06 Қараша, 2010

Климат өзгерісі бейімделуді қажет етеді

656 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы “Гранд Парк Есіл” қонақүйінде елімізде “Климаттың өзгерісі мен оған бейімделудің ұлттық тұжырымдамасы” шеңберінде жасақталған жобаны талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Бірлескен жобаны Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Қазақстандағы БҰҰ ДБ жасап шығарып, ал мамандар осы тұжырымдамаға республикалық деңгейде назар аудартуды қолға алмақ. Табиғатты зерттейтін ұлттық мамандар­дың болжамдары бойынша Орталық Азия елдерінің климат өзгерісіне деген тәуел­ді­лігі күн санап арта түспек. Әсіресе климат өзгерісін алдымен Қазақстан сезінетін болады. Өйткені географиялық орналасуы бойынша континенталды болып келетін еліміздің ауа райы өте құбылмалы. Оның үстіне Қазақстан экономикасының өсуі қор­шаған ортаға таралатын зиянды заттары жоғары өнеркәсіптермен байланысты. Қол­да бар бағалау бойынша еліміз аума­ғы­ның 75 %-ы экологиялық тұрақсыздық­­тың жоғары тәуекеліне ұшыраған көрінеді. Ал климат өзгерісінен болатын жылдық за­­лал 25 млрд.теңгені құрайды деп болжануда. Климат өзгерісіне Алматы облысы, Оң­түстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары алдымен ұшырайды. Өйткені олар мұздықтардың еруіне тәуелді бол­ғандықтан оңтүстіктегі су бассейндерінің өзгерісіне тап болады. Сондықтан эконо­миканың климатқа тәуелді салалары ауыл шаруашылығы, су энергетикасы, су және жер ресурстары алдымен зиян шегеді. Жүзжылдық соңына қарай Қазақ­ста­н­­­­дағы ауа райы температурасы 4 градусқа жылынады. БҰҰ ДБ сарапшыларының пікірінше, еліміздегі тау мұздықтарының көпшілігі осы уақытта еріп кетуі мүмкін. Сондықтан зияны зор үдерістің алдын алып, оның әсерін жеңілдету керек. Дөңгелек үстелге қатысқан БҰҰ ДБ-ның “Климат өзгерісінің ұлттық тұжырым­да­масының” үйлестіруші менеджері Салтанат Жәкенова тұжырымдама шеңберінде жаңа жо­ба жасақталатындығын айтты. Оның айту­­ынша, климат өзгерісінің тигізер әсерін же­ңіл­детуге арналған жоба ұлттық тұжы­рым­даманы жүзеге асыруға негіз болмақ. Тұжы­­рымдама жобасы ұсынған климат өзгерісіне бейімделу шараларына мерзімдік су сақтауды реттейтін тоғандар құрылысы, жайылым туралы заң жасақтау, тамшылатып суару жүйесін енгізу, топырақты қорғау ша­раларын жүргізу және тағы басқалар кіреді. Сарап­тамалар негізінде жобаны жасақтау 2011-2013 жылдары аяқталатын болады. Ал 2013 жыл­­дан бастап нақтыланып, іс жүзіне асырыла бастайды. Қолға алынатын шара­лардың барлығы климат өзгерісіне байла­­ныс­ты туындайтын болжалды шығын мен зи­янның алдын алуға мүмкіндік береді. Осы жобаның сарапшы-үйлестірушісі Жанар Есе­­нованың айтуынша, тұжырымдама жоба­­сының толық мәтіні осы қарашада нақты­ланып, жыл аяғына дейін ел Үкіметіне жолданбақ. Венера ТҮГЕЛБАЙ.