Арайлы Астанамыздың айналасында орналасқан 20 елді мекен болашақта елордамызға серіктес ауылдар мен қалаларға айналмақ. Осы жағдайларға байланысты Ақмола облысына қарасты әлгі ауылдардың әрқайсысының тұрғындар саны 2,5 есеге өсті. Жаңадан құрылып жатқан агломерациялық аймақтарда жеке тұрғын үй құрылысы кеңінен қанат жайғанымен, онда мекендейтін азаматтардың басым көпшілігі іргедегі Астана қаласында жұмыс істеуде. Сондықтан, серіктес елді мекендерді көркейту, онда заманалық тұрмыстық, мәдени және өндірістік шаралар кешенін орнықтыру, жаңа жұмыс орындарын ашу мемлекеттік саясаттың басым бағыттары қатарында қарастырылуда. Елбасы Н. Назарбаевтың қолдауымен аталған мәселеге қатысты арнайы бағдарлама қабылданбақ. Ол 2011-2013 жылдарды қамтиды. Осыған сәйкес жаңадан 6 мектеп, 7 балалар бақшасы, басқа да әлеуметтік-өнеркәсіптік нысандар бой көтеріп, 8520 шақырымдық электрмен қамту желілері, коммуналдық инфрақұрылымдар қатарға қосылады. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көлемі де белгілі. Қазірдің өзінде бұл бағытта қомақты жұмыстар атқарылып, игілік өрісі кеңеюде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 5 тамызында жұмыс сапарымен Целиноград ауданының жаңа әкімшілік орталығы Ақмол ауылында болып, оны заман талабына сай дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бірінші кезекте аудан орталығын су және электр қуатымен қамтамасыз ету, жол құрылысы, абаттандыру мен көгалдандыру, санитарлық тазалық мәселелеріне көңіл бөлу қажеттілігі айтылды. Республикалық бюджет Ақмолды абаттандыру мақсатына 118,7 миллион теңге бөлсе, облыстық бюджеттің үлесі 31,3 миллион теңге болып отыр. Бұл жергілікті тұрғындардың жылдар бойғы үміт-тілегі еді. Ел жүрегін желпінткен қамқорлық пен қолдау шаралары өз қайтарымын беруде. Оны кеше Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко бұқаралық ақпарат құралдарын Ақмол ауылына бастап келіп, Президент тапсырмасының орындалу барысымен таныстырғанда айқын байқадық.
Биылғы 1 қазанда, белгіленген мерзімінен бір ай бұрын Ақмол тұрғындары тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қазір мұнда тәулігіне 1,5 мың текше метр су келіп тұрады. Бұған дейін ол 700 текше метр көлемінде болып, әр аулаға кезегімен босатылатын. Көшеде кездескен ардагер ұстаз Людмила Шишконы сөзге тартқанымызда ол су тапшылығы 1990 жылдары басталғанын, әсіресе, өткен жаз айларында суды дүкеннен сатып алуға мәжбүр болғанын айта келіп, төртінші қабаттағы үйіне шақырды. Жуырда жөндеуден өткізілген көп қабатты 12 үй сияқты, Людмила апайымыздың жылы пәтерінде де су молынан ағып тұр.
Жалпы, “Жол картасы” бағдарламасы аясында Ақмол ауылының су жүйелерін күрделі жөндеуге 120 миллион теңге бөлініп, ол түгел игерілді. Сондай-ақ, құбырлар, су жиынтығы мен тарату жүйелері дезинфекциядан өткізіліп, жоғары қысыммен сыналған. Төрт сорғы бекеті жөнделіп, тағы біреуі жаңадан орнатылды. Іргелес Оразақ ауылы тұсындағы 3,5 шақырымдық магистральдық су құбыры жаңартылыпты.
Өңір басшысы Сергей Дьяченко журналистерге 6 тамыздан бастап бюджеттен тыс қаржылар есебінен 40 көшеге шамдар орнатылғанын, 7,5 мың шаршыметрлік аулааралық жолдар жөнделгенін, Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға ескерткіш пен орталық алаң, АЛЖИР лагерінде зардап шеккендер кешені аббаттандырылып, көгалдандырылғанын, орталық саяжолда 6 билборд пен 2 баннер орнатылғанын, қазандық күрделі жөндеуден өткізілгенін жеткізді. Облыс және аудан әкімдерінің айтуынан, Ақмолдың болашағы жарқын екеніне көзіміз жетті. Елбасы тапсырмасына сәйкес 250 орындық аурухана, емхана, жаңа орталық қазандық салу жоспарланған. Сондай-ақ, 33 шақырымдық су құбырлары тартылып, 60 орындық қоғамдық монша және спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға қосылады. Бұл жұмыстарды атқару үшін алдағы үш жылда 12 миллиард 410 миллион теңге қаржы босату көзделген.
Жаңа нысандар демекші, Ақмолда биыл әлемдік талаптар деңгейіндегі аудандық сот, прокуратура, “Қазақтелеком” АҚ ғимараттары қатарға қосылса, бүгін 320 орындық “Жұлдыз” балалар бақшасы салтанатты жағдайда ашылды. Мемлекеттік “Балапан” бағдарламасы шеңберіндегі бұл балабақша аудан орталығы тұрғындарының сұранымын толық қамтамасыз етеді.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Целиноград ауданы.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.