САЛИҚАЛЫ САЯСАТТЫҢ САЛТАНАТЫ
Әрі төраға ел, әрі Саммит шақырушы ел
Қазақстан – осындай қос мәртебеге қол жеткізген Еуропа мен Азиядағы тұңғыш мемлекет
Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық мерзімі де мәреге таяп келеді. Көкейімізде тұрған сұрақ белгілі: Қазақстан бұл аса жауапты миссияны ойдағыдай атқара білді ме? Бұл сұраққа біз зор сеніммен “Иә, құдайға шүкір, бәрі ойлағанымыздай”, деп айта аламыз. Біздің төрағалығымыз халықаралық аренада ақылшы, кеңесші ретінде іс-қимыл танытатын Ұйымның тарихында лайықты орын алары сөзсіз. Біз міндетімізге аса зор жауапкершілікпен қарай білдік. Бұл ұйымға төраға болған елдер бар ғой, әйтсе де әрі төраға, әрі өз астанасында Саммит шақырып, өткізе алған елдер әзірге жоқ екен. Біз – Еуропада осы мәртебеге қолы жеткен тұңғыш мемлекетпіз. Қазақстан соңғы жылдары өзінің батыл әрі тосын ұсыныс-шешімдерімен, ойға алған істерін ойдағыдай жүзеге асыруымен әлем жұртшылығының назарын өзіне аударуда. Қазір әлемде 30 жылды қамтитын бағдарлама қабылдап, оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асырып келе жатқан ел ілуде біреу ғана! Күтпеген жерден астананы басқа жерге көшіріп, он жылдың ішінде аяғынан тік тұрғызып, әлемді таңқалдырған да Қазақстан. Қолда тұрған ядролық қарудан бас тартып, басқа елдерге көз аларту емес, барлық елдермен бейбіт қатар өмір сүріп, өз елімізді, өз жерімізді, академик Ғарифолла Есім айтатындай, Жерұйыққа айналдыруға білек сыбанып іске кіріскен де Қазақ елі. Құдайға шүкір, бұл жоспарымыз да бірте-бірте іске асуда. Жер-жерде қасиетті діннің атын жамылған алауыздықтар, қақтығыстар өршіп жатқанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басқосуын бір емес, үш рет ұйымдастырдық. Біз бүкіл әлемге дінаралық және этносаралық қатынастарды түсіністікпен, төзімділікпен, ашықтықпен сенім және келісім арқылы орнатуға болатынын іс жүзінде көрсеттік. Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ниетін 2003 жылы алғаш жариялағанда біздің идеямызды түсінбеген, таңырқаған елдер де, лидерлер де болды: “Бұл Қазақстанға не үшін керек?”, “Басқа елдерге, өркениет жолымен ғасырлар бойы дамып келе жатқан елдерге жол көрсетпес бұрын Қазақстан өз ішіндегі проблемаларды шешіп алмай ма?” деген сияқты дәйектер келтіріліп жатты. Біз бірақ о бастағы түпкі мақсатымыздан бас тартпай, ұсынысымызды қайталай бердік. Ақыры 2007 жылы қараша айында ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет өкілдері Мадрид қаласында өткен отырыста 2010 жылғы төрағалықты Қазақстанға тапсыру туралы шешім қабылдады. Қазақстан батыл да жауапты бастамалар көтеріп қана қоймайды. Соларды жүзеге асыруға бағытталған шараларды, әр саладағы әр алуан реформаларды Елбасы ұсынған стратегиялық бағдарламаларға сай жүзеге асыра біледі. Сөйтіп, сөзге іспен жауап береді. Экономикалық, әлеуметтік әрі соларға арқа сүйейтін саяси реформалар да дер кезінде іске асуда. Асығып, аптығып, бірін бастап, аяқтамай тастап, “анау айтты”, “мынау айтты” деп алған беттен ауытқып, басқа жолға түсу біздің ішкі саясатымызға да, сыртқы саясатымызға да жат нәрсе. Тәуелсіздік тұсындағы іс-қимылымыздың тағы бір ерекшелігі – бір орында тұрып қалмау, ілгері жылжи беру. Төрағалықпен де шектеліп қалуға болар еді. Осы да жетер еді. Жоқ. Тағы бір соны бастама дүние жүзі елдерінің назарын Қазақстанға аударды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылдың қаңтарында ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесіне жасаған өзінің бейнежолдауында қазақстандық төрағалықтың басты басымдығы ретінде осы жылы Астанада 11 жыл бойы өтпеген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін өткізу туралы ұсыныс жасады. Елбасы өзінің Жолдауында: “Біз мұның еліміздің ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы тұғырында жасап жатқан