Асанәлі Әшімовтің кино мен театр тарландарының арасында ғана емес, жалпы өнер өкілдерінің ішінде ерекше орын алуының сыры неде? Осы сұрақты жақында ғана сексеннің сеңгіріне көтерілген ардақты азаматымыз, академик Төрегелді ШАРМАНОВ өзіне өзі қойыпты. Өз сұрағына өзі былай жауап қайтарыпты.
Асанәлі Әшімовтің кино мен театр тарландарының арасында ғана емес, жалпы өнер өкілдерінің ішінде ерекше орын алуының сыры неде?
Уақыт өзенінің сағаларын бойласам, оны алғаш алыс қалған 1962 жылы көріппін. Жастар арасында белгілі бола бастаған кезі еді. Кейінірек, әсіресе, 1990 жылдан соң оның тағдыры мені өз иіріміне тарта бастады. Қазір есімі елге белгілі кәсіпкер, отаншыл жан Ұзақбай Айтжановтың арқасында жақын таныстыққа ие болдым. Асанәлімен жүз таныстығымыз мызғымас достықтың іргесін салды.
Асанәлі Әшімовтің өнердегі жолы – уақыт шекарасын білмейтін шебердің шыңдалу кезеңдері. Жамбыл облысының шалғайдағы Сарысу ауылынан шыққан ол отандық өнердің өшпес жұлдызына айналды.
Асанәлі актерлік өнерінің бастапқы сәтінен-ақ жастардың сүйіктісі болды. 1960-70 жылдарда оны білмейтін жан кездеспейтін, сезімдер тұмшаланған заманда жастар үшін Асанәлі махаббат пен жанкештіліктің символындай болды. Тырнақалды спектакльдері ұлттық театрдың 60-жылдардағы жаңа дәуіріне тұс келіп, “жаңа актерлік буынның” қатарына ілікті.
Кино өнерінде атышулы сан алуан рөлдерді сомдағанымен, көп жылдар бойы Асанәлінің аты “Қыз Жібектегі” Бекежанның атымен қосарлана айтылып жүруі заңды құбылыс болды. Киносүйер қауым экрандағы көзі шоқтай жайнаған Бекежанның бейнесін жадында сақтап, жалын атқан сөзін жатқа айтып жүрді.
Актерлік өнерге жаңа қадам басқан жас Асанәлінің осы тұста қазақ өнерінің ерен тұлғасы, ұлы актер және кинорежиссер Шәкен Аймановпен кездесуі тереңде жатқан дарынын жарыққа шығарып, ұзақ жылдарға созылған бақыты мен өмірінің сирек кездесер сәті болды. Режиссердің әйгілі “Атаманның ақыры” фильміндегі басты рөлі үшін республиканың Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Қазақ өнерінің үлгі-өнегесі, тұлға ретінде – ар-ұяты болған Шәкен Аймановтың Асанәліге берген тағылымы орасан еді. Шәкен Аймановтың театрлық әртіске тән, рөлге берілген нәзік те ойлы өнері Асанәлінің бойына мәңгі сіңді.
Кейіннен опера сахнасының көрнекті әншісі атанған Майра Шәкенқызы Асанәлінің студенттік жылдарында кездестірген алғашқы махаббаты болатын, орталарында Мәди, Сағи есімді қос ұлан дүниеге келді. Аяусыз тағдырдың пешенедегі жазуына жасар амал қайсы, елге өзі сияқты ерте танымал болған сүйікті де сүйкімді балалары өмірден мезгілсіз озды.
Кино өнері актер есімін әйгілі еткенімен, шынайы дарынның қыр-сыры театр сахнасының төрінде ашылатыны белгілі. Асанәлі Әшімов – ұлы Әуезов атындағы әйгілі театрдың белді актері. Нағыз әртіс болу үшін алдымен тұлға болу қажет. Асанәлінің сахнадан айтары мол. Көрерменге ой салып, толғандыру, сезімін оятып, тебіренту – кәнігі әртістің басты мақсаты.
Асанәлінің қоғамда орын алған оқиғаның мәнісін танып, салмағын өлшеудегі, драматургияда немесе ойнаған рөлдеріндегі кейіпкердің басты қасиетін дөп басу шеберлігі – адамның жан дүниесін рахатқа батыратын, сирек құбылыс. Актерлік шеберлігі – көрерменнің алғашқы көріністен-ақ ырқын билеп, спектакльдің соңына дейін бір демде ұстайды. Ең таңғалдыратыны бұл емес – көрерменнің залға қайтып оралып, бір спектакльді сан тамашалауы.
