10 Қараша, 2010

Бәдрисафаның бейіті дәл табылмады

483 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әйтсе де мұңлық жанға белгі қоятын жер анықталды Облыстық мәслихат депутаты, педагогика ғылым­­дарының докторы, профессор Римма Бектұрғанова жетекшілік ететін “Бәдрисафа” экспедициясы жақында Меңдіғара ауданындағы бұрынғы Екпінді ауылының жұрты және мұсылман қорымы жатқан жерге тағы да сапарлап қайтты. Себебі, экспе­диция­ның мүшесі Ибрагим Ағытаевқа бұрынғы Екпінді ауы­лының жұрты жанындағы мұсылман бейітінде ашылып қалған сүйекті көрген, оны қайта жерлеген жандарды білетін куәлар хабарласқан болатын. Сонымен қатар, Бәдрисафа шешеміздің бейітінің басына тас белгі орнататын орынды анық белгілеу керектігі де осы сапарға мұрындық болды. Бұрынғы Екпінді ауылында туып-өскен және ол көшірілгеннен кейін он сегіз шақырым жердегі Ло­мо­носов кеңшарында жұмыс істеген Ербол Алшын­баев пен Марат Тұрлыбековтер экспедиция мүше­леріне ашылып қалған сүйекті 1986 жылы қыр ба­сындағы Науша бейіті деп аталатын қорымның ете­гіндегі су жырған сайдың қабырғасынан көргендерін, оның қандай жағдайда болғанын тәптіштеп айтып берді. Сүйекті қайта жерлеу үшін қарамағындағы жігіттерге тапсырма берген сол жылдары кеңшардың Лютинка бөлімшесінде басқарушы болып істеген осы Марат екен. Олар ауылдағы Байжігіт Құсайынов және Егізбай Әйкенов деген ақсақалдарды ертіп алып, сүйекті жинап, сол маңға қайта жерлеген. – Менің әңгімемнен қаныққан әкем Естайдың сүйекті қорымға қоспай, жалғыз оқшау тұрған қайың ағашының маңына жерлеген ауыл ақсақалдарына реніш білдіргені есімде. “Александраның әлі іздеушісі болады, ұят емес пе, әй, нақұрыстар!” дегені әлі құ­­­­ла­ғымда тұрғандай, – дейді Марат Тұрлыбеков. Олар­дың айтуынша, Александраның тегін адам еместігі, тіпті оның Ахмет Байтұрсыновтың әйелі екені ауыл ішінде күбір-сыбыр әңгіме болып басылған, қорқып, зәрезап болып қалған ауылдағылар оны сыртқа жаймаған. Одан кейін заман өзгерді, ұрпақ алмасты, бұрынғылардың барлығы да о дүниелік болды, суы да, нуы да бар жерде орналасқан Екпінді келешегі жоқ деген ұрда-жық ұранмен жойылып, байырғы тұрғындардың барлығы тарап кеткендіктен де бұл әңгіме Тобылдың бір қойнауындағы ауыл жұртында, қырдың етегінде жатқан Александра-Бәдрисафаның өзімен бірге қалған. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бері де 20 жылдан аса уақыт өтті. Ауыл ақсақалдары қайта жерлеген бейіт те тегістеліп кеткен. Александра-Бәдрисафа бейіті тап басып табылмаса да, сталиндік қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен мұңлықтың рухы осы қырда тыныстап жатқаны аян. Сондықтан экспедиция мүшелері жолмен өткендерге анық көрінетін қырдың биігіне ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Бай­тұрсыновтың жары, жан жолдасы, саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны Бәдрисафа Байтұрсынованың рухына арнап, тас белгі орнататын орынды анықтап қайтты. Белгі демеушілердің көмегімен келесі жылы орнатылатын болды. Ал оған дейін “Бәдрисафа” экспедициясының мүшелері Ахаң мен Бәдрисафа шешеміздің табаны тиген жерлерді жүріп өтуді және ол туралы деректерді іздестіру жұмысын жалғастыратын болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.