13 Қараша, 2010

Қазақ елінің халықаралық саясаттағы ірі жетістігі

490 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында “ЕҚЫҰ – еуразияшылдықтың жаңа өлшемі” деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған қазақстандық және ресейлік сарапшы ғалымдар мен саясаткерлер, сондай-ақ елімізде тіркелген шетелдік мис­сиялардың өкілдері қатысты. Жиын соңынан қатысушылардың бірқатарына Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және жақында өтетін Астана Саммиті жөнінде бір-екі сауал қойған едік. Жаннет КЛЕТЦЕР,  ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығы басшысының орынбасары: – Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында аса ауқымды іс-шараларды жүзе­ге асырды. Ұйымның төр­аға­сы ретінде Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеуге күш салды, ол өңірлерге сапармен барып қайтты. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сы ретінде көршілес ел – Қырғызстандағы сая­си жағдайды тұрақтандыруға белсене араласты. Ондағы халықаралық ұйымдар миссияларының басын біріктіре отырып, туындаған жанжалды әрі қарай өршітпеді. Сонымен қатар, Қазақстан бұл елге гуманитарлық көмектер көрсетті. Ал желтоқсан айының басында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстанның халық­аралық саясаттағы ірі табысы болып табылады. Юрий КРУПНОВ, Демография, көші-қон және өңірлік даму институты байқаушылар кеңесінің төрағасы (Мәскеу): – Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі ке­зін­де қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұзаққа со­зыл­ған проблемаларды реттеу, заңсыз есірткі ай­налымы мен қару-жарақ саудасына қарсы күрес сияқ­ты өзекті мәсе­ле­лерге ерекше назар аударып келеді. Бұл мәселе­лер­де Ауған­станды сая­си және эко­номикалық жағы­нан тұрақ­тан­дыру жайы бө­лек. Төр­аға­лық барысында Қа­зақстан осыған байланыс­ты халық­ара­лық қоғамдас­тық­тың назарын аударта білді. Ал Астана Саммитінде өзекті де өткір проб­лемалар талқыланады, форум қызу пікірталас жағдайында өтеді деген ойдамын. Қазақстан, сондай-ақ Қырғыз­стандағы орын алған жағ­дайларды қалпына келтіруге Ұйым төрағасы ре­тін­де зор үлес қосты. Өйткені, ондағы жағдай­лардың өршуі Орталық Азияға да кері әсерін тигізер еді. Закир ГАШИМОВ, Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі: – Бауырлас Қазақ елі өзінің халықаралық беделді Ұйым – ЕҚЫҰ-ға төраға­лы­ғында Ауғанстан, Қырғыз­стан проблемаларына, сондай-ақ Таулы Қара­бақ мәселесіне қатысты көптеген ел­дерге үлгі болатын деңгейде бастамашылық та­ны­тып, ше­шімділік көрсетті.  Ұйымның Іс ба­сын­дағы төр­аға­сы Қанат Саудабаев алғашқы сапа­рын Оң­түстік Кавказдан, оның ішінде  Баку қаласынан бастады. Бұл Қазақстанның ұзаққа созылған даулы проблеманы бейбіт жолмен реттеуге деген ұстанымын білдіреді. Сондай-ақ жақында ЕҚЫҰ тарапынан құрылған комиссия Әзірбайжанда болып қайтты. Қазақстанның бастамасымен Астана қала­сын­да өткелі отырған ЕҚЫҰ-ның Саммиті қа­зақстандықтар үшін ғана емес, туысқан Әзір­бай­жан халқы үшін де тарихи оқиға, үлкен мәр­тебе. Өйткені, осындай беделді халықара­лық Ұйымға төрағалық ету мұсылман елдері мен ТМД мемлекеттерінің арасында алғаш рет Қазақстанға бұйырып отыр. Астана Саммитінде Таулы Қарабақ мәселесі де талқыланады деген үмітіміз бар. Серафим МЕЛЕНТЬЕВ, Әлемдік даму институтының директоры (Ресей): – ЕҚЫҰ төрағалығында Қазақстан Батыс пен Шығыс арасындағы байланыстарды нығайтуға баса мән беріп ке­леді. Осы бағытта айтарлық­тай ілгері басушылыққа қол жеткізілді деп айтуға болады. Сонымен бірге, еуразиялық және еуроатлантикалық ынтымақ­тастықты дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұлармен қоса, бүгінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру ең өзекті проблеманың бірі ретінде қарастырылуда. Қазақстан бұл мәселені де өз төрағалығы барысында басымдықтың бірі ретінде атаған еді. Бұл ретте Қазақстан өзінің міндеттемесін абыроймен орындай білді. Ал Астана Саммитінен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты кешенді мәселелердің оң шешілуін күтеміз. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.