Әрдайым өнердің шыңынан табылуға ұмтылады, актерлік пен нағыз ерге тән қасиеттер бойында тең үйлескен, тұлғасының тартымдылығының құрығы ұзын – шырмауына түскенге шығу қиын. Асанәлінің адам болмысының қыры мен сырын, көлемін танып, маңайына қатысын, жан дүниесін бүге-шігесіне дейін бейнелей алуы – күрделі құбылыс.
Кинода жағымсыз кейіпкерлерді ойнаған сәтінде немесе комедиялық элементтерді жеткізуде сымбаты қазаққа келе бермейтін, ұзын бойлы Асанәлі мұндай көріністерді табиғи мысқылымен, теріс қылығына өзгеше астар берумен, аса жеңіл бейнелейді. Оның жағымсыз кейіпкерлеріне ерекше мәнердегі тартымдылық тән, көзқарасында ақыл мен мұң астасып, шешуінен сұрағы көп қилы тағдыр суретін өрнектейді. “Қыз Жібектегі” сомдаған Бекежан бейнесі халық аузында қалып, эпос кейіпкеріне жан бітіріп, Асанәліні ұлттық киноөнер құбылысы ретінде танытып, әртістік бетпердесін ашуының бір сыры осында болса керек.
“Ымырттағы махаббат” спектакліндегі трагедиялық рөлін әр кәсіптік салада еңбек ететін достары – Әбдіжәміл Нұрпейісов, Салық Зиманов, Камал Ормантаев бар, қатар тамашаладық. Актер мен актрисаның шеберлігі сахна шеңберінен асып кеткен тәрізді, бұл өң мен түстің бір қиюласқан сәтіндей көрінді, көптен мұндай шерлі көріністің куәсі болмап едік. Бар әлем қаңырап, сахарада осы екі жан жалғыз қалғандай, бейнелері ұмытылып, үндерін ғана естіп отырдық. Драматургия мен актерліктің шыңы дегеніміз осы да.
Бір таңғалдыратыны, актерлік шеберлігінің шынайы өмірге әкелетін салдарынан оның айналасындағылар қиянат көрмейді, керісінше, өмірге жаны арашаланып, арылып оралатындай. Актерлік көрегендігімен оқиға мен адамдарға әділ бағасын беріп, бүгін басталған істің ертең немен тынатынын алдын ала нақты болжайды. Сахнадағы ауыр трагедияға бойлау сәтінде, ен даладағы соқпақты жол үстінде болсын, табиғилық қасиеті, ішкі сезімінің айқындығы бойынан аластамайды.
“Адам – өмір сүрген ортасының айнасы”, әсіресе, бұл әртіске тән қасиет. Үнемі ішкі дүниесіне бойлап, драмаға күш береді, режиссердің ойын дәл тауып, оған қосар үлесі мол. Біздің кино мен театрымызда Асанәлінің орны әртістен басым. Ол әрдайым көрерменмен сұхбат құрып, сырын қоса шертеді, оның ойынында өзіндік, ерекше өткір көзқарас бар.
Әрдайым ашық-жарқын, кең пейілді жан болғанымен Асанәлінің жан дүниесіне бойлау – қиын іс, санасының түкпірі белгісіз, қол жетпейтін алыс қияда тұратындай көрінеді. Өнерінің өзі беймәлім болмысының бір қыры ғана, сырттай ашық, іштей жабық жан дүниесі ұшы-қиыры жоқ жұмбақ әлемнің бір бөлігіндей.
Асанәлінің адамның қилы мінез-құлқын бейнелеуіне, драмалық қажыр-қайратына, көз тартатын актерлік келбетіне тең келер жан жоқ. Бет әлпетінің ойнаған рөлін көрерменге сөзсіз жеткізетін қасиеті бар, тұңғиық жанарының түбіне мәңгі мұң тұнған. Адамдармен сұхбат құрғанда, сөзден гөрі көзбен ұқтыруы басым, мәңгі мұң ұялаған жанары сөзден гөрі көбірек сөйлейді. Жанарының терең тұңғиығы – әлемнің әйгілі актерлері Роберт де Ниро мен Иннокентий Смоктуновскийге, атақты тенор Лучано Павороттиға ғана тән, сирек құбылыс.
