Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Бобровтың жетекшілігімен Үкімет сағаты болып, онда Төтенше жағдайлар министрі В. Божко “Азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы” деген тақырыпта баяндама жасады.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, төтенше жағдайлардан зардап шеккендердің жалпы санын 4,8 пайызға дейін азайтуға қол жеткізілген. 2010 жылдың 9 айында 7954 адам құтқарылса, төтенше жағдайлар аймағынан 10173 адам эвакуацияланыпты. Мысалға, Шығыс Қазақстан облысында орын алған қар бұрқасыны кезінде автожолдарда қалып қойғандарды құтқару жүргізіліп, 538 адам аман қалған. Осы өңірдегі жойқын апатты су тасқынынан 689 адам құтқарылған. Ал Алматы облысы Ақсу, Егінсу, Қызылағаш және Алажиде ауылдарында 385 адам аман алып қалынған. Жоғарыларды ескере келе, аталған министрлік “Азаматтық қорғау туралы” заң жобасын әзірлеп жатқаны белгілі болды.
Сырдария өзенінде Көксарай су реттегішін пайдалануға берудің арқасында 920 миллион текше метр су жинауға қол жеткізіліп, сондай-ақ 400 мыңнан астам тұрғыны бар Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының 71 елді мекенін су басу қаупіне жол берілмеді, деді Владимир Карпович. Мұндай құрылғы Астана қаласы маңында да жүргізілуде. Оның айтуынша, 0,5 миллиард текше метр суды тоқтату мүмкіндігі бар ұзындығы 31 шақырымнан асатын тасқын суға қарсы бөгенді тұрғызу аяқталған. Елорданың сол жағалауын және қала сыртын су басудан қорғайтын Астана су қоймасы көктемде 30 миллион текше метр суды тоқтатуға мүмкіндік берген.
580 дала және 627 орман өрттері сөндірілсе, оған мемлекеттік өртке қарсы қызметтің 3273 қызметкері мен 635 бірлік техникасы және 5 тікұшақ жұмылдырылыпты. Ресеймен арадағы шекара бойындағы өрт сөндіруде бірлесе әрекет ету жүзеге асқан. Министр еліміздегі ірі кәсіпорындардағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін де сөз етті. “Арселор Миттал Теміртау” АҚ-пен бірлесе өткізілген жұмыс барысында ұңғылау, бұрғылау және желдеткіш жабдықтар үшін соңғы екі жылда 409 миллион АҚШ доллары бөлінген. Ал “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС осы мақсаттарға 33 миллион доллар жұмсаған. Тек үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде елімізде индустриялық қауіп көзі болып табылатын жабдықтың 523 бірлігі және 52 технологиялық желілері ауыстырылған. Сол сияқты, осы уақыт аралығында Каспий теңізінің қайраңынан мұнай өндірумен айналысатын 34 кәсіпорындағы 273 нысанға тексеру жүргізіліп, 617 өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарының бұзушылығы анықталыпты. Соның нәтижесінде 56 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Президент тапсырмасын орындау үшін Қырғыз Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру мақсатында үстіміздегі жылы жанар-жағар май және құрылыс материалдары, тамақ өнімдері және гигиена құралдары түрінде 7 миллион 488 мың 105 АҚШ долларына тең көлемде ізгілік көмегі көрсетілген. Сонымен қатар, 5 миллион 859 мың 111 АҚШ долларына 230 мың тонна көмір жөнелтіліпті. Үстіміздегі жылы Тәжікстан, Ауғанстан және Молдоваға ізгілік көмегін көрсету үшін жалпы сомасы 13 миллион 82 мың 507 АҚШ доллары жұмсалған көрінеді.
Үкімет сағатында депутаттар министр назарын шахталардағы қауіпсіздік мәселесіне, әсіресе, оларды байланыспен қамтамасыз етуге, дала өрттерінің алдын алуға қажетті техникалар сатып алу жайына, деполар санын арттыруға және өзге де көптеген мәселелерге аударды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.