күш-жігеріне ауқымды қолдау екендігін көреміз. ЕҚЫҰ Саммитін – барлық кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте осындай ауқымдағы алғашқы халықаралық форумды өткізу бұл тек асқақ абырой ғана емес, үлкен жауапкершілік те”, – деп атап көрсетті. Осы арада Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауынан тағы бір үзінді келтірген жөн сияқты: “ЕҚЫҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі ретінде Қазақстан Ұйымды дамыту мәселесінің негізі болып табылатын консенсустық алаңды нығайтуды және кеңейтуді қарастырады. ЕҚЫҰ Саммитінің 10 жылдан бергі уақыттағы үзілісі Ұйымның консенсустық негізі дағдарыс жағдайында болмаса да, тоқырау ахуалында тұрғанын аңғартады”. “Қолданысқа енбеген темірді тот басады, қолданысқа енбеген ақыл адасады” деген сөз бар. Біздің саммит туралы ұсынысымыз да аяқсыз қалған жоқ. Назарбаев бұл жолы да айтқанын өткізді. Лайым солай бола бергей. Тағы да қайталап айтайын: төрағалығымыз табысты өтіп келеді. Біз ЕҚЫҰ елдері көшбасшылары мен саясаткерлерінің ғана емес, сол елдердегі қарапайым халықтың да көңілінен шыға білдік. Адамдарға не керек? Ең алдымен елдің тыныштығы, бала-шағаның қауіпсіздігі, деннің саулығы, алдағы күнге деген үміт, сенім керек. Өзімізде де, басқа елдерде де осы мұраттардың жүзеге асуын қолға алып жатқан жайымыз бар. Бізді түсінетін, бізге тілектес шет ел қайраткерлері мен сарапшылары біздің төрағалығымызға бір ауыздан ризашылық білдіру үстінде. Жақында Италияның Палермо қаласында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының күзгі мәжілісі өтті. Осы мәжілісте сөз сөйлеген ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Петрос Эфтимиу мен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо тарапынан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ерекше сәтті өтіп жатқаны, Қазақстанның жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді екіжақты, көпжақты талқылаулар барысында оң шешуге ұмтылғаны айтылыпты. Яғни, әлемдік деңгейдегі екі қайраткер де Қазақстанның өз төрағалығы тұсындағы таптырмас белсенділігі мен түйінді мәселелерді шешуге деген талпынысын жоғары бағалаған. Қазақстанның этносаралық және дінаралық келісім мен түсінікке жетудегі тәжірибесі бүгінде ЕҚЫҰ қызметіне жаңаша серпін берді деуге болады. Бұл жәйт те дуалы ауыздарға желі болыпты. Сондай-ақ кез келген түйінді мәселені бейбіт жолмен шешуге болатыны да Қазақстан төрағалығы тұсында бұрынғысынан да айқын көрінуде. Осының бәрі Астана саммитінің табысты өтетініне сенім ұялатады. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Александр Козловский ЕҚЫҰ парламентшілерінің ортақ пікірін білдіріп: “Қазақстан төрағалығы басқалар үшін үлгіге айналады. Төрағалық деп, міне, осыны айтса болады”, деген еді. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрметті төрағасы Жоао Соареш өз тарапынан Қазақстанның төрағалығы “өте жоғары кәсіби деңгейде өтіп жатыр” деп біздің қызметімізге оң баға берді. Осы “кәсіби деңгейде” деген сөзде көп мән бар. Демек, бұдан былай Қазақстан әлемдік саясаттың жай сырттан бақылаушысы, тіпті оның қатардағы қатысушысы емес, сол саясатты қалыптастыратын мемлекеттердің қатарынан табылатын болады деген пікірге түгелдей қосыламын. Қазақстанды бес саусағындай білетін Омбының губернаторы Л.