Кеше екі күнге созылған Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына арналған “Менің Қазақстаным” атты фестиваль өз мәресіне жетті
“1991 жылдың 16 желтоқсанында әр қазақтың жүрегіне алтын әріппен жазылар тарихи оқиға болды. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ең алғашқы Жарлықтарының бірімен Шәмші Қалдаяқовқа “Қазақстанның халық әртісі” атағы берілді. Бұл – бірінші құрмет еді. Президенттің қазақтың көптеген әндерін сөзімен қоса жатқа білетініне бірге жұмыс істеп жүргенде көз жеткіздім. Сонда шырқалатын екі әнінің бірі – Шәмші әндері еді. Жаңа ғасыр басталғалы бері Әнұранымызды өзгерту жайлы әр түрлі мінберлерден жиі сөз қозғалып жүрген. Бір күні Елбасы мені шақырып алып: “Мен Қазақстанның қай жеріне барсам да Шәмшінің “Менің Қазақстаным” әні шырқалады. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін осы әнді айтады. Бұл әннің өзі ұран сияқты. Неге осы әнді Әнұранымыз ретінде қабылдамасқа?”, – деді. Нәтижесінде Жұмекеңнің жазғанына қылаудай қиянат жасамай, майдан қыл суырғандай етіп, елді ерлікке шақыратын жолдарын қосып, әнді Конституциялық заң ретінде Парламентке ұсынды. Сөйтіп, Шәмшінің әні Әнұран ретінде қайтадан дүниеге келді. Міне, осы істі Шәмшіге жасалған Елбасымыздың екінші құрметі деп есептеймін!”, – деген Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөздерімен фестиваль 12 қараша күні Президенттік мәдениет орталығында ашылған еді.
Фестивальдің алғашқы күні Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Оны қарап отырғанда Шәмші ағамыз ортамызға қайта оралғандай әсер қалдырды. “ХХ ғасыр – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің алтын ғасыры” деп жүрміз. Бұл да ақиқат. Соның бірі ғана емес, бірегейі – Шәмші Қалдаяқов болатын. Әндерін зейін қойып тыңдаған ұлы суреткеріміз Мұхтар Әуезов: “Бұл – ХХ ғасырдың биігінен сорғалап тұрған үлкен лирика ғой”, деп сүйсініпті. Кеңес дәуірінде бағаланбаған талант бүгінде бағаланып, Елбасымыздың арқасында алмаған атақтары берілуде. Соның бірі ретінде жақында Президент Жарлығымен Қазақстанның ең жоғары марапаты – Мемлекеттік сыйлық берілді.
Фестиваль мақсаты – вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың мол мұрасын халық арасында орындап жүрген дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсетіп, қазақ эстрадасының маңдайалды шеберлерінің өнерін кейінгі жас буынға үлгі ету, композиторды халық арасында насихаттау. Фестивальда Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың “Тамды аруын” Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев арнайы шашу етіп шашты. Ал “Арыс жағасында” әнін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова шырқап берді.
Өнер бәйгесінде Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық байқаулардың 14 жеңімпазы мен фестивальға қатысуға арнайы өтініш білдірген Қытай мен Моңғолиядан, Өзбекстаннан жеке-жеке шетелдік үміткерлер келіпті. Ресей Федерациясы мен Тәжікстаннан келген үш дуэт және бар. Қатысушылардың өнерін қазылар алқасының төрағасы Бибігүл Төлегенова, Мырзатай Жолдасбеков, Нұрғали Нүсіпжанов, Еркінбай Әкімқұлов, Нұрболат Ахметжанов, Әбілқасым Қалдаяқов, Жеңіс Сейдоллаұлы, Толқын Забирова және Медеу Арынбаев бағалады. Екі кезеңнен тұратын фестивальдің алғашқы кезеңінде әрбір үміткер Шәмші әндерінен өздерінің жанына жақын екі әннен орындады. Ән тыңдауға келгендер Шәмші әндерінен сусындап қана қоймай, үміткерлермен қосыла айтып, аналар жағы көздеріне жас алды.
Сайысқа қатысушылар сахнаға тек әнмен ғана емес, әннің ажарын ашып, әуенін биіктететін қылқобыз, баян, домбыра аспаптарын қоса алып шығыпты. Алғашқы күні, әсіресе, Қытай Халық Республикасынан келген Дулат Жолдыбайдың шырқатып салған әні дауыс ырғағымен көрермендердің ерекше ықыласын туғызды. Бірінші кезеңдегі өнер жарысында 20 үміткерден 12 қатысушы іріктеліп алға шықты.
Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың мерейлі мерекесіне орай, “Менің Қазақстаным” атты жаңа жинағы шығыпты. Жинаққа композитордың көпке танымал шығармаларымен қатар, “Көгілдір Көкше”, “Сырғалым (Дүнген қызы)”, “Теріскей”, “Отырардағы той” атты әндері, барлығы 55 саз нотасымен бірге берілген екен.
Екі күнге созылған ән фестивалінің қорытындысына келетін болсақ, Гран-приді Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Нұржан Жүсіпбеков иеленсе, бірінші орын Өзбекстан Республикасынан келген Серіжан Жанахметовке бұйырды. Ал екінші орынды Қытайдан келген Дулат Жолдыбай мен алматылық Досхан Одаманов өзара бөліссе, үшінші орынды Ақтөбе облысынан Саламат Мұқашев алды. Жеңімпаздарға әр түрлі номинациялар бойынша сыйлықтар тарту етіліп, қалған қатысушыларға алғыс хаттар берілді.
Астананың аспанын әнге бөлеген өнер сайысы бүгін “Қазақстан орталық концерт залында” эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке жалғасып, елордалықтарды ұлы сазгердің ән әуезіне бөлейді. Шәмшінің бұл ән кешінде қазақ өнерінің майталмандары және танымал эстрада жұлдыздары көрермендерді композитордың сағындырған сазды әндерімен қауыштырады.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.