Бұл осыдан 30 жыл бұрын болған жай еді. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде оқитын кезіміз. Студент халқының қашаннан құлағы түрік жүретіні белгілі. Алғашқы 1-2 курста небір профессорлардың алдынан дәріс алып, көп жағдайдың ұңғыл-шұңғылына қанығып қалған әріптестеріміздің бірі:
– Ал, жігіттер, білесіңдер ме, философиядан бір жас доцент сабақ береді екен. Есіл уақытты қор қылғанша, екі парды жіберіп, “суатқа” тартсақ қайтеді? – деп былайғыларымыздан жауап күтті.
– Сөйтсек, сөйтейік, – деп ішіміздегі сақа жігіттердің бірері алақандарын уқаласып қалды. Олардың көкейін тескендегісі – сырахана.
– Лектор жас болғанмен, ұстаз ғой. Бәріміз ошарыла кеткеніміз қалай болар екен, – деп енді бірі екіншісін сабырға шақырғандай болып жатты.
Өстіп тұрғанда көмірдей қара шашын әдемілеп тараған, үстіне су жаңа қара костюм-шалбар киіп, онымен қоса галстугын да сәнді етіп таққан, қоңыр папкалы кісі аудиториямызға жақындап келіп:
– 312-ші осы ма? – деп сұрады.
– Осы, осы, – деп шу ете қалыстық. Жаңағы кісі бізбен күлімсірей сәлемдесті де, бірден шалт қимылмен аудиторияға кіріп кетті. Сөйтіп, аз-кем уақыт аудиторияның ішін көктей шола барлап тұрды да:
– Ал, жігіттер, қыздар орнымызға жайғасайық. Мен сіздерге философия пәнінен дәріс оқитын ұстаздарыңмын. Аты-жөнім Раушанбек Әбсаттаров, – деді.
Әңгіменің шыны керек, алғашқы сәтте жас ұстазға мойынсұнғысы келмеген, бұра тартуға ыңғайлас жігіттеріміз әрлі-берлі мінез көрсетуге ыңғайланып еді, оларынан түк шықпады. Жас лектор оларға мүмкіндік бермек түгілі өзінің бар болмыс-бітімімен, ырғақты дауысымен аудитория ішін алғашқы сәттерден-ақ баурап алды. Лекцияны оқулық ауқымындағы мәселелермен ғана шектеп қалмай, қазақ тарихымен, қазақ тағдырымен тікелей байланыстыра сабақтады. Лекцияның қызғылықты, мазмұнды болғандығы соншалықты, 45 минөттің қалай өткенін білмей де қалыппыз.
Шәкірт жүрегін баураған осы алғашқы лекциядан соң-ақ біздер жас ғалымның дәрісі болатын күндерді асыға күтетін болдық. Ал сабақтан зытып “суатқа” беттеу деген әңгіме ептеп болса да екінші планға сырғып кетті...
Өзіне деген студенттердің осындай бір ілтипатын сезген болу керек, Раушанбек ағамыз да білгені мен түйгенін құрмет тұтқан шәкірттерімен бөлісуге асығатынын біз де байқадық. Сөйтіп, ол үйірме құрды. Сол үйірмеге де топ-тобымызбен қатысып, баяндамалар әзірлейтін болдық. Онымыз университеттің студенттердің ғылыми конференциясында жақсы жағынан бағаланып та жататын.
Кейін жылдар өте бақсақ, ұстаз деп аталатын ұлы ұғымның бар қадір-қасиетін бойына сіңірген оқымысты ағамыз Раушанбек Боранбайұлы Әбсаттаров осы бір дәстүрді өзінің өмірлік қағидатына айналдырған екен. Бізден кейінгі курстың студенттерімен де осылайша қауышып, достасып олардың үлкен ғылымның қия жолына бет алуына түрткі болғанын әріптестеріміз бүгінде жыр ғып айтады.