Полежаев айтады: “Қазақстан мен үшін – сапалық белгісі”. Қазір дүние жүзінде бір формациядан екінші формацияға алдырмай, шалдырмай, сүрінбей өтудің формуласы болып табылатын “қазақстандық жол” деген ұғым пайда болды. Менің көптен бері бетке ұстап келе жатқан бір принципім – қызметтес, әріптес жолдастарыма, өмір сүріп отырған ортама өзімді таныту, көрсету, қалай еткенде де өзімді мойындату. Бұл үшін, әрине, басқалардың алдында жалбақтаудың, жағымпазданудың немесе кеуде керіп, “мен – кандидатпын”, “мен – доктормын” деп масаттанудың қажеті жоқ. Өз орныңды біл, өз ісіңді ойдағыдай атқар, айтқан сөзге тұр, Сократ айтқандай, “менің білмейтінім қандай көп еді?” деп біліміңді, мамандығыңды, түсінігіңді тереңдетуге тырыс. Алматыда – мединститутта, философия және құқық институтында, Оралда – педагогикалық институтта, ауыл шаруашылығы институтында (қазіргі аграрлық-техникалық университетте), Ақтөбеде – мемлекеттік университетте алғашқыда Рысқалиевті елемей, немқұрайды қараған әріптестер болды. Кейін, бара-бара менімен санасатын, менімен тілдескенді ұнататын, менің ойымды, пікірімді білгісі келетін, менің ойлау, сөйлеу, жазу стилімді түсінетін, танитын адамдар көбейді. Сөйтіп, мен өзімді мойындаттым. Мен мұны, өзімді дәріптеу үшін айтып отырмағаным түсінікті болар. Адам да, қоғам да бірін бірі қайталамайды. Менің елім – Қазақстанды да кезінде білмеген, көзге ілмеген, әлемдік саясатта, қарым-қатынаста лайықты серіктес болады деп ойламаған елдер де, лидерлер де, сарапшылар да болды. Бірақ біз бұған мән бермей, аспай-саспай өз жолымызды іздеп, өз мүмкіндіктерімізді ұқыпты пайдаланып, ғасырлар бойы армандап, қолымыз қазір жеткен егемендігімізді, тәуелсіздігімізді жоғары бағалап, іске асыруға кірістік. Еліміз бен халқымыздың бірлігіне, мүмкіндігіне өзімізді, бүкіл қазақстандықтарды, қала берді, құдай қосқан көршілерімізді, алыс-жақын елдерді сендіруге тырыстық. Қоғамды аяғынан тік тұрғызудың, қиындықты еңсерудің, ілгері жылжудың тиімді жолдарын іздестірдік. Сол іздегенімізді таптық та. Әлемдік қоғамдастық тарапынан лайықты сенімге де ие бола бастадық. Адам о дүниеге барғанда періштелер одан сұрайды екен: “Көршілерің кім, көршілеріңмен тату болдың ба?”, деп. Қазір көршілер көбейді ғой. Алыстағы Америка да көрші. Біз бәрімен де тату қарым-қатынас орнаттық. Еліміздің тәуелсіздік тұсындағы толағай табыстарын біз ең алдымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қажымас қайратымен, табанды ерік-жігерімен, кемеңгер саясатымен байланыстыра қарастырамыз. Қай жерде де – іште де, сыртта да Қазақстан туралы әңгіме бола қалса, алдымен еске түсетін есім – Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл біздің ғана пікіріміз емес. Шет елдерде де бірауыздан Қазақстанның жетістіктерін оның басшысының саясатымен түсіндіру дағдыға айналған. Кешегі Қазақстан халқы Ассамблеясының XVІ сессиясында сөз алған қонақтардың бірі – Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Полад Бюль-Бюль оғлының сөзі бұған дәлел: “Әлем Назарбаевты біледі. Қазақстанды – Назарбаевсыз, Назарбаевты – Қазақстансыз елестете алмайды, ол өз еңбегімен, ісімен қазақ халқының нағыз лидері екенін дәлелдеген жан”. Бұған алып-қосатын ештеме жоқ. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі төрт “Т” ұстанымына құрылғанын білеміз. Оның қай-қайсының да қазіргі заманда маңызы зор. Соның ішінде мен толеранттылыққа тоқтала кеткім келеді. Толеранттылықтың латын тілінен аударғандағы тура мағынасы – төзімділік. Әрине, төзімділік керек-ақ. Көп жағдайда осы төзімділік жетіспей жатады. Бірақ толеранттылықты тек осы мағынада түсіну жеткіліксіз деп ойлаймын. Толеранттылық сонымен бірге, тілектестік, ізгі ниеттілік, кеңдік, қошеметті үнқатысу мен ынтымақтастыққа әзірлік. Толеранттылық деген кез келген идеологиялық жүйені немесе саяси ұстанымды қолдау емес. Толеранттылық көзқарас қандай пікір мен іс-қимыл болмасын оған немқұрайды қарай алмаушылықты білдіреді. Қазақтардың ежелгі менталитетіне тән қасиет – адамдар мен ұлттардың және елдердің арасында ізгі ниетті, адал, бейбіт, ашық қарым-қатынасты орнату. Толеранттылықтың ұлттық ұғымымызға тән тағы бір мағынасы – мәмілешілдік, келісімпаздық. Бұл жөнінде біздің билеріміз бен ақын-жырауларымыз жеріне жеткізе айтқан. Солардың ішінен осы бағытта Майлықожаның