Өнерде табысқа кеңінен кенеліп жатса, өмір өз зобалаңын алдынан тосты.
Ардақтыларынан айырылған қасіретті сәтінде қабырғам қоса қайысып, көкірегім қоса айырылды. Сол уақыттан бастап ол мен үшін алыс жұлдыздай атақты әртіс, миллионның сүйіктісі болудан қалып, қарапайым, ет пен сүйектен жаралған жақын да қымбат жанның біріне айналды.
Сонау бұлт басқан, ақ жауынды, бұлыңғыр аспан бір мезетте ашылып, күн сәулесі төгіліп, өміріне Бағдат келді. Ол кешікпестен дүниеге кішкентай Асанәліні әкелді. Сынға сынбаған ғана сый алары хақ. Басқан қайғыға қарсы тұрып, қайыспаған жанның, қасіреттен белі бүгіліп, сынуға шақ қалған адамға қарағанда, өткенге көзқарасы терең де сәулелі келеді.
Жақында Алматыда халықаралық кинофестивальдің ашылу салтанатында қызыл кілем үстінде қол ұстасып үлкенді-кішілі Асанәлі мен Бағдат жүріп өткенде көңілім сүйсініп, “Иә, лайым, өміріңде жақсылық болсын, достым!” деген тілек білдірдім. Басылым беттерінде жарық көрген Асанәлі күнделігінің саралы ойға толы жолдарын оқыған сәтімде Бағдаттың ыстық сезімі мен адал жүрегіне арналып айтылған лебіз өзін көрген сайын есіме түсіп, жүзіме жылу ұялатады. Бағдаттың ақылы терең, ізеті мол жан екендігін Асанәлінің немерелерін өз баласындай, іш-баурына тартып, жақын көруінен тануға болады.
“Ымырттағы махаббат” спектаклінде сахнадағы кейіпкерлер арасындағы ынтық сезімдерін жеткізген сүйісу сәтінің бір тұста ұзақтау болып көрінгені бар-тын. Қайғы-мұңға толы көрініс болса да, сол тұсында шыдамастан бізден кейінгі қатарда отырған Бағдатқа қарап күліп жібердім. Үзілісте бір топ жас келіп: “Неліктен осындай қайғылы сәтте күлдіңіз?” – дегені бар. Атақты әртіс – көптің сүйіктісі, қызғаныш туралы сұрақтар туындамай тұрмайды, сондай бір сәтте айтылған Бағдаттың “Менде де жүрек бар ғой” деген тамаша жауабы бар екен.
Үлкен әртістер балажанды, бұл дүниеден кәрілік дегеннің не екенін білмей өтеді. Сапарының бірінде, Асанәлі күзгі жеміс-жидек піскен алтын шақта жолай нән қарбыз-қауын піскен бау-бақшаның қасынан өтеді. Балдәурендегі тіл үйіретін қарбыздың дәмі есіне түсті ме, балалығы ұстап, көз сүйсінетін бақшаға бас қояды. Бір нән қарбызды қолына ала бергенде, “ұрлық жасағанда ай жарық болды” дегендей, күзетші келе қалады. “Ұрыны” таныған күзетші аң-таң: сүйікті әртісін өзінің бау-бақшасынан көрем деген үш ұйықтаса түсіне кірмейтін іс қой. Асанәлінің де бейнесі атақты әртіс емес, ұрлығы ашылған баланың кейпінде болады. Естіген жанды езу тартқызбай қоймайтын осы көрініс жайлы құлағдар болғанымда актердің жұмбақ жан дүниесінің құпия сыры есейген шақта да балалықтан қол үзбеуінде деген ой келді. Балалықпен қош айтыса отырып жан дүниеміздің асылынан қоса айырылатын сыңайлымыз.
Адам өмірден шаршап-шалдыққанда, оған деген сүйіспеншілігі жоғалған кезде қартаяды. Асанәлі өмірдің барлық сәтін ұнатып, қуаныш табуға тырысады. Асанәлінің өмірге құштарлығы адамға деген, отбасына деген зор сүйіспеншілігімен байланысты. Жүрегінде от-жалыны мен махаббаты таусылған жан әртіс болудан қалады.
