06 Қараша, 2010

Бәйтерек биіктеп барады

440 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс депар­та­мен­тінің бастығы Иван Пере­сып­кин ұсынған мәліметтер бойынша, биыл Қызылжар өңірінде 103,3 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу міндеті тұр. Оның 14,8 мың шар­шы метрі– несиелік, 2,27 мың шаршы метрі жалгерлік-ком­му­нал­дық баспаналар. Құрылыс және әлеуметтік нысандар салуға 9,1 мил­лиард теңге қарастырылса, 7,2 миллиард теңге республикалық бюд­жеттен бөлінген. Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық сала­сын­дағы оң өзгерістер ауылдық жерлерді де қамтып, құрыш қолды құрылысшылардың қолтаңбасы айқын аңғарылады. Солардың бірі—Қызылжар ауданының өңірлік тұрғын үй бағдарламасын орындау­ға белсене кіріскені атап өтуге тұ­рар­лық. Бескөл ауылдық округінде 28 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Мұн­дай игі істен Рощинск, На­ло­бин, Вагулин, Архангел, Петер­фельд ауылдық округтері де сырт қал­мапты. Жеке адамдардың қар­жы­сы есебінен 42 баспананың кілт­те­рі табыс етіліпті. Жыл аяғына дейін тағы 7 үй пайдалануға беріл­мек­ші. – Биыл 14660 шаршы метр тұр­ғы­лықты алаң іске қосылуы тиіс. Бұл – 183 баспана деген сөз. Осы мақсат үшін бөлінген қаржы 593 миллион теңге болса 468 мил­лио­ны игерілді. Соңғы жылдары же­ке меншік үйлер салу көбейіп ке­леді. Жергілікті әрі арзан құ­ры­лыс материалдарымен көмектесіп оты­рамыз. “Нұрлы көш” мем­ле­кет­тік бағдарламасы аясында биыл 140 үй тапсыратын боламыз. 70 үй қа­зан айының аяғында пайдалануға бе­ріледі. Қалғанын 1 желтоқсанға дейін салып бітіреміз, – деді өз әң­гі­месінде аудан әкімі Қайрат Пішенбаев. Міне, біз Бәйтерек ауылында тұр­мыз. Жұртшылық арасында “орал­мандар ауылы” атанып кеткен ел­ді мекенде құрылыс ерекше қар­қын жайып, әсем қалашықты еске түсіреді. Ата-баба жұртын аңсап кел­ген қандастарымыз үшін он үй Но­вокаменка ауылында салынса, осын­дағы сән-салтанаты келіскен 140 үйдің дені пайдалануға әзір. Ал­ғашқы 23 үй жергілікті ма­те­риал­дардан бой түзесе, қалғандарына осы заманғы құрылыс материал­да­ры қолданылуда. Оны құрастырып, жеткізумен Петропавл қаласындағы арнайы ЖШС айналысады. Ком­му­ни­кация, жарық, су жүйелері тар­тылып, көгалдандыруға жұмыла кіріс­кен. Құрылыс жұмыстарына “Ос­нование”, “Петростройлюкс”, “СК-Максим”, “ВАНД” тағы басқа ірі фирмалар тартылған. Елді ме­кен­нің бас жоспарына сәйкес ал­да­ғы жылдары мектеп, меди­ци­на­лық қосын, ойын-сауық орталығы, мешіт, басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салынатын болады. Кө­ше­лерге Қазақстан Конституциясы, Дос­тық, Батыр Баян аттары беріл­ген. 50 үйге жылыжай орнатылып, ерте пісетін көкөніс түрлерін өсі­ру­ге жағдай тудырылған. Ресейден осын­да қоныс аударған Қайролла Сүлейменов пен құдай қосқан жа­ры Мәриям апай тірліктеріне дән риза. Бәрінен де шаңырақтары сәбилердің шат күлкісіне толы жас отбасылар қатары көбейіп келе жатқаны қуантады, дейді қариялар. Міне, бірер жылдың ішінде ие­сіз жатқан құла дүз далада Бәй­те­рек атты тұтас елді мекен пайда бо­лып, ауыл адамдарының қыж-қыж қай­наған тіршілік ортасына ай­на­лып отыр. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.