айтқанынан үзінді келтірейк: Өңкей жақсы қосылса, Бітіреді кеңесті. Өңкей жаман қосылса, Шығарады егесті. Мәмілемен іс бітер Бас қосып қалса көп есті. Жақсының жолы жарық күн. Жаманның жолы көмескі. Шындығы керек, қазіргі күнде де бірқатар жағдайларда бүкіл әлемде келісім, түсіністік, толеранттылық, консенсус жетісе бермейді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуіне орай Елбасының толеранттылық принципін алға тартуының мәнісі осында болса керек. Тағы бір айта кететін нәрсе: қазір қоғамтануда да, саясатта да жаңа ғылыми көзқарас, жаңа тәсіл – синергетика бой көрсете бастады. Күрделі жүйелердің қай-қайсы да өзін өзі реттеп, өзін өзі басқара алады. Дүниеде қай кезде де болмасын реттілік те, ретсіздік те кездесіп тұрады. Хаостан шығудың жолы, синергетика бойынша, ашықтық және түзу еместік (нелинейность). Ашықтықтың арқасында еліміз басқа елдермен тауар, энергия және ақпарат алмасып, қарым-қатынас жасауда. Ал түзу еместік эволюция жолдарының бірыңғай еместігін, оның көпнұсқалығын (многовариантность) аңғартады. Біздер бұрын қоғам дамуының бағыты төменнен жоғарыға қарай алғашқы қауымдық құрылыстан құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік жолмен коммунизмге қарай жүре беру деп түсінетін едік. Синергетикалық тұрғыдан олай емес екен: кері кету де болып жатады. Біз қазір социализмнен капитализмге қарай кері кетіп барамыз. Бірақ бұл біз үшін шегініс емес, ілгерілеу екені басы ашық ақиқат. Синергетика (synergіa) деген грек сөзінің мағынасы – ынтымақтастық. Елбасы жүргізіп отырған еліміздің ішкі және сыртқы саясатының тұғырнамасы да осы ынтымақтастыққа саяды. Ойымызды түйіндей келе, алдағы желтоқсанда Астанада өтетін саммит еліміз үшін де, дүние жүзі елдері үшін де тиімді шешімдер қабылданатын тарихи басқосу боларына сенеміз. Саммит, Елбасы атап көрсеткендей, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуына жаңа серпін туғызбақ. Сонымен бірге, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін одан әрі тереңдетуге жол ашпақ. Саммит өткізу арқылы еліміздің халықаралық деңгейдегі беделі мен салмағы да арта түседі. Сөйтіп, біз, қазақстандықтар осылайша тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына лайықты тарту әзірлейтін боламыз. Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ, философия ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры. Батыс Қазақстан облысы. Қазақстанның ерен жеңісі Кім болса да “шыққан тауым биік болсын” дейді ғой. Мен де өзімнің туып-өскен алтын бесігім – Қазақ елінің қазіргі қарышты қадамына қуанып, төбем көкке жеткендей сезімдемін. Бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттердің, тіпті мықтап дамыған елдердің де экономикасын тұралатқан дағдарыстың қаншалықты қиындықтарына қарамастан, Қазақстан тұрақты даму жолында. Өзі егемендік алғанына бір-аз ғана уақыт өтсе де, тәуелсіздік жылдары өзінің еңсесін тік ұстап алға өрлеген Қазақстанды қазіргі күні бүкіл әлем танып, зор болашағы бар ел екенін біліп отыр. Құрамына 56 мемлекет енетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына біздің еліміз – Қазақстанның төрағалық етуі – қазіргі қалыптасқан сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік деген қазақ халқына тән кең жүрек, берекесінің айғағы. Жер шарын шарпыған дағдарыс кезінде батыл да, сындарлы қадам жасап, еліміздің 2020 жылға дейінгі өрлеу, даму стратегиясын айқындап берген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев нағыз көреген басшы екендігін көрсетіп, бүкіл әлемге аты белгілі болды. Осы бағытта игі бастамалар мен нақты іске асқан шаралар да тарихта алтын әріптермен жазылып, халық есінде қалатындай көптеген жақсы да берекелі жұмыстар атқарылуда. Адамзат өміріне зор қатер төндіріп тұрған, Семей полигоны жабылғаны бүкіл елге қаншалықты қуаныш