Басқа басылымдардан
Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығында ұлттық стратегиялық жобаларды жүзеге асыра бастады. Осы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өтетін Ұйымның Саммиті барлық кеңістікте жауапкершілігі зор, сапалық жағынан серпінді жағдай жасайды. Қазақстан жоғары деңгейдегі кездесулерге өзінің миссиясын орындауға нақты істермен кірісіп отыр деп есептейміз. Ұйым кеңістігінде қарама-қайшы көзқарастарға қарамастан, қазақстандықтар Ұйымға қатысушы елдер басшыларының үстел басында келіссөздер жүргізулеріне көздерін жеткізді.
ЕҚЫҰ үшін жоғары деңгейдегі кездесу сирек құбылыс болып табылады. Егер цифр тілімен айтатын болсақ, осы жылы Хельсинки үдерісіне 35 жыл толды, Астанадағы жоспарланған кездесу жетінші саммит болғалы отыр. Кездесулер әр бесжылдықта кем дегенде бір рет өткізілетіндігі айтылып жүр. Бұл ЕҚЫҰ жүйесінде кідірістер бар екендігін көрсетеді. Аталған дерек Ұйымның негіз қалаушы құжаты – 1990 жылы қабылданған Париж хартиясының талаптарына қайшы келеді. Париж хартиясында ЕҚЫҰ саммитін әр екі жыл сайын өткізіп тұру қажеттігі көрсетілген. Солай бола тұрса да Ұйымның саммиті өткен ғасырдан, дәлірек айтқанда, 1999 жылдан бері өткізілмеді. Үлкен саясаттың өлшемі бойынша, бұл – тұтас бір дәуірді қамтиды.
Қазақстанның ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөніндегі бастамасының қолдау табуына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделі үлкен рөл атқарғанын атап өткен жөн. Онда Мемлекет басшысының болашақты дөп болжай білгені және алға қойған мақсатты орындауға деген жігері жатыр. Алғашында көптеген сарапшылар мен саясаткерлер Қазақстанның осы мәселе бойынша консенсусқа жетуіне күмәнмен қарады. Шынында да, жалпыеуропалық қауіпсіздік форумын Орталық Азиядағы мемлекет басқаратындығы мүмкін еместей көрінген. Сонымен қатар, Қазақстанның ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы ұсынысына да сын көзбен қарағандар аз болған жоқ. Өткен жылдың желтоқсанында Афинадағы Ұйымға қатысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Қазақстанның ұсынысы зор қызығушылық туғызды.
Бұл жерде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саяси дара тұлғасын, алға қойған мақсатқа жете білетіндігін, соған көпшіліктің көзін жеткізе алатын ерекше қасиетін атап өткен дұрыс. Қазақстан ЕҚЫҰ-ны нақты мақсатқа бағытталған АӨСШК, НАТО және ҰҚШҰ сияқты құрылымдармен келіссөздер алаңына айналдыру саясатын жүргізуде.
Қазақстанның басты мақсаты – бірлесе күш жұмылдыру арқылы Еуразия кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Бұл мақсатқа қол жеткізудің іргетасы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында қаланды деп айтуға болады. Ұйымның Астанада өтетін жоғары деңгейдегі кездесуінде ЕҚЫҰ-ның орны мен оның рөлі жаңа философиялық тұрғыдан қарастырылады және Ұйымға қатысушы елдердің барлығына бұл құнды бағыт болады.
“Онлайн газета”.
Венгрия.