Досқа деген пейілі мен әзіл-қалжыңы таусылмайтын дариядай. “Матумба” атты клубта достарымызбен бас қосып, сыр шертетін кезіміз болады. Құрбыларын жайма-шуақ қалжыңына іліктіре жүру әдеті бар. Бір досының атынан “Свиноводство” журналына жазылып, жеткізілетін мекен-жайын көрсетеді. Қаннен-қаперсіз, бұл жәйтті әуелі жай қателік көрген досы журналдың екінші санын қолына алғанда ғана мәселенің сырына қанық болып, санын соғады. Осы тәрізді ортасында өзі жүретін зілсіз әзілі болмысының ажарын ашады.
Асанәлідей табысқа мастануды білмейтін, тіпті миллион мойындаған дара дарынының өзіне үнемі шүбә келтіретін жанды ғұмырымда тағы кездестірерім беймәлім. Сахнадағы кейіпкердің жан дүниесін ашатын бір ғана қас-қағым сәт үшін жасалатын сағаттаған ауыр еңбекті репетиция, әріптестерімен өзара әрекет, режиссердің қашқан мазасы – табыстың астарының қатпары көп. Содан болар, табысқа аңыз деп қарауды жөн көреді. Меніңше, Асанәлі әлі күнге түсінде қалықтап, самғайтын жан. Өмірде болса бойында көзсіз ерлік жасау қабілеті бар.
Жан-жақты дарынының алмайтын қамалы жоқ. Әдебиетте де қалам тартып, публицистиканың қарындашын ұштап қойған. Актер болып жүріп-ақ бес томдық шығармалар жинағын жариялағаны осының дәлелі. Әр спектакльде аспаптың құлағын бұрап, бабына келтіргендей рөлі қоса жүреді, режиссер ретіндегі тәжірибесі мен жеткен табыстары да мол.
“Ұзақ ғұмыр – зор байлық” – осы ұстаным Асанәліге тән. Себебі, өмірге құштарлығы мол, әр күнінің шуақты болуын қалайды, өткен жастығына айтар өкпесі жоқ. Асанәлінің әлі күнге жан саулығы мен сахналық шеберлік қорын сақтап, шығармашылығында белсенді әлеуметтік бағыттан таймағандығы таңғалдырады. Қазір де көптеген классикалық туындылардағы басты рөлдерді ойнайды, театр мен кинодағы белсенділігін жоғалтпаған, сан қала мен елді шарлап, көпжылдық жобалардан бойын аулақ салған емес. Жасы жамалғанмен, арманы таусылмаған Асанәлінің әлі айтары мол, көрермені күтулі.
Бағы мен базары тез тарқап, қайғы-қасіреті жүрекке мұң болып тұнып, серік болып қалатын жалғанға терең бойлай түсіп, жебір уақыт жылдары өте келе дүниені орап алуға дайын тұратын тік мінезі мен ойлы мысқылы ажарындағы ақыл мен мұңға ауысты (“Ымырттағы махаббат”). Белгілі француз актері Ален Делонның: “Мәні мен маңызы мол актердың бақытсыздығы да мол”, дегені бар, өз өмірінен қорытқан ойы сыңайлы. Театр мен кино сахнасында ғана емес, өмірдегі басқан әр қадамыңда шынайы болу адам жанына қымбатқа түсетіндігі мәлім. Жандүниең өксіп тұрып, сахнадан немесе мінбеден халық күткен шебер өнер көрсетіп, өнегелі сөз айту міндеті дарынды болмыстың ауыр жүгі.
Досымның жандүниесіне сапар шегіп отырып, өз көңілімнің тұңғиығына сүңгіп кеткенімді байқамадым. Асанәлінің табиғат тарту еткен дарыны өзімен кететін, кілті жоқ құпия құбылыс екендігі анық. Дарын жайлы қанша жорамал айтылғанмен, ақиқатына жету мүмкін емес. Менің де ойым болжамнан артық болмас: мұхиттан маржан іздегендей, Асанәлінің құпиясын сұңғыла санасының терең тұңғиығынан іздеу қажет секілді. Айналасын сиқырлы сәулеге бөлейтін ғажайып өнері – ой-сезімінің шұғыладай шағылысып болмысынан тапқан көрінісі.
“Жақсы әртістің ойынын мысық пен бала ғана келтіре алады”, – деген сөз бар. Асанәліні қайталау мүмкін емес.
Төрегелді ШАРМАНОВ.