Бір кездері Т.Г.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінің философия факультетін үздік бітіріп, өзінің бүкіл тағдырын Қазақстан ғылымының өсіп-өркендеу жолымен байланыстырған Рекең қашанда үлкенге іні, кішіге аға болу қасиетінен танған емес. Оның ғылыми-педагогикалық еңбектері Қазақстанның бүгінгі саяси өрлеу кезеңдерінің өзекті мәселелерімен сабақтас. Бұл туралы айтқанда мына бір жағдаятқа айырықша назар аударған дұрыс.
Тоқсаныншы жылдары еліміздің ғылыми-педагогикалық саласында да түбірлі өзгерістер жасау міндеті тұрғаны белгілі еді. Міне, осы тұста профессор Раушанбек Әбсаттаров өзінің бар білігі мен білімін ортақ мүдделі іске бағыттауға тырысты. Бұған бір ғана мысал келтіруімізге болады. Айталық, Қазақстанда ең алғаш рет саяси ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру туралы диссертация кеңесінің ашылуына оның тікелей ықпалы болғаны сөзсіз. Өйткені, осы мәселе төңірегінде Мәскеуге бірнеше рет хат жазылып, одан тиісті нәтиже шықпаған еді. Мұны көзі тірісінде профессор Тілеміс Мұстафин марқұм да айтып жүреді екен. Сөйтіп, ол Рекеңе қолқа салады. Ал Раушанбек Боранбайұлы бұл мәселеге білек сыбана кірісіп, КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясында отырған лауазымды кісілермен әлденеше рет сөйлесіп, олардың осы мәселе төңірегіндегі әңгімеге көздерін жеткізіп, ақыр соңында саяси ғылым саласы бойынша диссертациялық кеңестің ашылуына ықпал етеді.
Осы шаруаны оңынан орайластырумен бірге, өзі өзгелерге үлгі көрсете білді. Сөйтіп, ол елімізде әлеуметтік саяси ғылымдарының дамуына үлес қосып, 8 тілде 32 монография, түрлі кітаптар, оқу құралдарын, кітапшалар және 500-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік мақалалар жариялады. Осы еңбектерде ғалым саясаттану және әлеуметтану үшін іргелі және қолданбалы маңызы бар ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Республикада ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті және оған тәрбиелеу, этносаяси қауымдастық, ұлттық және жалпықазақстандық сана, қоғамдық келісім, ұлттық қарама-қайшылықтар және оларды шешудің жолдары, адами қызметтің әмбебаптануы және кіріктелу үрдісі, халықтардың бірлігі және олардың ойлау стилінің әртүрлілігі салыстырмалы саясаттану және тағы басқа бағыттардың қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосты.
Оның тың көзқарастары, ой толғаулары әлеуметтік саяси қатынастардың қағидатты және күрделі ғылыми проблемаларын шешуде батылдықпен, жаңашылдықпен ерекшеленді. Осы ретте Рекеңнің “Ғылыми-техникалық прогресс және ұлтаралық қарым-қатынас”, “Ұлттық қатынастардың дамуы: проблемалары мен басқаруы”, “Ұлттық үрдістер: ерекшеліктері мен проблемалары”, “Студенттерді ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу: теориясы мен практикасы”, “Саясаттану және оның проблемалары” деп аталатын еңбектері зиялы ортадан, ғылыми педагогикалық қауымнан лайықты бағасын алған.
Тәуелсіздіктің таңы атысымен қазақ ғалымдары бұрынғы сарытап кеңестік идеологияның құрсауынан арылып, өздерінің ой орамдарын ғаламдық мәселелермен орайластыруға, шендестіруге тырысып келе жатқаны сөзсіз. Сондықтан да болу керек, қазіргі таңда қазақ ғалымдары төрткүл дүниенің төрт бұрышын шарлап кеткені мәлім. Осы орайда Раушанбек Әбсаттаровтың да Оңтүстік Кореяға, Түркияға, Жапонияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Египетке, Ресейге, Украинаға, Белоруссияға барған іссапарлары нәтижелі болғаны ақиқат. Ол елуден астам халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндамалар жасады. Тәуелсіз Қазақстанның саяси ғылымында атқарылып жатқан жоталы мәселелерді халықаралық қоғамдастықтың назарына салды.
