Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өтініштерді электронды бақылау Астана, Алматы қалалары және Қарағанды облысының қаржы полициясы органдарында іске қосылған еді. Осы орайда жүзеге асқан Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің жаңа жобасының оң нәтижесі мемлекеттік органдардың азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарауда толық ашықтық пен айқындықты және адамның конституциялық құқықтарының одан әрі сақталуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Бұл қазір біртіндеп жемісін беріп келеді.
Көбіне прокурорлық тексерулер нәтижесі азаматтар өтініштерінің қаралу мерзімінің негізсіз созылатындығы мен мемлекеттік органдарға жолдаған алғашқы өтініштің сапасыз тексерілуіне байланысты көпшіліктің қайта-қайта жүгінетіндіктерін көрсетіп отыр. Осы орайда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық басқармаларының автоматтандырылған жаңа жүйесі лауазымды тұлғалардың азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қараған кезде жол беретін заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік туғызады. Міне, осы яғни мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын одан әрі қамтамасыз ету, азаматтарға өтініштерінің қаралу барысын біліп отыруға мүмкіндік жасау мақсатында 2010 жылғы 15 қарашадан бастап 2011 жылдың 1 сәуіріне дейін Көкшетау қаласының мемлекеттік органдарында “Айқын” қанатқақты жобасын жүзеге асыру жоспарланды.
“Айқын” қанатқақты жобасының негізгі қағидасы интернет арқылы азаматтар мен ұйымдар өз өтініштерінің қаралу барысын қадағалап отыруға мүмкіндік алады. Өтінішті алғаш рет қабылдағанда және тіркеген кезде әрбір өтініш берушіге қайталанбас нөмірі бар талон беріледі. Осы нөмір бойынша интернет арқылы комитет сайтынан www.pravstat.kz өтініштің қаралу тәртібі мен нәтижесін көріп отыруға болады.
Жоба мен ондағы техникалық және ұйымдастырушылық жаңалықтар өтініштердің уақытылы қаралуын қамтамасыз етуге, заңды және жеке тұлғалар өтініштерін қарау жұмысында мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ал бұл өз кезегінде жемқорлық әрекеттердің алдын алуға әсер етеді.
Сол сияқты азаматтардың өмірі мен денсаулығын, өзге де конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету прокуратура органдары қадағалау қызметінің негізгі басымдығы болып табылады. Бұл орайда Бас прокуратура білім беру ұйымдарының ғимараттарын жөндеу жұмыстарына оқытушыларды және мектептің басқа да қызметкерлерін, сондай-ақ оқушылардың ата-аналарын тартуға сәйкес еңбек заңнамаларын қолдануына талдау жүргізген еді. Сонда кейбір мектеп әкімшіліктерінің мектеп қызметкерлерін өздерінің қызметтік міндеттемелеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға тыйым салу туралы заң талаптарын бұзып отырағандары анықталды. Сонымен қатар, олардың мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын бюджет қаражаты немесе ақылы негізде көрсетілген қызмет көрсетуден түскен кіріс есебінен қамтамасыз ету туралы заң нормаларын бұзып отырғандары анықталды, дейді прокурорлар.
Мысалы, Қостанай облысының Мәметова атындағы және Глазунов орта мектебі директорлары мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарын өз күштерімен жүргізу туралы заңсыз бұйрық шығарған. Осыған ұқсас заң бұзушылықтар Алматы қаласында, Жамбыл, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында да орын алған.
Заң бұзушылықтар жүйке аурулары стационарларының қызметіне тексеру жүргізу кезінде де анықталыпты. Мәселен, Алматы қаласының прокуратурасы психикалық денсаулық орталығына азаматты заңмен көзделгендей сот ұйғарымы бойынша емес, ішкі істер органдары тергеушісінің қаулысы негізінде заңсыз мәжбүрлеп жатқызу дерегін анықтады. Сол сияқты осы өңірде де, сондай-ақ Қарағанды және Қостанай облыстарында да оларды емдеу мерзімінің заңмен белгіленген тәртіпте сақталмайтындығы белгілі болды. Тіпті медициналық қызметкерлердің науқастарды шығару туралы шешімді асығыс қабылдайтындығы соншалық, оның салдарынан яғни дені дұрыс айықпаған науқастар өздерінің әрекеттеріне жауап бере алмауынан құқыққа қайшы әрекеттер жасаған. Мәселен, Қостанай облыстық жүйке аурулары ауруханасынан шыққан науқас анасын және жиенін өлтірген. Оның бұрын өз баласын өлтіргені де белгілі еді. Бірқатар өңірлерде тамақтануды дұрыс ұйымдастырмау, сақтау мерзімдері өткен азық-түліктерді пайдалану фактілері орын алған. Бұл орайда Бас прокуратура Үкіметтің атына көптеген заң бұзушылықтарды, сондай-ақ оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізді.
Александр ТАСБОЛАТОВ.