әкелгенін ауызбен айтып жеткізудің өзі қуаныш сезімін тудырады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын Астанада тұрақты түрде өткізудің дұрыс шешімі табылды. Атқарылып жатқан игілікті істерді тізе берсек, қол жеткен табыстардың орасан көп екендігі көрінеді. Осы адамзат баласы үшін істеліп жатқан берекелі жақсылықтар мен табыстарға кең байтақ Қазақ елін мекен еткен ұлттардың ынтымағы мен береке-бірлігінің арқасында іске асқан нәтиже. Биылғы желтоқсан айының басында ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті өтетіні, оны өткізудің дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығы – біздің тарихи жетістігіміз. Қазақстанның осы Ұйымға төрағалығы кезеңінде атқарылған қыруар істер мен алға жылжуларды дүние жүзінің мемлекеттері алғыс сезіммен атап отырғаны бәрімізге мәлім. Өйткені, 1999 жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен самиттен соң он бір жылдан кейін Астана қаласында өтетін осы үлкен форумға 56 мемлекеттің ірі халықаралық ұйымдардың делегациялары келуге ризашылығын білдіріп отыр. Еліміздің жүрегі – Астана қаласы оншақты жылдың ішінде әлем жұрты таңқалған әсем шаһар болды, жайнаған болашақтың сәулетті қалпына айналды. Әрбір қазақстандық еліміздің жетістіктеріне өзінің қатысы барын сезінуге тиіс, сондықтан іске асырылып жатқан шараларға әркімнің де өз үлестерін қосуы қажеттілік десек, бұл үдеріс бүгінде өз деңгейінде деп айтуға болады. Жуықта Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев “Біздің Ассамблеяның тарихы – біздің тұрақтылығымыздың тарихы. Бұл 15 жыл бойы тыныштық, келісім және жасампаздық бастауы болып отыр”, деп айта келе, Шығыс Қазақстанда салынып жатқан этноауылдың тәжірибесі туралы жылы лебіз білдірген еді және Астана қаласының әкімдігіне елордада да этностық ауыл құру жөніндегі мәселені қарастыруды тапсырған-тын. Біздің облыста осыдан 15 жыл бұрын елімізде тұңғыш рет Қазақстан халқының Кіші Ассамблеясы мен Достық үйі құрылды. Бүгін Ассамблея облыс аумағындағы 105 этностың, 50-ден астам этномәдени бірлестіктің және төрт Достық үйінің басын біріктіреді. Өскемен қаласында Халықтар достығы үйі жұмыс жасайды. Жуықта Өскеменге еліміздегі дипломатиялық миссиялардың басшылары келіп, қаланың өндіріс орындарын аралап, этноауылда болды. Сонда Польша мемлекетінің өкілі Өскемен қаласының этноауылында болған кезінде бірлік, ұлтаралық және қоғамдық келісімді сақтау мен нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, менің Қазақстанға деген көзқарасым түгелдей өзгерді деп мәлімдеді. Көп ұлтты халқымыздың ынтымақ, бірлігі жарасқаны жайлы мақтанышпен айтамыз ардагерлер үшін, жас ұрпақтың алаңсыз өмір сүруі үшін жасалып жатқан іс-шараларға көңіліміз толады. Қала ақсақалдары істеліп, орындалып жатқан жұмыстарға, өз мүмкіндіктерінше қолғабыстарын тигізіп, ақыл кеңестерін беріп, облыс, қала басшыларымен тығыз байланыста. Қазіргі кезде облыс, қала әкімдіктерінің басшылығымен облыс орталығы жаңара түсті. Қала тазалығы ерекше назарда. Қала тұрғындары “Жол картасына” өздерінің үлестерін қосып жүр. Өскемен қаласында ұлы Абайға ескерткіш орнатылды. Қала ақсақалдары қоғамдық қор құрып, оны “Қасиетті бірлік” деп атап, облыс, қала басшыларынан орталық мешіт салуға көңіл бөлуін өтінген еді. Біздің қоғамдық қорға жеке азаматтар, қолдарында мүмкіндігі бар меншік иелері қолұшын созып, қазіргі кезде жаңа мешіт салынып жатыр. Қабанбай батыр бабамызға ескерткіш орнату жоспарланған. Өскемен қаласының күн сайын көркеюіне ардагерлер, ақсақалдар да өз шама-шарқынша үлестерін қосып, еліміздің қарышты да қарқынды қадамын қуаттап, құптап отыр. Асылбек СӘБЕКОВ, Өскемен қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығының құрметті қызметкері, Күршім, Зайсан аудандарының құрметті азаматы. Шығыс Қазақстан облысы.