмірзақов Диас сынды бірқатар жігерлі спортшылар бар.
Әлемдік спорт тарихында тұңғыш рет жасөспірімдер арасында өткен Сингапур олимпиадасына облыстан 6 жас спортшы қатысқан еді
Осы сында Арыс қаласының қызы, ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл алтыннан алқа тағып оралды. Ал, таэквондошымыз Нұрсұлтан Мамаев күміс медальға ие болды.
Олимпиада ойындарында республикамыздың жас спортшыларының екі алтын медальға ие болғанын ескерсек, соның бірі Оңтүстік Қазақстан облысының үлесі екендігі жүрек жылытады. Яғни, Лондон олимпиадалық ойындарында оңтүстікқазақстандық спортшылардың табысты өнер көрсететініне сенім бар.
– Асекеңе рахмет, – дейді спорт бастығы. – Әдетте, әкімдер облыстың экономикасын көтеріп, әдеуметтік жағдайын жақсартумен айналысар еді. Бұл кісі бәрін қабат алып келеді. “Әкімі ақынын іздеген ел бақытты” деп жатады ғой. Облыс басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қаланың қақ ортасынан қазақ вальсінің королі Шәмшіге керемет ескерткіш көтерді. Ұлы сазгердің жанынан “Жұлдыздар аллеясын” ашып, облыстағы өнер майталмандарының бәрін жазғызып, марқұм болғандардың ұл-қызына, көзі тірілердің қолына куәлігін ұстатты. Бұл жастарға тағылымды іс болды. Жұрттың сейіл құратын саябағына айналды.
Енді спорттың тарихын түгендетіп жатыр. Оңтүстіктің үлкен спортта ешкімнен ұялатын жағдайы жоқ. Қажымұқанды айтпағанда, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада ойындарының жеңімпазы Оңтүстіктен шыққандығы әулиесі көп, киелі топырақ екендігін танытпай ма?!
“Спортшылар аллеясы” ашылғалы мұнда келушілер көбейді. Аға буынды да, жастарды да көріп, көңілің марқаяды. Бұл – өнеге алатын үлкен тіршілік болды, – дейді.
Алып-қосарымыз жоқ. Қазір бокстан ҚР Бокс федерациясының кубогі үшін аймақаралық жарыс жүріп жатыр. Ширек финалда Таразда Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысы құрамасы кездесті. Екі жақта жарыс ережесіне сай үш-үштен легионерлер алған. Оңтүстік Қазақстанның атынан түскен Рүстем Сыбаев бокстың көркі болды. Қарсыласы оңай емес. Әйтсе де Рүстемнің шаршы алаңды, қарсыласының айла-амалын сезінуі ғаламат. Шегінген болып, қарсыласының екі жағынан көз ілеспейтін жылдамдықпен лып етіп шыға келеді. Кейде солқылдатып ұрады, кейде қарсыласы ашық қалса да соққы жасамайды. Жеңіп тұр. Қайтеді. Бокстың кереметін көрсеткісі келеді-ау.
Соңғы жекпе-жек қалғанда оңтүстікқазақстандық жанкүйерлердің жаны ышқынды. Атағы жағынан қос құрамадағы ең мықты, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында қола медаль олжалаған Еркебұлан Шынәлиев Тараз атынан түскен украиналық легионерге қайрат көрсете алмады. Бейжіңнен кейін қолғабын шегеге іліп, алаңсыз сайраңдаған сабаздың жаны әбден қысылды. Есеп 5:4. Жамбылдықтардың пайдасында.
Соңғы үміт ең ауыр салмақтағы Досжан Оспановта. Досжан жеңсе есепті теңестіріп қана қоймай, ең ауыр салмақ болғандықтан қосымша ұпай иеленеді. Досжаныңыз Сиднейде Рубалкабадай алып зәңгіні ұрып құлатқан Мұхтарханның туған жиені. Қарсыласы төбесімен көк тіреген украиналық. Алғашқы раунд тең өтті. Үзіліс арасында Нұрғали Сафиуллин буырқанды-ай дейсің. Сиднейде Рубалкабадан қаймыққан Мұхтарханды айдай әлемнің көзінше “қазақ емессің бе!” деп жағынан осып жіберген алақанымен Досжанды үш қайтара тартты. Тістеніп тұрып. Айғайды салып тұрып.
“Әй, енді Досжан жеңілмейді”, дедік. Айтқандай, украинды жеңіп кетті. Бір-ақ ұпай ұстатты оған. Енді оңтүстікқазақстандықтар жартылай финал бәсекелесі үшін Ақтау құрамасымен кездеседі. Шымкентте. Бұйыртса, әрі қарай финал.
...Мұхтархан Сидней Олимпиадасының алдында Ташкентте өткен Азия чемпионатында Расул Сайдовқа жол берген еді. Себебі, кейін анықталған. Оң қолының қолтық тұсынан көк еті жыртылыпты. Оның үстіне Серік Өмірбековтей оғлан бокстан кеткелі спарринг-қарсыласы жоқ. Сол жылы Болат Қырықбаев Мұхтархан бауыры үшін бәрін жасаған. Емдеткен. Алып, талантты боксшылары бар мемлекеттерге арнайы жіберіп, жарысқа түсірткен. Бірге жаттықтырған. Соның жемісін Сиднейде тердік. Сол Болат Қырықбаев Лондон олимпиадасында да бір қазақ баласын Олимп биігіне көтеремін деп бекініп отыр. Тілегіне жеткей. Қазақтай халықтың абыройын әлемге асқақтататын сол саңлақтар ғой.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
-------------------------------
Суреттерді түсірген Хусан Азизов.