“Шәкіртсіз ұстаз тұл” дейтін қанатты қағида бар. Олай болса, Рекең бүгінде өзінің алдынан қанат қағып, тұсауын кескен жас достары туралы әрдайым мақтанышпен марқая әңгімелеп отырады. Ол күні бүгінге дейін 18 ғылым кандидатын, 3 ғылым докторын даярлап шығарған екен. Бұлардың қай-қайсысы да бүгінде халық шаруашылығының сан саласында, бірегей білім мен ғылым ордаларында жемісті еңбек етіп келеді.
– Ғылыми-педагогикалық жұмыс түсіне білген жанға үздіксіз білім жетілдірудің ошағы. Өйткені, бүгінгі таңда аудиторияға барып лекция оқу үшін үлкен дайындық қажет. Себебі, қазіргідей ғылыми техникалық прогрестің қарқынды дамыған шағында терең білім мен біліктілікке қол жеткізу қазіргі ұстаз атаулыға қойылатын ең бірінші өлшем болуы тиіс, – дейді Раушанбек Боранбайұлы. – Сондықтан өзім, негізінен, ізденісімнің түпқазығына айналып отырған саяси ғылымның өсіп-өркендеуіне байланысты көргенім мен түйгенімді топтастырып, үш томдық кітап шығарсам ба деп отырмын. Ол “Саяси ғылымның ерекшеліктері мен проблемалары” деп аталады. Көлемі 80 баспа табақтай болмақ.
Осынау бірегей еңбекке біздің байқауымызша ғалымның әр жылдары мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған сүбелі туындылары топтастырылмақ. Себебі, өзінің ұстаздық жолын Қазақ мемлекеттік университетінде бастаған оның ғылыми ізденістері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында жалғасты. Еліміздің тәуелсіздік алуымен орайлас тұсауы кесілген бұл жоғары оқу орнында Рекең саясат әлеуметтануы және философия кафедрасының меңгерушісі болды. Өзінің білімділігімен, біліктілігімен әріптестерінен оқ бойы алда жүретін ғалымға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі аппаратының кеңесшісі қызметі де ұсынылған болатын. Ол саяси ақпараттық-талдау жұмыстарын шебер де ұтқыр ұйымдастыра білуімен көзге түсті. Ол жұмысы да лайықты бағаланып отырды. 1997 жылдан ғалымның еңбек жолы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен тығыз байланысты. Мұнда Рекең ғылыми педагогикалық кадрларды тәрбиелеуде қыруар тәжірибе жинақтады, онысын өзінің жас әріптестерінің бойына дарытуға күш салды. Тарих факультетінің деканы болды. Саясаттану және әлеуметтану кафедрасын шеберлікпен басқара білді. Ал қазір университеттің магистратура және PhD докторантура институты саясаттану және әлеуметтік экономикалық пәндер кафедрасының меңгерушісі.
Рекеңнің ғұмыр жолына зер салып отырсаңыз ол біз жоғарыдағы тізбелеген қай жұмыста жүрсе де өзінің тыңдырымдылығымен, ұқыптылығымен әріптестерінің, шәкірттерінің ілтипатына ие. Сөз басында ұстаздың шәкірттермен арадағы таныстығынан бір деталь келтірген едік. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, сол шәкірттерімен Рекең әлі күнге дейін тығыз қарым-қатынаста, шығармашылық байланыста.
Ол еліміздегі байырғы басылымдардың бірі – ұлттық қоғамдық-саяси “Ақиқат” журналының редакциялық алқа мүшесі. Рекең алқа мүшесі ретінде журнал жұмысының бұқаралық сипат алуына үлес қосып келеді.
Жұмабек КЕНЖАЛИН, “Қазақ газеттері” ЖШС бас директоры —редакторлар кеңесінің төрағасы.