Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының актерлері П.И.Чайковский, А.Шнитке, Ж.Бизенің музыкасына қойылған Борис Эйфманның “Қызыл Жизель” балетін елордалықтарға көрсетті. Оны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалады.
Отандық балет өнеріндегі айтулы оқиға саналған бұл туындыға ұжым үлкен дайындықпен келгені бірден аңғарылды. Адамның басынан өтетін қилы-қилы тағдырлы оқиғаларды осындай айтулы туындыға арқау етіп алып, оны халықтың көңілінен шығатындай дәрежеде сахнаға қою нағыз шебердің ғана қолынан келері анық. Бұл тұрғыдан келгенде заманымыздың көрнекті балетмейстері, Ресей Федерациясының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Борис Эйфманның таланты тәнті етпей қоймайды. Әлемге әйгілі балетті қазақстандықтардың талғам талабына сай етіп шығару жолында оның аз еңбектенбегені, Санкт-Петербургтен әлденеше рет қазақ топырағына ат басын тірегені өз жемісін беріпті. Сахнадағы тайталасқан тағдырлардың шырқау шекке жетіп барып, үйлесім табатыны соған дәлел болса керек. Әсіресе “Қызыл Жизельдің” басты партияларын орындаған өнер шеберлерінің музыка ырғағымен алуан түрлі қимылдар арқылы басты кейіпкер, атақты өнер иесі О.Спесивцеваның ішкі жан дүниесін, айналасына деген көзқарасын, қасірет қақпанында қиналған сәттерін үнсіз жүріп-ақ әдемі береді.
Көңілден шыққан бұл қойылым ұлы балерина Ольга Спесивцеваның өнердегі жарқырап шыққан кезеңі мен қысқа ғұмырындағы қиындықтарына арналған. Оның қайғылы тағдыры кімнің де болса көңіліне мұң ұялатпай қоймайды. Туындының авторы 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін шетелге кеткен өнер жұлдызының өмірін арқау ете отырып, өткен ғасырдағы би жанрының тарихын баяндайды, жаңа дәуір адамдарына ғұмыры мәңгі қасиет – адамгершілік туралы ой тастайды.
Басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Рахметова, Құралай Сарқытбаева, Дмитрий Сушков, балет солистері Фархад Буриев, Әмір Жексенбек орындады. Қоюшы суретшісі Рига қаласынан келген Мартин Вилькарсис болса, балетмейстер көмекшісі қызметін Санкт-Петербургтің өнер шеберлері Алина Солонская, Сергей Зимин атқарыпты. Осы жолы да көрермендердің ерекше ықыласына бөленген жақсы шығарма мұның алдында Алматы қаласында үлкен табыспен өткен еді.
Сүлеймен МӘМЕТ.