09 Қараша, 2010

Төрімізде тағы да төл ойынымыз

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сенбі күні Астанада тоғызқұмалақтан тұңғыш рет өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Әлемнің 16 елінен 50-ге жуық ойыншылар қатысқан бәсекеге ерлер және әйелдер арасындағы сайыста Қазақстанның тоғызқұ­ма­лақ­шылары классикалық және шап­шаң ойынында мүмкін болған ұпайлардың бәрін жиып, жүлделі орындардың барлығын жеңіп алды. Чемпионат кезіндегі класси­ка­лы­қ ойынның қорытындысында ер­лер арасында Ғалымжан Темірбаев бас жүлдені жеңіп алса, Айдос Сей­іт­жанов екінші, ал Батырхан Әбіл­беков үшінші орынды иеленді. То­ғызқұмалақтың бұл сайысындағы әйелдер арасындағы сында Әсел Далиева бірінші орынды, Салтанат Сапарбекова екінші, Диана Кенина үшінші орынды місе тұтты. Одан кейін мәресіне жеткен шапшаң ойында да отандастарымыз жүлделі орындардан көрінді. Мұнда ерлер арасында тағы да Ғалымжан Те­мір­баев бас жүлдені, Мақсат Шотаев екінші орынды, Нұрбек Қабиев үшінші орынды иеленсе, қыздар арасындағы бәсекеде тағы да Әсел Далиева жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінді. Ал Диана Ке­нина мен Салтанат Сапарбекова ек­ін­ші және үшінші орындарды бө­лісті. Жарыста Ардабұлан Шын­дәулет пен Рахат Қалыбекқызына жеңіске деген жігерлігі үшін арнайы сыйлық табыс етілді. Оқырмандар қауымы Астана тө­рінде бір апта бойы төл ойыны­мыз­дан өткен әлем чемпио­на­тының нә­­тижесімен, ойыншы­лар­дың жү­ріс­­те­рімен Тоғызқұмалақ қау­ым­дасты­ғ­ы­ның сайтында (www.9kumalak.kz) таныса алады. Сайтта олар онлайн жүйесінде жарияланып отыр. Ха­лық­аралық және Қазақстан тоғ­ыз­­­құмалақ қауымдастығының төра­ға­сы Әлихан Байменовтың айтуынша, төл ойынымыз алғаш рет 2006 жылы Лон­донда, одан кейін биылғы жылға дей­ін Пра­га мен Пардубице және Кан­­­­нда дү­ние­жүзілік зияткерлік олим­пиа­дамен фестивальдердің бағ­дар­ла­масына енді. Осындай жақсы бас­тамамен басталған төл ойы­ны­мыздан келесі әлем чемпионаты енді 2012 жы­лы Чехияның Пар­дуб­ице қала­сын­да, ал Азия чем­пио­наты 2011 жы­лы Қырғызстанның Ыс­тық­көл жаға­сын­да өтетін болады. Осы кезге дейін тоғызқұ­ма­лақ­тан жарыстар Англияда, Швей­ца­рия­да, Колумбияда, Қытайда, Түр­кияда, Өзбекстанда, Қырғызстан мен Ресейде өткені белгілі. Бұл жер­лерде болған жарыстарда алдымен бірнеше таныстырушылық шаралар, одан кейін сайыстар ұйымдас­ты­рылды. Бүгінгі таңда әлемдік ға­ламторда тоғызқұмалақ зияткерлік ой­­ын ретінде тіркеліп, www.іggamecenter.com – сайтында тоғызқұмалақтың онлайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жаса­лын­ды. Алдағы кезде төрткүл дүниенің мықты ой шеберлерімен осы сайтқа кіру арқылы электрондық бағдар­ламада тоғызқұмалақ ойнауға, ойын шеберлерінің партияларын тал­дау­ға, сақтауға болады.